75
Шәхм, Жәхм және Амир руына - Йемен жақ бұрышы мен Хажарул
әсуад (қара тас) қойылған бұрыштың арасы;
Махзум мен Тәйім руына - Сафа төбесі жағындағы Йемен тұсы тиесілі
болды.
Әр рудың адамдары өздеріне тиесілі жұмыстарына білек сыбана
кіріскен. Қабырғалар бұзылып, Хазіреті Ибраһим пайғамбар өз қолымен
құйған іргетасқа дейінгі аралық түгелдей қопарылып алынды. Төменгі
жағынан бір-біріне кіріктіріле өрілген жасыл тастар көріне бастады.
Құрылысшылар қыза-қыза ол тастарды да аршып, араларынан біреуі
күректі бар күшімен әлгі тастардың түбіне сұғып қалғанда... Мекке жері
оқыстан сілкініп кеп қалды. Барша жұрт әуелгіде не болғанын біле алмай
аңтарылып қалды да, мәселені ұққан соң үрейленіп бір-біріне қарасты.
Мұның тектен текке болған құбылыс емес екенін аңдаған олар, қара тастың
атам заманғы іргетасын сол күйі қалдырды.
Қағбаның айналасы құжынаған халық. Үлкені-кішісі мықшыңдап тас
тасып, қолынан келгенінше еңбектеніп жатыр. Қабырғалар әп-сәтте бой
көтерді, көз - қорқақ, қол - батыр деген. Ғимараттың ең төбесіне, ұшар
басына қасиетті саналатын қара тас қойылуға тиіс еді. Осыған келгенде рулар
арасында тағы да талас шықты. Мәселе, қасиетті тасты орналастыруға кім
лайық дегенге келіп тірелді. Әр ру өзіне тартып соңы ит-ырқылжың таласқа,
төбелеске айналар түрі бар. Ұрыс-керіс өршіп барады, бұл бетімен кете
берсе, бірін-бірі өлтіруден тайынбас. Ал шайқаса қалса, мол шығын шығары
да белгілі.
Тайталас төрт-бес күнге созылды. Жұмыс тоқтаған. Құрайыштар ары
ойланып, бері ойланып, ақсақалдары кеңесіп Харам мешітінде бас қосты.
Бағзылары халықтың арасына кіріп, татуластырмақ та болды.
Құрметке әрқайсысы өздерін лайық көріп, бірінің етін бірі жеуден
тайынбастай түр көрсеткен жерлестерінің алдына шығып сөз сөйлеген қарт
Әбу Умаййаның ұсынысы былай болды:
"Уа, ағайындар!
Төбелес те, қырғын да абырой әпермейді. Құр таластан түк шықпайды.
Менің мынадай ұсынысым бар: анау қақпадан (Бәни Шәйба қақпасын
көрсетіп) кім бірінші боп енер болса, сол адамнан ақыл сұрайық. Алғаш
кірген адамның үкіміне бәріміз разы болайық, әйтпесе бұл керістің түбі
жақсылыққа апармайды".
Умаййа ақсақалдың ұсынысына тараптардан наразылық білдірген
ешкім болмады.
Достарыңызбен бөлісу: