Дәріс тақырыбы және тезистер



бет8/16
Дата11.11.2022
өлшемі84,76 Kb.
#49331
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16
Байланысты:
5.Дәрістер

Дәріс бойынша ағымдық, аралық, қорытынды бақылауға арналған сұрақтар
1. Қазақ мектептеріне арналған алғашқы математика оқулығына сипаттама беріңіз.
2. М. Дулатұлының әдістемелік жүйесіндегі ерекшеліктерге сипаттама беріңіз.
3. М. Дулатұлының «Есеп құралының» жаңа нұсқасының мазмұны қандай концентрлерден тұрады ?
4. Қазақ мектептеріне арналған математиканың алғашқы оқу бағдарламасына сипаттама беріңіз.
5. Ғ.Бегалыұлының бастауыш сыныптарға арналған математика оқулықтарына сипаттама беріңіз.
6. Авторлар ұжымы(Ә. Қасенұлы,т.б ) дайындаған «Есеп құралдарына» сипаттама беріңіз.

2

№ 8
дәріс

№8 дәріс. Бастауыш қазақ мектебінде математиканы оқыту жөніндегі әдістемелік ой-пікірлер
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1.Ә.Қасымұлы және оның әдістемелік-математикалық ой-пікірлері
2.Бастауыш мектепте математиканы оқыту туралы мерзімдік баспасөзде жарияланған әдістемелік мақалалар
3.Алаш зиялыларының математиканы оқыту туралы ой-пікірлері


Дәрістің қысқаша мазмұны:
Математикадан қазақ мектебіне арналған төл оқулықтарды жазу бағытындағы игілікті істі ілгері жалғастырушы, дамытушы және тың істер атқарушылардың бірі Ә.Қасымұлы (1889-1937) болды. Ә.Қасымұлының әдістемелік-математикалық ғылымның қалыптасуына зор үлес қосқанына мына бағыттағы атқарған істері толық дәлел бола алады:1) Оқу-ағарту ісі мәселелерімен тынбай шұғылданып,мектептер мен педагогикалық оқу орындарында ұстаздық қызметтер атқарды; 2)Алғашқы мерзімдік педагогикалық басылым болып саналатын «Жаңа мектеп» журналында ұлттық бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың келелі мәселелері туралы көптеген мақалалар жазды; 3)Қазақ бастауыш мектебінде математиканы оқытудың теориясы мен тәжірибесін қалыптастыру бағытындағы шығармашылық ізденістерінің жемісі болып табылатын «Есеп құралы» атты бірнеше аса маңызды оқулықтар жазып қалдырды.
Негізгі еңбектері:

  1. «Есеп құралы.3-жылдық» (1927 ж.,бірнеше мәрте басылған);

  2. «Есеп құралы.4-жылдық» (1928 ж.,бірнеше мәрте басылған);

  3. «Есеп құралы. 2-жылдық» (1929 ж.);

  4. «Ұзындықты өлшеу»//«Жаңа мектеп» журналы,1926 ж., №11,12,13;

5) «Аудан өлшеу»//«Жаңа мектеп» журналы,1927 ж., №1.
6) «Пішіні төртбұрышты нәрселерді стақандағы суға салып, көлемін өлшеу»//«Жаңа мектеп» журналы,1927 ж., №3-4;
7) «Жаратылыстану сабағы»// Жаңа мектеп» журналы,1927 ж., №7,8.
Жалпы айтқанда, оның оқулықтарының мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады.

  1. Олар бастауыш қазақ мектебінің 2-інші,3-інші және 4-інші сыныптарына арналған комплекстік бағдарлама және сол кездегі озық әдістемелік-математикалық идеялар негізінде дайындалған оқулықтар болып табылады.

  2. Қамтылатын білім көлемі қазіргі оқулықтардан әлдеқайда кең. 3)Оқулықтарды дайындауда негізінен алғанда,ұлттық ерекшеліктерді ескеруге баса мән берілген.

  3. Сонымен қатар қазақ баласының танымдық ой-өрісін кеңейтіп отыру мәселесі де назардан тыс қалдырылмаған.

  4. Оқулықтардың білімдік,тәрбиелік және дамытушылық сипаты күшті;

  5. Есептер мен мысалдардың мөлшері бағдарламалық материалдың орындалуына жетерліктей мол және олар ғылыми негізде ойластырылған әдістемелік реттілікпен орналастырылған;

  6. Оқулықтардың тілі жатық,анық,дәл,қысқа және баланың түсінігіне лайықталған.Теориялық материал мен практикалық материалдың баяндалуының ара қатынасы дұрыс сақталған.

  7. Оқулықтарда иллюстрациялық материалдар мол және олар өздерінің мақсатына толығымен сай келеді.

  8. Оқулықтар өз кезеңінде үлкен сұранысқа ие болып,бірнеше мәрте басылым көрген.Автор кейінгі басылымдарда оқу бағдарламасындағы орын алған өзгерістерге байланысты оларды толықтыруға және жетілдіре түсуге көңіл бөліп отырған.

Аталмыш оқулықтарды мазмұндық-әдістемелік тұрғыдан талдау барысында жасалған қорытындылар олардың авторының математиканы оқытуға қатысты әдістемелік ой-пікірлері мен ғылыми негіздегі пайымдауларының жоғары болғандығын айғақтайды.
Ә.Қасымұлы қазақ мектебіне арналған математика оқулықтарын дайындауға ғана атсалысып қоймай,қазақ мұғалімдеріне математиканы оқыту үдерісін ұйымдастыруға,математика сабақтарының мазмұнын анықтауға, сабақтарда қолданылатын оқытудың негізгі әдіс-тәсілдерін таңдап алуға және т.с.с. қатысты мәселелерге байланысты келелі ой-пікірлер айтқан әдіскер-математик.Ол қазақ мектебінің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету мәселесін назардан тыс қалдырмай,педагогикалық басылымдарда («Жаңа мектеп»,«Ауыл мектебі» журналдары) математика сабақтарын ұйымдастырып,өткізуге қатысты нақты әдістемелік нұсқаулары мен ұсыныстарын жиі жариялап тұрды.Оның осы топтағы мақалаларының ішіндегі көрнектілері-«Есеп сабағы»,«Жаратылыстану сабағы» және «Табиғаттану сабағы» айдарымен берілген ұзындықты,ауданды және көлемді өлшеу мәселелеріне қатысты мақалалар циклі.
Бұл мақалаларға тән басты ортақ ерекшелік,оларда автор жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты математика сабақтарын өткізу жөніндегі өз іс-тәжірибелерін келтірген.Негізінен алғанда, мақалалар бастан-аяқ сұрақ-жауап,яғни мұғалім мен оқушылардың диалогы сипатындағы сабақ жоспарлары түрінде жазылған.Тағы бір айта кететін жайт,бұл сабақтарда сол кездегі кеңес мектебінде жаппай қолданылуға енгізіле бастаған комплекстік оқыту жүйесінің талаптарына сәйкес лабораториялық,экскурсия және зерттеу әдістерін қолдануға баса мән берілгені байқалады.
XX ғасырдың басында Қазақстанда қоғамдық ой-пікірдің өрлеп,оның басты көрсеткіші болып табылатын баспасөз ісінің күрт алға басып дамуына мүмкіндік туды.Қазақ тілінде газет журналдар («Айқап»,«Қазақстан», «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» және т.б.) шыға бастады.Ұлттық сана-сезімнің оянуына игі әсерін тигізген бұл басылымдар қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жалпы мәселелерімен қатар жаңадан басылып шыққан математика оқулықтарын халық арасында насихаттау мәселесін де көтеріп отырды. Осы орайда бастауыш мектепке арналған математика оқулықтарын әдістемелік тұрғыдан бағалауды,оның жақсы жақтары мен кемшіліктеріне жөн-жоба сілтеуді мақсат тұтқан Р.Малабайұлының «III жылдық есеп құралы» атты мақаласын («Жаңа мектеп»,№3,1929) ерекше атап айтуға болады.Сондай әдістемелік сын мақалалардың екіншісі-«Қайта басылған кітап» («Еңбекші қазақ»,№305,1925).Авторы мақала соңына Әділ деген бүркеншік есіммен қол қойған.Мақаланың басты мақсаты М.Дулатұлының «Есеп құралының»(1-бөлім) жаңа нұсқасын(1925 ж.) қазақ жұртшылығына насихаттау,ол туралы пікір айту болғанымен,онда қазақ мұғалімдеріне математиканы оқыту барысында осы құралды пайдалану туралы да кейбір әдістемелік нұсқаулар берілген.
