Әдебиеттанудың Өзекті мәселелері актуальные вопросы литературоведения relevant issues of literature study



бет2/4
Дата18.11.2023
өлшемі42,81 Kb.
#124747
1   2   3   4
Негізгі бөлім

ХХ ғасырдың 60 – 80-жылдарындағы әдеби процесті зерделеу - күрделі де көп қырлы құбылыс. ХХ ғасыр аяғындағы әдебиет, оның ішінде 60 – 80-жылдар прозасының хал-ахуалы туралы пікір айту, әрине, іштей қайшылықтарға толы. Осы кезде әдебиет аулына келген, өндірте жазған, туындыларымен қоғамға серпіліс әкелген жазушылар шығармашылығына баса назар аудару қажет. Д.Исабеков шығармаларының тақырыбы, стилі, образдар құрылымы, композициясы туралы бағалы пікірлер айтылғанымен, прозалық туындыларының көркемдік ерекшелігі жүйелі түрде зерттеу өзегіне алынып, ғылыми мақсатта қарастырылмады. Жазушының туындыларын психологиялық тұрғыдан бағалау, шығармаларындағы кейіпкердің ішкі жан иірімдерін бейнелеу тәсілдерін, оның ішінде қазақ халқының ұлттық менталитетіне тән өзгешелікті ашып көрсету біздің бұл зерттеу жұмысымыздың міндеті болып белгіленді.


Қазіргі қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орны бар жазушы Д.Исабеков прозасының ерекшелігін айқындау, қаламгердің шеберлік қырларын, оның шығармашылық лабораториясын зерттеу, шығармаларындағы кейіпкердің ішкі психологиялық иірімдерінің қөріну формаларын зерделеу мен кейіпкерлерін көркем антропология тұрғысынан қарау – бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы көкейкесті мәселелердің бірі. Сондықтан да осы зерттеу жұмысы жазушының шығармашылық даралығын, оның көркемдік тәсілдерді қолдануындағы ерекшеліктер мен заңдылықтарды саралап, туындыларындағы мазмұндық бірлік пен түрлі ерекшеліктер үйлесімін, көркем прозадағы кейіпкердің ішкі жан сезімін беру тәсілдерін дамытуға қосқан үлесін, оның шығармаларындағы ұлттық психологиялық ерекшеліктердің көріну түрлерін, жазушы қаламынан туған әйел кейіпкерлердің мінез-құлықтарын бейнелеу өзгешелігін және қазақ әдебиетіндегі жатсыну мәселесі мен антиутопиялық жанрды дамытуға қосқан үлесін, жалпы қазақ прозасына қаламгер әкелген әдеби жаңалықтарды айқындауға бағытталған.
Д.Исабеков кейіпкерлерінің характері мен тағдырын тек таза тұрмыстық көзқараспен бағамдау мүмкін емес. Оның қай кейіпкерін болсын, бір жақты түсіндіру қиынға соғады, өйткені оның қазақы, аңқау да аңғал кейіпкерлерінің бойынан кәдімгі адамға тән барлық жақсылы-жаманды қасиеттерді табуға болады. Жазушы қаламының ерекшелігі де осында: ол өз шығармаларында жалаң дидактика ұсынбайды немесе кейіпкер іс-әрекетін талдамайды, бұның бәрін оқырман талқысына салады. Оның кейпкерлері бастан кешіретін іс-әрекет, оқиғалардың сан түрлілігі, ешкімге ұқсамайтындығы (ескерткіш орнына адамды уақытша тұрғызу идеясы, Есіркептің басындағы қызықты оқиға, посылкадан басталған дау, Бонапарттың сүндетке отырғызылуы, помидор өскен апан басындағы жанжал дейсіз бе, әйтеуір толып жатқан ерекше жағдайлар мен оқиғалар) кеңестік дәуір кезіндегі қалыптасқан сюжеттерден көш ілгері болғанын мойындауымыз керек. Оның шығармаларына негіз болатын өзек – адам өмірі, өлім, махаббат, қуаныш мен қайғы, жақсылық пен жамандық. Бір оқығанда, ауыл адамдарының қалжыңына құрылған оқиғалар сияқты болғанымен, әрбір шығармадағы оқиға сыртында адам тағдыры, адамның рухани өмірдегі алшақтықтан шаршауы, қоршаған ортаны түсінбестіктен туған дағдарыс басты орын алады.
Қаламгердің туындыларында хаттың көркемдік мәнде жұмсалуы арқылы кейіпкердің даралық сипаттары, мінез иірімдері кеңінен ашылады. Көркем прозадағы хаттың мәнінің фольклорлық шығармалардан бастау алатын көркемдік қызметін талдай отырып, Г. Пірәлиева былайша ой тұжырымдайды. «Хат-хабар беру қызметімен қоса жеке адамның ішкі ойына ерік берер, құпия интимдік сезімдерді де сыртқа шығарар көркемдік тәсілдердің бірі әрі психологиялық талдаудың бір түрі» [3, 167].«Пері мен Періште» әңгімесіндегі туысына ағынан жарылған хаттағы ойлар арқылы кейіпкер жан дүниесін мазалаған жайттардың сыры ашылады. Құлахметтің іштей дағдарысқа түсуі, жалғызсырауы, өзінің ішкі дүниесін ақтаруға адам іздесуі арқылы адам психологиясында өтіп жатқан процестерді жайып салады.
Шығарманың көркемдік идеясына, мазмұны мен түріне характер сомдаудың ерекше қатысы болатыны белгілі. Кейіпкерлерінің мінезін сомдап, әр жағдайға байланысты құбылуы арқылы, жанжақты талдау әдісі арқылы шығарма психологиясын тереңдете түседі. Кейіпкер бар жерде оның толық портреті де болуы тиіс. Шығарма бойында портреті тек нақты бір сипаттау арқылы берілмесе де, алайда оның қимылы, іс-әрекеті арқылы немесе шығармадағы орны арқылы да тануға болады. Бірақ әрбір шығармадағы оқиғаға байланысты кейіпкерлердің көңіл-күйлерінің өзгеруін, сол мезеттегі көзқарастарын, ойларын тек бетіндегі мимикасы арқылы немесе қимыл-қозғалысы арқылы да беруге болады. Көркемдік антропология саласы осындай мәселелерді қарастырып, жалпы кейіпкердің бет-пішініндегі өзгерістердің берілуін, олардың оқиғаға қатысын, кейіпкер психологиясын ашудағы роліне назар аударады [4, 104.]
«Көркем мәтіннің поэтикасында, көркемдік антропология саласында көрінгеніндей әрбір емеурін – эмоционалдық сезімнің айнасы» [5, 230].
Яғни, кейіпкердің психологиясын, ішкі ойын, жан толғанысын, айналасындағылар жайлы пікірін антропологиялық көрінісі, келбеті арқылы да беруге болады. Мұндай әдістің кейіпкер дүниесіне терең бойлай отырып қарастыруда маңызы өте зор. Кейіпкерінің өзіне ғана тән дара қасиеттерінің көркем шығармаларда дұрыс берілуі, жеткізілуі жазушы үшін маңызды және өз кейіпкерінің объективті әлемге деген көзқарасы арқылы біз жазушының көркемдік әлеміне бойлап, көп сырын аңғарамыз. Әдетте көркем шығармаларда жазушы кейіпкерлері туралы мәліметті оның сыртқы портретінен бастайды. Кейін шығармада кейіпкерінің іс-әрекеттері, аузына салған сөздері, түрлі оқиғалары барысында біз кейіпкер туралы толық мәлімет жинап, оның толық антропологиялық және психологиялық портретін жасауға мүмкіндік аламыз. Кейіпкер портретін берудің де түрлі жолдары бар. Жалпы кейіпкерді толық суреттеп, оны жан-жақты жеткізу үшін әрбір жазушы түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады және бұл әдіс-тәсілдер сол кейіпкерді ерекше, басқа образдарға ұқсамайтындай сомдап шығуға да өз әсерін тигізбек [4, 105].
В.Е.Хализевтің «Теория литературы» атты еңбегінде кейіпкер портретіне мынандай анықтама береді: «Кейіпкер портреті – оның сыртқы келбетінің бейнеленуі, суреттелуі: дене бітіміндегі, табиғи және жас ерекшеліктері (беттің пішіні және тұлғасы, шаштың түсі), сонымен қатар қоршаған ортамен, дәстүрімен, ерекшеліктерімен (киімі мен әшекейлері, шашы т.б.) бірге бейнелеу болып табылады. Портрет сонымен қоса кейіпкерге тән дене қозғалыстары мен қалпын, әрекеті (жест) мен мимикасын, беттің келбеті мен көздерін де қамтиды. Осының барлығын жинақтап ол тұрақты әрі бірқалыпты «іштегі адамның», яғни кейіпкердің жинақты белгілерін, ерекшеліктерін жасап шығарады» [2, 218]. Яғни, кейіпкер дегенде біз тек оның шығармадағы ролін немесе ішкі жан дүниесін ғана қарастырмаймыз, сонымен қатар оның толық портретін, бет пішінін, келбетін де талқылап қарастырғанымыз дұрыс болар. Себебі, осы бет-әлпетіндегі әрбір әжімі, қимылы, яғни мимикасы кейіпкердің сол мезеттегі көңіл-күйінен, ішкі толғаныс, сырынан хабар беріп, кейіпкер образын шығармада толық ашады [4,106]. Ал В.В.Савельева «Художественный текст и художественный мир» атты еңбегінде образдар туралы мынандай пікір айтады: «Образдар – көркемдік шындықтың тұрғындары. Олар әр түрлі қырынан байқалады. Өнертанушылар образдарды реалистік (жизнеподобные), шарттылы, абстрактылы, арманшыл және т. б. образдар деп шектейді...Әрбір автор оларға өзінің үлкен міндетін жүктейді, Г.Д.Гачеваның пікірінше, образ жасауда « субъект (автор) өзін объекті ретінде жаратады» [6, 58]. Сонымен қатар осы еңбегінде көркем образдарды былай деп жіктейді: «Образ - персонаж, заттық әлем, ойшыл образ (образы – мысли) және образ – әсерлеуші (образы – переживания), дыбыстық образдар (звуковые образы), көрермендік образ (зрительные образы), образ – иістер (образы – запахи), сезу (дене мүшелерінің сезімталдығы) образдары (осязательные (тактильные) образы)». Шығармаға арқау болған, барлық жүкті көтеріп тұрған кейіпкер арқылы біз сол бейненің образын да жасап шығарамыз. Яғни бұл жіктеу принципін жинақтап келсек, кейіпкердің толық антропологиялық, психологиялықпортретін алып шығуға болады. «Шынында да адамды сөйлеу мәнерінен, көзінің қарасынан, маңдайдағы әжімдердің қатпарынан, аяқ-қолын қалай алып жүреді, қалай тұрады, қол алысы қалай, бет терісі қалай, оның түсі қандай, құлағы, танауы, еріні, иегі т.б. адам денесіндегі әрбір мүшенің қызметі мен орналасуы, қозғалысы арқылы адамның шын мәніндегі ішкі жан дүниесіне көз жіберуге болады, яғни адамды толық тануға болады» [5,189]. Д.Исабеков туындыларынан көз, адамның өңі жүзі, мұрты, шашы, ерні, кірпігі, қасы, мұрны арқылы жасалған психологиялық портреттердің шебер шыққанын көруімізге болады. Қаламгердің шығармаларынан тек көз арқылы жасалған психологиялық портреттер ұтымды шыққанына көз жеткізуге болады. «Психологиялық бейнелеудің бір түрі – көзқарас /взгляд/. Бұл психологиялық ауажайды баяндағанда соншалықты ауыр, оқырманның назарын бірден кейіпкердің ішкі әлеміне аударады» [5, 263]. Басқа авторлар сияқты Дулат Исабеков те таңданысты, сұлулықты, ынтығуды, ыңғайсыздануды, мінездің ойнақылығын, қаталдығын адамның көз жанары арқылы береді. Сонымен қатар, көздің неше түрлі сипатын адамның көңіл-күйімен сәйкестендіреді. Осы әдіс арқылы жазушы өз қаһарманының толық психологиялық портретін жасауда үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Мысалы: «Сол сәтте ол басын көтеріп күлімсіреген қарақаттай жанарын маған қадады да “кел енді” дегендей басын изеді», «Аласы аз тұп-тұнық жанарына уайым мен мұң үймелеп үлгеріпті.» «Сопытайдың жанары әлдеқандай белгісіз бір нүктені ішіп-жеп, ұшқын шашып, күлім қағып тұр екен.» «Пістекүлдің жанары мұнартып, тұла бойы ызадан қалшылдап, теңселе басып барды да, кереуетке гүрс етіп құлап түсті.», «Ол мені нақ бір алысқа, азапты сапарға аттандырып тұрғандай, жанары мұңға толып жаудырай қарайды. », «Оның шапшаң қимыл-әрекеті мен жарқ-жұрқ еткен көз жанарына қарап, қолға су құю үшін емес, біреу-міреудің кесілген басын алып кету үшін келген екен деп ойлап қалуға болар еді.», «Иә, бала, бізге келдің бе? — деді маған көзін сығырайта қарап.», «Олжабек үлкен қой көздерін маған бір тастады да, орынсыз берген сұрағына ыңғайсызданып қалды», «Осы кезде үстінен май иісі аңқыған тәпелтек бойлы, ойнақы көз бір адам ішке кіріп келді.», «Ойбай, мынаны қара! — деді ол маған өткір көздерін қадай түсіп.», «Ол ұйқысынан оянған арыстандай, басын ақырын көтерді де, маған қанталаған отты көздерін қадай түсті.», «Енді Тоқтарбектің аузынан мынадай жылы лебізді естіген кезде, қуаныштан көзі күлімсіреп, бурыл сақалын сипалай берді.», «Оның маған қадалған отты көздері осы сәтте тентектік жасағандығы үшін ұялған жас баланың жанарындай тайқып кетеді.», «Көзіндегі от шашқан қайраты мен айбаты сол сәтте-ақ бәсеңсіп, әлденеден қысылғандай маған жасқана қарады.», «Екі көзі жуған қарақаттай әдемі келіншек орнында жоқ екен», «Басын оқыс көтеріп, сабау-сабау кірпіктердің арасынан қарақат көздер ұшқын шаша қарады.» - деген секілді суреттеулер өте көп кездеседі.Тек қана адамның көз жанары арқылы адамның жан дүниесіне, психологиясына үңілуге мүмкіндік жасайды. Гаухартас романындағы Ыбыштың шешесінің Салтанат ауыр халде жатқан кездегі бейнесін автор былай суретейді: «Салмақты жүзінен сабырлылық қашып, мейірімді көзіне үрей үймелеп алған.» «мейірімді көзіне үрей үймелеп алған» деп көз жанарын суреттеуінен Салтанаттың жағдайына шын алаңдаушылық танытып қорқып тұрғанын автор нанымды түрде беріп және оның болмысы мейірімді екенін байқайқата отырып әсерлі баяндайды. Мұндай суреттеу Дулат Исабековтің кез-келген шығармасында ең мағыналы көркемдік элемент ретінде қарастырылады. Бұл суреттеулерден кейін кейіпкерлерді бір-бірімен еш шатастыруға да болмайды. Әр образдың тек өзіне ғана тән бет-пішіні, характері, емеуріні, ишарасы болатынын дәлелдей суреттейді. Сондай-ақ, олар роман аяқталғанша мың сан қайталанса да бір-біріне мүлдем ұқсамайды, олардың орнын да ауыстырып қолдануға болмайды. Кейде ішкі ойы мен ишарасы бір-біріне үйлеспей тұрса да, олардан бір сезімдік, ішкі бір үндестік, үйлесімділіктің болуын байқауға болады.
Дулат Исабеков көркем текстегі кейіпкерлерінің әрбір қимыл-қозғалысын, денедегі әрбір динамикалық әрекеттің әдемі поэтикасын, өзіндік дене образын, дененің ішкі және сыртқы құпия-сырын, жалпы дененің пластикалық бояуының көркемдік кеңістік пен көркемдік әлемдегі көрінісін, философиялық, эстетикалық құндылығын асқан шеберлікпен ашып, өз оқырмандарына жеткізе біледі. Көркем шығармаларда кейіпкерді жан-жақты дамытып, оны іс-әрекеті арқылы, сыртқы психологиялық ишараттары арқылы, жекелеген портреттері, көркемдік, заттық, тұрмыстық детальдары арқылы, ішкі дүниесі мен дүниетанымы, көзқарасы арқылы дамытып, психологиялық портретін толық жасап шығарады. Кейіпкерлерінің ішкі сезімін, жан дүниесін антропологиялық келбеті, ерекшеліктері арқылы жеткізе білген Дулат Исабеков өз шығармаларында психологиялық портреттер жасауда, сол арқылы өз образдарының мінезін, жалпы психологиясын толық жеткізуде өзінің жазушылық шеберлігін танытады. Кейіпкердің әрбір мимикалық қозғалысы арқылы тұлғаның әр қырынан танытып, оның ішкі әлемінен, ой-сезімінен хабар беріп тұрады. Мұндай әдіс кейіпкердің ішкі жан әлеміндегі сезімдік, эмоционалдық, биологиялық, физиологиялық құбылыстарды жеткізе білудің шебер үлгісі. Сонымен қатар, жазушының күрделі салаға бара білген, психологиялық прозаны жете меңгергендігінің де көрсеткіші болып табылады. «Міне, осынау психологиялық талдаулар, кейіпкерді белгілі бір іс-әрекетке психологиялық тұрғыдан дайындап алып келетін көңіл-күй көріністері шығарманың сюжеттік желісін жандандырып, өмір шындығын көркемдік шындыққа шебер ұштастырары хақ [5, 276]. Демек, жазушы Дулат Исабеков көркем текстегі кейіпкерлерінің әрбір қимыл-қозғалысын, денедегі әрбір динамикалық әрекеттің әдемі поэтикасын, өзіндік дене образын, дененің ішкі және сыртқы құпия-сырын, жалпы дененің пластикалық бояуының көркемдік кеңістік пен көркемдік әлемдегі көрінісін, философиялық, көркемдік антропологиясын, эстетикалық құндылығын асқан шеберлікпен ашып, өз оқырмандарына жеткізе білген [4, 118].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет