Дәріс тақырыбы және тезистер



бет6/7
Дата13.03.2023
өлшемі149,51 Kb.
#73754
1   2   3   4   5   6   7
14 дәрістің тақырыбы:
Абай лирикасының 1882-1890 жылдардағы кезеңі
Ақын шығармашылығының толысқан, кемеліне келген кезеңі
Жоспары:
1. 1885 жылдың өлеңі - «Жасымда ғылым бар деп ескермедім».
2. Өнімді еңбек еткен 1886 жыл туындылары.
3. 1886 жылғы жастарға арнап жазған өлеңдері.
4. 1886 жылғы көңіл-күй лирикасы.

Дәріс мақсаты: 1885-86 жылдары жазылған өлеңдерін тақырыптық-идеялық тұрғыдан таныстыру.


Дәріс мәтіні (қысқаша):1885 жылы туған «Жасымда ғылым бар деп» дейтін өлең Абайдың сол 1880 жылдардың бас кездерінде, ақындық еңбек жолында әр алуан түрде ізденіп жүргенін көрсетеді. Ізденуші Абай, ең алдымен, өзін жаңа үлгідегі ақын етуге жәрдемші болатын ғылымның жайын сөз етеді. Жасында оқыған оқуын, ғылым екен деп танымайды. Ең алдымен, «білім ал!» дегенде «орыс халқының шын зор өнерін үйрен» дейді. Сонымен танысып, өсіп бол да, «халқыңа пайдалы басшы боп қызмет ет!» деген ұлы жол тартады. Қызмет қылып шен алуды енді Абай қасиет емес мін санайды. Көлемі аз ғана өлең болса да, «Жасымда ғылым бар деп» - Абайдың бұл уақытқа шейін жазған өлеңдерінен мүлде бөлек. Енді өзі бірталай оқып, өсіп, бар өмірін қайта ойланып, қатты сынап, мінеп өткен ойшыл ақынды көреміз. Білген сайын жеткеніне місе қылмай азсынып, зор ғылымға ұмтылғанын байқаймыз. Өзінің арманымен іздеп тапқанын болашақ буыннан шығатын қазақ жасына ағалық өсиетпен ұғындырғысы келеді. Анық үлкен жолды іздеп табуда өз басының кешіккендік өкінішін айтып отырып, сол жастарды ойландырмақ.Тура жолға ерте күннен, жас шағынан түссе екен деп баулымақ болады.


1886 жылғы шығармалар енді халықтық, адамгершілік, ағартушылық жөнінде үлкен қияға қарай жол тартқан жаңа ақынның ашық бейнесін көрсете бастайды. Осы жылдарда Абай анық қалыптанған реалистік ақын болумен қатар, өзі суреттеп отырған ортада сан түрлі адамдардың ішкі сырын, мінез әрекеттерін де ірі шеберлікпен ашатын психолог ақын болады. Өз заманындағы әлеуметтік ауыртпалықтарға ем іздеуші қайраткер туады. Әсіресе халқының қалың көпшілігі болған, орта шаруаның жоқшысы, жаршысы бола бастайды. Сонымен, Абайдың ендігі еңбегі, әрбір өлеңі анық еңбекші халық үшін істелген қамқорлық, қайраткерлік, азаматтыққа ауысады. Әрбір көркем терең ойлы шығармасы әлеуметтік тартыстың үлкен бәр құралы тарихтық акт есебінде туып, қалыптанып отырады. 1886 жылдың бір шығармасы «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымда» ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді. Жоғын жоқтап, мұңын мұндап отырғаны - «қалың елі, қазағы». Оны «қайран жұртым» деп, бар жанымен ынтыға сүйеді.
1886 жылдың сыншылдық, қоғамшылдық тақырыпқа арналған өлеңдерінің қатарында «Адасқанның алды жөн» деген бір өлең бар. Бұнда да өзі көрген кемшілікті, мінді мінездерді үлкен турашылықпен қатты сынап, шенеп айтатын ақын көрінеді. Тек бұл өлеңде сынайтыны, ащы мысқыл үлгісінде қатты мінеп сөйлейтіні алғашқы көп өлеңдердегі болыстар, атқамінерлер, қанаушылар тобы емес, ел ішіндегі еңбексіз өмір кешетін жалқаулар болады. Абай заманындағы қазақтың көшпелі ауылында болған жалқаулық, еңбексіздікті ең алғаш өлеңмен сөз қыла бастайды.
1886 жыл тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екенін көрсететін бір-екі өлең - аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны - жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең. «Аттың сыны» деген өлеңінде қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатымен көрінетін жайын Абай кекілі, құлағынан бастап түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сынап сануда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты болмыстан сырт, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мазмұнында ат жайын аса білгірліпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де бір тегіс, тұтас келісімді танытады. Абайдың жаратылыс келісін, көркін суреттеген шебер жырының бірі - табиғат жайына арналған «Жаз». Жалпы алғанда, Абай жылдың төрт меззгілін бір жылда емес, бірнеше жыл бойында жазады. Сол өлеңдерінің алғашқысы осы - «Жаз». «Жаз» өлеңінде сахарадағы ауыл тіршілігін, көшіп-қонып жатқан көрінісін сипаттауда сол ауылдағы әралуан топтар арасындағы қайшылық, қарсылықтар көрінбейді деуге болады. Ақын және де нақтылы, анық шындық халдерді көп теріп, шығармасын өте жанды, мол әрекеттерге толтыра жазады. Және ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспалшылдық жоқ. Ең әуелі жас шалғынды, бәйшешегі толықси өсіп тұрған соны қонысты алады. Сол араға жеткен малдың ішінде, әсіресе, қалың топ жылқының ен суға, мол шалғынға емін-еркін араласқан күйлі кезін көрсетеді. Әлі үйін тігіп, жайғасқан ауыл жоқ. Жанды-жансыз табиғат арасында шұбартқан суретті өз қимыл-қозғалыстарымен толықтыра түседі. Сәнін молайтқан адам тобының әр алуаны көрінеді. Үй тігіп жатқан қыз-келіншек, ат үстінде мал ішін аралап жүрген ауыл иесі үлкендер аталып өтеді. Содан жұмыс үстінде жүрген шешелерді жағалаған жас балалар, тынымсыз шабуылмен күнұзын салпылдап еңбек еткен жалшылар көрінеді; өзен бойында құс салып жүрген жас аңшы бозбалалар да ақынның көзіне түседі. Бай ауылына жағынышты,жалынышты тынымсыз көрші малай, қартаң ақсақал да өз әрекетімен аталып өтеді. Осылайша үлкен ретпенен көп өмір көрінісін аз өлеңнің ішіне тығыздап сиғыза білген ақын, негізінде реалистік пейзаж беріп отыр. Табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра біледі. Аз адам емес, ауылда тіршілік еткен кәрі-жастың, бай мен малайдың, қолы бос бозбаланың бәрін де тізіп өтеді.
Өлеңнің ішінде жанды тіршілік, қайнаған қызу өмір мол болғандықтан түрі менен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар.
Абайдың бір топ өлеңі жастарға арналған «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемді күнге» деген шығармаларының бәрі де - өсиетші, сыншы ұстаз ақынның жас буынға арнап айтқан сөздері. Солардың ішінде, әсіресе Абай шығармасына үлкен жаңалық қосатын өлең - «Интернатта оқып жүр». Бұл өлеңде сыншылдық та көп, қоғам үшін қамқорлық озғын ой да мол. Абай сол жастарға: «Сен арман еткен чиновник пен адвокаттарды Толстой, Салтыков-Щедриндер қандайлық масқаралап, әшкерелеп, сорақы кескіндерін әйгілеп бергенін ойлаңдар! Ойлана түсіп жиреніңдер, қашыңдар!»-дейді. Бұнда анық, айқын түрде «патшалық кеңсесінен қаш!»-дейді. «Ол арада өмір кешсең, залалды адамның бірі боласың. Елі-жұртыңнан лағынат аласың» деген ой байқалады. Бұның орнына ұсынатыны мынау:

Алыс та болса іздеп тап,


Кореннойға кіруге...

Абайдың түсінігіндегі «коренной» адам - оның арман еткен азаматы.


Жастарға арналған өсиет өлеңінің ой жағынан көрнекті біреуі - тағы осы жылда туған «Ғылым таппай мақтанба» Ел ішіндегі жас желеңге Абайдың әсіресе көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі осы деуге болады. Бұнда Абай адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы - ғылым дейді. Сол ғылымға талпыну жолында өзі үгіттеп, тәрбиелемек болған жастарды айналадағы көпшіліктің сорақы, бұзық мінездерінен жирентіп өсірмек. Кейінгі өсетін жас буынға сол мінездер «бес дұшпан» деп танылу керек. Ал, осыған қарсы ғылым тапқан жас болса, ірі адамгершілікке ие болсын, азамат деп айтарлық ар иесі болсын. Ол мағынадағы қасиетке жетуге талпыну керек . Сондықтан ойы жетіп, адамдығы өскен жас өзінің досы деп бес асылды таңдасын дейді. Гуманист Абай, ағартушы, әлеумет ағасы болған ақын сол бес нәрсені санағанда, ең алдымен талапты айтады. Сонан соң еңбек, терең ой, қанағат, рахым деген сияқты арлы адамгершіліктің сипаттарын санайды.
Жас буынға осы жылда арналған сөздің бірі - «Жігіттер, ойын арзан» деген ұзақ өлеңі. Ішіне тіршілік шындығы, күндегі өмір куәліктері көп кірген ұзақ өлең болғанымен, бұл соңғы шығарма жастарға арналған жаңағы екі өлеңнен идея жағынан төменірек түседі. Онда қазақ жастарының сауығына, үй іші тіршілігіне, бір-бірімен кездескен мәжіліс ермектеріне көп көңіл бөле отырып, ақынның әсіресе мән беріп айтатын ойы - достық жайында. Бұндағы үгіттеп отырған оқушылары да бала жастар емес, жігіттікке, үй іші тіршілікке, кісілікке ілініп қалған өскелең жастар. Солардың арасында қиянатсыз досты айтумен өз ұғынуындағы адамгершілік, адалдық мінездерді жол етіп ұсынады. Алдыңғы ата, әке буындарының мінезіндегі боямалық, жалған татулық, қиянаткерлік атаулыдан сол аталардың нәсілдерін сақтандырмақ болады.
Тақырып, сезім сарыны бөлегірек шығатын бірнеше өлең - Абайдың өзіндік көңіл-күйлері. Өз басының мұңшыл, сыншыл ойларына арналады. Бұл қатарға : «Көңілім қайтты», «Патша құдай», «Көкпайға»деген өлеңдер қосылады.Сыншыл ойдың иесі әлеуметтік пайдалы еңбектің өзінің ендігі тірлігіне мақсат, мұрат етіп алған ақын жұртына етіп жүрген еңбек қызметі туралы күдікті, мұңлы ойларды да ойлай жүреді. Әсіресе, өзінің күнделік өмірі мен тағдырын байланыстырған құнарсыз ортадан көрген опасыздық, қиянаткерлік жайларын жыр ете бастайды. Дұшпан ғана емес, доспын деген талайдан да сол күнделікті тірлігінде сан түрлі қиянат көреді. Етіп жүрген еңбегінен түңілмесе де жаңағы топтан түңіліп оқшаулана бастайды. Ойлы жалғыздың бітімсіз, сыншыл уайымы тәрізді сөздері шығады.
Қорыта айтқанда, ендігі Абай көп қырлы, терең сырлы үлкен әлеуметтік идеяны жыр қылған ұстаз ақын болады. Шығармаларының бәрі де өзі өмір кешкен ортаның дәл сол тарихтық нақтылы дәуірдегі дәлме-дәл болмысымен, күнделікті шындығымен нық байланысты болады. Және қай жайды жырласа да сыншы шебер реалист боп жазады. Жаңа арманмен өзгеше ақындық үлгі көрсетіп, соны стильдің шебері болып қалыптана береді.
1887 жылдың үлкен өлеңі үшеу. Оның екеуі - «Сабырсыз, арсыз», «Көжекбайға» дегендер - ел ішінің содыр-сойқанды, бұзық тобына арналған.
Өткен жылғы көп шығармаларының тақырыбы қайталап, өскелеңдеп кеп тағы жаңа шығармалар туғызады. Бұлардан бөлек, жаңа жылдың, ерекше жаңа, бұрынғы кезде Абайдың өзі де, өзге қазақ ақындары да айтып көрмеген тақырыптағы ең бір терең көркем шығармасы- «Өлең -сөздің патшасы» болады. Алғашқы аталған, бұрынғы, белгілі тақырыпты тың өлеңдерімен қайталаған шығарманың екеуі де ұзақ өлеңдер. Солар сияқты үшінші өлең де аса терең мағыналы болумен бірге, ұзақ жырдың бірі болып шыққан.

Сабырсыз, арсыз, еріншек


Көрсе қызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан ала ауыз,-

деп басталатын өлең елдің сорына біткен қу мен сұмның неше алуан жексұрын, жиренішті кескінін бейнелейді. Бұл өлеңде біз ел бүлдірушінің тағы да тың әрекетін көре түсеміз. Бұндағы атқамінер, Абайдың бұрынғы суреттеген қанаушы топ өкілдерінен, қосымша сорақы сипаттармен толыса түседі. Ызалана түскен ақынның ашу тілі ширығып, өткірлене береді. Тынымсыз бүліктің бір алуан портретін қапысыз түгел түсіреді. Және бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне туғызып, жинақы бейне жасайды.


Бұл аталған екі өлең бұрынғы тақырыпты тың дәлелдермен, дерек, әрекеттермен байытады.Аты аталып, таңбаланып берілген әкімдер, атқамінерлерді қосады. Әлеуметтік дерттің иелерін бұрынғыдан да күшейе түскен ызалы сыншылдық, өткір сатирамен әйгілеп әшкерелейді.
Өзінің үлкен тақырыбы - қоғамдық мінді айту болса, ақынның бұл жөнде кейін қайта басқанын көрмейміз. Жауыздық, жаманшылықпен алысуда бұрынғыдан да құлшына түсіп, үдей басқанын байқаймыз.
Өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің өрнектерін, халықтың өткен тарихын, рухани қазынасын жете меңгерген Абай, сөз өнерін халықты тәрбиелеудің құралы ұстаздыққа қызмет еткізуге бел буып, жаңа дәуірге жаңаша ақындық бағдарламамен келген 1882 - ші жылғы «Қансонарда...» өлеңінен бастап, үнемі өсу, өрлеу, толысу, кемелдену үстінде болды. Иждиһатпен, михнатпен іздену нәтижесінде «қазақтың жаңа әдебиетінің, классик әдебиетінің үлгесін өзі қалап туғызып, сол әдебиетке басшы, халыққа қамқор, қайраткер болды» (М. Әуезов.)
Абай лирикаларын шартты түрде 1882 - 1890 және 1890 жылдан өмірінің соңына дейінгі екі кезеңге бөлуде де М. Әуезов зерттеулері негізінде Абайдың өзге жанрлардағы, яғни «Қара сөздері» мен эпикалық поэмаларының жазылу мерзімдерінің осы соңғы кезеңге сәйкес келуіне орай, Абай мұрасының хронологиялық реті мен шығармашылық өсу эволюциясының жүйлі қамтылатыны ескерілуі қажет.
Осы кезеңдегі Абай лирикаларының реалистік, халықтық, ағартушылық, саяси-әлеуметтік, философиялық және көркемдік даму жолдары. Олардағы жыма-жыл тақырып ауқымының кеңейуі, идеялық-мазмұндық сипаттарының тереңдеуі, Абай енгізген поэтикалық көркемдік жаңалықтардың қазақ әдебиетіндегі реформаторлық, көшбасшылық маңызы. Бұл мәселелерді жүйелі де терең түрде оқыту үшін М. Әуезовтің ғылыми концепциясы негізінде Абай лирикаларын шартты түрдегі тақырыптық топтарға бөлмей, ақынның шығармашылық ғұмырбаянымен байланыста қарастыру керек.
Сонымен, Абайдың осы кезеңдегі лирикалары «Қансонарда...» өлеңінен басталып, «Евгений Онегин» романының Абай аударған өлеңдері аралығын қамтиды.
Бұл жылдардағы Абай лирикасының басы қазақ тұрмысындағы саятшылық өнерді реалды табиғат құбылыстарымен, адамның іс-әрекеттерімен байланыста тірі, жанды кейіптегі қимыл-қозғалыста алып, ұлттық сипаттағы таза қазақ поэтика өнерінде суреттеуімен ерекшеленетін «Қансонарда...» өлеңінен басталады. Осы өлеңнен басталатын өмірді реалистікпен суреттеу әдісі Абай шағармаларының өзегі ретінде үзіліссіз өз жалғастығын тапқан.
Бұл шақтағы Абай шығармашылығында ғашықтық, оқу-білім, ел бұзар атқамінерлер образы, отарлық езгі зардабы, табиғат бейнесі, сөз өнері, т.б. көп-көп тақырыптарды өз өлеңіне өзек еткен. Асылында өз заманының ғана емес, тарих көшінде өз ұлтының келешек тағдырына да кесір келтірер келеңсіз кесапаттардың қай-қайсысы да Абай поэзиясының тақырып ауқымынан қалыс қалған емес. Және ол тақырыптар үнемі шығармашылық шеберліктің өрлеу үрдісінде көрініс берген. Мысалы, ақынның осы кездегі өлеңдерінің бір парасы ғашықтық тақырыбындағы «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сынды өлең десек, осында суреттелетін сұлу қыздың сырт портреті ақынның шағармашылық іздену процесі нәтижесінде туған кейінгі осы тақырыптас өлеңдерінде сезімді, жанды бейнедегі сырт келбеті мен ішкі әлемі іс-әрекетімен, сөздерімен оқушы алдында жанды кейіпте бедерленген. Міне, бұл Абайдың өмірді реалистік тұрғыда суреттеу шеберлігінің өсу эволюциясын көрсетер бір ғана мысал.
Абай мұрасының осы кезеңге қатысты шығармаларының ішіндегі «Интернетта оқып жүр» және «Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек» атты өлеңдерінің Абайдың «Толық адам» ілімін танытудағы жан азығының пайдалы, зиянды жақтары мен жәуәнмәртлік ілімінің негізін құрайтын адам баласындағы қасиеттерді сараптап көрсетудегі мән-маңызын ескере отырып, оларды терең талдап оқыту керек.

Абай шығармаларының 1890 жылдан өмірінің соңына дейінгі кезеңі


Абайдың 1890 жылдан өмірінің соңына дейін ұласқан шығармашылық мұрасы дана қаламгердің лирикалық поэзиясынан өзге «Қара сөздері» мен эпикалық поэмаларын, сондай-ақ «Тарихи сөзін» де қамтиды. Бұл орайда М. Әуезов: «1890 жылдан бастап, Абай ақындық шығармаларымен қатар, өзінің жазушылық еңбегіне жаңа бір түр – «Қара сөз» деп аталған жанрды қосады»- дей келіп, Абайдың осы жылдардағы поэзиясында бұрын қазақ әдебиеті тарихында болмаған жаңа түр, тың өлең құрылымдарын тудырғанын атап өткен.


Бұл кездегі Абай лирикалары «Бай сейілді» өлеңінен басталып, өзінің ақындық жолға түскендегі алғашқы қадамында-ақ алға қойған мақсаты сөз өнерін халық тәрбиешісі ету жолындағы арпалысты өмірінің соңғы сөзін де «Жалын мен оттан жаралған» найзағайдай жалынды, отты сөзімен ызалы жүрек, ащы тілінен шыққан аяусыз сын, мұңлы күйікпен аяқтайды.
Абайдың осы кездегі лирикаларының ішінде кемеңгердің Шығысқа, исламиятқа, төл танымдағы толық адам іліміне қатысты «Лай суға май бітпес қой өткенге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Алла деген сөз жеңіл», «Әсемпаз болма әр неге», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңдеріндегі ой-танымдарды М. Мырзахметұлы зерттеулері негізінде талдау.
Абайдың поэмалары, олардың жазылу тарихы мен көтерген мәселелері, тағылымдық сипаттары. Абайдың ақын шәкірттерінің сюжеттік, романтикалық поэма жазудағы Абайдың ұстаздық еңбектері, оның тарихи-әдеби дерек-дәйектері.
Абай қара сөздері, олардағы көтерілген тақырыптар мен қара сөздердің Абай лирикасымен байланыстылығы. Қара сөздердің Шығыстық «намалық» жанрмен өзара сабақтастығы. Абайдың 7-ші, 14-ші, 17-ші, 27-ші, 37-ші, 38-ші, 43-ші, 45-ші қара сөздері, олардың өзекті желісі.

Бақылау сұрақтары:


1. Абайдың білім алудағы мақсаты туралы.
2. М.Әуезовтың аттың сыны мен қыз көркі туралы өлеңдерге берген бағасы.
3. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің адамгершілік іліміне қатысы.
4. Ақынның жастарға айтқан ақыл-кеңесі.



10

№ 15
дәріс



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет