Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет21/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   69
АЛАҚАНДАҒЫ АЙ ТАҢБА

Иттің  де  ақылдысы,  ақымағы  бар.  Тектісі,  тексізі  бар.  Кісінің

жақсы, жаманын ит пен бала таниды деген рас. Бірақ иттің бəрі емес.

Адамдардың  арасында  бұзығы,  қара  ниеттісі,  ұсақшыл  қырттары  бар

сияқты, итте де небір тəсірсіздері бар. Жалпы, ит тұқымы адамға адал

берілген  хайуан  екені  рас.  Бірақ  «иттің  етінен  жек  көремін»,  «иттің

баласы»,  «сен  итсің»  сияқты  балағат  сөздер  сол  иттің  тұтас  затынан

емес, жамандарынан туындаған болуы керек.

Мамырдың жадыраған жақсы күні еді. Əдеттегідей ауыл балалары

бас  шығарып  қалған  арпаны  арам  шөптен  тазалауға  шығамыз.  Оны

«отақ» дейді. Яғни, арам шөпті отайды. Ал арам мия арпадан аз емес.

Оның бəрін отап шығу... азап.

Бастығымыз Қайрақбай дейтін қартаң көсе кісі. Бір топ жас балаға

бір əумесерлеу көсе шал бастық.

Құданың құдіреті, сол шал көп баланың ішінде өзі де бала болып

кете ме деймін. Өйтпесе ол бізге басшы да бола алмайтын шығар.

Бидайдың  арасына  мия  деген  шығады.  Мияның  жасымықтай  дəні

болады.  Əне,  сол-ау.  Мияның  дəні  араласқан  бидай  улы.  Оны  жеген

өледі.

Қолымызда бір-бір өткір пышақ болады.




Командиріміз  Қайрақбай  егін  басына  барған  соң,  балаларды  қаз-

қатар тізіп қойып:

−  Ал,  батырларым,  алға!  Фашистердің  басын  қырқыңдар!  –  деп

бұйрық береді.

Біз  уралап  лап  қоямыз.  Күрдек  мияның  басын  ұшырып  түсіреміз.

Кейбір  «батырлардың»  көзсіздігі  сонша,  миямен  қоса  арпаның

масағын  да  қырқып  жібереді.  Бір  тақта  егістің  басынан  аяғына  кім

бұрын шықса, сол – «герой».

Əуелі  аптыққанмен,  күн  қыза  келе  шаршай  бастаймыз.  «Герой»

болу  оңай  емес.  Тақта  ұзақ.  Біреу  бұрын,  біреу  кейін  –  тақтаның

аяғына да жетеміз.

Енді  кері  қайту  керек.  Кері  қайтқанда  балалар  барын  салады.

Өйткені, тақта басында əркім үйінен алып келген айран-шалабы, бірер

үзім  наны  бар.  Соны  жылып  кетпесін  деп  шөмеленің  астына  тығып

қойғанбыз. Соған жету – пейішке жеткенмен бірдей.

Ақыры, жетеміз-ау. Сонда Қайрақбай командир:

− Əтбой! – дейді.

Онысы – демалыс дегені.

Қолымыз  көк  иілденіп,  мия  сасиды.  Оны  жуып  жатқан  біз  жоқ,

айран-шалапқа лап қоямыз.

Жан  шақырып,  көзімізге  нұр  біте  бастаған  кезде,  Қайрақбай

командир:

−  Əй,  қыздар,  сендер  ана  шөмелеге  барыңдар,  –  деп,  тұлымшағы

селтиген қыздарды қуып жібереді. Кілең ер балалар қалады.

− Мен сендерге қызық əңгіме айтамын, – дейді. – Мен өліп қалсам,

оны сендерге кім айтады, – дейді.




Біз  аузымыз  аңқайып,  мұрнымыз  таңқайып,  Қайрақбай  қартқа

қараса қаламыз.

Ал  кеп  боғауыз  əңгіменің  неше  түрін  жібереді-ай.  Қиқылдап,

шиқылдап күлеміз. Шаршағанымыз лезде ұмытылады.

Өзін  қартпын-ау,  иман  керек-ау,  баладан  ұят-ау  деген  жоқ.  О  да

бала. Əйтпесе, бет-бетімізбен қашып кететін шығармыз.

Тəрбиенің  түрі–осы.  Тəрбие  берер  тəсірлілер  соғыста  жүр.  Бəрін

қынадай қырқып алып кеткен. Ауылда қалған Қайрақбайдың сықпыты

мынау.

Бірақ  ауылда  қалған  шал-шауқанның  бəрі  Қайрақбай  сияқты  екен



деп ойлап қалмаңыз...

Құлан  тауынан  асып  барып  күн  батты.  Бірақ  Талас  Алатауының

шыңдары  бізге  көрінбей  кеткен  күн  сəулесіне  əлі  оранып  тұр.

Шыңдарға  қарағанда  біз  құрт-құмырсқадай  ғана  пендеміз.  Тəкаппар

таулар  біздің  əбден  қалжырап,  үйге  қайтқымыз  келгенін  сезбейді.

Қатал шал Қайрақбай ақырында:

− Əтбой! – деді.

Ел  сыртындағы  шырыш  пен  шоңайна  тікен  басып  кеткен  жадау

зиратты айналып өтіп, бəріміз үркіп ұшқан бұлдырықтай құлдыраңдап,

ауылға қарай тұра жүгірдік. Тұйық сайдың басындағы Салбидің үйінің

тұсынан  өте  бергенде,  қорасынан  ала  төбет  абалап  атып  шықты.

Балалар жан-жаққа, тым-тырақай қаша жөнелді.

Мен  қалшиып  тұрдым  да  қалдым.  Бұл  менің  өзгелерден  өзгеше

батырлығым емес, сірə, ебедейсіздігім шығар.

Ит  деген  иесінің  үйін,  қорасын  қорымай  ма.  Салбидің  үйіне

қастандық  жасайын  деген  пиғылым  жоқ.  Ендеше,  ала  барақ  жаман

иттің менде несі бар.



Ит  оны  ойланып  жатқан  жоқ.  Қара  тұмсығы  тыржиып,  тістері

ақсиып,  тыныш  тұрған  мені  келіп  бас  салды.  Əуелі  онсыз  да  шеттік

тікен жырып қанталаған балтырымды алып түсті. Тірі жан емеспін бе,

сол қолыммен тұмсығынан ұстай беріп едім, ақсиған, ақ қанжардай азу

тісі алақанымды жалбыратып жарып өтті. Оң қолымдағы дорбада мия

кескен  пышақ  бар  еді,  қапелімде  суырып  ала  алмай,  дорбамен  итті

бастан сабалап-ақ жатырмын.

Ақыры, үйдің иесі ме, əйтеуір, біреулер иттен ажыратып алды. Оны

мен шала-пұла білемін. Өйткені балтырдан да, алақаннан да қан саулап

ала жөнелді.

Сірə,  балалар  айтқан  болуы  керек,  айқайын  салып  Айша  жетті.

Салбидің  тұқым-тұқиянын  қалдырмай  қарғап-сілеп,  жермен-жексен

қылды. Кіржиген бүкіш Салби үндей алмай, үйіне кіріп кетті.

Айша менің қанымды тыя алмай, басындағы көне орамалдың шетін

дар  еткізіп  жыртып,  сонымен  алақанымды  орады.  Еті  ырсиып,

жалбырап қалған екен. Тағы да дар еткізіп, бір жыртып, балтырымды

байлады. Одан соң мені жерден тулақтай жұлып алып арқасына салып,

сайды кешіп өтіп, Əбіш шалдың үйіне апарды.

Құдай  оңдап,  Əбіш  ата  үйінде  екен.  Бұл  əлгі  Салбиден  де  өткен

бүкір.  Бұл  елдің  қарттары  неге  бүкшиіп  қалады?  Əлде,  қу  тірлік  бұл

жақта тым-тым ауыр ма...

Əбіштің  қара  кемпірі  күйбеңдеп  жүріп,  шишасыз  жермай  шамды

жақты. Айша:

− Елдің баласы аман-есен. Қайнаға-ау, Құдай бізді қай жағымыздан

қарғады.  Бұл  қағынғыр  Барсхан  тумай  жатып  əкесін  жалмады.  Көп

баланың ішінен не пəлеге осы ұрынады. Не жаздық? – деп аһылайды.

−  Қой,  қарағым  келін.  Олай  деме,  –  дейді  құлағы  тосаң  Əбіш

даусын  əндете  созып.  –  Əкесін  адамдар  жалмады.  Баланың  жазығы

не...



Сөйтіп,  жараларыма  киіз  күйдіріп  басты.  Қоңырсыған  еттің  күйік

иісі қолқаны атты. Əбіш ата мені тірідей пісіріп жатты.

− Өй, айналайын, Мұртаза інімнің тұяғы. Батыр ғой, жылаған жоқ-

ей, қың демеді ғой, ой, азамат! – деп қояды.

Үнсіз  кеңк-кеңк  күлгендей,  əлде  үһілегендей,  аяқ-қолымды

əлденемен шандып жатып:

−  Иттің  қапқанынан  Құдай  сақтар,  балам.  Адамның  қапқанынан

сақтасын. Əкеңді адамдар қапты ғой... – дейді.

Содан  соң  іңір  қараңғысында  далаға  шығарып,  мені  күнбатысқа

қаратып  қойып,  күңірене  күбірлеп  дұға  оқыды.  Дұға  əуеніне  ұйып

тұрғанымда, байқаусызда бетіме сұп-суық суды шашып кеп жіберді.

− Кет, бəле, кет. Алас-алас! – деді. Сөйтіп, мені бəледен ұшықтады.

Айша мені арқалап үйге қайтты. Есік алдында, қараңғыда үрпиісіп,

Құрмаш пен Батырхан бізді тосып тұр екен. Екеуі де жас еді, екеуі де

аш еді...

Содан бері сол қолымның алақанында ай таңба қалды. Жаңа туған

айдың  қиығындай-ақ  таңба.  Əлі  бар.  Сол  алақаныма  абайсызда

болмаса, əдейілеп қарай бермеймін. Қарасам болды, арзымаған азапты

жылдар көз алдыма көлбең ете кетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет