Пәннің негізгі міндеті - оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру жүйесі.
- ақпараттық-қатынастық технологиялар арқылы оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру жүйесін жетілдіру
- арнайы қажеттілігі бар балалар үшін оқу орындарында, мекемелерде жағдай туғызып, оларды жалпы білім беру жүйесіне қосу.
Пәнді оқу нәтижесінде курсанттар білуге тиіс : - білім жүйесіндегі дамытудың заманауи стратегиясын;
- инклюзивті білім берудің басты мақсаты мен ұғымдарын;
- инклюзивті білім берудегі педагогика мен психологияның категориялық аппаратын;
- инклюзивті білім берудің даму ошақтарын;
- инклюзивті білім берудің басты отандық және шетелдік тұжырымдамаларын;
- инклюзивті білім берудің мазмұнын, құрылымын, қайшылығын және қисынын;
- инклюзивті білім берудің заманауи инновациялық және авторлық білім беру тұжырымдамаларын;
- инклюзивті білім беру ортасында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру мен тәрбиедегі жалпы сұрақтарды;
- білім берудің психологиялық - педагогикалық практикасындағы инновациялық технологияларды қолдану ерекшеліктерін.
- инклюзивті білім берудегі көкейкесті мәселені таңдай білу дағдысын қалыптастыру жолдарын;
- өздігімен іздену, зерттеу және өзекті мәселені шеше білу дағдысын;
-мүмкіндігі шектеулі балалар отбасының әлеуметтік-педагогикалық проблемаларын зерттеп білу және оларды шешуді.
Тақырып 1. Инклюзивті білім берудің философиялық және мәдени аспектілері
1.Инклюзивті білім беру ұғымы.
2.Инклюзивті білім берудің әлемдік тәжірибесі.
3.Инклюзивті білім берудің философиялық және мәдени аспектілері.
1.Инклюзивті білім беру ұғымы. Кең мағынадағы инклюзивті білім беру – кедергілерді жоюға және оқыту процесіне ерекше оқытуды қажет ететін барлық адамдарды қосу мен сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында оларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған білім беру процесі. Инклюзивті білім берудің дамуы инклюзивті саясат пен тәжірибені жетілдірусіз және инклюзивті құндылықтарды жүйе деңгейіне толық, сондай-ақ олардың жеке институттары деңгейіне ендірусіз мүмкін емес. Инклюзивті білім беру әр адамды түрлі жолдармен белсенді инклюзиялауды, дербестендірілген ықпалды және ерекше оқытуды қажет ететін тұлғаларға білім беру процесіндегі кедергілерді жою негізінде оқыту мен оқу ортасын жетілдіру арқылы тең мүмкіндіктер жасауды көздейді. Осыған байланысты инклюзивті білім беру түбегейлі өзгерістер жасауға және білім беру мақсатын қайта бағдарлауға ықпал ететін инновациалық процестердің «кристалдану орталығы» болуы тиіс. Мектеп, жалпы орта, кәсіптік және қосымша білім, жоғары оқу орындары білім беру жүйесінде қағидаттық өзгерістерді айқындай отырып, инклюзивті білім берудің мынадай стратегиялық бағыттарын көрсетуге болады:
- инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жағымды жағдайларды қамтамасыз ететін институционалдық ортаны жетілдіру;
- ерекше оқытуды қажет ететін адамдарға сапалы білім берудің қол жетімділігін қамтамасыз етудің ғылыми-педагогикалық, кадрлық және оқу- әдістемелік әлеуетін нығайтудың негіздерін әзірлеу;
- ерте бастан ауытқуы бар адамға диагностика жасау және түзету-педагогикалық қолдау жүйесін дамыту;
- мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды кәсіби-еңбекке даярлауға қажетті жағдай туғызу;
- инклюзивті білім беруді дамытудың теориялық және әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу [1].
Инклюзивті (франц. inclusif –өзіне енгізетін, лат. include –енгіземін) немесе енгізілген білім беру – жалпы білім беру орындарында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оқыту үрдісін сипаттау үшін пайдаланылатын термин.
Инклюзивті білім берудің негізіне адамдардың кез келген кемсітушілігін болдырмайтын, барлық адамдарға тең қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар адамдар үшін ерекше жағдай жасайтын идеология жатады.[2]
Инклюзивті білім беруді дамытудың мақсаты, негізгі міндеттері, қағидаттары, тетіктері және шарттары: Инклюзивті білім беруді дамытудың мақсаты - барлық категориядағы тұлғалардың сапалы білім алуға тең құқығын жүзеге асыру.
Инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі міндетері:
- инклюзивті білім беруді дамытудың нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері мен тетіктерін жетілдіру;
- инклюзивті білім беруді дамытудың әдіснамалық, оқу-әдістемелік негіздерін жетілдіру (оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді бейімдеу және модификациялау, оқу жетістіктерін бағалаудың критериалдық жүйесін ендіру);
- білім алушылар өздерін мектеп қоғамының белсенді мүшесі есебінде сезінетіндей, өзін-өзі жоғары бағалайтындай, оқуға ынтасы артатындай және әлеуметтенетіндей дербестендірілген түзету-педагогикалық және әлеуметтік- психологиялық қолдау көрсету, қолайлы білім беру ортасын жасау;
- «кедергісіз қолжетімді орта» құру және білім алушыларды компенсаторлық құралдарымен қамтамасыз ету;
- инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын ұйымдарды кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту;
- ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың техникалық және кәсіптік, жоғары білім деңгейлерінде білім алуын жалғастыруына және болашақта кәсіпті игеруіне жағдай туғызу;
- инклюзивті білім беру саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу.
Инклюзивті білім берудің негізінде адамдардың қандай да бір дискриминациясын жою, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнайы жағдай қалыптастыру мақсаты болып отыр.
Инклюзивті білім беру – адамдарды жалпы білім беру процесіне толықтай қосу үшін адамдарды бір-бірінен ажыратып,кедергілерге ұшырамауға бағытталған және олардың жасына, жынысына, этикасына, дініне қарамастан әлеуметтік бейімдеуге бағытталған мемлекеттік саясат.
Сонымен қатар дамудағы қалыс қалу немесе экономикалық мәртебесіне, отбасына белсенді қатысуы, коррекциялық-педагогикалық және адамдардың жеке мұқтаждарын әлеуметтік адресті қолдаудағы бейімдеудің адамды емес, ортаны жеке ерекшеліктерімен білімдік қажеттіліктерін білім беру жағдайларын тиімді жолмен құру.[3]
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға білім беру жағдайын сараптауда, отандық тәжірибеде ерекше мұқтаж адамдарды жалпы білім беру процесіне қосуда әр түрлі елдердегі шетел ғалымдары инклюзивті процестерін халықаралық құқықтық акт туралы жұмыстарда игеру қажет. Осы әр түрлі жер бетіндегі елдердің мәдени-тарихи және әлеуметтік - экономикалық деңгейлерінің дамуына байланысты инклюзивті білім беру принциптері анықталады:
Мұғалімдердің әр түрлі өзгерістерге дайын болуы, білім алушылардың құқықтарымен қабілеттерін есепке алып отыру;
Жалпы білім беру мекемелерінде тиімді білім жағдайларын туғызу
Нәтижелі әлеуметтендірумен оқытудың жүзеге асырылуы инклюзивті білімді қолдану кезінде ғана табысқа жетілуі;
Демократиялық қоғамға орналастыру және жеке тұлғалық құқықтарын сақтауға кепілдеу;
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тиімді білімділікпен, коррекциялаумен, әлеуметтік жағдайларына араластыру
Ата – аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер мен мамандар іс-әрекетінде бірлестік, жүйелілік болса ғана инклюзивтік тәрбие жұмысы жақсы нәтиже көрсетеді.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды ерекше білім беру назарсыз қалмауы үшін әр педагог әдіс-тәсілдерін нақты ойластыру қажет. Тек қана адамға бейімделген тәрбие оның ішкі потенциялын ашуға мүмкіндік туғызады, әр адамға қарап, сабырлылыққа тәрбиелейді, отбасыларымен қарым-қатынастықты нығайтып, оқу барысына кірістіреді.
«Табиғаттың мүмкіндігі шектеулі деп есептемейік! Адамның өнері арқылы бұл мүмкіндіктін шектеусіз сипатқа ие болуы да ықтимал», Ж. Ламетри айтқандай, қазіргі таңда барлық әлемде жеке қажеттілікті түзету, педагогикалық қолдау мен бейімдеу білім алушының емес, адамдардың білімдік сұраныстары мен жеке ерекшеліктеріне ортаның, отбасының белсенді қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын барлығы үшін бір мектеп немесе инклюзивті білім беру туралы айтылады.
Инклюзивті білім беру – мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оқытып үйретудің бір формасы. Бұл арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды. Нағыз инклюзив білім берудің екі жүйесін жалпы және арнаулы жүйелерді бір біріне қарама-қарсы қоймай қайта жақындатады. Олардың арасындағы шекараны ашады. Инклюзивті білім берудің Қазақстанда өріс алуы қажеттілік әрі перспективалық іс екенін мойындаймыз. Осы кезде ғылыми ортада педагогикалық қауымдастықтар арасында инклюзивтік білім беру (баршаға қол жетімді және бәріне бірдей білім беру жүйесіне қосу) идеясы кең етек алып келеді.
Инклюзивті білім беруді дамыту қағидаттары:
- инклюзивті білім берудің жүйелілігі мен үздіксіздігі;
- ерекше оқытуды қажет ететін адамдарды уақытылы (ерте жастан) анықтауды қамтамасыз ету және алдын алу, педагогикалық-түзету шараларын дер кезінде қолдану;
- білім беру модельдерінің бейімділігі және әр білім алушының ерекшеліктеріне, қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес оны жеке оқыту мен дамыту;
- еріктілік және ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың жеке бейімділіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымдарын таңдау құқығы;
- білім беру ортасының ерекше оқытуды қажет ететін барлық тұлғалар және олардың ата-аналары үшін қолжетімділігі, ашықтығы;
- кешенді медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің үйлесімділігі мен түрлі ведомстволар, әлеуметтік институттар, қоғамдық және ата-аналар ұйымдарының өзара іс-қимылы арқылы кешенді ықпал және әлеуметтік серіктестік, тәртіпаралық өзара әрекет;
- мүгедектік немесе басқа да даму ерекшеліктері «тасымалдаушы проблема» болып қарастырылмайтын адамның шектеулі мүмкіндіктеріне әлеуметтік ықпал; - денсаулығы мен әлеуетті мүмкіндігіне сүйене отырып, тұлғалардың даму проблемаларынан арылуды қарастыратын инклюзивті білім берудің түзете - дамытушылық және әлеуметтік-бейімдеушілік бағыттылығы.[4]