Орманқұл, сен қайдағы, мен қайдағы,
Біреудің мен де өзіңдей cap бойдағы.
Осындай оқта-санда жолыққанда
Өлең айт сырыңды ашып қай-қайдағы,
— деп кезек бұрды. Орманқұл төмен қарады.
— Менің өлең айтпайтынымды білмеуші ме едің? Домбыра болмаса...
— Е-е, онда домбыраңды қолыңа алғын. Маған да соның керек еді, —
деп Құлжабай күлді.
— Қысылма, қарағым. Бұнда бөтен ешкім жоқ қой, — деді əжем.
«Мен ақын емеспін — əншімін», — дейді біреу
«Мен əнші емеспін — күйшімін», — дейді біреу.
Орманқұл күйші еді. Бір ғажабы, ол домбыра тартқанда дүниені
ұмытып, тілден қалатын. Домбыра көмейінен қайдағы бір зарлы мұңды
төгіп отырады. Ал енді күй тартқысы келмесе, домбыра атаулыны таңдап:
— Жоқ, болмайды екен, — деп жаратпайтын.
Орманқұл əйтеуір томаға-тұйық жан еді. Ішінен күй қайтарып, іштей
тынып, өзімен-өзі сырласатын саяқ жан еді. Бұл жолы да үн қатпай,
домбырасын баптай береді.
Тиегін түзеп, құлағын бұрап үнін бабына келтіргеннен кейін баяулатып
тарта бастады.
Ол домбыраның құлағынан басқа ешкімге қараған жоқ. Өз тартқанын
өзі шын зейінімен тыңдап отырғандай, өзге домбырашылардай оң саусағын
серпи қақпайды, сол саусақтарын ербеңдете жүгіртпейді. Арқасының
құрысын жазғандай жұлқынып сілкінбейді. Тұнық терең ой түбінде
мамырлап қалғып кеткендей,
Бір күйді аяқтаған соң алдындағы шайын ұрттап тыныс алды. Осы
кезде Құлжабай желпіне сөйледі.
— Əй, мынауың сарқырап ағып жатқан Ақсай суының сарыны емес пе?
— Əй, мынауың Шақпақтың кейде байсал, кейде ызғарлы желі шығар?
— Əй, мынауың көкпардың қиқуы мен сайыс-тартыс дүбірі ғой.
— Əй, мынауың кешегі жұмадағы үлей-түлей ұйытқыған, ұлыған
боранға ұқсайды, ей.
Орманқұл басын изеп үнсіз құптады.
— Қап, өлеңді жазып алуға болады, əнді тыңдап үйреніп алуға болады.
Күйді жазып алуға болмайды екен-ау, — деді санын соғып Құлжабай.
— Əншінің даусы домбыраның көмейі емес. Өлеңнің жолы
домбыраның пернесі емес. Күйдің үні — домбыраның төл меншігі... Оны
күйшінің жүрегі ғана ұға алады, — деді Орманқұл.
— Сенікі рас, Орманқұл, — деді Құлжабай ойлана отырып.
Қазақтың халық композиторларының нотадан хабары болмаған ғой.
Олардың күйлері дарынды шəкірттері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып
отырған. Күйді де жазып алуға болатынын тап сол кезде Орманқұл мен
Құлжабай да, əжем мен əкем де, мен де білмеппіз ғой.
Енді ойлап отырсам, Орманқұл сөзсіз композитор болуы керек. Ол нота
түгіл хат та танымаған. Ол кедейліктің зардабынан жалғыз еді, саяқ еді.
Қолы қысқалықтан қорынып оның ұстазы да, оның ізін қуған шəкірттері де
болған емес. Оның шығармалары өзімен келіп, өзімен бірге кетті ғой,
əттең...
* * *
Қыстың ұзақ кештерінде əкем бізге ертек айтып беретін. Өлең үйретіп,
дауыстап кітап оқитын. Шағатай тілінен оқитын болу керек, сөйлемдері
«боладур», «геладур» «бередур», «үшбу» деп келеді екен. Кейбір
түсінбеген сөздерімізді əкем ежіктеп отырып мағынасын ұғындырады.
Совет үкіметінің алғашқы жылдары біздің өлкемізде бұрқырап тез өте
шықты. Қым-қиғаш тартыспен, таптық күреспен, рулық айтыспен,
жікшілдікпен, топ ұйымдастырып тор жаюмен, жала жауып, жарға
итерумен шұғылданған бұрынғы байлар жасырын тұзақ құрып жанталасып
бақты. Олар кедей туыстарының тасасында тұрып алып жаңа өмірге тас
атқылады, адал жандарды аяқтан шалуға ұмтылды. Ауылдағы үстемдікке,
болыстыққа, уездегі ықпалға ие болуға қол созды.
Əдетте мұндай қым-қиғаш талас сайлаудың алдында басталушы еді.
Байлардың мүддесін қорғап. соның сойылын соққандар мұндай
тартыстарды лезде өз пайдасына жаратып, қарапайым еңбеккер халықтың
назарын негізгі нысанадан ауытқытып жіберуге тырысты. Бұл сияқты
жікшілдіктің салдарынан ауыл арасының бірлігі шытынай берген еді.
Елге уəкіл келгіштеп алды. Олар жаңа тəртіптің, жаңа нұсқаның мəнін,
кедейлердің правосы жайлы жиналыстарда түсіндірді. Мұндай уəкілдердің
көп келетіні сонша, тіптен ел олардың аты-жөнін де біліп үлгермейтін.
Сондықтан өздерінше ат қойып, айдар тағып алады. Уəкілдің түр-
тұрпатына, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, ақыл-ойына қарай əрқайсысы
өзіне лайық атқа ие болады. Дударбас, шаш қойғанын — «шашты уəкіл»,
тақыр иек қырма сақалдысын — «көк иек уəкіл», шошайма бас киім
кигенін — «молда торғай» тағы бірін «жау тұмақ уəкіл» деп атайтын. Енді
бір уəкіл əрбір сөзін «боевой приказ» деп айта берген соң, оны «бообой
пркез» деп атағаны есімде. Тағы бір уəкіл астына ат мінсе, қара сорпа етіп
қамшылайтын да жүретін. Мұны көрген ел уəкілді «ат соры» деп атап кетті.
Келген өкілдің мəн-жайына, жөн-жобасына қарай қойылған аттар қаншама
еді: жер уəкілі, су уəкілі, салық уəкілі, ағарту уəкілі, сайлаушы уəкілі,
айдаушы уəкілі дегендердің бəрі де — біздің ауылға ат ізін салғандар.
Уəкілдер неге екені белгісіз, тез ауысушы еді. Ел мұны əр саққа жүгіртіп
жүрді. Менің бала қиялым соның бəрін егжей-тегжей байыптай бермейтін.
Əкем бұл кезде алпысты алқымдап қалған еді. Сондықтан, ауылдағы
қызу өмірге белсене араласа алған жоқ. Оның есесіне көкем үй бетін
көрмейтін болды. Жиналыс атаулының бəріне қатысып, сайланбаған
қызметі қалмады. Сондықтан елуліктің, жүздіктің арасынан делегат боп
сайланды, ауыл советтің төрағасы да болды, «Қосшы» одағының бастығы
да болды, бір рет болыстық «Қосшы» одағы бастығының орынбасарына
сайланғаны да бар. Дегенмен, қанша талпынып, қанша құлшынғанымен,
көкем «əйгілі адам» бола алмады. Сайлау сайын көтерілудің орнына,
қызметінен зырғып түсіп жататын. Бұған кінəлі оның қабілетінің аздығы
емес еді.Көкем ауылдағы жікшілдердің жемі боп қала беретін. Серкебай
нағашым көкеме кездескен сайын қыжғырып, «өз орны үшін таласа
алмаған ынжықсың, нағашы бабаң Текебай биге тартпай түп сүйегіңді
қорлап жүрсің. Соның бəрі құраннан безіп, құлдық етуді ұмытқаныңның
кесірі», — деп кейіп отыратын.
— Ел жақсылары қара тізімге ілігіп жүргенде, алты ай қызметке ақымақ
торғай да шыдайды, — деп келемеждеуші еді нағашым. — Міне, мен
жарықтық əкем Текебай бидің аруағына таңба түсірмей əлі күнге дейін
Серкебай би атанып жүргем жоқ па, — деп қамшысымен жер сабалайды.
— Ал сен күшік болсаң мас кісідей əр қызметтен бір құлаумен келесің.
Намыстанып өлетін болдық қой, түге.
Көкем ақталмақ боп, жаңа тəртіп жайлы түсіндіре бастайды. Ондайда:
— Тауыққа жұмыртқасы ақыл үйрететін болған ба, — деп кекететін
Серкебай нағашым. — Есердің естіге жөн үйреткені ме, шынымен!
— Нағашы-ау, сіздің шалқыған дəуіріңіз өтіп барады ғой. Ендігі өмір
талабы өзгешелеу.
— Сен не деп отырсың, ей ынжық, — деп Серкебай көкемнің
кеудесінен қамшысымен нұқиды. — Қалай деп көкисің, шірік? Не дедің
сен?!
— Түк те дегенім жоқ. Жай аузымнан шығып кетті, — деп міңгірледі
көкем.
Үлкеннің бетінен алғанды саған көрсетермін мен, — деп нағашым
бұлқан-талқан болады. — Кіммен бəсекелесетініңді тапқан екенсің. Қотыр
бұзаудай арқандап қоюға əлі шамам келеді.
Көкем арқасын қамшы осып кетпесін деп үнсіз отыра беретін. Оңтайлы
сəті келгенде осынау адуынды шалдан аулақ жүруге тырысып, сыртқа зып
беріп шығып кетеді. Шал оның соңынан біраз ұрсып, бұрқылдап отырады.
— Япырау, заман не боп барады. Əлдилеген балаң əдептен асып,
арпалыса бастаса, жақсы адам бола ма деп үміттенген адамың өзіңмен
жағаласса не дерсің. Əттең, мына тасыраңдаған жаман неме өз сүйегім ғой.
Əйтпесе аяқ-қолын керіп тұрып көкпар етер едім...
Сонан соң қабағын тұнжыратып, сақалының ұшын шайнап біраз үнсіз
отырады да, əжеме тиіседі:
— Мұндай əумесер жиенді несіне тудың, əпке?
О, не дегенің, қарағым, — деп əжем абыржи қалатын.
Алланың бергені осы болса, амалым қанша.
— Иə Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Əйтпесе ғой, əйтпесе!.. Мынау
өңшең шолақ белсенділер-ақ титығыма тиіп болды, — деп ашуланады
Серкебай. — Ең ақыры өз жиенің бетің бар, жүзің бар демей... Сіздің
дəуіріңіз өткен деп былжырайды. Бұл қартайғанда есітер сөзім бе еді.
— Сен енді, Серкешжан, балаға кешірімді бола ғой. Байқамай айтып
қалған шығар, — деп əжем бəсең үнмен күбірледі.
— Байқамай қалған шығар!.. Қайдағы байқамай!.. Эх-эх! —деп
Серкебай кекесінмен күлді.—Мен оған байқамағанды көрсетермін. Мен
есірген белсенділерді итке тастайтын сүйекке таластырармын əлі. Аш
қасқырдай арсылдатып қоярмын да.
— О не дегенің, Серкеш! Өз адамдарың емес пе? — деп шошып кетті
əжем.
— Əй, есек! — деп айқайлайды Серкебай. — Үйге кір.
Көкем сонда ғана қайтып оралады.
— Аяғыма жығылып кешірім сұра! — деп бұйырады шал.
Көкем не істерін білмей дағдарып тұрып қалды.
— Момынтай-ау, оның не, кешірім сұрай ғой, жасы үлкен нағашың ғой,
— деп араға əжем түседі.
Көкем өжеттігін қойып, тізе бүгеді.
Серкебай нағашым да ашуын лақ еткізіп төге салып, көкемнің
тентектігін лезде кешіретін...
Біздің үйдегі тап тартысының таңбасы осылай есімде қалып қойыпты.
Ал ел арасындағы таптық күресті мен жол-жөнекей баяндап, өзімнің өмірге
араласқан сəттеріме орай айтармын. Ауылдың қоғамдық жағдайы, ел ішінің
өресі қандай болғанын өзімнің де өсу өреме сəйкес əңгімелермін. Əзірше
асықпай-ақ қоялық.
* * *
«Əйелдер теңдігі», «қалыңмал жойылады», «қыздар сүйген жігітіне
шығады». Революция жылдарында əйел тендігі жөнінде алғаш есіткен
сөздерім осындай. Бұл сөз көп адамды ойландырса, көп адамның көңілінде
күдік те тудырды. Əйелдер не де болса бір жақсылықтың нышанын іштей
ұққандай үнсіз қуанып еді. Əлденені асыға күтіп, тағатсыз толғанысқа
түскен жайлары бар сияқты.
Əжем ғана бұл сөзге құлақ аса қойған жоқ. Атамзаманнан қалыптасқан,
сүйекке сіңіп сірі болған əдет лезде сеңдей бұзылып жүре берді дегенді бір
түрлі ұғымына сыйдыра алмайтын сияқты. Бұл ойын бізге де білдіріп
қояды.
— Қалыңмал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы ғой. Қашаннан
қалыптасқан кəдеміз емес пе. Менің шешеме де қалыңмал төлеген, маған
да қалыңмал төледі. Қыздарымның қалыңмалын алып құтты орнына
қондырғанмын, ұлдарыма қалыңмал төлеп келін түсіргем. Енді
немерелерім қалыңмалсыз-ақ жөндерін табады дегені несі екен?—Ол
осылайша күңкілдеп қояды.—Қалыңмалсыз өзге босағаны аттаған қызда
қандай қасиет бар дейсің? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды
байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме? Өз аяғымен келіп, өз аяғымен
кетті деген сөз болмай ма? Қалыңмал алмадым дегенше — жасау
жасалмайды, той өтпейді десеңші. Оның не қасиеті қалар дейсің, — деп өз-
өзінен бұрқылдайды. — Жоқ, олай бола қоймас. Мен тірі тұрғанда
қалыңсыз қыз бермеспін. Менің жолыммен, менің жөніммен жүресіңдер.
Ал мен өлген соң не істесеңдер де еріктерің.
Салалы тараштап өрген сегіз бұрымы иығына төгілген апаларым түкке
түсінбей, əжеме аңтарыла қарайтын. Əжемнің қатулы жүзі, түнерген
қабағы, зілді даусы олардың нəзік жанын қалтыратып, өздерін абыржытып
тастаушы еді.
Осынау сəби сезімнің қайғысына масаттанғандай мен орнымнан ұшып
тұрдым да, əжеме тіл қаттым:
— Ал мені қалай үйлендірмексің?
Əжем күліп алды:
— Алдымен мына шүйкебастарға құда түскендерден қалыңмал алайын.
Қабырғамызға шыр байлап, əлденіп алайықшы. Сонан соң іздеп жүріп сұлу
қалыңдық тауып берем. Қалыңмалын да аямай төлеп, өзіңді де
аяқтандырамын. Сонан соң үй болды деген осы. Өз отауың бар.
Томпаңдаған келінімді жұмсап қойып, жылы-жұмсағын жеп, ізетін көріп,
көсіліп отырмаймын ба, — деп мейірлене күліп сөзін жалғастырды. — Тек
тəңірім соған жеткізсін, сол қуанышты кезге дейін тірі жүрсем деп тілеймін
тəңірімнен.
Əжем күрсініп қойды. Қиялы əлдеқайда жетелеп кеткендей өз сезіміне
кенеліп отырған сияқты.
Апаларым мен жаққа ала көзбен қарап, жауығып алғандай. Өйткені
əжем мен үшін, менің болашақ кербез келіншегім үшін оларды қосақтап
күйеуге беретіндей көріп тұр. Мен болсам, оларды табалаған жанармен
талап тастағандай маңғазданып киіз үйден шықтым да, ойнау үшін əуіт
жаққа жүгіре жөнелдім.
Күн ашық еді. Асқар таудың алып бейнелері айнадай таза судың түбінен
көрініп тұр. Балшық илеп балалық ойынға беріліп кеткен екем. Кенет
əлдебіреу өзім илеген балшығыммен өзімді төпеп, үсті-басыма жағып, бас-
көзге қарамай жұмарлап, кез келген жеріме соққылап есімді кетірді. Не
болғанымды білмей шыңғырып жіберіппін. Байқасам əрі ерке. əрі өжет, əрі
намысқой, менен екі-ақ жасы үлкен ортаншы апам Əлиман екен.
Мен долданып қуа жөнелдім. Кесекпен атқылап келем. Əлиман
көйлегінің етегі далбаңдап безіп барады. Сол күйі үй төбесіне шығып,
жиюлы тұрған пішенге жасырынды. сонда отырып мені мазақтайды.
— Масқара-ай, албастыдай сауым-сауым, кір-қожалақ құбыжық
ұсқынын қарай гөр. Көзінен сорасы ағып тұр. Тағы сұлу қызға үйленем
дейді-ау!
Сонан соң пішен төбесінде жатқан жарты қышты ұстап түсті. Кеудесін
менменси тік көтеріп:
— Есі болса, бірде-бір сұлу қыз саған тие қоймас, — деді.
— Əжеме айтып сазайыңды тартқызармын. Сені өзі ақсақ, көзі көр, тісі
кетік, мұрны пұшық, кемиек, басы таз сүмелек біреуге бергізермін, — деп
дүниедегі ұсқынсыз нəрсенің бəрін асығып-үсігіп санап жатырмын.
Шыдай алмаған апам:
— Ондайыңа бара қоймаспын. Басыңа шайнап жақ! — деп қолындағы
кесегін маған қарай атып жіберді.
Мен бұғып қалдым да шегіншектей бердім. Апам маған тигізе
алмағанына
ызаланып
жұдырықты
жаудырып
жіберді.
Қалай
қарсыласарымды да білмей жанталасып жатырмын.
Бұйығы əйел қауымымен алғаш рет осылай қақтығысып едім. Тұңғыш
рет ортаншы апам өз ожданын қорғау үшін мен сияқты «қалыңмал
иесімен» ашық айқасқа шыққанын көріп едім.
Əжемнің айтқаны болды. Менің əпкелерімнің бəрі əже жолымен
ұзатылып, қалыңмалға сатылды.
* * *
Үбиан жастайынан Шегір руынан Жарылқап байдың Мамыт деген
баласына атастырылған екен. Олардың елі Шақпақ тауының етегінде еді.
Жарылқаптың біздің Нығмет əулетіне жақындығы да бар көрінеді. Қыз
беріп, қыз алысып отырған екі ел сүйек жаңғыртпақ болып Үбиан мен
Мамытты атастырса керек. Жұт кезінде Жарылқаптар мал-мүліктен жұрдай
болып, қаратаяқ кедейлерге теңескен екен. Содан көп ұзамай əкесі мен
шешесі дүние салыпты да, Мамыт пен кіші інісі Нығмет байдың Сайлаубай
деген үлкен баласының қолына келіпті. Мамыттың інісі менімен құрдас еді.
Нығмет ұрпағы екі анадан тарағандықтан, бас қосып, екі топ боп аталатын.
Бəйбішенің балалары «қара кемпірдің ұрпағы», тоқалдан туғандар «ақ
кемпірдің немесе Анаргүл кемпірдің балалары» деп бөлінуші еді. Нығмет
біткендер тумысынан іскеш, сақау тілді келетін. Мамыт солардың қолында
жалшылық етті де. інісі байдың қозысын бақты. Нығметтерді мен біздің
жайлауға көшіп келген жаздан бастап білемін. Ел басына ауыртпалық түсіп,
арып-ашқан кезде нығметтіктер ауылға жоламай, алшақ жүруші еді. Енді
еңсеміз көтеріле бастағанда, қайтадан іргелес бола бастапты. Байдың малы
егінге, шабындыққа қырғидай тиіп, берекемізді ала берді. А л айда
баяғыдай бай тізесі батып қалған кедейлер бұл басынуға бас көтере алған
жоқ. Сырттай жек көріп, алыстан айбат шегумен шектеліп жүрді.
Əсіресе байдың шалық мінез, есуастау кемпірі Анаргүл шайпау еді. Ол
етек-жеңі елбе-делбе болып, өрістегі мал соңынан қалмайтын. Балаларынан
бастап көрінген кісінің бəрін қарғап-сілеп шаңытып бара жатқаны. Өзім
ортасында жүрмесем малымды біреулер талап алады деп табаны жерге
тимейтін. Кеш батса, түні бойы көз ілмей қиқулап қораны айналып жүріп
алады. Өз басым ол кісінің жайласып отырғанын көрмеппін. Əрдайым желе
жорытып бара жатады.
Ауыл адамдары Анаргүлден аулақ жүруге тырысушы еді. Егер
абайсызда ұшырасып қалсаң, бір балағат сөз естімей құтылмайсың. Елді
басынғаны сонша, ол қора-қора қойларды егіндіктің үстінен айдап өтуден
де тайынбайтын. Балалары оған қой деп, тоқтау айтып көрген емес. Осыған
орай өздері де шетінен сараң, құнамақор. Қыруар айран ашып, күбі-күбі
қымыз қыжынап кетсе де, не өздеріне қимай, не жұртқа қимай отыра
беретін.
Ауыл адамдары байдың басынған қылығына ашық қарсы шыға
алмайтын. Сондықтан алыстан жамандық шақырып, ырымшыл байдың
кеудесіне үрей ұялатуға тырысатын. «Ай қисайды», «Жұлдыз орнынан
ауытқыды», «бұлт керуені бүлінді», — демек бір жамандық жақын дейтін
олар кемпірге. Сондықтан малға жұт келе ме, əлде топалаң тие ме, əйтеуір
бір опат болатыны хақ дегенді айтатын. Кемпірдің суқаны қашып, əркімнен
амал сұрап, бəледен құтылуға тырысатын.
— Құдай-ай, сұмдығыңды сақтай гөр. Бұған не амал табамын,— дейтін.
Сонда өзгелер:
— Мұның бəрі диқан атаның қарғысына ұшырағаннан. Егінді таптап,
шөпті рəсуа еткен малға Алла Тағала жаппай жамандық əкеледі. Бұдан
аман құтылу үшін егінді таптаған қой мен сиырдың екі сауын сүтін елге
таратып берген жөн. Сөйтіп сауабын алмаса, ел қарғысы атады,—деп
шошытады екен.
Сараң кемпір бұған көнсін бе. Сондықтан жұрт өзге бір оқиға ойлап
табуға кірісетін. Əйткенмен есі-дерті байлығынан айрылып қалмауға ауған
кемпір екі-үш күн егіндікке жоламай, малды ойқастай қайырып жүруші еді.
Сонан соң баяғы таз қалпына қайта түседі.
Ауылдың Жамақ деген адамы бар еді. Қылжақпас, жұртты əзілмен
жазалауға жақын жүретін кісі болатын. Жас ет аңсап, қалайда тіске басар
табу керек деп ойлапты да, ол бір күні қулық істепті. Асқабақтан
бүркеншек бас киім жасапты да, көзі көретін, дем алатын, тілі шығатын
тесік ойыпты. Сонан соң ескі тонды теріс айналдырып киеді де, əр жеріне
сылдырмақ қоңырау іледі. Сөйтіп осынау албастыдай кейпімен бейіт
арасына барып жасырынып жатады.
Мезгіл бесін кезі болса керек. Анаргүлдің ұлы Дəулет түйе мініп
диірменнен келе жатады. Дəулет бейіт маңынан өте бергенде, Жамақ
жалбыр тонын сүйретіп, қоңырауын жаңғыртып, даусын дарылдатып
шыққан екен.
Дəулеттің қорыққаны сонша, ес-түссіз түйеден құлап түсіпті. Жамақ
жанына келеді де, жағасынан алып бірнеше peт сілкілейді. Дəулет есін жия
бастағанда, күңгірлек үнмен зекіп сөйлейді.
— Мен де тілеулеріңді тілеп, əулеттеріңнің əулетті болуына ақ батамды
арнап жүрген əруақтарыңның бірі едім. Бірақ сендер байыған сайын бізді
ұмытып барасыңдар. Əруаққа атайтын жанды құдайыларың кеміді, біз
ашығудамыз. Бүйтіп сараңдана берсеңдер, сендерді əруақ атады. Біз
сендерді қарғаймыз — малдарыңды арбаймыз, жандарыңды жалмаймыз.
Төбелеріңе
құйын
ойнатып,
шаңырақтарыңды
жерге
түсіреміз.
Ауыздарыңды асқа жеткізбей, көздеріңді жастан кеткізбей қаңғыртып
жібереміз. Осыдан үйіңе барған соң, анау пірінен безген ата-анаң мен
ағайындарыңа айт. Əруаққа атап бес мал құдайы берсін. Құран оқытып,
ауылдың тайлы-тұяғына дейін тегіс шақырып етін таратсын. Əйтпесе
ажалдарың да бізден, азаптарың да бізден...
Осыны айтып Жамақ зып беріп кетіп қалады да, Дəулет күн батқанда
сүйегін əрең сүйретіп үйіне келеді. Өңі құп-қу, қан-сөлсіз қалжырап түр.
Тісі-тісіне тимей қалшылдайды. Жағы қарысқандай жарытып сөз де айта
алар емес. Ақыры бейіт арасынан əруаққа кездескенін əрең жеткізіпті.
Жаман соз жатсын ба, ауылдың өсекші əйелдері естігендеріне май құйып
маздатып, елге жая береді. Содан құдайыға мал сойылып, талай күн ел
жиылып ет жесіседі. Əрине, орталарында Жамақ та жүреді. Бір күні ол мас
болып отырып өзін-өзі əшкерелеп алыпты.
Кейін Жамақтың əке-шешесі дүние салған соң, балалары байға жақпай
жалшы болып еді. Анаргүлдің сол балаларға көрсеткен бір қорлығы,
əсіресе, əлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Жарылқасын жалшы
балалардың ішіндегі ең кішісі болатын. Қозы соңында тірсектері соғылып,
кеудесін əрең сүйретіп жүруші еді. Жарытып тамақ ішпей, жайғасып
ұйықтамай зар қағып жүрген бала қайсыбір оңушы еді. Əйтеуір соны
көргенде аяныштан жүрегің сыздап кететін.
Мойылдай қара көзі жайнап тұрады. Қасына келсең, иісі көк татып,
еріндері жапырақ түстес жасылданып жүретін.
Бірде ойын балалары Анаргүлдің сұмдық қатыгездігіне тап болдық. Ол
өзге қозылардан қалып қойған бір қозыны көтеріп алып, Жарылқасынды
қарғап-сілеп барады екен. Жарылқасынға жетісімен таяқпен сабай бастады.
—Қу жетімек, көзіңе шел бітті ме? Осы қозымен ұшықтап жіберейін бе.
Өлігі сұраусыз сүмелек? — деп бажылдайды. Байғұс бала құтылмақ боп
тырманып жатыр. Бірақ Анаргүл жібермейді. Баланың тақыр басына
таяқпен ұрған сайын ісіп шығады. Осылайша бас терісі түгелдей
буылтықтанып, Жарылқасын шыр-шыр етіп жалбарынады.
— Апатай! Айналайын, апажан! Аяңызшы! Өлдім-ау, — дейді үні
əлсіреп. Бірақ құтырынып алған долы кемпір баланы тұлақша сүйретіп ескі
құдыққа алып келді.
— Сен жүгермекті құдық ішіндегі құрт-құмырсқаның жемі етейін, —
дейді Анаргүл шабаланып.
Жарылқасынның қорыққаны сонша, тіптен үні өшіп қалды. Кемпір
қаршадай баланың сирағынан ұстады да, құдық аузынан төмен салбыратып
тұр. Біз де шыр көбелек айналып дəрменсіз жүрміз. Жарылқасын қыр-қыр
етіп тырманып жан дəрмен далбасамен құдықтың қабырғаларынан таяныш
іздейді. Тырналай-тырналай алақаны мен тырнағынан қан ағыпты. Кемпір
сонда да рақымы түсер емес. Біресе көтеріп, біресе құдыққа қайта сүңгітіп
баланы əлі сілкілеп тұр. Жарылқасын болса енді қармануға да шамасы
келмей есінен тана бастады. Былқ-сылқ етіп, оқта-текте қорқыраған
дауысы шығады.
Біз шыдай алмай шұрқырап жылай беріппіз. Кемпір онымызды елеген
де жоқ. Қимылсыз салбырап қалған баланы көтеріп алды да, жерге зірк
еткізіп тастай салды. Өзі жемтікке төнген құзғындай торуылдап баланың
қимылын бағып отыр.
Əлден соң барып Жарылқасын есі кіргенде, кемпір оны дедектетіп
ауылға қарай сүйрей жөнелді. Біз жасымызды тыя алмай соңдарынан
қарадық та тұрдық. Ойынымыз жайына қалды. Көз алдымыздан
Жарылқасынның боп-боз боп талып жатқан кейпі кетер емес.
Кешке бұл көргенімізді əкеме айттым. Əкем түнерген күйі үнсіз киінді
де, Нығметтің үйіне бет алды. Əкем барғанда, Жарылқасын үйдің іргесінде
сандырақтап жатыр екен. Алақанына салып көтеріп əкелді. Аузына сүт
тамызып еді, Жарылқасын құса берді. Əкемнің түсі түтеп кетіпті. Баланы
төсекке жатқызды да, іргенің киізін түріп қойды. «Байғұс баланы
мазаламаңдар», — деді де өзі тысқа шығып кетті.
Жарылқасын қыбырсыз жатыр. Қинала дем алғаны сонша, кеудесі қыр-
қыр етеді. Кейде əлденені айтып, қатты бақырып жібереді. Еріндері қансыз
бозарып, еміс-еміс жыбырлайды. Біз демімізді ішке тартып, орын-
орнымызда отырған күйі Жарылқасыннан көз алар емеспіз...
Əкем даладан дəрі шөп теріп əкепті. Сол шөптерді қайнатып, суын
тұндырып алды да, суыған соң баланың аузына қасықтап құйды. Əпкелерім
Жарылқасынның маңдайына су шүберек таңып қойды. Оның қызуы
көтерілгені сонша, шекесіне таңған орамал кебе берді.
Түні бойы кірпік қақпай, əл үстіндегі Жарылқасынды күзетіп отырдық.
Тек таң алдында ғана бала көзін ашып, төңірегіне қарады. Қайда жатқанын
аңғара алмай баж ете түсті. Əкем маңдайынан сипап еркелете тіл қатты.
Жұбатып отыр.
— Қорықпа, қарағым, қорықпа, — дейді өзі теріс айнала беріп кемпірге
сырттай кіжіне ашуланды. — Алжыған қақпастың айуандығын қарашы.
Əкем Жарылқасынды алдына отырғызып, дəрі шөптің, суынан ішкізді.
Сонан соң жуындырып алды. Жарылқасын қайтадан безгек тигендей
қалшылдап кеткен соң сүт беріп, төсекке қайта жатқызды.
Бұл кезде күн шығып қалған еді. Жарылқасын тынышталып ұйықтап
кетті. Бəріміз де қуанып, көз шырымын алуға қисая-қисая кетіппіз.
Осылайша Жарылқасын бір жұма төсекте жатып айыға бастады. Алайда
шошынғаны сонша, тіптен есі ауған жандай елермеленіп жүрді. Біз
қолымыздан келген бар жақсылығымызды аямаушы едік.
Анаргүл бүкіл ауылда əкемнен ғана именетін. Əкемнің молдалығы бар,
құран біледі деп қорқады екен. Тіптен жас кезінде «оқыған бала» деп атын
тергейтін болыпты. Содан ба, əйтеуір ол Жарылқасынды іздеп келмеді.
Бір күндері Анаргүлдің баласы Сайлаубай келді. Əкемнің бетіне қарай
алмай, міңгірлеп кешірім сұрады да, Жарылқасынды алып кетпек болды.
Сонда əкем қатты ашуланып, былай деп еді:
— Мұның əкесі сенен де бай, сенен де басалқалы еді. Сенің де
Жарылқасынның əкесі сияқты жұтқа кездеспесіңді қайдан білдің.
Жарылқасын сияқты сенің балаларың да панасыз қалмасын қайдан білдің.
Сенің есуас шешеңнің таяғынан өліп кетсе, бүкіл Шегір ел болып келіп, ер
құнын даулар еді. Сонда күнің бір уыс болмас па, Сайлаубай? — Əкем тағы
да көптеген аталы сөз айтты да, сөз соңын Анаргүлге бұрды. — Ал сенің
шешеңмен өзім көзбе-көз сөйлесемін.
Бишара Жарылқасын үйден шығып бара жатып бізге жалтақтай берді.
Сайлаубай оны дарға апара жатқандай амалсыз ілесті.
Анаргүлмен əкем айтқандай-ақ жеке сөйлесті. Содан біршама уақыт
кемпір тыныш жүрді де, қайтадан баяғы таз қалпына түсті.
Менің Үбиан əпкем сол Жарылқасынның ағасымен атастырылған екен.
Өзінің болашақ өмірлік жолдасын ауылда алғаш көргеннен-ақ Үбиан
жақтырмапты. Екеуі бір-бірінен қалау таппай алшақтай беріпті. Əкем
ертеде берген уəдесін бұзбай, алысқан батадан аттағысы келмей, көпке
дейін қызының қарсылығын құлағына да ілген жоқ. Осылай үш жыл жүрді.
Алайда əжем немересінің күн сайын солғындап, уайымшыл болып бара
жатқанын көріп, əкемді алғашқы шешімінен қайтарды. Бұл туралы
Мамытқа ескертіп, əкем бұрынғы алған қалыңмалын қайтармақ болды.
* * *
Байтана руындағы ең сыйлы адамның бірі, атақты да қадірменді,
ықпалы мол, əл-ауқаты мығым Нұрбай деген кісінің Зəпира атты сұлу
қызының ауылымызға алғаш келгенін ұмыта алмаспын. Оның үй-ішінің
бəрі таңдап тапқандай бір-біріне сақадай сай, бірінен-бірі өткен жақсы
адамдар екен. Бес ұлының бəрі де сұңғақ бойлы, сымбатты да көрікті, аздап
ақсиған алдыңғы күрек тістері өздеріне жарасымды əдемі жігіттер болатын.
Жұрт іші мін тапқыш, сын айтқыш, ат қойғыш келеді ғой. Оларға да ол
лезде «күрек тістер» деп ат қойып алды.
Нұрбайдың жалғыз қызы Зəпира да ағалары сияқты сымбатты, сұңғақ
бойлы, толықсыған қыз еді. Оның ауылымызға келін боп келіп, алғаш аттан
түскені, басын тік ұстаған күйі маңғаз басып үйге кіргені əлі есімде. Ол
Нығмет байдың.Анаргүл деген есуас əйелінен туған бесінші ұлы — реңсіз,
мыртық, кекеш Дəулетке екінші əйел боп келді. Алғашқы əйелінің қайтыс
болғанына да көп уақыт өткен жоқ еді. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы
сөйлесін» немесе «құрығы ұзын қуып жүріп алады, құрығы қысқа құры қол
қалады» дегендей, айдын көлдің аққуын қалыңмал Дəулетке аяқ-қолын
байлап берді...
Осынау теңсіздік құрығында бұлқынған қайғылы неке күні:
|