Лекция 5. Қанның жас ерекшеліктері Адамның денесіндегі қан – организмнің сұйық негізгі ішкі ортасы. Қанның жалпы мөлшері ересек адамда 4,5-6 л шамасында, яғни дененің жалпы салмағының 6-8 %. Жаңа туған нәрестеде ол 10-20%, 1 жаста 9-13%, 5-7 жаста 7-8% болады. Организмдегі барлық қанның 50% қан деполарында қор болып сақталады. Ондай мүшелерге бауыр, көк бауыр, өкпе және тері жатады. Бұл мүшелердегі қан қоры адам жараланып, қансырағанда қан айналымынашығып, тіршілікті сақтап қалады, ал денедегі қанның 50-60% жоғалса, адам өліп қалады.
Қанның құрамы өте күрделі. Қан пішінді элементтер, яғни қан клеткаларынан және сұйық плазмадан тұрады. Қанның пішінді элементтеріне қанның қызыл клеткалары эритроциттер, ақ клеткалары лейкоциттер және қызыл пластинкалары тромбоциттер жатады. Қанның бұл клеткалары күллі қанның 55-60%-ын, ал плазма 40-45%-ын құрады.
Қанның белсенді реакциясы оның құрамындағы сутегінің иондарының концентрациясына байланысты және оны рН реакциясы (сутегінің көрсеткіші) деп белгілейді. Қалыпты жағдайда қанның рН = 7,36 тең, бұл әлсіз сілтінің реакциясы.
Қанның белсенді реакциясының тұрақтылығына қанның буферлік жүйесінің үлкен маңызы бар. Кейбір бейорганикалық қосындылар, белок заттары қанға келетін зат алмасуының нәтижесінде қышқыл немесе сілтілік қасиеттері бар заттармен қосылыстар жасайды.
Қанның меншікті салмағы ересек адамда 1,055-1,063 кг/м³. Жаңа туған нәрестенің қанының меншікті салмағы аздап жоғарырақ 1,060-1,080 кг/м³. Сәбидің өмірінің алғашқы айында ол 1,050 кг/м³ шамасына дейін төмендейді де кейіннен қайта көтеріліп ересек адамдікіндей болып, өмір бойы сол мөлшерде сақталады.
Қанның пішінді элементтеріне эритроциттер, лейкоциттер және тромбоциттер жатады. Бұлардың ішіндегі ең көбі эритроциттер, яғни қанның қызыл клеткалары. Олардың саны адамның жынысына байланысты: ер адамда 1 мкл қанда 4,5-5 млн., әйелде 4- 4,5 млн.
Лейкоциттер – ядросы бар қан клеткалары. Ересек адамның 1 мкл қанында 6-8 мың лейкоциттер болады. Баланың иммундық қабілеті (ауруға қарсы тұру, қорғану қабілеті) лейкоциттерге байланысты. Лейкоциттер бала организмінің жұқпалы, яғни инфекциялық ауруларға қарсы тұруын қамтамасыз етеді. Қан клеткаларының бұл маңызды қызметін Нобель сыйлығының лауреаты орыс ғалымы И.И. Мечников ашқан. Лейкоциттердің бірнеше түрлері бар: а) дәнді лейкоциттер немесе гранулоциттер; ә) дәнсіз лейкоциттер, яғни агранулоциттер; б) моноциттер.
Қанның құрамындағы үшінші пішінді элементтер – тромбоциттер немесе қан пластинкалары. Олар сопақша немесе диаметрі 2-5 мкм дөңгелектеу пішінді келеді. Тромбоциттердің жалпы саны 1 мкл 300 мыңнан 400 мыңға дейін. Тромбоциттер сүйек кемігінде пайда болады. Олардың өсіп жетілу мерзімі 7-8 күн, ал қан айналымында 5-11 күндей болады. Тромбоциттердің саны тамақ ішкеннен кейін, ауыр дене жұмысымен шұғылданғанда, әйел екіқабат болғанда көбейеді. Оның мөлшерінің тәуліктік өзгерісі де бар: күндіз көбірек, түнде азырақ болады.
Қан айналу жүйесінің маңызы. Қан айналу жүйесі тоқталмай, үнемі жүріп жататын зат алмасуын қамтамасыз етеді. Жүрек – қан айналу жүйесіндегі негізгі бөлім. Ол тоқтаусыз қызмет етіп, қан тамырларында қанның қозғалысын қамтамасыз етеді. Бір тәуліктің ішінде жүрек 5-6 мың литр қанды айдайды. Қанның тамырларда қозғалуына түрткі болатын энергия жүректің бұлшық еттерінің қызметіне байланысты өндіріледі.
Адамның жүрегі бұлшық еттен тұратын конус пішінді қуыс мүше. Ол салмағына, жынысына қарай бөлектенеді: ерлердің жүрегі (300 г) әйел жүрегінен (220 г) салмақтырақ. Жалпы ұзындығы – 12-14 см, ең жалпақ жері – 10-11 см. Жүрек оң және сол жақ бөлімдерден тұрады. Олардың әрқайсысында екі-екіден қуыстары бар: жүрекше және қарынша деп аталатын қуыстар.
Жүректің қабырғасы 3 қабаттан тұрады: сыртқы – эпикард (грек. эпи – үстіңгі + кардиа – жүрек), ортаңғы – миокард (грек. миос – бұлшық ет + кардиа) және ішкі – эндокард (грек. эндос – ішкі + кардиа). Жүректің еті – миокард – ерекше құрылымды көлденең жолақты ет ұлпаларынан тұрады. Оның қалыңдығы жүректің әр жерінде әртүрлі. Ең жұқа жері жүрекшенің қабырғасында 2-3 мм, ал ең қалың жері – сол жақ қарыншаның қабырғасының қалыңдығы бұдан 3-4 есе артық.
Үлкен және кіші қан айналыс жолдары. Денедегі қан үлкен және кіші қан айналыс жолдары арқылы тасымалданады. Сол жақ қарыншаның қуысынан үлкен қан айналыс жолы басталады. Қан қарыншадан қолқаға, одан үлкенді-кішілі артериялар мен артериолаларға, олардан артериялық капиллярларға айдалады. Артериялық капиллярлар ұлпалардың клеткаларына тарап, қанның құрамындағы қоректік заттар мен оттегін клеткааралық сұйықтарға құяды да зат алмасуынан пайда болған көмірқышқыл газын қосып алып, веналық капиллярлар арқылы үлкенді-кішілі веналаларға, олардан жоғарғы және төменгі қуыс веналарына қосылып, қанды оң жақ жүрекшенің қуысына әкеледі. Оң жақ жүрекшеден оң жақ қарыншаға айдалады. Оң жақ қарыншадан кіші қан айналыс жолы басталады.