XX ғасырдың басында қазақ мектебіне арналған математика оқулықтарын дайындау мен басып шығарудың өзекті мәселелелері ғана көтеріліп қойған жоқ,сонымен қатар онымен тығыз байланысты оқытудың әдістері,құралдары және оны ұйымдастырудың формалары туралы әдістемелік ой-пікірлер қалыптаса бастады.Қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдар негізінен алғанда,қазақ арасына жаңадан ене бастаған кейбір математикалық ұғымдарды таныстырумен ғана шектелсе,төңкерістен кейінгі баспасөзде бастауыш математиканы оқытудың өзекті проблемалары көтеріліп отырғандығы байқалады: М.Есенгелдин «Одан-бұдан», Х.Досмұхаметұлы «Миллион деген немене?», Ыбыраш «Ескіше, жаңаша уақыт есебі»).
Қазақ педагогикалық басылымдарында жарияланған мақалалардың келесі бір тобы қазақ мектебінде математиканы оқытудың әдіс-тәсілдері, құралдары және ұйымдастыру формаларына қатысты нақты ұсыныстары және нұсқауларымен,сондай-ақ ғылыми-әдістемелік тұжырымдар түйіндеген біліктілігімен ерекшеленеді (Бастауыш мектепте есеп сабағы», «Бірінші бөлімде есепті қалай оқыту жайы», «Еңбек әдісі»,«Зерттеу әдісі»,т.б.).
Қорыта айтқанда, сол кезеңдегі қазақ мерзімді педагогикалық баспасөзінде жарияланған мақалаларда келтірілген әдістемелік ой-пікірлер математиканы оқытуды қай қырынан сөз етпесін,мәселенің ұлттық табиғатын жоғалтпай,өзіндік болмысын сақтауды көздегені сөзсіз.Ендеше,олар осы мәселеге қатысты өз міндеттерін толық атқарып,қазақ әдістемелік- математикалық ғылымын жаңа бір белеске көтерді дей аламыз.
Қазақ баласының математикалық сауаттылығын арттыруға Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж. Аймауытұлы, Т.Жомартбайұлы айтарлықтай үлес қосты. Олардың әдістемелік пікірлері сол кезең үшін ғана емес,математикадан төл оқулықтар дайындау ісінде қазіргі күні басшылыққа алынуға тиісті өзекті мәселені қозғауымен де бағалы болып табылады. Олар қазақ ұлтының болашағын ойлап,оны өрелік-рухани жағынан жетілдіруге және ағартуға бар күштерін салды.Бұны өздерінің ұлт алдындағы абыройлы міндеттері деп санай отырып,сол кездегі жағдайларға байланысты туындаған өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге тырысты. Осындай мақсатпен олар 1924 жылы маусымның 12-18 аралығында «Қазақ білімпаздарының съезін» өткізді. Оның күн тәртібінде басқа мәселелермен бірге «Шама тілінің проғрамы» деген тақырыппен математика пәнінің оқу бағдарламасы қаралды.Қазақ мектебінің бастауыш буынына арналып құрастырылған бұл оқу бағдарламасында қазіргі күні математиканың оқу бағдарламаларын құрастыруда ескерерліктей кейбір аса құнды әдістемелік идеяларды кездестіруге болады.Сондықтан да оның өз кезеңі үшін ғана емес,бүгінгі күн үшін де маңызы зор.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет