Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы пәнінің мақсатымен міндеттері. Көп елдің көзі қорақты зиялы қауымы Қазақстан деген елді білгісі келеді. Ал ел туралы білім оның тарихынан басталады. Еліміздің елдігін қорғаған асыл ерлерінің болғандығын, әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан мәдениет, әдебиет және ғылым саласында айтулы із қалдырған қайраткерлеріміз болғандығын әлемге паш ететін тарих ғылымы. Сондықтан да тарих тек қана ғылым, қуатты тәрбие құралы ғана емес, ол – саясат.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәрбие беру процесінде оларға тарихи білім беру негізгі міндет болып есептелді. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қанатты сөз осы уақытта туса керек. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды» деп жазды.
ХVІІІ ғасырда қазақ елі отаршылдық күрестін шарпауында болды. Дәл осы дәуірде халыққа тарихи мағлұмат беру күрестін бір негізгі формасына айналды. Өкінішке орай орыстың, жоңғардың, қытайдың ықпалында қалған аймақтарда халық өзінің тарихи жадынан айырыла бастады. Жат жерлік ғалымдар қазақ тарихын бұрмалап, оған түзету енгізіп, халқымыздың өткені жөнінде өз нұсқаларын жасады. Сөйтіп халық арасында жалған тарихшылық пайда болды. Осындай да атақты үнді халқының көсемі Джавахарлар Нерудің мына сөздері еске түседі: «История почти всегда пишется победителями и завоевателями и отражает их точку зрения, или, по крайней мере, версии победителей отдается предпочтение, и она берет верх». Бұл айтылған сөздер қазақ тарихына да қатысты. Алдымен А.И.Левшин соңынан бір топ орыс тарихшылары еліміздің бұрмаланған тарихын жасады. Бұл кеселдің осы күнге дейін ақтаңдағын тарихшы ғалымдар аршып келеді. ХІХ ғасырдан бастап Қазақстан тарихы орыс империясының тарихымен тығыз байланыста зерттелді.
Тарихи білім мектептен басталатыны белгілі. Ресей империясы құрамындағы қазақ балалары орыс мектептерінде оқыды. Сөйтіп олар орыстың тарихи дәстүрінде тәрбиеленді. Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдарда тарихтың орнына қоғамтану пәні оқытылды. Қоғамтану пәнінде оқушылар тарихи схемалар мен фактілермен ғана танысып қойды. ХХ ғасырдың 30 жылдары Кеңес қоғамы тарихи білімнің жетіспейтіндігін сезе бастады. 1934 жылы ақпан – науырыз айларында Партияның Орталық Комитетінің тапсырмасымен Рессей Федерациясының Халық Ағарту Комиссариаты тарихшы-ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің мәжілістерін өткізді. Сол кездегі көрнекті қоғам қайраткері Н.К.Крупская «...самое, важное, - научить ребят из ряда конретных фактов делать вывод. История для этого – чрезвычайно благодарная дисциплина. Мұның өзі сол кездегі коммунистер лидерінің тарихтың тәрбиелік мәнін түсіне бастағанын көрсетеді. Осы жылдары тарих пәнін төменгі сыныптан жоғарғы сыныпқа дейін кіргізу, тарих пәнінің мұғалімін дайындау оның оқулығын жазу жұмыстары қызу жүріп жатты. 1934 жылдан бастап Кеңес мектептерінің 3-4 сыныптарында СССР тарихының қарапайым курсы енгізілді, оның оқулығы жазылды. Көп кешікпей 8-9 сыныптарға арналған СССР тарихының оқулығы жазылды. 1934 жылдың тамыз айында А.А.Жданов, С.Н.Киров және И.В.Сталин сияқты партия қайраткерлері СССР тарихының оқулығымен танысып, оған өзінің сын-ескертпелерін берді. Әділдігін айту керек сын-ескертпеде оқулық авторларының тек қана орыс халқының тарихы баяндалғаны баса айтады. Авторларға СССР-дің құрамына кірген орыс емес халықтар тарихының қалып қойғандығы ескертіледі. Бұдан да басқа оқулықтың кемшіліктері айтылады. Оқулықтың түзетілген нұсқасы 1936 жылдың 26 ақпанында қайта талқыға түсті. Осыдан кейін жарық көрген СССР Халық Комиссариатының Кеңесі және Партия Орталық Комитетінің қаулысында оқулықта бұрыңғы кемшіліктердің қайталанғандығын, оны мектептерде пайдалануға болмайтындығы айтылды. Міне, осыдан кейін оқулық дайындауға конкурс жарияланып, 1936 жылдың ақпанында оның қорытындылары белгілі болды. Міне, сол оқулықтар бойынша Кеңес жастары қырық жылға жақын білім және тәрбие алды. Шындығында КСРО тарихының 85-90%-ы орыс тарихын баяндауға арналды. Қалған 20%-дың 0,5 бөлігі ғана қазақ халқының тарихына арналды. Қорыта айтқанда, Кеңес заманында қазақ жастарының шынайы ұлттық тарихи санасы қалыптасты деп айту қиын.
Дәстүрлі қазақ отбасыларында жас ұрпақтың тарихи санасын әжесі мен атасы, әкесі мен шешесі қалыптастырды. Тарихи сананың қалыптасуына қазақ аңыз-ертегілері, ғашықтық жырлары, батырлық эпостары орасан зор әсер етті. ХХ ғасырдың 60 – 70 жылдарында жазылған қазақтың талантты жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы қазақ жастарының санасында ірі бет-бұрыс туғызды. Тек осы жылдары қазақ халқы өзінің тарихы бар екендігін біле бастады.
1980 жылдардың аяғында қазақ қоғамында тарихтың қажеттілігі кенеттен байқалды. Мұны жоғарыда отырған партия-совет басшылары да түсіне бастады. Осы жолдардың авторы 1990 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке хат жолдап, онда қазақ тарихын бала бақшасынан бастап аспирантураға түсу емтиханына дейін кіргізу мәселесі қойылды. Қазақтың асыл азаматы Ө. Жәнібеков хаттың мазмұнын дұрыс түсініп, халық ағарту министрі Шайсұлтан Шаяхметовке тапсырма берді.Сөйтіп, алдымен барлық жоғарғы оқу орындарына қазақ тарихы курсы енгізіліп, кейіннен орта мектептерде қазақ тарихын оқытуға 221 сағат уақыт бөлінді. Министрлікте қызмет істейтін ұлтжанды азаматты Т.Абраев ақсақал бағдарлама жазу, оқулық дайындау үшін авторлық ұжым құру мәселесін тез арада қолға алды. Сол жылдары бағдарламаның үш нұсқасы жазылып, белгілі ғалымдармен тәжірибелі ұстаздар әр сыныпқа арналған мектеп оқулықтарын жазып шығарды. Бүгінде Қазақстан тарихы пәні өзінің мәртебелі міндеттерін аброймен орындап отыр. Белгілі қазақ тарихшысы профессор Т.Омарбеков «Жалпы алғанда ел болып қалыптасуымыз үшін, ұлт болып тұтасуымыз үшін, ұлттық сана сезіміміздің нығая түсуі үшін, ұлттық туған тарихқа құштарлық процессін жағымды, тіптен бізге аса қажет құбылыс ретінде бағалаймыз» дей келе тарихтың ұлттық сананы қалыптастыруындағы орнына аса зор баға береді.
«Қазақ тарихы» журналының алғашқы нөмерінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Қамбар Атабаев қазақ тарихын реформалау мәселесін көтерген болатын. Әлбетте, мақалада өте көкейтесті проблемалар көтерілген.
Білім берудің әрбір деңгейінде Қазақ тарихы пәні бағдарламаларының өзгерместен қайталануы. Балалар бақшасында, орта мектепте Қазақстан тарихының мазмұны, жүйелі түрде беріледі. Жоғарғы оқу орнына түскен баланың ел тарихынан жалпы түсінігі бар, көне заманнан осы күнге дейін халық басынан өткізген тарихи процесстер туралы жүйелі білімі бар. Университетте сол алынған, игерілген материал жалғасын табуға тиісті. Өкінішке орай ол олай емес. Бірінші курстың студенті сол мектепте оқығанын қайталайды, ешқандай жаңа информация алмайды, тарихи процесс күрделенбейді, теориялық тұжырымдар жасалмайды, әлем тарихындағы қазақ халқының орыны нақтыланбайды. Осыдан студент қазақ тарихынан мезі болады. Университетке жаңа түскен, небары үш-төрт ай оқыған төменгі курс студентіне Қазақ тарихы мемлекеттік емтихан тапсыратын қорқынышты, қауыпты пәнге айналады. Мұндай жағдай халқымыздың тарихына сүйіспеншілік тудырмайтыны белгілі.
Осы күнге дейін Министрлік мақұлдаған жоғарғы оқу орындары, колледж студентеріне арналған оқулықтардың жоқтығы. Оқулық жоқ емес, бар. 1990 жылдардан бері бірнеше рет басылған. Ә.Әбдіәкімов, В.Кан, Ж.Артықбаев, Е.Әбіл және осы жылдардың авторы жазған оқулықтар студент жастар сұранысын қанағаттандырып келеді. Көп елдің көзі қорақты зиялы қауымы Қазақстан деген елді білгісі келеді. Ал ел туралы білім оның тарихынан басталады. Еліміздің елдігін қорғаған асыл ерлерінің болғандығын, әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан мәдениет, әдебиет және ғылым саласында айтулы із қалдырған қайраткерлеріміз болғандығын әлемге паш ететін тарих ғылымы. Сондықтан да тарих тек қана ғылым, қуатты тәрбие құралы ғана емес, ол – саясат.