№1 дәрістің тақырыбы:: «Абайтану » пәні, мақсаты мен міндеттері
Жоспары:
1. «Абайтану» пәнінің мән-мазмұны, мақсаты
2. «Абайтану» пәнін оқытудың қажеттілігі
Дәріс мақсаты: Пәннің мән-мазмұны,мақсатымен таныстыру.
Дәріс мәтіні (қысқаша):Абайдың заманы, өмірбаяны мен әдеби мұрасы жайында мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап он бірінші сынып аралығында мазмұны мен көлемі жағынан біршама хабардар болып шығады.
Орта мектепте оқушылардың Абай мұрасынан алған білім негізіне сүйене отырып жоғары оқу орындарында «Абайтану» және «Абайтану тарихы» деп аталатын арнаулы курс пен арнаулы семинар сабақтарында Абай мұрасын жан – жақты әрі терең танытуға мүмкіндік туады. Өйткені бүгінгі өмірімізде рухани – моральдық құндылықтардың аяқ астында қалуы біздерді жаңаша бағдар алуымызға бағыттап отыр.
Пәннің міндеттері:
- Абай мұрасын М. Әуезов айқындап саралаған сегіз түрлі бағытта оқыту дәстүрін жалғастыра отырып, тәуелсіз заманның уақыт талабына сай жаңа таным мен соны көзқарастың әдеби-ғылыми тұжырымдары негізінде оқыту;
- Абай дүниетанымын хакімнің исламиятқа қатысы, мораль философиясы, адамгершілік танымдарының қазына көздерімен байланыста кең меңгерту;
- Абай шығармашылығын М. Әуезов зерттеулеріне сүйене отырып, хронологиялық жүйеде оқыту арқылы кемеңгер мұрасының өзікті мәселелерін жан-жақты әрі терең талдап, тануға баулу;
- Абай мұрасын педагогикалық және гуманитарлық бағыттағы мамандықтардың оқу бағдарламаларындағы ұстанымдарына сәйкес оқу, білім, ғылым, өнер, мәдениет, өркениет, тәрбие, имандылық сынды тақырыптар өзек болған шығармаларына баса мән бере оқыту;
- Хакім Абайдың рухани ой қазанында қорытылып ұсынылған толық адам ілімінің негіздерімен ұрпақтың ой-санағын, дүниетанымын кісілік, имандылық рухымен тәрбиелеу міндетін алға қояды.
Педагогикалық және гуманитарлық бағыттағы мамандықтар үшін жаңадан оқытылатын «Абайтану» арнаулы курсы тақырып пен мазмұн жағынан тәуелсіз елдің заман сұранысына сай соны бағыт-бағдарда оқытылады. Абай – қазақ әдебиетінің ғана емес, барша қазақ халқының рухани нәр бұлағы, жан азығы, болашағының адастырмас темірқазығы. Абай сөзі – халқымыздың өткен тарихын, ұлт мұрасын танытумен бірге, бүгінгі және келешек өміріміздің бағдаршамы, ақ жолы, ғибратты үлгісі.
Абай тағылымы, Абайдың моральдық принциптері – адамзатқа ортақ гуманизмнің сарқылмас қазына көзі. Абайды оқу, одан рухани нәр алу, жан әлемін байыту арқылы – қазақ елі, адам баласы әділетті, адал ғұмыр, бақытты заман бесігінде тербелері хақ. Ал осы айтқан тұжырымымыздың дәлел-дәйегі – Абай ғұмырбаянында, абайтану тарихында, ең бастысы Абай мұрасында тұр.
Абайтану өзіңнің даму аса күрделі де қиын күрес жолдарын басып өтті. Абай мұрасының жайын білу, бағалау саласында қоғасдық ой – санада қым – қиғаш талас – тартыстар өріс алады. Алғашқы кезеңде (1924 жылға дейін) Абай мұрасын әдеби мұра ретінде танып – бағалау басымтүсіп, отызыншы жылдары тұрпайы социологияның танымының қоғамның санада үстем түсіп жатуы себепті, Абайдың әдеби мұрасын терістеуге дейін барды. Бұл құбылыс Абайтану тарихының М. Әузовке дейінгі дәуірінде пікірталаста, ғылыми – зерттеу еңбектерінде өз көрінісін беріп жатты. Абайтанудың М. Әуезов дәуірінде де біз осы құбылыстан толық қол үзе алмасақ та, М. Әуезов Абайтанудың негізін қалап кетті. Абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі бүгінгі дәуірге дейінгі кезеңде, даму жолы М. Әуезов дәстүрін жалғастырып, сенімді ғылыми даму жолына түсті. Абайтануда орын алған кеңестік идеологияның құрсауынан шығып, қалыптасқан ескі танымдардан арыла отырып, тәуелсіз заманның уақыт талабына орай жаңа таным мен соны көзқарастың ғылыми тұрғыдан тың байламдарын бүгінгі заман жастарының санасына сіңіру міндеті алға қойылып отыр. Осы жаңа талап тұрғысынан ЖОО барлық факультеттерінде шәкірттерге ойшыл ақын мұрасы бойынша «Абайтану» арнаулы курсы мен семинар сабақтары оқытылса, филология, тарих, педагогика мен психология факультеттерінде Абайдың әдеби мұрасын жан – жақты, терең,бүгінгі заман талабына орай меңгерту талабы қатаң қойылуы себепті, «Абайтану тарихы» (1889 – 2009 ж) деп аталатын жаңа арнаулы курс пен семинар сабақтарын өткізу міндеті алға қойылып отыр.
