Лекция 3 Тақырыбы: Сенсорлық жүйелер, сезім мүшелер гигиенасы. 1. Сенсорлық жүйелердің құрылымы мен функционалдық жетілуі. Көру гигиенасы. Дыбыс талдағышының жас ерекшелігі.
2. Ішкі секрециялық бездер жүйесінің физиологиясы. Ішкі секреция бездері. Шеткі эндокриндік бездердің құрылысы мен қызметі. Балалық пен жасөспірімдер арасындағы ішкі секреция бездерінің бұзылыстары.
Сенсорлық жүйе (лат. органұм сенсұұм, лат. органон — мүше, ағза; лат. сенсұұм — қабылдау, сезу) — ішкі және сыртқы ортаның түрлі әсерлерін қабылдайтын сезім жүйесі талдағыштардың (анализаторлардың) шеткі бөлігі, яғни рецепторлар.
Рецепторлар денеге әсер етуші тітіркендергіштердің белгілі бір нақты түрін ғана қабылдауға бейімделген. Олар денедегі орналасу орындарына байланысты: экстерорецепторлар және интерорецепторлар болып екіге бөлінеді. Экстерорецепторлар - организмге қоршаған сыртқы ортадан келетін тітіркендіргіш әсерлерін қабылдайды.
Оған дәм сезімі, иіс сезімі, сипап сезу, көру, есту және тепе-теңдік сақтау рецепторлары жатады. Интерорецепторлар — ішкі мүшелерде, ұлпаларда, қан және лимфа тамырлары қабырғаларында орналасып, осы мүшелерден келетін тітіркеністерді қабылдайтын сезімтал құрылымдар. Олар организмдегі зат алмасуды қамтамасыз ететін мүшелердің үйлесімді қызмет атқаруын реттейді. Интерорецепторлардың жеке арнайы түрі — проприорецепторлар. Олар тірек-қимыл аппараты мүелеріне (қаңқа сүйектері, бұлшықеттер, буындар) әсер ететін тітіркендіргіштерді қабылдайды.
Адамның тіршілігі сыртқы ортамен тығыз байланысты. Қоршаған ортада болып жатқан ақпараттар ағынын жүйкелер сезімтал ұштары (рецепторлар) арқылы қабылдайды.
Тітіркендіргіш (түршіктіргіш, қоздырғыш) әр түрлі заттардың (ине, ыстық, суық, қатты дыбыс және т. б.) денеге (ағзаға) әсері. Рецептор сезім мүшелерінің (анализаторлардың) шеткі бөлімдері, ол сыртқы және ішкі деп 2-ге бөлінеді. Сыртқы рецептор (жүйке ұштары) терінің үстіңгі (беткі) қабатында болады, тітіркендіргіштерді сыртқы ортадан қабылдайды. Мысалы, қолдағы теріге инемен әсер етсе, адам дереу қолын тартып алады. Ішкі рецепторлар ағзаның ішінде, ішкі мүшелерде (жүрек, ішек-қарын, қантамырлары және т.б.) болатын құбылыстарды хабарлайды.
Адамда 5 түрлі сезім мүшелері бар, олар: көру мүшесі - көз; есту мүшесі - құлақ; иіс сезу мүшесі - мұрын; сипап сезу (түйсіну) мүшесі - тері; дәм сезу мүшесі — тіл. Сезім мүшелері қоршаған ортаның белгілі бір тітіркендіргіштерін ғана қабылдайды. Мысалы, құлақ - тек дыбысты, көз - тек жарықты және т. б. Сезім мүшелері мимен және өзара бірімен-бірі тығыз байланысып, бірін-бірі толықтырып тұрады.
Сыртқы және ішкі тітіркенуді қабылдап талдайтын сезімтал жүйкелер жиынтығын физиолог ғалым И.П.Павлов анализатор деп атады. Сезім мүшелерін кейде сенсорлық жүйе деп те атайды (латынша - сезу, түйсіну).
Сыртқы және ішкі орталардың әсерлерін қабылдап, талдап, талқылайтын және сезім тудыратын мүшелер жүйесін анализаторлар немесе талдағыштар дейді. Адам ағзасында 7 түрлі талдағыштар бар. Олар: көру, есту, иіс, тері, қозғалыс, дәм, висцеральды. Анализаторлар 3 бөлімнен турады: сезгіш, өткізгіш, орталық . Сезгіш бөлім сезім және ішкі мүшелерде орналасқан сезгіш рецепторлардан тұрады. Өткізгіш бөлім рецепторларда пайда болған қозуды сезім мүшелерінен шығып, ми қыртыстарына таситын сезгіш жүйеден тұрады. Орталық бөлім ми сыңарларының қыртысында орналасқан сезім орталықтарды құрайды.
Талдағыштардың жеке қасиеттері мен қызметтері болады. 1.Талдағыштардың рецепторлары өзіне тән тітіркендіргіштердің әсерін қабылдайды. 2. Талдағыш рецепторлары тітіркендіргіштердің күші өзгергенде тітіркендіргіштердің жаңа күшіне тез бейімделеді. 3. Талдағыштар бір-бірімен байланысты қызмет атқарады. 4. Бір талдағыштың қызметі бұзылса, қалғандары оның қызметін жартылай болса да өзіне алады. 5. Талдағыштардың рецепторларының сезімталдығын жаттықтыру арқылы не күшейтіп, не төмендетуге болады.
Көру анализаторы. Көру анализатордың сезгіш бөлімі көз алмасында орналасқан. Оларға торлы қабықтағы таяқша мен сауытша пішінді фоторецепторлар жатады. Өткізгіш бөліміне көру жүйкесі жатады. Көру анализатордың қыртыс бөліміне ми қыртысының желке тусында орналасқан оң және сол жақ көру орталықтары жатады. Көз өте сезімтал, нәзік және сезім мүшесі. Құрылысы бойынша көру талдағышы 3 мүшеге бөлінеді: көздің қосымша құрылымдары, жарық өткізгіш және жарық сындырғыш құрылымдары, жарық қабылдағыш құрылымдар. Қосымша құрылымдарға қас, кірпік, кірпік еттері, көз жасының безі мен оның қапшығы, көз еттері жатады.
Көру талдағышының қалған екі топ құрылымдары көз алмасында орналасқан. Көз алмасы – күрделі құрылысты мүше. Ол бас сауытының көз шарасында орналасқан, пішіні шар тәрізді, тек алдыңғы жағы сәл дөңестеу келеді.
Көздің сыртын тығыз ақ қабық қоршаған. Ол көз алмасының алдыңғы жағында мөлдір, дөңестеу қасаң қабыққа айналады. Ақ қабықтан соң көз алмасын қанмен қамтамасыз етіп тұратын тамырлы қабат бар. Ол қан тамырларының торынан тұрады. Тамырлы қабаттың ішкі бетінде жұқа бояу зат – пигмент болады. Көз алмасының алдыңғы жағында тамырлы қабат нұрлы қабыққа айналады. Нұрлы қабықтың алдыңғы дәл ортасында тесік болады. Оны көздің қарашығы деп атайды. Қасаң қабықтың артқы жағында көздің сұйық екі камерасы және көз бұршағы орналасқан. Көз алмасының ішіндегі қалған кеңістік қоймалжың, іркілдеген мөлдір шыны тәрізді денеге толы болады.
Ішкі торлы қабығының құрылысы өте күрделі. Негізінен алғанда, ол жарық клеткалардан тұрады. Фоторецепторлар торлы қабықтың бойында орналасқан. Саны 137 миллион, оның 130 миллионы таяқша, ал 7 миллионы – сауытша клеткалары. Торлы қабықтың дәл ортасында сары дақ бар.
Көздің қасаң қабығы, бұршағы және шыны тәрізді денесі – негізгі жарық сындырушы оптикалық жүйе. Жарық сындыру қабілеті диоптрия деп аталатын. Сәулелердің ауытқу мөлшерін анықтайтын өлшеммен есептеледі.
Әртүрлі қашықтықта орналасқан заттың бейнесін торлы қабыққа түсіру үшін көз бұршағы аккомодациялық қызмет атқарады. Аккомодация деп көзден әртүрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін қабылдау қабілетін айтады.
Көру талдағышының жас ерекшелігі. Жаңа туған нәрестенің көз алмасының салмағы 2-4 граммдай ғана. Бұл ересек адамның көзінің салмағынан 2 есе кем. Ересек адамның көзі
6-8 г. Алғашқы жылы көз алмасы көз шарасынан жылдамырақ өседі де баланың көзі үлкен болып көрінеді. 3 жаста көз алмасы ересек адамның көзінің 90% болады. 6 жаста ересек адамның көзімен теңеседі. Дегенмен көз шарасының алдыңғы-артқы диаметрі ересек адамның көзінің 95% ғана болады, яғни сәл жалпақтау келеді. Ересек адамның көзі дөңгелек шар пішінді.
Жаңа туған нәрестенің қарашығы өте жіңішке – диаметрі 1,5 мм ғана. Екі көзінің қарашығы тек қана 1 айға толғанда сәйкестеліп, қарашық рефлекстері пайда болады. 3-6 жаста көзінің қарашығының диаметрі ересек адамның қарашығымен теңеседі. Көз бұршағының аккомодация күші жасына лайық өзгереді: 1 жаста 25 диоптрия, 3 жаста – 20, 5-6 жаста – 15, 7-15 жаста – 12, ересек адамда 10 диоптрияға тең.
Көру гигиенасы. Көру гигиенасының талаптары:
Кітапты оқығанда, қағазды жазғанда баланың көзі мен қағаз аралығы 35-40 см болуы тиіс. Ең тиімдісі 37 см;
Баланың жұмыс орнының жарығы дұрыс қосылуға тиіс. Ең тиімді жарық мөлшері 150-300 люкс шамасында.
Үстелде, партада бала дұрыс отыруы керек.
Жүріп келе жатқан көлікте кітап оқуға болмайды.
Теледидар көрсетулерін қарағанда ең кемінде 2,5-3 м қашықта отырған жөн.
Баланың жасына лайық жазу,оқу еңбектерінің, теледидарды қарау ұзақтығын, әсіресе көзге күш түсіретін еңбектің түрлерін, олардың ұзақтығын мұқият қадағалаған жөн.
Баланың жасына лайық кітпа оқу ұзақтығын сақтау:
6 -7 жаста – 10 минут,
7-10 жаста – 15 минут,
10-12 жаста – 20 минут,
12-15 жаста – 25 минут,
15-18 жаста – 30 минут, яғни осы көрсетілген уақыттан соң аз да болса, көзді демалдырып отыру қажет немесе көз талмайтын жұмыспен айналысқан жөн.