Қытай сарайы үйсіннің билеушісі етіп Унгар бидің Қытай әйелінен Юань Гуйбиді қойғысы келіп, ғұндар мен Ужейтуға қарсы әскер аттандырды. Алайда, біраз келіссөздерден кейін гуньмо атағын үлкен және кіші гуньмо екіге бөлу ұйғарылды. Ужейту кіші гунымо атағын алуға келісті, үлкен гуньмо атағын Унгар-бидің қытай әйелінен туған ұлы алды. Қоныстанған ру-тайпаларымен қоса жер де бөлінді: үлкен гуньмоға 60 000 отбасы, кіші гунъмоға 40 000 отбасы қарайтын болды. Үйсіндердің жерінің Ыстықкөлдегі Чигу қаласы қамтылатын оңтүстік жартысы үлкен гуньмоның билігіне, Іле өзеніндегі Канграс (қытайша транскрипциясы Хынлос) қаласы қамтылатын Жетісудың солтүстік бөлігі Ужейтудың билігіне бағынатын болып бөлінді.
Үйсіндердің бір одақ болып жаңадан бірігуі үлкен гуньмо Сылибидің (Цылими) билік жүргізген уақытында болды. Қытай жылнамасының айгақтауынша, оның билік жүргізуі бейбітшілікті қалпына келтіріп, елді Унгар-би заманындағы жағдайға оралтты. Сылыби билеген уақытта тайпа шонжарларының жеке меншігін қорғайтын заң енгізілді. Тыйым салынған жайылымдар жүйесі — «қорық» (қазақтарда «хан жайлау») XIX ғасырдың басына дейін сақталып келді.
Үйсіндердің ақырғы атақты гуньмосы Есеби (Ичими) болды. Дереккөздерден белгілісі б.з.д. 1 жылы ол Қытайдың астанасына барған, онда оның келуі құрметіне салтанатты қабылдау ұйымдастырылған. Жаңа заман басталғаннан былай үйсіндердің бір кездегі ықпалы жойылған. Тарихи аренаға Моңғолия мен Алтайдан тараған тайпалар шыққан. Б.з. I ғасырында үйсіндер солтүстік-ғұн одағының құрамына кірген. II ғасырда оларды сяньбийліктер бағындырған және IV ғасырдың соңына дейін сол сяньбийліктерге бағынышты болған.
Сяньби тайпасының саяси үстемдігі IV-VI ғасырларда жужандарға ауысқан. IV ғасырдың аяғында жужандар үйсіндердің ежелгі аумағын иемденіп алып оларды Жетісудың жазық бөлігінен ығыстырып шығарған.
Тянь-Шань мен Памирдің таулы аудандарына қоныс аударған үйсіндер Қытаймен сауда және дипломатиялық байланыстарын сақтаған. Қытай жылнамасында үйсін елшісінің Қытайда 425 жылы, ал Дунь-Дин бастаған қытай елшілерінің үйсін жерінде 436 жылы болғаны туралы деректер сақталған. Бұдан кейінгі кезде үйсіндер Қытайға жылма-жыл тарту-таралғыларымен елшілер аттандырып тұрған, бұл қарым-қатынас Түрік қағанатының құрылуымен байланысты тоқтаған.
VІ-VІІІ ғасырларла үйсіндер Жетісулық он тайпаның қатарында Батыс-Түрік қағанатының құрамына кірген. Бұл уақытта олар Шу, Іле өзендері мен Ыстықкөл көлінің аңғарларындағы өздерінің ежелден бергі жерлерін мекендеген. Орхон жазбасыңда Тонықұқ ескерткішінде: «Біз үйсіндердің ежелгі жерінде тұрамыз» деген сөздер бар.