Асық ойынының бір түрін «Омпы» деп атайды. Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада жазық алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты - асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да біріншісіне төрт бұрыш жасайды (оның көлемі өзара келісіледі) дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпы» тұрғызады. Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектері бойынша, қолдарыңдағы сақаларымен «омпыны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және оны төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпыға тимей, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын жалғаса береді.
Ханталапай
Бұл отырып ойналатын ойын. Оған төрт-бес үміткерден қатысады. Ойын үшін он асық таңдап алынады. Он бірінші асықтың ерекше өзге түске (қызыл, не
көк) боялған болуы шарт. Бір-бірден асық иіріледі де, қорытынды бойынша ойыншылардың кезектері анықталады. Бұдан соң алғашқы ойыншы қос уыстай ұстаған бар асықты ортаға иіруі керек. Қалған ойыншылар өзге асықтардан ерекшеленген «ханға» көз салады. Себебі, хан алшы түссе, барлығы тарпа бас салып, ортадағы асықтарды, хан талапай жасауы тиіс. Хан кімнің қолында кетсе, келесі үйірі кезегі соған беріледі екен, хан мен бірге қолына ілінген асықтардың санына қарай ұпай жазылады.
Хан алшы түспеген жағдайда иірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін, алшысы мен алшысын, тәйкесі мен тәйкесін бір-біріне соғып, бір-біріне тимей қалғанша ұпай жинайды. Көздеген асығы үшінші бір асыққа тиіп кетсе немесе бөгде асықты қозғап қалса да, ойынның бұзылғаны. Онда кезек келесі ойыншыға беріледі. Осы ретпен әр ойыншы жинаған асығының санына қарай ұпай жинайды. Межелі ұпай санын (100, 40) ойын жүргізуші алдын-ала белгілейді. Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады.
Ескерту: Асықтарды бір-біріне тигізу кезінде қолмен сүйретіп апаруға, орнынан қозғап түзетуге болмайды. Ойынның соңына дейін ханға бірде-бір асық тимеуі керек. Себебі ол – хан.