Ойыншылар ішінен жапалақ таңдалады. Басқа балалар құстар, қоңыздар, көбелектер болады. Жапалақ тоғайға (гимнастикалық қабырғаның бірнеше сатысына ) шығады, ал қалған балалар «қанаттарын қағып», «ұша» бастайды. Педагог «Түн» деп айтқан кезде, құстар мен жәндіктер өз орындарында қозғалмай тұрып қалады. Қозғалып қойған ойыншыны жапалақ үйіне алып кетеді. Педагог «Күн» деп айтады, осы кезде жапалақ қайтадан тоғайға шығады. Ойын бірнеше рет қайталанғаннан кейін басқа жапалақ таңдалады және ойын әрі қарай жалғасады.
Қасқырға арналған қақпан
Ойынға қатысатын балалар екі командаға бөлінеді. Бір команда қасқырға қақпан құрады – қол ұстасып, шеңбер құрап тұрады. Екінші команда қасқырлардың рөлін атқарады – залды айналып (қақпан арқылы) төрт аяқтап еңбектейді.
Тақпақ айтады: «Кәне, кәне, халайық, Қасқырға қақпан құрайық.
Кәне қақпан берік бол, Қасқыр, қасқыр, келіп көр»!
Тақпақ аяқталғаннан кейін бірінші командадағы балалар қолдарын түсіріп, отыра қалады. Қақпан жабылады. Қақпанның ішінде қалған қасқырлар ойыннан шығады. Қалған балалар ойынды жалғастырады. Кейін командалар орындарымен алмасады.
Мысық пен тышқан
«Мысық» пен «Тышқанды» таңдап алады. Қалған балалар қол ұстасып шеңбер құрайды. Ойыншылар тышқан келгенде қолдарын көтереді де, тышқанды шеңбердің ішіне кіргізеді, мысық келгенде қолдарын түсіріп, оны шеңбердің ішіне кіргізбейді. Мысық тышқанды қуып жетіп, қолға түсіруге тырысады. Тышқан қолға түскеннен кейін, олардың орнына басқа балалар сайланады.
Қасқыр мен лақтар
Алдымен қасқырдың рөлін орындайтын ойыншыны таңдап алады. Қалған балалар – лақтар. «Лақтар» залдың бір жағында, ал «қасқыр» ортасында тұрады. Мынадай сөздерді қайталайды:
«Бөрте, бөрте, бөрте лақ, Бөрте лақ тым ерке-ақ.
Кетесің кейде секеңдеп, Байламаса көкем кеп».
Лақтар залдың қарсы бетіне жүгіріп өтуге тырысады. «Қасқыр» залдың ортасында жүгіріп жүреді және әрі-бері жүгіріп өткен лақтарды ұстап алуға тырысады. Ойын қайталанады. «Қасқырды» қайта сайлайды.