1. Экономикалық дағдарыс.
2. Тоталитарлық жүйенің күйреуі.
3. Әлеуметтік шиеленістің өсуі. КСРО – ның құлауы.
4. ТМД – ның құрылуы
Қазақстанның тәуелсіздік алуы бұрынғы Кеңес қоғамында қалыптасқан ахуал-қоғамдық жүйенің күйреуінің, Кеңестер Одағының ыдырау салдары нәтижесінде іске асты. КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – ондағы орын алған экономикалық күрделі мәселелер, экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің әлсіздігі еді.
КСРО-ның экономикасының артта қалуы 1970 жылдан басталған тоқырау кезеңінде, халық шаруашылығы жоспарларының орындалмауынан өз көрінісін тапты. Экономиканың артта қалуы, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында өріс алды.
Кеңестер Одағының құлауының саяси себептері туралы айтқанда, ондағы саяси-идеологиялық бірлік пен біртұтастық сол сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында-ақ көзден ғайып болғанын ерекше атап көрсеткен жөн. Бұл кезде бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде бұрын болмаған ұлт толқулары күшейді. Ең қауіптісі – олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ақыр соңында ұлтаралық қайшылықтар тартысқа, ал тартыс қантөгіске әкеп тіреді. Бұған мысал ретінде Қазақстанда болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын айтуға болады.
Қазақстан ыдыраудың соңына дейін Кеңес Одағын сақтап қалу үшін күресті. Бірақ Республиканың бұл ниетіне Одақта болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер қарсы тұрды. Сондықтан Қазақстан да өзінің тәуелсіздігін жариялау шараларына кірісті. Атап айтқанда, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 25 қазанда республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Сөйтіп, бар әлемге Қазақстанның егемендігін жариялады.
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатысуымен Президент сайлауы өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды. Осы кезде Президенттің Жарлығымен бұрын Одаққа бағынған кәсіпорындар мен ұйымдары республика үкіметінің қарамағына беру, мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету, елімізде алтын қорын жасау туралы және тағы басқа заңдар шығарылды. Сол жылғы 10 желтоқсанда Елбасы жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.
Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алдына үлкен келелі міндеттер қойылды. Олар елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, жоспарларды іске асыру, елдің ішінде көп ұлтты халықтардың бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану. Елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық соғысты болғызбау.