— Ой, айналайын-ай!
— Көмейіңнен айналдым, жезтаңдайым!
— Саған берген алтын да арзан шығар, — десіп ел ерекше серпіліп,
дауылдасып кетті. Соны басқысы келгендей Өтеп құйқылжыта берді. Сол
əлгі сарыны:
Өнегенің ортасы,
Тұрақ болсын, келіншек,
Жақсылығың таусылмас
Бұлақ болсын, келіншек.
Бала-шағаң басыңа,
Шырақ болсын, келіншек.
Ұсақ болмай мінезің
Ірі-ақ болсын, келіншек.
Бұл ауылға қашанда,
Үлгілі бол, келіншек.
Ізет-құрмет дегеннің
Білгірі бол, келіншек.
Сыйласуға келгенде,
Дүлділі бол, келіншек,
Тірлігіңде өмірден,
Кемдік көрме, келіншек.
Жамандыққа ешқашан,
Теңдік берме, келіншек.
Ел
ұйып тыңдап, ауыздарын ашып қалыпты. Əжеме қарасам, көзін
сүртіп отыр екен. Өтептің сөздеріне риза болып тебіреніп кетсе керек.
Бұл екі арада Өтеп ел жақсыларын, ауылдың абыройлы адамдарын
таныстыруға көшкен еді. Солардың атын атап, Үбианға арнайы сəлем
салдырмақ.
Ең алдымен Үбианның атасы, ауылдың ең қадірменді қарты,
жасы да
үлкен, орны да бөлек — қуаныш иесі Майлыбайға сəлем салдырды.
Сексенің де жеңілген,
Көргені көп өмірден.
Майлыбайдай атаңа
Сəлем салғын көңілмен.
Үбиан ерекше құрмет көрсетіп иілді.
— Көп жаса, шырағым! Өркенің өссін, — деді Майлыбай дауысы тағы
да қаңылтырша қалтырап.
Өтеп
енді ауылдағы өз құрдастарын, Үбианның абысындары мен
қайнағаларын таныстырып, кемшіліктері мен жетістіктерін жырға қосты.
Ел қыран-топан күлкіге батып қалыпты. Бір абысынын Өтеп былай
таныстырды.
Ызбайланып сызылған,
Бойы келген ұзыннан.
Ұрыс десе құлшынып,
Түрі лезде бұзылған.
Отырғандар ду күлісті. Əлгі келіншек қызарақтап Өтепке тиісе берді.
— Сені ме, осыдан сазайыңды бермесем бе, сен заржақтың.
Өтеп бұл кезде өзгелерді өлеңге қосып жатқан.
Ауылымыздың ағасы,
Ауылымыздың жағасы.
Ауылымыздың панасы,
Ауылымыздың данасы,
Үлкен қайнағаңа бір сəлем.
Майлыбайдың үлкен ұлы көтеріліп қалды:
— Е, бар болғыр, бар бол, — деді Өтепке шын ризашылықпен.
Ауылының бетке ұстар пысығы болса керек, Өтеп бір қияқ мұртты кісіні
асыра мақтады:
Даңқы елден ары асқан,
Парқы көкпен таласқан..
Елдің көркі Ерболдай
Ағалармен жарасқан, — деді.
Ортаншы ұлы Жартыбай Өтеппен құрдас екен. Қурайдай қышқиған.
арық бойы сидиып ебедейсіз қозғалады. Жағына пышақ жанығандай,
сүйектері шодырайып, ұрты үңірейіп тұр. Əр жерден үрке
шыққан сирек
шашы едірейіп, кірпінің түгіндей тікірейеді. Бір шөкім сақалы əйтеуір
сақал бар деген атқа иеленіп, иегінің ұшында шоғырлана қалыпты. Мұрны
да таңқыш екен. Өтеп бір адамның басындағы осынша мінді майда əзілмен
түртпектеп керісінше келтіріп отыр. Жұрттың күлкісін тоқтату қиын. Бірі
көзін уқалап, бірі ішін басып, енді бірі аспанға қарай шалқалап күлкіден
ақтарылып жатыр. Жартыбай болса бүріскен торғайдай əркімге бір
жалтақтап, қызарақтай береді.
Жау жыққандай қаһарлы,
Жарты құлаш сақалды.