Ақпараттық –дидактикалық бөлім. Этнография – халықтардың қоғамдық құрылысы туралы ғылым, гректің «этнос» - халық, «графо» - жазу, үйрену деген сөзінен құралған.
Қазақстан этнографиясын зерттеуші ғалымдар – П. Н. Рычков, А. И.
Левшин, В. В. Радлов, Н.А. Аристов, Ш. Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Ө Жәнібеков, М. С. Мұқанов т.б.
Этнография ғылымы тарих ғылымының бір бөлігі ретінде халықтардың тұрмысын, мәдениетін түбегейлі зерттейді.
Тұрмыс дегеніміз – әрбір халықтың ғасырлар бойы тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі. Ұлт дегеніміз өзара ерекшелігі арқылы бөлінеді. Бір ұлтты зерттегенде көрші ұлтпен салыстыра отырып зерттеген дұрыс.
Этнос –белгілі бір тарихи мекенде өсіп—өнген ортақ тілі, мәдениеті бар ортақ қауым. Тіл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын құрал ретінде қызмет етеді.
Жер бетіндегі халықтар екі мыңнан астам тілде сөйлейді. Тілші ғалымдар жиырмадан астам тілдер семьясына бөліп зерттейді.
Этностарды зерттегенде тілмен қатар мәдениет жетекші рөль атқарады. Мәдениет екі топқа бөлінеді: материалдық және рухани.
Мәдениетсіз халық болмайды. Бірақ оның дамуы әр түрлі. Әрбір халықтың өзіне тән тілі, мәдениеті, дәстүрі, ұлттық мінезі болады.
Қазақ халқы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халық. Сондықтан олардың тұрғын үйлері де көшуге ыңғайлы киіз үй болды. Киіз үйдің сырты мен ішкі жабдықтарынан оның иесінің әлеуметтік жағдайын анықтауға болады.
Киіз үйдегі сыйлы орын төр – қадірлі қонақтар мен сыйлы адамдарға арналған орын. Төрдің сол жағы үй иесінің демалатын орны.
Киіз үйдің ішінде ағаш жиһаз заттары болған.
Ұлттық киім дегеніміз этностың өзінің ерекшелігін көрсететін белгісінің бірі. Ертеде киім тігуге тері, үй жануарларының жүндері пайдаланылды. Қазақтарда әйел киімін жас ерекшелігіне қарай бөлген. Ал ер адамдарда жас қарап бөлу сақталмаған. Қазақ киімдері кәсіптің түріне қарап та бөлінеді. Мысалы, хандарға бақсыларға, батырларға, аңшыларға т. б. Қазақтар әшекей заттарды да көп пайдаланған. Зергерлер әшекей заттарды жасағанда құйма ою,көшірме, зерлеу, иректеу түрлерін қолданған. Қыздар моншақ орнына күміс алқаларды таққан.
Қазақтардың негізгі тамағы ет пен сүт болды. Әсіресе жылқы малына көп көңіл бөлген. Арпа, бидай сияқты дәнді дақылдарды да еккен. Сүтті жоғары бағалағаны соншалық «Ағы бардың бағы бар» деп бақыт несібесі ретінде түсінген.
Үйде қолданатылатын ыдыстары ағаштан, тастан, керамикадан, металдан, теріден жасалған.
Қазақтар қару – жарақтың көптеген түрлерін қолданды. Мысалы, найза, айбалта, қылыш, садақ, мылтық т.б. Ал қорғану мақсатында дулыға, қалқан, сауыт т.б. қолданған.
Халқымызда қолөнер де кең тараған. Қолөнер мәдениеті сонау сақ, үйсін, ғұн тайпалары кезінің өзінде пайда болған. Теріні илеп тоң, етік тіге білген. Кілемнің де түкті және түксіз деп аталатын түрлерін қолданған.
Сәулет өнерінің дамуы қалалардың өсуімен байланысты болды. Қалаларда мешіт, медресе, моншалар, сарайлар сала білген.