Барлық факультеттер бойынша тұңғыш рет оқылатын «Абайтану» арнаулы курсы мен семинар сабақтары бұрын филология факультеттерінде оқытылып келген арнаулы курс пен семинар сабақтарынан тақырыбы мен мазмұны жағынан өзіндік ерекшелігі бар жаңаша бағыт – бағдарда оқытылмақ. Өйткені қазіргі капиталистік даму жолында бүкіл әлемде, соның ішінде тәуелсіз Қазақстан республикасында да дүниеқорлық, пайдақорлық, нәпсіқұмарлық пиғылы, материалдық игілік, яғни рухани құндылықтан басым түсіп, өріс алып барады. Қоғамның болашағы жас ұрпақтың ой – санасын осы дүниеқоңыздық пиғылдан аулақ ұстап, ұлттық рухани қазына көздерінен нәр алып толықтырудың бірден – бір жолы – әл – Фараби бабамыз дүниеге әкелген парасатты адам ілімін, оны ХІ ғасырда дәстүр ретінде жетілдірген Жүсіп Баласағұнидың жәуанмәртлік ілімін, оны ХІІ – ХІІІ ғасырда одан әрі жетілдірген Қожа Ахмет Яссауидің «Қал ғылымын оқыппын, хал ғылымына жетіппін» деп ескертуге сүйене отырып, Қал ғылымы мен Хал ғылымының айырмасын түсіндіру. Заман талабы осы адами кісілік ілімдердің негізіне сүйене отырып, ХІХ – ХХ ғасырдағы қазақ қауымын инсанияттың кәмалаттығы жолына бастап, ойшыл ақындар Абай мен Шәкәрімнің рухани ой қазанынында қайта қорытылып, ұсынылған толық адам ілімінің негіздерімен бүгінгі жас ұрпақтың ой – санасын, дүниетанымын кісілік имандылық рухымен тәрбиелеу міндетін алға қояды.
Бақылау сұрақтары:
1. «Абайтану» пәнінің негізін қалаушы.
2. «Абайтану» пәнінің басты мақсаты.
1
№ 2
дәріс
№2 дәрістің тақырыбы: Абайтанудың М. Әуезовке дейінгі кезеңі (1889-1933) Алғашқы Абайтанушылар.
Жоспары:
1. Ә. Бөкейханов мақаласы.
2. К. Ысқақов мақаласы.
3. «Қазақтың бас ақыны»
4. М.Дулатовтың мақаласы.
5. «Абайдың» өнері һәм қызметі.
6. «Абай» әдебиеттің басшысы.
Дәріс мақсаты: Ақын өмірбаяны туралы алғашқы мақалалармен таныстыру.
Дәріс мәтіні (қысқаша):Ә.Бөкейхановтың мақаласы - Семейде шығатын «Семипалатинский листок» газетінде жарияланған азанама. 1907 жылы мақала Орыс Географиялық қоғамының жазбаларында қайта жарық көреді. Мақала Абай өмірі туралы біршама жүйелі мәлімет беретін еңбек. Кейінгі еңбектерде айтылатын көп дерек тұңғыш рет осы мақалада жазылған. Абайдың әке жағы мен шеше жағы таратыла әңгімеленеді. Шеше жағынан сөзге бейімділік дарығаны айтылады. Білімге сусау, алғашқы, кейінгі үш-төрт жылдағы оқуы, ел ісіне араласуы, орыс достарымен кездесіп, шынайы білімге ұмтылғаны, ізденіс әрекеттері, рухани толысуы, ақындыққа бет қоюы, кейінгі қайғылы халі, қазасы - түгел сөз болады. М.Әуезов өмірбаянында осылар негіз ретінде алынып, толықтырыла жетілдіріледі. Ә.Бөкейханов мақаласындағы Абайға берілген баға мынадай: «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды». Ә.Бөкейханов Абайдың табиғат туралы өлеңдерін жоғары бағалаған.
Екінші мақала Кәкітай Ысқақов тарапынан Абай жинағына арнап жазылған. Ә.Бөкейханов мақаласы мен бұл мақала арасында дерек ортақтығы көп. Олардың негізі бір екені анық байқалып тұрады. Сірә, осыны о баста Кәкітай жазған болу керек. Ол профессор Т.Кәкішев жазғандай, Абай жанында жүрген, ақын өмірінен көп хабардар болған. Кәкітай мақаласы Ә.Бөкейханов мақаласынан көлемдірек. Ә.Бөкейханов Абай өлімі туралы жаза келіп, ақынның табиғат туралы өлеңдерінің көркемдігін, жалпы Абайдың асқан поэтикалық қуаттың иесі екенін айтумен аяқтаса, Кәкітай мақаласы бұдан әрі жалғаса түседі. Кәкітай Т.Кәкішев жазғандай, Абай өмірімен етене таныстығын байқатады. Ақын өмірі мен ойынан белгі ретінде оның «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін келтіреді. Абайдың өлең жазудан өзге уақытта жастармен отырып, олармен қозғайтын әңгімелерінен хабардар етеді. Кәкітайдың осы сөзі Абай болмысының, оның танымын, поэзиясы мен қарасөзінің мазмұнын танытуда мәні зор: «...Жас жеткіншектер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбенен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қайдан іздеу керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдарөткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір нетүрлі насихатпен болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығын түзер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да, еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абайды артықша жақсы білетін Кәкітайдың сөзі. Оның Абайды етене жақсы біліп, ақын туралы мақаланы әуелі өзі жазғаны оның мына сөзінен де байқалады: «Бұл уақытта бір адам әншейін шаруа жайынан, ел жайынан сөз сөйлесе, бек ренжіп, ашуланып қалушы еді». Абайдың өмірдегі тірек етіп ұстанған басты қағидасын да айта кетеді: «Абайдың өміріндегі ең жақсы көретіні таза көңіл мен достық еді».
Бұл мақала «Қазақ» газетінің 1913 жылығы екі санында жарияланған. Мақала туралы М.Мырзахметұлы: «...тарихи мән-мағынасы зор, ұлы ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу және де Абай мұрасын халыққа насихаттау ісіне бастама болуымен де ерекшеленеді» деп баға береді. А.Байтұрсынов мақала басында-ақ Абайды «қазақтың бас ақыны» деп жазады.
Ол өз сөзін осындай жоғары бағалаумен бастайды. Сол кездегі А.Байтұрсынов мойындауы бүгін де өзгерген жоқ: «Онан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ». А.Байтұрсынов Абайдың өз кезіндегі әйгілі, көпке мәлім ақын болғандығын жазады. Бұл көбіне ақын сөзі басылым көруіне байланысты делінеді. Абай көптің көңілінен орын алған ақын.
А.Байтұрсынов мақала басында осы жағын баса айтады. Ақын өлеңдерімен ол ең алғаш 1903 жылы танысқан. Сондағы әсері: «оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, керең». Байқағанымыз - Абай болмысы бөлек ақын, әрі бөлектігі, даралығы соншалық елеулі. Бұл ақынның мейлінше жетіле өскенін байқатады.Абайда мазмұн, ой басым.
Ойында тереңдік көп. Әдетте үйреншікті нәрсе көңілге тез қона кетеді. Ал жаңалық, әсіресе өресі биік тосын ой тыңдаушыға жеңіл жете қоймайды. А.Байтұрсынов Абайға қатысты осындай ой өрбітеді. Абайды ұғудың қиындығын оқырман жүз жылдан кейін де сезініп жүр. Біз әлі де ақын Абайды біршама танысақ та, ойшыл Абайды жете білмей келеміз. А.Байтұрсынов мұны сол кезде-ақ жазып кеткен: «Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынасында айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі». Осы орайдағы автор түйіні: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас». Автордың әр сөзі мәнді, керекті. Ол бұл ауырлық Абайдың айта алмауынан емес, оқушы өресінің төмендігінен екенін баса айтады.
Абайды танудың тағы бір тың қыры - оның өз ойын ақиқат деңгейіне жеткізе терең айтуында екен: «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады». Ал терең ой мен ақиқатты білу, тану әркімнің деңгейіне сай нәрсе емес. А.Байтұрсынов мұны да айтады. Абай сөзі оқушыларына сын екенін жазады. «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік артық».
А.Байтұрсынов Абай туралы терең ойлы толғанысын осы арада үзе тұрып, оның өмірінен мәлімет беруге ауысады. Ұлы атасы Ырғызбай қолбасы, батыр, әрі ел ағасы, биі болыпты. Ол Түркістанда тұрған туыстарын Торғай өңірі арқылы Шыңғыс тауына бастап барады. Қонысқа кең, малға жайлы болуын ойлағаны айтылады. Кіші атасы Өскенбай ел ішінде әділ би атанған. Әкесі Құнанбай қарадан сұлтан болған «қазақтың бас адамдарының бірі» болған. Шеше жағының әзіл-қалжынға бейім, сөзге ұста болғаны аталады. Бұдан әрі нақты өмір деректерін келтіреді. Бүгінде біз білетін деректер жайы айтылады. Бірақ сол кез үшін бұл үлкен жаңалық болған. Абай нәр алған қазақтың рухани қазынасы сөз болады. Абай өз өмірінде атаның баласы емес, адамның баласы болғанын түйін етіп жазады. Абай шын қадірін білген кісіге өлеңнің қасиетті екенін ұққан, білген адам. Өлеңін де сондай биік деңгейде таныта алған. Абай өлеңге «төр түгіл, тақтан орын берген». А.Байтұрсынов Абайда өлеңге қажетті ой шеберлігі, сыншылық, білімнің - үшеуі де барлығын айтады. Абайдың үлгілі, жаңашыл ақын екендігі де айтылады.
«Абай» мақаласы көрнекті ақын, жазушы, қоғам қайраткері, айтулы журналист Міржақып Дулатов тарапынан Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына байланысты жазылған. Мақала 1914 жылы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67-ші санында жарияланған.
М.Дулатов мақаласын «Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Абай Құнанбаевтың апатына 10 жыл толды» деп, жазылу себебін айта отырып бастайды. Мақала ерекше тебреніс, зор шабытпен жазылған. Автордың ақын туралы құрметі өте жоғары. Абайдың шығармалары жарияланып, мерей тойы аталып, көңілдегідей насихатталмай келгеніне өкініш білдіреді. Өзге ойдағыдай жұрттар мұндай ақыны болса, «төбесіне көтергендей болар еді» деген ойын байқатады. «Елі туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінер еді». Абайға деген құрметі әр сөзінен байқалып тұрады. «Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай» ақынның өмірден өз деңгейінде даңқы, атағы, шығармалары танылмай, елеусіз өтіп кеткеніне өкініш білдіреді. Қазақы қамсыздығымызға налығандай кейіп танытады. Ең басты мәселе Абайдай атақты ақынымызды қадіріне жетіп, тиісті деңгейде насихаттай алмағандық болады. Өзі Абай өлеңдерінің жазбасын ең алғаш 1904 жылы Омскіде А.Байтұрсыновтан көргенін жазады. Ол кезде А.Байтұрсынов та Абайды көрмеген, кездестірмеген. Күзде кездеспек болады, бірақ үлгермейді. М.Дулатов Абай туралы 1905 жылы және кейін де Ә.Бөкейханов тарапынан жазылғанын, 1909 жылы кітабы шыққанын мәлімет ретінде хабарлайды. Автор ақын туралы қайта-қайта тебіреніп, жоғары бағасын беріп отырады: «Абай секілді атымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымыз...». Абай өзін насихаттауды қаламағанын осы мақаладағы А.Байтұрсынов сөзінен ұғамыз. М.Дулатов та «халқымыздың бұндай адамның қадірін білмеуін айтып қана өтеміз» деп, ақынның ел игілігіне, рухани жетілуіне жұмсалмай келгеніне реніш білдіреді: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды». Абай туралы айта отырып, ел, ұлт болып қалу қамын да жейді. Абайды білу, Абайды ұмытпау қазақ халқына ауадай қажет екендігін жазады. Нағыз әдебиеттің Абайдан басталатынын түйіп айтады: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты болуға керек, Абайға шейін қазақта қолына алып оқырлық шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді.
Абайдың бізге қымбаттылығы да сол...Ең жоғары ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз - Абай. М.Дулатов Абайды орыс әдебиетінің басы Ломоносовпен қатар қояды.
М.Дулатов Абайды еске алу, Абайды ұлықтау жолында Семейліктердің мұрағат дайындау ісін, ақын туралы әдеби кеш өткізгенін ризашылықпен еске алып жазады. Семейдегі осы жылы 26 қаңтарда сондағы оқыған жастар мен Орыс География қоғамы көмегімен өткен әдеби кеш, ондағы Назипа Құлжанованың ақынды насихаттаудағы ізгі әрекеті қуанышпен аталады.
Автор осындай мерекелі күнде Абайдай «қараңғы заманда шырақ жаққан басшының аты , терең мағыналы асыл сөзі мәңгілік жасауын тілейді. М.Дулатовтың мына сөзін қазіргі Абайтану қалпын танытқандай көреміз: «Зәрредей шүбә етпейміз, Абайдың өткен күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз». Шынында Абайдың өлгеніне 100 жыл өтсе де, ақын сыры бізге жете танылмай, ақын болмысын білуге деген тілегіміз артып келеді. Автор халық пен Абай қатынасын, Абай құрметінің шексіз өсетінін көріпкелдікпен болжағандай жазып кеткен: «Сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар... Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар».
«Абайдың өнері һәм қызметі» деген мақала «Абай» журналының 1918 жылғы екінші санында «Екеу» деген бүркеншік атпен басылым көрген. Зерттеушілер пікірі бойынша «Екеу» деп мақалаға қол қойғандар - Ж.Аймауытов пен М.Әуезов.
Мақала ә дегеннен-ақ терең білім, зор шабытпен жазылғанын байқатады. Өмірбаян дерегінен басталып, ақын туралы жүректен шыққан зор баға айтылады. «...Тұншықан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық - аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды». Мақала мазмұны шешендік оралымдармен көмкеріліп берілген. Авторлар ақын өмірбаянын жай баяндамай, көркем шығармадағыдай бейнелі, мәнді, дәмді етіп, суреттей жеткізеді. Ақынның жайсыз жағдай, ғылымсыз, тәрбиесіз ортада айналсоқтап, адымын жаза алмай келгенін баса айтады.
Авторлар Абай сөзіне баға беріп, былай дейді: «Абайдың ең бір артық, өзгешелігі заманының ыңғайына жүрмей, өзінің өздік бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұндырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі шарықтап жүріп, қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы...Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл білімнің һәр тарауынан көкірегінде асыл қазынасы көп, сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипаты мен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы қып шығаруы, әрі ақындығы, қыз тілді шешендігі». Авторлардың ақынды жете тануға талаптанғаны анық байқалады. Олар Абайды өзіндік болмысы бар, шыншыл, сыншыл ақын деп біледі.Абай парасатты һәм білімді ақын. Ол көп ақындардай барымен базарлатып жүрген ақын емес, ол ізденімпаз, ойшыл ақын. Екеу Абайдың әдеби тілді қалыптастыруда, тілдің көркемдік қызметін өсірудегі өлшеусіз еңбегін көре білген. Бұл мақалада ақын шығармалары жанрлық жағынан да анықталған. Екеу Абайдағы мораль, пәлсапа жөніндегі шығармаларын алдымен атайды. Көңіл күй лирикасы мен сатирасын да жіктеп көрсетеді. Абай ақындығының көркемдігі (суретшілдігі), сыншылдығын да назардан тыс қалдырмаған. Абайдың керемет аудармашылық қабілетін де таңырқай атайды. Бұл сипаттар Абайға ғана тиесілі екенін баса айтады. Екеу ары қарай аталған тақырып, жанр ішіндегі мәселелерді сөз етуге көшеді. Екеу Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі тереңдік пен пәлсапа туралы біршама тоқтаңқырайды: «Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел». Екеу ақындағы қуатты көркем сезім, сыншылдық пен суретшілдік туралы түйіндеулерін нақты мысалдармен тамсана сөз етеді. Абайдың кейде анайы, дөрекі айтып жіберетінін А.Байтұрсынов жазып еді. Бұл мәселеге Екеу де назар аударыпты. Екеу жоғарыдағы жіктеулеріне жеке-жеке тоқталып қарастырады. Ақынның аудармашылығы туралы: «Кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандарын өзінің тың өлеңдерінен артық деуге болады» дейді. Екеу қазақтың тілін кедей, дөкір дей отырып, сондай тілмен-ақ мағыналы, терең, тілге жеңіл аударма жасаған ақын ұсталығын өздері тамаша етіп мойындайды. Ақын аудармаларының ерекшелігі туралы айта келіп, тағы да ақын шеберліне айналып соға береді: «Кейбір переводын орыстың өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген». Екеудің ақын тіліне қатысты түйіндері де олардың ерекше ізденгенін байқатады. Өзіне дейінгі А.Байтұрсыновтың ақын өлеңдерін ұғудың қиындығы жөнінде айтқан пікірін қайталағандай болады. Бұл бір жағы қайталау да емес, ортақ ақиқатты айту: «Тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сиғызғыш, өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді, тілі терең мағыналы болғандықтан, жұрттың көбіне ұғымсыз ауыр жерлері де болады».
Абайдың қазақ әдебиеті мен тіліне сіңірген еңбегі айрықша зор. Осы орайда Екеу әуелі «қазақ тілін анық түрлеп, өрнектеп, керекке жаратып, түзеген - Абай» дейді. Екеу Абай шығармаларындағы жүйелі адамгершілік ілімнің барын сол кезде-ақ байқағанға ұқсайды. Олар Абайға дейін «мінезді суреттеп, мәнді айтып, адамшылдыққа жөн сілтеген ақындар болмағанын» жазады. Абайға дейін сөз қадірі төмен болғанын айтады. Екеу Абайды «білімді, дана ақын» деп бағалағандай болады. Абай арқылы ақындық әлеуметтік зор құралға айналғанын байқаймыз. Екеу Абай артықшылығын оның ақындығы күшті, әрі ақылы асық болып, өлеңді қадірлі өнер дәрежесіне көтергендігімен байланыстырады. Абай өзіне дейінгінің озығын алып дәстүр жасағанын, кейінгілердің Абай дәстүрімен жүріп келе жатқанын жазады: «Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп, шәкірті қып әкетті». Абай дәстүрінің ұзаққа жетерін Екеу әбден болжаған: «...еліктеу бірталай заманға шейін бармақ».
Адамгершілік, толық адам танымы - Абай шығармаларының өзегі. Мұны М.Әуезовтер сол кезде-ақ байқап, ол туралы қайта айналып жаза береді: «Абайдың пайдасыз сөзі жоқ.
Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы үлгілі сөздері көпшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Абай сөздері тыңдаушысын тереңдік пен әрнәрсенің өзегіне үңілдіретін сипатқа ие. Абай сөздері өзі ғана терең, сыршыл болып қоймай, оқырманын да биік болмысқа тәрбиелейді: «...сөздері адамның ақылын ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып, ұғып оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек». Сөйтіп Абай сөзі тыңдаушысына шексіз пайдалы. Екеу кейінгі кемелді кезеңде айтылар көп түйінді тұжырымды ертеде-ақ айтып қойыпты. Тыңдаушы танымы өскен сайын Абайдың да бағасы артарын, ақын сөзі тыңдаушысынан асып, ертерек айтылып қойғанын да Екеу жақсы байқапты. Олар Абай сөзінің зор игілікке айналарына сенімді: «Марқұм атамыз! Қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнатты».
М.Әуезовтың «Абай - әдебиеттің басшысы» атты үзінді мақаласы оның Қоңыр деген бүркеншік атпен 1922 жылы «Шолпан» журналының 4-5 санында басылым көрген «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген еңбегінен алынған. Ол еңбек негізі қазақ әдебиетінің тарихын тану мақсатында жазылған. Ал ол тарихта Абайдың алар орны өзгеше.
М.Әуезов «Абайды: «қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы» деп біледі, екіншіден, Абай өлеңдерінде тереңдік пен білім басым.М.Әуезов Абайдың тіл қасиеті мен көркем өнер жасаудағы еңбегін тағы да қадап айтады. Қазақ тілін кеміте, кішірейте отырып, қасиетін де көтере мадақтайды. Абай жаңа әдебиеттің басында тұрған тұлға. Ол туралы М.Әуезов: «...оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар » деп жазады. Абай өлеңдері өмірге жанасымды дәлдік, шыншылдығымен ерекшеленеді. Ақынның өзіндік беті, бағыты туралы М.Әуезов: «...Ол ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны » деп жазады. Мақала түйіні де осы.
Абай мұрасын ғылыми, педагогикалық және әдеби-шығармашылық тұрғыдан зерттеу тарихы үш кезеңнен тұрады. Олар: 1889-1933; 1934-1961; 1961-2014. Абайтанудың осы алғашқы кезеңіндегі Абай мұрасының ел ішіне танылу жолының төңкеріске дейінгі мезгілде баспасөз арқылы, ауызша жатталып, әнмен айтылып және көшірме қолжазбалар түрінде таралуы хақында М. Әуезовтің жазбаларын ескеру қажет. Сондай-ақ, Абайды танып бағалау алғашқыда рушылдық танымда көрініс берді. Мұны Қуанышбай ақынның руаралық айтыстағы сөздері мен М. Әуезовтің Абай ғұмырбаянына арналған алғашқы өмірбаяндық «Абайдың туысы мен өмірі» атты очеркіндегі деректері айғақтайды.
Ал Абайды халықтық таным тұрғысынан бағалау фольклорлық жанрдағы «Бипаның сөзі» дастаны мен «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» кітабынан бастап, ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары мен ұлт зиялыларының Абайды ұлттық, жалпы адамзаттық гуманистік мәнде тануларымен ұштасты. Бұл орайда Абайды халықтық танымда бағалап, елге таныту, сонымен бірге Абай мұрасын жинау, бастыру, шығармаларының мазмұнын талдау, идеясын таныту, өмірбаяндық мәліметтер беру ісінде 1924 жылға дейін жазбаша және көпшілікке баяндама түрінде насихаттаған Ә.Бөкейханов, Д. Кеннан, Зейнелғабиден ибн Әміре, К. Ысқақұлы, А.Белослюдов, А. Байтұрсынұлы, С. Әбішұлы, Нұқ Рамазанов, Сатылған Сабатаев, Нәзипа Құлжанова, М. Дулатов, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, С. Сәдуақасов, Т. Шонанов, Б. Күлеев, І. Жансүгіров, Ғ. Сағди, М. Жұмабаев, Х. Ғаббасов еңбектеріне қысқаша шолу жасау керек.
1920 жылдардан басталған ел тарихы мен руханиятын тапқа бөліп қарастыру, таза пролетариат әдебиеті мен мәдениетін жасауға ұмтылудан туған тұрпайы социологиялық таным Абай мұрасын да шет қалдырмады. Бұл таным бойынша әдеби мұра оның идеясы мен әлеуметтік сарынына қарай емес, автордың шыққан тегіне қарай бағаланды. Яғни Абай байдың баласы, әлеуметтік тегі үстем тап болғандықтан, оның философиясы - идеализм, саяси-әлеуметтік көзқарасы − байшылдық, ұлтшылдық делінді. Соған сай Абай дүниетанымын қоғамдық-саяси тартыстармен байланыста қарастырып, бірде Абайды феодал табының ақыны деп, бірде феодал табының ұсақ буржуазиялық жолға түскен тобының ақыны деп, енді бірде жаңа туып келе жатқан буржуазияшыл ұлтшыл таптың идеологы деп бағалау белең алды. Бұл бағытта С. Мұқанов, І. Қабылов, Аршурини, М. Қайыпназаров, Ғ. Тоғжановтар жазса, оларға қарсы Абай мұрасын халықтық тұрғыда қарастырып, жанқиярлықпен күрескен Ыдырыс Мұстамбаев, М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Есен Тұрсын еңбектерін саралап оқытқан абзал.
Бақылау сұрақтары:
1. Екеудің Абай мұрасының жан-жақты сипаты туралы айтқаны.
2. М.Әуезов Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы.
3. Ә.Бөкейханов Абайдың ақындығы туралы не айтады?
4. К.Ысқақов мақаласының ерекшелігі.
5. А.Байтұрсынов Абаймен кездескен бе?
6. М.Дулатов Абайды кіммен қатар қояды?
2
№ 3-4-
дәріс
№3-4 дәрістің тақырыбы: Абайтанудың М. Әуезов кезеңі
М. Әуезов – Абайтанудың негізін салушы (1934-1961)
Жоспары:
1. М. Әуезов негізін қалаған «Абайтанудың» қалыптасуы мен дамуы
2. Абайды ғылыми және көркемдік сала бойынша тану
Дәріс мақсаты: М. Әуезовтың Абайтануды қалыптастыруы мен дамытудағы еңбегін таныту
Дәріс мәтіні (қысқаша):Қалыптасу жолында әр түрлi саладағы ой пiкiрлерiнiң эволюциялық даму қалыптасу жолын ғылыми тұрғыдан танып бiлуде, әрине, Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтау мәселесi жазушының ақын мұрасын ғылыми творчестволық тұрғыдағы iзденiстерiнде хронологиялық жүйенi ұстануға әкелдi. Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтау iсi Абайдың ақын шәкiрттерiнiң ықпалымен 1907 жыл мен 1927 жылы жүргiзiлген едi. Бiрақ ол жылдарда ақын шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтаудың негiзi салынғанмен көптеген өлеңдердiң жазылу уақыты толық анықталмай бiршама кемшiлiктерге жол берiлдi. М.Әуезов өз зерттеулерiнде осы кемшiн жайларды толықтырып, ақын шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтауда толассыз iзденiп, бiр iзге түсiрiп кеттi. Мұндағы басты мақсаты Абайдың ой танымы мен ақындық өнердегi қол жеткен шеберлiктiң эволюциялық даму жолдарындағы сапалық дамудың табиғатын ғылыми негiзде айқындап бiлуге тiрелетiн. Неғұрлым Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн дәл анықтаған сайын ақын дүниетанымындағы құбылыстың сырын танып бiлу жазушыға «Абай жолын» жазуға да ғылыми зор тiрек боларын, өйткенi ақын мұрасында әр жылдар кезеңiне орай бой көтерiп отырған ой танымдардың табиғи қалпын табуға адастырмай апарар бағыт бағдар беретiнiн бiлуден туған едi.
Абай мұрасын танып бiлуде зерделi зерттеушi ақын шығармаларында тiлге алынатын арнау өлеңдерге ерекше мән бере қараған. Өйткенi арнау өлең нысанасына алынған кiсiлердi жан жақты терең танып бiлу арқылы сол заманда орын алған саяси-әлеуметтiк мәселелер мен Абай бастан кешкен өмiр шындығын ұштастыра отырып көркемдiк тәсiлмен ашуға қолы жеткен. Бiрақ арнау өлеңдер Мүрсейiт қолжазба көшiрмесiнде де, тұңғыш толық жинақ басылым көргенге дейiнгi Абай басылымдарында да толық мағлұмат берiлмеген едi. Мiне, осы себептi зерттеушi Абай өмiр баянын жазу үстiнде, әсiресе, «Абай жолы» эпопеясына даярлық алдында бұл қиындық алдынан шыққан. Бұл кедергiнi аттап өтуге болмайтынын ескере отырып «Абайдың ақындық мұрасында өмiрбаяндық деректер жоқтың қасы. Оның өлеңдерiнен көптеген адамдар мен жеке кiсiлерге байланысты деректер өшiрiлген. «Тоғжан туралы» өлең де жоғалған.
Арнау өлеңдердi мен өзiм жинастырып көптеген кiсi аттарын қалпына келтiрдiм»,¬ деп Абай өмiрбаянын төрт рет қайта жазып толықтыра түскенде, арнау өлеңдерi арналған кiсi аттарын да толығынан анықтап шығады. Осы қолы жеткен тарихи дерек көздерiн, әсiресе, «Абай жолы» эпопеясында шеберлiкпен қиыстырып пайдалана бiлгенi Әбсәмет туралы Абайдағы:
Әбсемет жиенiң,
Ол сенiң бiреуiң, –
деген өлең жолындағы Әбсеметтi эпопеядағы Әбiш ауырып жатқан кезеңмен байланыстырып суреттеуiнен көремiз. Арнау өлең арналған кiсiлердiң бәрi де Абай өмiр баянын жазу мен эпопеяны жазуға даярланған тұста толығымен анықталған болатын.
М.Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн бастапқы табиғи қалпына келтiру жолында атқарған iзденiстерi де, ақын шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi де абайтану тарихында өзiндiк орны бар құбылыс. Бұл саладағы алғашқы iзденiстер 1916, 1922 жылдардағы Орынбор, Қазан, Ташкент басылымдарында басталса да, жетер шегiне жетпеген едi. Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тiкелей атсалысқан М.Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн толығымен табиғи қалпына келтiре алды. Әрине, бұл үшiн өлең табиғатын терең танып бiлумен бiрге, өлең құрылысы туралы теориялық терең танымы да қажет едi. Осы ерекшелiк М.Әуезов те толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiн қалпына келтiруде алғашқы толық жинақта М.Әуезовтiң өзi де кемшiлiктерге жол берiп алды. Бiрақ толассыз iзденiп Абай өлең құрылысының ерекшелiктерiне қаныққан сайын ол кемшiлiктерiн жетiлдiрiп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегi жағынан өте күрделi Абайдың «Қатыны мен Масақбай», «Сен менi не етесiң» өлеңдерiнiң бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы басылымдарда оны толық табиғи қалпына түсiрiп, қалыптастырған әрекетiн көремiз.
Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiндегi ерекшелiктi тани алмай зерттеушiлердiң қиыншылыққа ұшырауын проф. Ғ.Сағди жиырмасыншы жылдардың iшiнде атап көрсеткен едi. Осы қиыншылықтан да абайтанушы ғалымдарды құтқарған М.Әуезовтiң осы саладағы iзденiстерiнiң нәтижесi едi.
Абай шығармаларын текстологиялық жағынан ұзақ жылдар бойы үзiлiссiз зерттеген ғалым ақын шығармаларындағы сөз өзгерiстерiн табиғи қалпына келтiру жолында да зор iзденiстер жасай бiлдi. Абай өлең жолдарындағы сөздердiң алмасып бөгде мағына алып кеткен тұстарын қалпына келтiрдi. Орынсыз кiрiккен бөгде сөздерден арылтып табиғи қалпына салды. Осы арқылы жалпы Абай шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi Абай шығармаларының канондық тексiн қалыптастыра алды деп батыл байлам жасай аламыз.
Абай мұрасының рухани нәр алған көздерi жайлы танымды да абайтану саласында М. Әуезов ендiрдi. О баста негiзi дұрыс салынған бұл өзектi де бағыт бағдары дұрыс таным Абай мұрасының нәр алған көздерi мен дүниетанымының қалыптасу процесiндегi шешушi орында қазақ елiнiң тума мәдени-рухани қазынасы тұрса, М. Әуезовтiң айтуынша, екiншi орында мұсылмандық шығыстың рухани ой қазыналарының терең iздерi жатқанын да ғылыми тұрғыдан болжай бiлдi. Ал, орыс және Европалық ой қазыналары Абай дүниетанымының әлемiне үшiншi кезекте яғни Абай дүниетанымының қалыптасып қалған тұсында араласты деген ойды меңзеген болатын-ды. Осы мәселе жайында абайтану саласында кеңестiк идеология үстемдiк еткен тұста бұл саланы шешушi орынға қойып қарастыруы себептi де пiкiр таластың ең мол орын тепкен тұсына айналды.
Осы күрделi мәселеге орай Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайындағы мәселе бiртiндеп көтерiлсе де, Мәскеудегi Орталық Комитеттiң 1949 жылы қабылдаған космополитизм туралы қаулысынан кейiн бұл тақырыпқа зерттеу жұмыстары жүргiзiлмедi, яғни бұл тақырыпқа тиым салынды. Соның өзiнде де М. Әуезов Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы ой танымдарын жария түрде айтпаса да, уақытқа, жағдайға қарай жарияланбаған тезистерiнде iз қалдырып отырды. М. Әуезов тезистерi Абай мұрасының соңғы жылдардағы шығысқа қатысы жөнiндегi зерттеулерге адастырмас бағыт бағдар беруiмен де абайтану саласында ерекше дараланып тұрады.
Отызыншы жылдар басында-ақ М. Әуезовтiң Абайдың әдеби ортасы деген күрделi мәселеге ерекше назар аудара бастады әрi осы тақырып абайтану тарихында мейлiнше айтыс тартыс тудырған ең күрделi мәселеге де айналып кеттi. Өйткенi бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай оның Абайдың әдеби мектебi, Абайдың ақын шәкiрттерi, Абайдың ақындық дәстүрi немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйiнi бiр, бiрақ тармақтары сан тарау мәселелердi қамтыды. Ғалымның Абайдың әдеби ортасы туралы ой танымдары абайтану саласында ғылыми зерттеулерiнiң нысанасына айналса, жазушының «Абай жолы» эпопеясының сюжеттiк желiсiнде молынан орын алды. Яғни жазушының өзi арнайы түрде атап өткенiндей: «Мен шама келгенше, ғылым жолымен өмiрiн, ақындығын зерттемекпiн. Ал, шығармалық еңбектерiмнен пьеса, роман туралы да өз ойым ақынды ғылымдық зерттеумен негiзi бiр деймiн» (ЛММА архивi, 249 папкi, 7 бет) деп ғылыми-творчестволық зерттеулерiнiң негiзi бiр екендiгiн қадай айтатыны бар. «Абай жолы» творчестволық тұлғаға арналған туынды болғандықтан, ол басқа тарихи романдардан өзiндiк ерекшелiгiмен дараланатын шығарма болып қалыптасты.
Абайтанудың негiзiн қалаған М. Әуезовтiң ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық iзденiстерiмен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулi үлестерiн қосып жатты. Алғашқы диссертациялық зерттеу еңбектерi де осы тұста туындап жатты. Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейiнгi қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тiлi» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулi мәнi бар құбылысқа айналды. Абайтанудың М. Әуезов дәуiрiнде С. Мұқанов, М. С. Сильченко, Қ. Бейсембиев, Қ. Мұқаметханов, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, Полибина, М. Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлi саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгердi. Абайтанудың ғылыми деңгейiн көтерген зерттеу еңбектерi дүниеге келдi. Бiрақ бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрi де сол тұстағы кеңестiк жүйенiң таптық идеологиясы қойған тегеуiрiндi талабының шеңберiнен шыға алмады. Осы себептi зерттеу жұмыстарының денi Абай мен орыс әдебиетiнiң қарым қатысы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатын-ды.
Әдебиеттану ғылымында тұлғатану мәселесі М. Әуезов негізін салған абайтанудан басталады. Ал ғылымда арнайы жеке саланың зерттеу объектісіне айналған шығармашылық тұлғалар некен-саяқ. Өйткені әдебиет тарихында белгілі бір тың әдеби әдіске сүйеніп жазылған өнер туындысы сол халықтың рухани әлемінде болмысты бейнелеудің жаңа бағытын ашқан туындылар негізінде жасалады десек, оны дүниеге әкелген әдебиет алыбы сөз өнерінің жетекші күші, сусындаушы нәрі ретінде өзін филологиялық, гуманитарлық кең ауқымда зерттейтін ғылыми мүдденің тууына әсер етеді. Мұны, яки жалқыны танымай жалпыны тани алмайтынымызды Абай мұрасы негізінде А. Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты еңбегінде: «Қазақтың бас ақыны - Абай(шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер»- деп көрсетсе, Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезов: «Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды»- деген. Міне, осы себепті және Абай мұрасының ұлтқа ғана емес, адамзатқа ортақ мәдени, рухани прогресте алар орнының өлшеусіз зор маңызын білген М. Әуезовтің ақын мұрасын жинау, насихаттау, зерттеу, ғылыми, әдеби және педагогикалық тұрғыда жазып қылдыру барысындағы ұлан-ғайыр еңбегінің ауқымы өте кең.
Абайтанудағы М. Әуезов еңбектерін төрт салаға бөліп қарастыру орынды. Мұның алғашқысы Абай мұрасын жинау, насихаттау, жүйелеу және бастыру ісі болды. Бұл бағытта зерттеуші 1914 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта Абай мұрасын насихаттауда 1914 жылы Абайға арналған тұңғыш әдеби кешті өткізуге ат салысса, 1918 жылы «Абай» журналын шығарып, ақын мұрасын насихаттап, кейін 1924 жылы Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына орай өткізілген әдеби кеште «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» атты баяндама оқып, «Шолпан», «Таң» журналдарында Абай шығармаларын жинап, бастыру ісін жүргізді. Абай шығармаларының таралу жолдарын айқындап, сол негізде оларды жинап бастыру бағытындағы еңбегінің нәтижесінде 1933 жылғы Абайдың толық жинағына 148 өлең мен қарасөздер енсе, кейінгі жинақтарда М. Әуезов олардың канондық мәтіндерін қалыптастыру жолында іздене жүріп, молайтып, дұрыс нұсқаларын қалыптастырды. М. Әуезов осылайша жинақталған Абай шығармаларын түпнұсқа қалпына келтіру бағытында мынадай текстологиялық жұмыстар атқарды: а) Абай өлеңдері мен аударма, поэмалары, қара сөздерінің жазылу мерзімін анықтады; ә) Абайдың арнау өлеңдерінің шығу тарихын айқындау арқылы, шығармалардың жазылу жылдары және Абай танымының эволюциясын ғылыми негізге түсірді; б) Абай өлеңдерін қоспалардан тазартып, өрнек үлгілерін, әрбір өлеңнің жігін айқындады; в) өлеңдердің дұрыс нұсқаларын жасады.
М. Әуезов Абай мұрасын ғылыми зерттеуді 1918 жылдан «Абай», «Шолпан» журналдарында жарияланған мақалаларынан бастады. Бұл саладағы ғалым еңбектері абайтанудың барша бағыт-бағдарларын толық қамти отырып, өз кезі, өзінен кейінгі зерттеушілер легіне де оң жол, дұрыс ғылыми тұжырым негіздерін қалады. Осы бағытта Абай шығармашылығын ақын ғұмырымен, заман жайымен байланыста қарастыру, әдеби ортасы, нәр алған рухани бұлақ көздері, Абай мектебі, Абай шәкірттері, Абай шығармашылығының реалистік, халықтық сипаттары, Абай мұраларының ішкі мәні, көркемдік кестесі, композициялық құрылымы мен поэтикалық тіл шеберлігі, Абай шығармашылығының көркемдік даму эволюциясы, Абай дүниетанымының кеңістігі, Абайдың ақындық кітапханасының ауқымы сынды сан-салалы мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелі тұжырым, қорытындылар негізінде сегіз түрлі басым бағыттарды айқындап, қалыптастырды. М. Әуезовтің бұл саладағы еңбектерінің бір арнаға тоғысып, құйылған көзі – «Абай Құнанбаев» монографиясында толық көрініс берді.
Абай шығармашылығын зерттеумен бірге, Абайдың азаматтық, адамзаттық бейнесін туған ұлтына, қала берді күллі әлем халқына танытуда да М. Әуезовтің қаламгерлік еңбегінің мән-маңызы өлшеусіз зор. Прозалық, драматургиялық туындыларында бейнеленген Абай образының көркемдік шыңы – «Абай жолы» роман-эпопеясы болғандығы баршаға аян. Абай бейнесін қазақтың ғана Абайы емес, адам баласының Абайы деңгейінде сомдаған роман-эпопея халық өмірінің жарты ғасырлық тарихының, сол тарих ішіндегі хакім Абайдың әділет жолындағы күресінің көркемөнердегі өлмес, өшпес ескерткішіне айналды. Абайтанудағы М. Әуезов еңбектерінің үшінші алған асуы, осы - Абайдың көркем әдебиеттегі бейнесі болып әдебиет тарихында өз орнын алды.
Алғаш рет Семей педтехникумында сабақ берген 1924-25 жылдары Абайдың ғұмырбаяны мен шығармашылық мұрасын өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында оқыту мақсатымен қолға алған кемеңгер ұстаз, кейін осы игі істі С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасында 1942 жылы жалғастырды. Соның нәтижесінде қазақ әдебиеті тарихының арналы саласы «Абайтанудың» ғылыми-педагогикалық негізін қалады. Пәннің алғашқы оқу бағдарламасын, абайтанудың дәрістер курсын түзді. Сөйтіп жоғары оқу орындарының филологиялық, педагогикалық, гуманитарлық бөлімдеріне «Абайтану» пәнін алғаш еңгізді.
Абайтанудың бұл кезеңінде кеңестік жүйенің таптық идеологиясы шеңберінде Абай және орыс әдебиеті тақырыбында жазылған көптеген зерттеулермен қатар, Абайдың шығармашылық өмір жолы, Абай поэтикасы, Абайдың ақын шәкірттері, Абай шығармаларының текстологиясы, т.б. мәселелерде, сондай-ақ Абай мұрасын өзге ғылым саласында қарастырған еңбектер де жарық көрді.
Бақылау сұрақтары:
1. М. Әуезовтің Абайтануды қалыптастырудағы қомақты еңбегі.
2.Абайтануды қалыптастырған салалар.
3
№ 5
дәріс
№5 дәрістің тақырыбы:
Абайтанудың М. Әуезов дәуірінен кейінгі кезеңі (1961-2014)
М. Әуезов өмірден өткен соң алпысыншы жылдарда абайтану саласы тежеліп, тіпті тоқырауға бет алды. Осыны дер шағында сезінген Қ. Жұмалиев бұл істі жандандыруды қолға алды. Сөйтіп екі бағыттағы зерттеу жұмысына тақырып беріп, оларға жетекшілік жасады: 1) Абай мұрасының 1960 жылдарға дейінгі зерттелу тарихы (М. Мырзахметов); 2) Абай мұрасының орыс тіліне аударылу тарихы мен жай-күйі (С. Құспанов). Алғашқы М. Мырзахметұлының зерттеуі негізінде абайтанудың 1960 жылдарға дейінгі 75 жылдық тарихы жүйеленіп, Абайдың библиографиялық көрсеткіші түзіліп (1965), Абайдың М. Әуезов негізін салған Шығысқа қатысы жайлы мәселе көтеріле бастады. Жалпы 1961-1990 жылдар аралығындағы зерттеулерде Абай поэтикасының ішкі әлемі, көркемдік тіл кестесі, өлең құрылысы, т.б. тақырыптардағы қызғылықты тың ой-пікірлер мол айтылғанымен, Абай нәр алған рухани бұлақтар, Абай дүниетанымы мәселесінде социалистік идеология ұстанымы еркіндікке жол бермеді. Сондықтан да Абай дүниетанымы материалистік, атеистік, ал әлеуметтік-саяси көзқарасы таптық тұрғыда бағаланды.
1982 жылы жарыққа шыққан М. Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясының «Абайдың Шығысқа қатысы - М.Әуезов зерттеулерінде» деген тарауынан бастап, Абайдың Шығысқа, исламиятқа, мораль философиясына, адамгершілік таным негіздеріне қатысты ой-тұжырымдары ұлттық тұрғыда жаңаша бағыт-бағдарда ғылыми айналымға енді. Бұл бағыт, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы барлық ғылым салаларында жанданды. Мысалы, А. Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ. Есімовтің «Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық көзқарасы», М. Мырзахметовтің «Абайдың адамгершілік мұраттары» зерттеулерінде Абай дүниетанымы Шығыспен байланыстағы ұлттық философия негізінде қарастырылды.
Бұл кезеңде де М. Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрлі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б. Байғалиевтің «Абай өмірі - мұрағат деректерінде» монографиясы, XIX ғасырдағы отарлық езгі тарихы және Абай шығармаларындағы азаттық сарын тақырыбында М. Бекбосыновтың «Тәуекел мен батыр ой» монографиясы, Абайдың библиографиялық көрсеткіштері (1965,1988,1995), Абай кітапханасының көлемі жайлы Қ. Салғариннің «Тереңге тартқан тамырлар» зерттеуі, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М. Мырзахметұлының «Абай және Шығыс» монографиясы, С. Оразалиевтің «Абай және Дауани», М. Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» зерттеулері жазылды.