ƏДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ (1926)
АҢДАТУ
Біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нəрселердің бəрі не табиғат ісінен
шыққан жаратынды нəрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нəрсе. Орман, теңіз, тау, өзен,
бұлақ — бұлар табиғат ісінен шыққан жаратынды нəрселер, үй, кірпіш, бақша, арық, құдық
— бұлар адам ісінен шыққан жасалынды нəрселер. Табиғат ісінен шыққан жаратынды
нəрселердің бəрі табиғат дүниесі болады; адам ісінен шыққан жасалынды нəрселердің бəрі
өнер дүниесі болады; өйткені жасалынды нəрселердің істеліп шығуына адам ақылы, əдіс-
амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен.
Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз
басады, ыдыс істейді. Тағысын тағы сол сияқты шаруаға керек нəрселерді жасайды. Біреулер
көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сүгірет салады. Əдемі əн, əсерлі күй, ажарлы сөз
шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден
шыққан нəрселер күн көру ісіне керек шаруа керек-жарақтары. Мұны істегенде «Сұлуынан
— жылуы» дегендей көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу
жағын көбірек көздейді. Екінші өнерден шыққан нəрселер — жылуынан гөрі сұлу болуы
көбірек. Көзделінгеннен көзге көркем, көңілге жағымды болып істелген нəрселер: алдыңғы
нəрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нəрселер, соңғы нəрселер
адамның жан қоштау керегінен шыққан нəрселер. Сондықтан алдыңғы нəрселерді жасауға
жұмсалатын өнер — тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нəрселерге
жұмсалатын өнер — көркемшілік үшін көрнек өнері болады.
КӨРНЕК ӨНЕРІНІҢ ТАРАУЛАРЫ
Көрнек өнері бес тарау болады:
Бірінші — тастан, кірпіштен, ағаштан яки басқа заттан сəнін келтіріп, сəулетті сарайлар,
мешіт, медресе, үй, там сияқты нəрселер салу өнері. Бұл сəулет өнері болады. (Европаша —
архитектура).
Екінші — балшықтан я металдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нəрсенің тұлғасын,
тұрпатын, сын-сымбатын келтіріп сүгірет жасау өнері. Бұл сымбат өнері болады. (Европаша
— скульптура).
Үшінші — түрлі бояумен нəрсенің ісін, түрін, түсін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп
көрсету өнері. Бұл кескін өнері болады. (Орысша — живопись.)
Төртінші — əуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып,
көңілді əсерлейтін əн салу, күй тарту өнері. Бұл əуез өнері болады. (Европаша — музыка).
Бесінші — нəрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл сөз
өнері болады. (Қазақша — асыл сөз, арабша — əдебиет, Европаша — литература).
Өнердің ең алды — сөз өнері деп саналады. «Өнер алды — қызыл тіл» деген қазақ
мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен
айтқан. Алдыңғы өнердің бəрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады.
Қандай сəулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай
əдемі əн-күй болсын — сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге
өнердің қолынан келмейді. Сөзбен қандай сымбаттау я кескіндеуге болатындығын көрсету
үшін бірнеше мысал келтіріп қарайық.
1. Абайдың əйелді сымбаттауы.
"Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы;
Аласыз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.
Көрінер аузын ашса кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе сөзі əдепті һəм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны 6ap,
Тамағын үлбіреген кір шалмайды.
Тақтайдай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нəзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Əжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Шашы бар қолаң қара жібек талдай,
Торғындай толқындырып көз таңдайды.
2. Абайдың күзгі күнді сүгіреттеуі.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?
Жасыл шөп, бəйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Айрылған жапырағынан ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек сорпа-су тимеген соң,
Тышқан аулап, үйде ит жоқ қайда көрсең.
3. Мағжанның толқынды кескіндеуі.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен,
Жарысып жарға барысад.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп.
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп.
* * *
Еркелеп бала былдырлап,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толқын қуады.
Күміс кəусар суымен,
Суының алтын буымен
Жарының бетін жуады.
* * *
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасы,
Сүйтіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны — күлгені,
Күлгені — оның өлгені,
Жылай — күле өледі.
* * *
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады.
4. Абайдың əн мен күйді сөзбен сипаттап танытуы.
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған əн көлеңкесі сол көңілдің,
Тактісіне билесін ол құлаққа.
* * *
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп оятар баста миды.
Бұл дүниенің лəззаты бəрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
* * *
Ұйықтап жатқан жүректі əн оятар,
Үннің тəтті оралған мəні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы оятар.
* * *
Көбінесе əн басы келер ащы,
Кел тыңда деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап тауысар, дүңгір-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
* * *
Əннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар.
СӨЗ ӨНЕРІ
(Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі:
1. Ақылға. 2. Қиялға. 3. Көңілге.
Ақыл ісі — аңдау, яғни нəрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі —
меңзеу, яғни ойдағы нəрселерді белгілі нəрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу
суреттеп ойлау, көңіл ісі — түю, талғау.
Тілдің міндеті — ақылдың андауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше,
көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бəріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл
шама қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған
қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып,
басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін тілмен айтып жеткізу қиын
екендігін, оған өте шеберлік керек екендігін мынадан байқауға болады: орыстың асқан
ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз
өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп,
талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нəрсені тілмен айтып жеткізу
өте қиын екендігін көрсетеді. Сөз өнері жүзінде асқан өнерпаздар мүддесін тілмен айтып
жеткізе алмай, сондай қиналғанда, өзгелерге ондай іс оңай болып табылар ма? Сондықтан
сөзден жасап сөз шығару деген жұмыс əркімнің қолынан келе бермейді жəне
шығарғандардың да сөздері бəрі бірдей жақсы бола бермейді.
Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да ішінде бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы? —
деп Абай айтқандай сөз шығаратындар көп, бірақ келістіретіндері аз болады. «Алуан-
алуан жүйрік бар, əліне қарай жүгіреді». Əр ақын, əр жазушы сөздің басын өзінше
құрастырып, өз оңтайымен тізеді. Өз білуінше пікірлейді. Сондықтан əрқайсысының
лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол айырым белгілерін жай айтып
түсіндіру қиын, əрқайсысының шығарған сөздерін оқып, əбден танысып, үйреншікті
болғанда ғана сезілетін белгі. Шеберлердің қолынан шыққан нəрселермен таныс адам, сол
шеберлердің істеген нəрселерін қай жерде көрсе де айтпай таниды; мəселен, пышақты көріп,
«мынау пəлен ұстаның қолы екен» дейді, ерді көріп, «мынау пəлен ершінің қолы екен»
дейді. Сол сияқты сөз өнерпаздарының да шығарған сөздерін оқып, лұғатына үйір болғаннан
кейін, оның бұрын оқылмаған, аты қойылмаған сөздерін де айтпай тануға болады. Сөздің
өзін танытатын белгі — тіл яки лұғат белгісі болады. Ол белгі əркімнің өз ыңғайымен, өз
оңтайымен сөз тізіп əдеттенуінен, салттануынан болады. Əркімнің өз салты болғанымен, ол
салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, əуелі сөз
ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше əдісі болса, соның үстіне
ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бəрінен бұрын лебіз заңынан шыққан сөздің асыл
болуының жалпы шарттарын білуі қажет.
ШЫҒАРМА СӨЗ
Сөз өнерінен жасалып шығатын нəрсенің жалпы аты — шығарма сөз, ол аты
қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын жазып шығарған
сөз болсын — бəрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бəрін
шумақтап бір-ақ атағанда, арабша — əдебиет, қазақша — асыл сөз дейміз.
Шығарма сөздің бəрінен бұрын байқалатын тысқы нəрселері:
1. Тақырыбы. 2. Жоспары. 3. Мазмұны. 4. Түрі.
Тақырып — əңгімедегі пікір не нəрсе туралы болса, сол нəрсе шығарманың тақырыбы
болады. Мəселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. Той туралы
болса, тақырыбы «той» болады, ат туралы болса тақырыбы «ат» болады. Əңгімедегі пікір не
туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басынан қойылады. «Айман
— Шолпан», «Бақытсыз Жамал», «Қобыланды батыр», «Атымтай жомарт» деген сөздер
шығарма тақырыптары болады жəне бұл сөздер «Айман — Шолпан», «Бақытсыз Жамал»,
«Қобыланды батыр», «Атымтай жомарт» турасында айтылатын əңгімелердің басында
тұрады. Əңгіме басында тұрған «Айман — Шолпан» яки «Бақытсыз Жамал» деген сөздерді
көріп, кім туралы айтылатын əңгіме екенін бірден білеміз. Бірақ шығарма сөздің бəрінің де
басына тақырыбы қойыла бермейді. Көбінесе өлең сөздердің басына тақырыбы қойылмайды,
өйткені бір өлеңнің ішінде бірнеше нəрселер туралы пікір айтылып кетеді. Тақырыбы бар
сөздер «Айман — Шолпан», «Бақытсыз Жамал» деп тақырыбы аталғанда, тақырыбы басына
қойылмаған сөздер, мəселен, өлеңдер бастапқы жолындағы сөздермен аталады. Абайдың
өлеңдерінде тақырып қойылмаған сөздер көп. Оларды атағанда, алдыңғы сөздерін айтып
атаймыз: «Өзгеге көңілім тоярсың» деген сөзі «Келдік талай жерге енді» деген өлең дейміз.
Жоспар. Сөз шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын
мерзімдеп, жоспарлап алады: онысы неден бастап, неден соң нені айтып, немен
аяқтайтынын белгілеп алу болады. Əңгіменің жоспарын шығарушы адам я ойында белгілеп
алады, я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса жоспар болады. Бірақ біреуінің
жоспары тəртібі сара-сара ашық болады, біреуінің жоспары тəртіпсіз, былықпа ашық
болмайды. Қаншама кішкентай шығарма болса да, өзіне сəйкес жоспары болады.
Балғожаның баласына жазған хаты деген кішкене өлең бар, кішкене өлеңнің кішкене
жоспары мынау:
1. Оқудағы баласына ата-анасының амандығын білдіруі.
2. Баласына айтқан ақылы.
3. Оқымаған қазақ балалары не істейтінін көрсетуі.
Əңгіме үлкенірек болса, жоспары да үлкен болады. Алайық, мəселен, Сейдахмет
ақынның қондырмаған құрбысына айтқан өлеңін. Бұл əлгі айтылған өлеңнен үлкенірек,
мұның жоспары да үлкенірек мынадай:
1. Құрбысының кім екені.
2. Құрбысына қонуға келгені.
3. Құрбысының қондырмағаны.
4. Қалаға жақын жердегі қонағасының қымбат-арзандығы.
5. Көңілдестігін көрсетуі.
Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған соң,
мазмұн дегеніміз бір нəрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған бүкіл сөзіміз мазмұн
болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады:
1. Аңдату. 2. Мазмұндау. 3. Қорыту.
Мазмұнның аңдатуында мазмұн туралы алдын ала айтарға керек болған ғана ойлар
айтылып шығады. Сондықтан мазмұнның бұл мүшесі шығарған сөздің бəрінде де бола
бермейді. Аңдату мүше шығармаларда керегіне қарай болады.
Мазмұндауында ой тиегін ағытқан сияқты айтайын деген пікірдің бəрі айтылады.
Мазмұндау — шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры, онсыз шығарманың мазмұны
болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, маңызы
шығарылады. Қорыту мүшеде мазмұн біткеннің бəрінде бола бермейді, бұ да керегіне қарай
болатын мүше.
Сөйтіп, шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту — үш мүшесінің үшеуі де
болуға ықтимал, басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал, кейде аңдату
мен мазмұндау ғана болады, кейде мазмұндау мен қорыту ғана болады.
Түрі. Шығарманың мазмұны қай-қай түрде айтылса, сол түрі шығару түрі деп айтылады.
Шығарманың мазмұны төрт түрде айтылады:
1. Жай сөйлеу түрде.
2. Сөйлестірген түрде.
3. Хат түрінде.
4. Аралас түрде.
Мысал:
1. Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл мақрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды деп сермесем өстер ме едім?
Адамның бір өмірі бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім
2. Кебек: Саламағалайкүм! Кеш жарық (Төрге шығады).
Ақан: Əликсалам, е, жарқын, қай ұлсың? Танымадық.
Кебек: Ата, мен тобықты Тоқтамыстың інісімін. Атым Кебек болады. (Еңлік қарайды).
Ақан: Уа, тобықтының ер азаматы аман ба? Елдерің тыныштық па?
Кебек: Шүкіршілік, аман, ата. (Үй ішіндегілердің бəрімен де амандасады). (Біраз тым-
тырыс).
Ақан: Жарқын, беймезгіл уақытта келдің, мына пісіп тұрған аз дəмге риза боламысың,
жоқ қайтадан қазан көтерсін бе?
Кебек: Осы да болады ғой, ата, көтермей-ақ қойсын.
Ақан: Өзің түнделетіп қайдан жүрсің, балам?
Кебек: Бүгін бір аңшылық қыла шығып едім, əлгі бір əзірде түлкінің ізі кездесіп еді, аң
көздің құрты ғой, күн батқанға қарамай, соның ізіне түсіп, жаңа мына бір жердегі шатқалда
алғыздым. Соған алданып жатқанымда, бұлыңғыр түсіп кеткен екен. Əйтеуір иттің
дауысымен осында əрең жеттім.
Ақан: Мақұл, балам. (Айқайлап) Жапал, ай, Жапал! Жапал. (Тыстан) Ау, немене?
Ақан: Қойды көңге қайырып қой, балам, ығып кетіп жүрмесін. Боран болып үйтсе-
бүйтсе, мына қонағыңның атын ыққа байлап қой, шарбақтың ішіне кіргізіп...
3. Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жəрдем берсе құдай талам.
Атаң мұнда анаң мен есен-аман
Сүйтіп сəлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл бөлсең басынарсың.
Ата-анаң өнер білсең асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың ортасында
Жүргенмен не мұратқа жетер едің.
Шығару түрі шығармаларда дəйім бір өңкей болып, осы көрсеткен мысалдардағыдай
кілең сөйлеу түрінде, я кілең сөйлестірген түрде, яки кілең хат түрінде болып айтыла
бермейді. Көбінесе аралас түрде айтылады. Əсіресе сөйлеумен сөйлестірген түрлері аралас
келіп отырады.
Мысал:
ЖƏНІБЕК БАТЫР
Жəнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін Қаракерей соқыр Абыз дегенді іздеп
келген екен. Сəлем беріп кіріп келсе, қарттықтан жағын жібекпен таңып отырған адам екен.
Жəнібекті көріп:
— Сен қай ұлсың? — деді.
— Қошқар ұлымын,— деді.
— Қошқардың адам иісті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба? — деді.
— Болармыз,— деді.
— Балам, не жұмысың бар, бұл жақта не ғып жүрсің? — деді.
— Осы жақта қарт атамыз бар дегенге қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп
жүр едім,— деді.
— А, а!!! Ел бастап жұрт алайын деген ұл екенсің: сөз бастап би болайын деген ұл
екенсің.
Алдыңа келсе əділдігіңді аяма,
Аймағың кетпес алдыңнан.
Қол бастап жол алайын деген ұл екенсің. Жолдастың мыңын алма, бірін ал. Мың кісіге
бір кісі олжа салатұғын. Олжаңды аямасаң жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға
келіп отырмын. Жас күніңде қалың бер де, қатын ал. Жігіттің қан болатын, қыздың қаным
болатын уақыты қартайған соң, өкінбе ұлым! Қару жисаң, мылтық жи — жаяу жүрсең
таяғың, қарның ашса тамағың.
Мұнан шығып, Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келеді. Келсе бидің
елі көш екен. Көш үстінде кез болып, сəлем беріп ат үстінен көріседі. Мұнысын жақтырмай,
бұл би де сұрайды:
— Жаным, қай ұлсың?
— Қошқар ұлымын.
— Ұлым неғып жүрсің?
Жəнібек оған да айтады: осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге жолығып, қолын алып,
бір-екі ауыз ақыл сұрамақшы едім деп.
— Е-е-е! — деді би,— Азуы алты қарыс Арғынның Қошқар ұлы Жəнібегі Алшынның бір
алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші.
Жəнібек:
— Мен сөз сұраймын деп келсем, көңілімді қайтарды ғой,— деп атының басын бұрып
алып, жүріп кетеді.
Анадай жер барғанда, би: «Əй, Жəнібек!» — деп шақырады.
Жəнібек артына қарайды.
Сонда би:
— Атыңның басын бұрма, солай тұр! Жүзім кішілігінен бір ауыз сөзбен көңіліңді
қайтардым: «Өгізді өрге салма, қанатың талар, жаманға жүзің салма, сағың сынар»,— депті.
МАЗМҰН ТҮРЛЕРІ
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу:
1. Əуезе. 2. Əліптеу. 3. Байымдау.
Дүниедегі нəрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана емес, əр жағынан
алып сөз қылуға болады. Мəселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, я ол адамның істеген ісін,
айтқан сөзін əуезе қылып сөйлейміз, я тұлға-тұрпатын, кескінін, көркін айтып, пернесін
əліптеп сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы-жаман болғанының
мəнісін, себебін тексере, байымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не
əуезе, не əліптеме, не байымдама болып шығады.
Жоғарыда мысалға алынған шығармалардың əуезе болатын түрі: «Жасымда ғылым бар
деп ескермедім» деген Абай сөзі мен Кебектің Ақанға аң көргенін айтқан сөзі. Əліптеме
болатындары: «Абайдың əйелді сипаттауы», «Күзді əліптеуі», «Мағжанның толқынды
сипаттауы», «Абайдың əнді сипаттауы», байымдау болатыны: «Балғожаның баласына жазған
хаты».
Көбінесе-ақ əуезе, əліптеме, байымдама, шығарма ішінде аралас келіп отырады. Жоғарғы
көрсетілген сөздердің қайсысы да болса, таза бір түрдегі мазмұнды емес.
Мазмұн түрі аралас келетін шығарма, мысалы, жоғарыдағы «Жəнібек батыр» деген сөз.
БІРІНШІ БӨЛІМ
СӨЗ ӨНЕРІНІҢ ҒЫЛЫМЫ
Сөз өнеріне жұмсалатын зат — сөз.
Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл я лұғат деп
аталады.
Шығарма тілі екі түрлі болады: 1. Ақын тілі. 2. Əншейін тіл. Ақын тілі айырықша өң
беріліп айтылған сөз: əншейін тіл ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен
сөйлегенде, сөзге айырықша өң берілгендіктен лебіз көрнекті болып шығады. Əншейін
тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен, лебіз сида, жалаңаш болып шығады.
Сондықтан алдыңғысы көрнекті лебіз делініп, соңғысы жалаң я (көсе) лебіз делініп
айтылады.
Сөз өнері деп асылында нені айтамыз?
Бір нəрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы
жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін
тəртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару — сөз шығару
болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер
керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады.
Мұнан сөз өнерінің ғылымы туады.
Шығарманың екі жағы бар: 1. Ішкі пікір жағы. 2. Тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз
өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1. Шығарманың түрінің ғылымы. 2. Шығарманың тілінің
ғылымы.
Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің
жүйелерін танытады, ғылыми сөз өнерінен шыққан нəрселердің мазмұн жағының жүйелерін
танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы, шығарманың тіл өңі жағынан тіл я лұғат
қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді.
Əр саласы айырылып бөлек-бөлек сөз болмақшы.
I
ТІЛ ҚИСЫНЫ
(яки лұғат қисыны)
Тіл қисыны дегеніміз асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым.
Лебіз ғылымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін
танытып, əдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен
таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету.
Сөзден əдемілеп əңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға мəселен, түрлі зат
керек. Ол керек зат — топырақ болса, оны біріктіріп илейді; иленген балшықтан кірпіш
құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы
балшығынан да, кірпішінен де болады. Бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады.
Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады.
Неғұрлым жоба жасайтын сəулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сəулетті,
əдемі болып шықпақ.
Сөзден құрастырып пікірлі əңгіме шығару үшін жұмсалатын зат — сөздер. Топырақтан
иленіп кірпіш жасалған сияқты. Дыбыстан құралып, сөз жасалған, кірпіштен қалап түрлі үй
жасау сияқты, сөзден бірігіп түрлі əңгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы —
балшығынан, кірпішінен, əсіресе қалауынан болатыны сияқты, əңгіменің түрлі болып
шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, əсіресе сөздің тізілуінен. Балшық жаман болса,
кірпіші жақсы болмайды, кірпіші жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды. Бұл рас. Бірақ
кірпіш жақсы болса да, қалауы жаман болса, онан жақсы үй шықпайды. Сол сияқты тілдің
дыбысы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып
шықпайтыны рас. Бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы əңгіме
шықпайды.
Сондықтан мəнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты,
əңгіменің əдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен əңгіме айтушының пікірлеуінде. Неғұрлым
сəулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сəулетті əдемі болып шығатыны сияқты,
неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, əсерлі
əдемі болып шықпақ. Жақсылап үй сала білу үшін сəулет өнерпазы үй салуға ұсталатын
заттардың сыр-сипатын, қасиетін жақсы білуге тиіс: олардың тиісті орнына жұмсалуын
жақсы білу тиіс. Кірпіштің түрлі қалауларын жақсы біліп, белгілеген жобамен үйдің түрін
келістіріп шығару жағын жақсы білу тиіс. Мұның бəрін жақсы білу үшін сəулет өнерінің
ғылымын жақсы білу керек. Сондай-ақ тіліндегі сөзден құрастырып қисынын келтіріп,
жақсылап бір нəрсе шығару үшін сөз өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың,
сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу — бұл үйге керек заттардың сыр-
сипатын білу сияқты нəрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу — дыбыстың,
сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың əрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап,
пікірлі əңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады.
Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер
қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана
білуі тиіс. Яғни əр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап сөйлемді тізе білу тиіс. Адам
ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан соң тіл танытқыш кітаптардан
таниды. Онан əрі үлгілі жазушылардың шығарған сөздерін оқып, өзі іс жүзінде я ауызша
айтып, я жазып қолданумен біледі. Біз қазақ тіліндегі сөздің бəрін білгеніміз қазақ тілін
қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп — айтатын ойға сəйкес келетін
сөздерді таңдап ала білуді жəне сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді
айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бəріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бəрі бірдей
пайдаланбайды. Əркім əр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып
шығатын əңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де əркім əр түрлі сөз
қолданады: мəселен, біреу «Амансыз ба?» деп, біреу «Есенсіз бе?» деп, біреу «Сəлемет
жүрсіз бе?» деп, біреу «Күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Бəрінің ой мақсаты бір.
Бəрінікі де амандық білу, амандық сұрау, бірақ əркім əр түрлі сөз қолданып, өзінше сұрайды.
Сол сияқты əркім пікірін сөз қылып шығарғанда да, ана тіліндегі сөздерді əрқайсысын əр
түрлі қолданады. Қысқасынан айтқанда, əркім сөзді өз қалауынша алып, өзі оңтайлы
көруінше тұтынады. Əркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөз сол
адамның тілі болады.
Сөздің келісті болатын заңдарын, шарттарын біліп тізу — тіл қисыны деп айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |