Əкем мен Анамның рухына, құрметіне бағыштадым!


АМАЛ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЛЫ ТОЙЫ!



Pdf көрінісі
бет27/31
Дата03.03.2017
өлшемі1,8 Mb.
#6661
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31

АМАЛ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЛЫ ТОЙЫ!
Амал келді, айта келді бар əнді,
Тоты құстай таранды.
Көктем келіп көктен сəуле шашып тұр,
Қыс қытымыр сараң-ды.
Тоң жібіді күннің нұры қадалды,
Ел ниеті адал-ды.
Есіл халық еркелейді балаша,
Еркелеткен қандай жақсы адамды.
Сəби күлді сəулесінен нұр ішті.
Ақын қалғып маужырады жыр үсті.
Аспан жақта қыстан қалған шөкім бұлт,
Қызғаныштан тырысты.
Ауыл-үйдің көгенінде қозы-лақ,
Дəулеті тұр озып-ақ.
Боз маяның бозжайнағы боздаулы,
Əнге салды созып-ақ.
Шапқан құлын жалын желге түйдірді,
Көңіл соны күй қылды.
Қап теңізі аққуларды қонақ қып,
Ғашықтарды сүйдірді.
Отпан тауға Адай бабам шақырды,
Ел қорғаған батыр-ды.
Ұлы шыңға ұран отты жағып тұр,
Ер Қалнияз: «Əруақ!..» – деп ақырды.
Күнге қылыш жанып алды кіл батыр,
Ту көтерді бір ғасыр.
Қара түннен жұлдыз моншақ төгілді,
Мен де айттым жырға сыр.
Ай менен Күн, жас пен кəрі көрісті,
Ұлттық сана – ұлы дəстүр, жеңіс-ті!
Ерен жігіт, өнерлі жас, жүйрікке,
Бата қылып байрақтарын берісті.
Бұл Маңғыстау – Пір Бекеттің даласы,
Уыз шұбат, бал асы.
Қарашаңырақ – Үш Арыстың қазығы,
Көңілдің жоқ аласы.
Əр Қазаққа біздің көңіл гүл бермек,
Жасыл жайлау, іргем көк.
Алты алаштың басын қоспақ – Түбегім,
Атақ қуып жүрген жоқ.
Амал келді ақтарылды «Ақжарма»,
Қыдыр дарып бар маңға.
Бар қазақтың басын жиып, бақ тіле,
Армандасаң, ел бірлігін арманда!
Көне тарих өз ұлтының құрбаны,
Көз алдымда тұр бəрі.
Ер Қазаққа елді сүйген орын бар,
Өлең шипа, тіл дəрі.
Ұлт бірлігін ұран қылып кет енді.
Отпанға кел, жет енді.
Қарашаңырақ – қағидалы Маңғыстау,
Ман-аталы мекен-ді.

678
679
АДАЙ АТАНЫҢ АМАНАТ ҮНІ
1
 
Адай да болдың, ел болдың,
Есіміммен тел болдың.
Өр мен Кеуде, Қаройда,
Бұрқасын бұла жел болдың,
Тасыған таудай сел болдың.
Келінберді,Құдайке
Қос ұлымнан тараған,
Шудалы бұлттай жараған,
Сегіз бірдей немерем,
Үркердей болып қараған.
Сүйегің нұрдан асыл-ды,
Намысың оттай жасын-ды.
Сегіз Арыс ұрпағым,
Көңілің неден басылды!?
Көз түрткілер жасынды,
Сөз түрткілер асылды.
Кеудеңіз Қаптың теңізі,
Ер көңілі тасынды.
Бөрілі сүрлеу бөктерім,
Көп іркілген көкте күн
Отпан тау менің – Ордам-ды.
Қаратау менің шекпенім.
Шекпеніме орайын,
Толысайын, толайын,
Амалдың күні – Ақ уыз,
Той болмақшы толайым!
Сегіз Арлан ерген-ді,
Алланың өзі берген-ді.
Ер Қосайым Ерден-ді,
Пір Бекетім кенжем-ді.
Құдай да берген құлындар,
1
  Адай  Ата – «Өмірде  болған  адам.  Шамамен XV ғ-дың  аяқ  кезінде 
өмір сүрген» – (Маңғыстау энц-сынан.) (Адай-Ата – ел қорғаған ер, батыр, 
бүгінгі  сегіз  арыс  Адайдың  ата-тегі,  атасы.  Авт-н) («Амал»  мерекесіне 
шақыру үшін жазылған толғау).
Құлын да менен бұлым бар.
Əрқайсыңның бойыңда,
Белімнен тамған нұрым бар.
Ұлдарым менің – Ұраным!
Тербеткен бесік – Тұраным.
Халықтың қамын ойларда,
Қасқайып шапқан шұбарым!
Тəңірден алған тəлімін,
Тəубəсі қабыл Кəрімін.
Алты Алашқа қол жайдым,
Тілегін тілеп бəрінің!
Сүйіндім көктен өбектеп,
Өзімнен өнген желек деп.
Отпанға тіктім Ақ орда:
«Қазаққа бірлік керек» – деп.
Жаралы күні қаным бір,
Жорықты күні арым бір.
«... Əр Қазақ – Менің Жалғызым!»
 Жалғыз да менен жаным бір.
Амал таңның жаңасы.
Арысым – елдің панасы.
Ақарыс та, Жанарыс,
Беренді қылыш – Бекарыс,
Арыстың бəрі ағасы.
Ұмытпаңдар көз барын,
Ұялы дұшпан сөз барын.
Қарашаңырақ, көк байрақ,
Сегіз де Бөрі, Көкжалым.
Мен, Ұлы Бабаң-Адаймын.
Ел үшін қылдық талай мұң.
Амалдың күні ақ таңда ,
Ұрпағым келер Отпанға,
Аққа Құдай жақ-ты деп,
Бабасын балдар тапты деп,
Бас-басыңа бақ тілеп,
Жолдарыңа қараймын.
Қанағат-қайыр сарайлым.

680
681
Жан тербетер саздай-ды,
Жан далам көзін жазбайды.
Жанымның құйттай бөлшегі,
Өлеңді жердің өртеңі,
Ерлігі болған ертегі,
Келісер жері –кең Алаш,
Өлісер жері серт еді.
Менен туған ұл болса,
Аллаға адал құл болса,
Қазақтың қамын ойлаған,
Өзегі талған мұң болса,
Өлтірсеңде азбайды.
Көсеген сайын маздайды.
Көңілімнің тынысы,
Көргенді елдің ырысы,
Иманды сөздің дұрысы,
Қалауын тапса қар жағар,
Қаһарлы дұшпан зар қағар,
Сегіз бірдей Семсерім –
Алаштың алтын қалышы!
30.01.2016 ж.
ЕР ҚОСАЙ
1
Ай, Ер Қосай, Ер Қосай!
Алтын-ды жаға ағамыз,
Күмістен құнды бағаңыз,
Сөз бастаған данамыз,
Жол бастаған дарамыз,
Жеті бірдей інің тұр,
Жер қайысқан қараңыз!
1
 Ер Қосай – Ел қорғаған батыр. Адай Атаның немересі. Сегіз Арыс 
Адай  Ата  ұрпақтарының  үлкені,  бата  беретін  ағасы,  атасы.  Қосай  Ата 
ұр пақтары Отпан таудағы «Амал» мерекесін жасайтын кезеңге орай жа-
зылған толғау.
Іні – төбе, аға – құз,
Құз бөлініп құласа,
Көзіміз болар бұлаша,
Біздің қандай шамамыз.
Аға қылдық Арысты,
Бермейді деп намысты,
Алты Қосай – Ардағым,
Қаратаудай салмағың.
Əлім Ата, Байұлы,
Желкедегі Жетіру,
Асқа келмек Шалдарым.
Ақарысым – ақ тілек,
Жанарысым – жан тілек,
Бекарысым – беренім,
Туыстық та бар ма мін!?..
Қайрасам қылыш шарларым.
Сен болмасаң кім бастар
Кіршіксіз таза-бірлікке,
Адам қонақ тірлікте,
Алты Қосай-Ардағым,
Қаратаудай салмағың.
Қашаған мен Қалнияз,
Нұрымды туған тарланым.
Саялар тұста тал-бағым,
Сүйенер тұста балдағым,
Бата сыйлап, бақ берген,
Сəулелі тілек ақ таң-ды,
Халал болмақ – Хақтан-ды,
Хақ сүйген халал – Саңлағым.
Азулы да – Арланым.
Баталы ел – арымас,
Батасыз ел – жарымас,
Алты Қосай келгенде,
Қол жайып бата бергенде,
Келмеген жан құр қалар,
Күн күлімдеп нұрланар.
Ырыс алды – ынтымақ,
Шашулы болар жан-жағың!

682
683
Осы емес пе
Бабам-ау,
Ұрпақтан күткен арманың!?..
Ерен де Қосай,
Ер Қосай,
Елді баста бірлікке!
Адам қонақ тірлікте.
Ағаны алда бақ біліп,
Жең сыбанып, ат мініп,
Ағаның үйі-Ақ Орда,
Көңілді жүрміз шат қылып.
Өнеге – өріс ағадан,
Атасы бірге – жан ағам,
Батасына бақ тұнып,
Хақтан мейір тараған.
Қазаққа салып сүйінші,
Жеті бірдей інің тұр,
Қабағыңа қараған.
Ордалы мекен-Отпаным!
Адай боп барып тоқтадың,
Алаш боп барып жоқтадың,
Қара дұшпан бүктелді,
Қарашаңырақ тіктелді,
Ұранот жақтың ұлықтап,
Күншілдің жағын құлыптап,
Отпаннан тұрды күліп бақ!
Тектіден туған тентектер,
Атасын қалай ұмытпақ.
Береке-бірлік, дос-айбын,
Езіліп бауыр, босаймын.
Батасын алмақ Алты Алаш,
Əруақты Атам-Қосайдың!
Сөйлесем сөзім жетпейді,
Ығысып дұшпан шеттейді.
Баталы байрақ – Ер Қосай,
Батасында нұр барда,
Алты Қосай тұрғанда,
Атасы бірге – Адайдан,
Батасы бірге – Алаштан,
Қусаң да бірлік кетпейді.
Баталы елді бақ іздеп,
Төрт құбыладан беттейді.
Шартараптың шебері,
Алланың көп-ті берері,
Асылыққа жазбасын,
Антынан ұрпақ азбасын.
Амалды тойлап қайталық,
Ертегі қылып айталық,
Ағадан асыл жақын жоқ,
Еркеледік жайқалып.
Əруақты Бабам Ер Қосай,
Əруағың сенің жасар-ды,
Жеті қат көктен асар-ды.
Нарға салмақ түк болмас,
Нар жолында жүк қалмас.
Асығы алшы ауыл ең,
Бұл жолы да бүк болмас.
Қалың Қосай бар болсын!
Бəріне Алла жар болсын!
Қағидалы қарты бар,
Жалындаған жасы бар,
Ауыл еді Адайға –
Алтыннан қымбат бəсі бар.
Аға бар да – бірлік бар!
Бірліксіз қандай тірлік бар!?
Той болары қызық-ты,
Сайраған тілім жыр ғып қал!
Қызыл да тілдің ол мұңы,
Кеуденің кербез мол жыры.
Ер Қосай мен Пір Бекет,
Отпанға ерте келісіп,
Адай да ұлы-бабамыз,
Бабамызға көрісіп,
Елімен болар сол күні.
 
28.01.2016 ж.

684
685
ҚОЛЫҢНАН КЕЛСЕ ҚАМҚОР БОЛ
Өлтірме жастың үмітін,
Үмітің болса, жігітім!
Қолыңнан келсе қамқор бол,
Бітіргін жастың бір ісін.
Сауабын алғын құлынның,
Жібектей желбір тұлымның.
Сен қайдан білдің ертең-ақ,
Не боларын ұлыңның.
Қайтарма жастың тілегін,
Сөндірме отты жүрегін.
Өткенді бір сəт есіңе ал,
Сен өзің кеше кім едің!?
Жастарды қамда, жастарды,
Бəрі де жастан басталды.
Қоғамың қалай гүлдемек,
Жастарың болса тастанды?!
Жұмыс бер, оған, жұмыс бер!
Бағыт бер байтақ, ырыс бер.
Ұлтыңды ұлдан кем көрме,
Ұлыңдай сүйіп тыныс бер!
Жұмыс бер, оған, жұмыс бер!..
Жұмыссыз жастар жаралы,
Жоқтықтың жаман араны.
Отаны орға итерсе,
Ол байғұс қайда барады?!
Жылатпа жасты, жылатпа!
От тастай көрме құраққа.
Еңбектен қашпас жастарым,
Білімді болсын бірақ та!
ҚАРАТАУДАН КӨШ БҰРЫЛЫП ҚАРАЙДЫ
(Анам Ұмсынайға)
 
Уыз қатқан таңдайыма, Ақ Мамам,
Сені іздеп таппаған,
Боздау айтқан – бір тайлаққа бос жүрген,
Мендік сезім – шұбырынды ақ табан!
...Ақ Мамам!
Аппақ еді сенің екі бұрымың,
Жетер бəлкім бұл үнім?!
Отырардай ойран болған көңілмен,
Тұр ұлың, Құлының!
Аппақ шағыл ақ кебінің – ақ жібек,
Жан жүдеп,
Қаратаудан көш бұрылып қарайды –
Сонау кімнің ботасы еді, қалды деп.
Сені іздеген
Сəттерімнің бəрінде,
Қарашыққа қамсау болды мəңгі көк.
Өзің болып
Маңдайымнан сүйіп тұр,
Таңғы леп.
Менің ботам – Менің кенжем бар-ды деп.
МҰНАР МҰҢНЫҢ ЖАЛҒАСЫ
(Ата-аналарымның, туыстарымның рухына)
Теңіздің теріс толқын аралымын,
Аралға жалғыз қонған, жаралы мұң.
Əкенің əлпештеген ұланы едім,
Анамның ақ сүт берген қарағымын.
Тай-құлын бауырларым балдан еді,
Бір тамыр, егіз бұтақ талдан еді.
Сегізін сертке байлап тастап кетті,
Бесеуін берген Құдай алған еді.

686
687
Түнерген түрі жаман екіндінің.
Неде болса қияға бекінді күн.
Басына ата-анамның келіп тұрып,
Жанымның сездім алғаш жетімдігін.
 
Құлын ем, жібек баулы желіден ем,
Мұз болып мың қайтара еріген ем.
Еңкілдеп ерке ғалам көзін сығып,
Езіліп жылап тұрды меніменен.
ҚОНАҚ БОЛ, ЖАНЫМ ЕЛДЕСІП
Шуағын шашты күн-нұрлы,
Күнге арнадым бұл жырды.
Төбемнен менің аударма,
Төрт құбыла нұрлымды.
Жанымның жайлап еңісін,
Өңкей сырлы келісім.
Кербездеп мінген тұлпардай,
Бұл да бір менің жеңісім!
Шашылған шашу күлкіміз,
Шарайна көңіл жұртымыз.
Əн салып əлай гүл терген,
Ат басын бізге іркіңіз!
Қонақ бол, жаным елдесіп,
Терезем бірге тең десіп.
Дөдегелі-ай ақ орда,
Дөңгелеп ашар ерге есік.
Күмістей көркем жан-күнім,
Əр тамшы сəулең əн бүгін.
Жүрегім менің – жыр сандық,
Сандығымда бар жырым!
Жарық күн жанның бал-нəрі,
Жан Аллам бізге жалғады.
Атқан таң менен ақ сəуле,
Жүректің бар ма арманы.
Шашылғын сəуле, шашылғын!
Ақ күнім гүл боп ашылғын.
Тəуелсіз елдің ұлымын!
Тəңірім сүйген асылмын!
ЖАҢБЫРЛЫ БҰЛТТАЙ ЖАНЫМ БАР
Өлшеулі өлең – өмір бұл,
Қабырға бойын сөгіп жүр.
Жаңбырлы бұлттай жаным бар,
Жасанып жырды төгіп жүр.
Кестелі өрнек кезім бұл,
Кер құлан жырым кезіп жүр.
Кірпігіме ықтаған,
Сіркелеген,
Шықтаған –
Ақ жауын аппақ сезім бір.
 
Тоқсан да түйін сыр едік,
Толғағы жеткен жыр едік.
Қорымды-қойтас, мың мешіт,
Боздаған боздақ қыр едік.
Ботасы едім мұңдының
Сүйреткен шідер, шынжырын.
Жұлдыз боп жырым бітейді,
Тесілген көктің ындынын.
Өртенген өлең, жалын-ды,
Өртемей қоймас Сабырды.

688
689
Жырменен Алла аларсың,
Сазбенен салған жаныңды.
Найзағай тектес жасын жыр,
Жасынның жаным бəсін біл.
Ақынды көргің келмесе,
Жанған да оттан қашып жүр.
Сөзді үрлесең шоқ шығар,
Атылған ажал оқ шығар.
Хақтан да бізге несібе
Өртенген өлең от шығар.
Дүлдүлде жырым ақ табан,
Бір күніме-ай сақтаған.
Бізде бір соқыр көбелек,
Қанатын отқа қақтаған.
Гүлденген бақша жаным дүр,
Жанымда жазғы сағым жүр.
Сағыныш толы кеудемнен,
Қайнарлы бұлақ ағып жүр.
Бұл көңіл қанша шаттанды,
Сырғалы күміс бақ қалды.
Шашбауын қағып сылдырлап
Сұлу жыр қайда аттанды.
Ару да өлең нұрланған,
Ажалсыз сендік бұл жалған.
Сөз атасы Майқы би,
Соларда сені құлданған.
Таудан да ауыр жыр жүгі,
Таулар да құлар бір күні.
Өлеңі өлсе қазақтың,
Кімге де керек тірлігі.
Сайрағын тілім сен бүгін,
Тірлікте мынау кемді күн.
«Өлең – сөздің Патшасы» –
Патшаңа сəлем бер бүгін.
Хан тағында өлең бар,
Алтын да желі көген бар.
Шідерлі шалыс, тұсаулым,
Болыпта жүрсің неден зар?!..
Кеудеме келіп бекін жыр,
Бекерге есең кетіп жүр.
Қазақтың жаны қатайды,
Не дейсің маған жетім жыр?!
ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚ БАР
Алысып жүр, адамзат, алысып жүр.
Қансыраған қаралы жан ұшып жүр.
Өлімменен ойнаған өңкей мықты
Тыныштыққа тас атып жарысып жүр.
Жан ұшып жүр, жаралы, қан ішіп жүр.
Ажалымен ақырын танысып жүр.
Бейбіт күнді көпсінген бейбақтардың
Бесігінен іңгалап бақ ұшып жүр.
Дүние тыныш емес, қансырап тұр,
Жан-үрей жанарынан тамшылап тұр.
Безбені бейбіт күннің безілдейді
Алдында ақиқаттың бар сынақ бір.
Бар сынақ, ұлт біткенге, ұлысыңа.
Көнгенбіз көкаттының мұнысына.
Барады көз үйреніп, сөз иленіп
Қанды қол қарақшының тұрысына.

690
691
Көл-дария көңілдің мың бұлағы,
Мың бұралып заманын жыр қылады.
Жұдырығы зіл-батпан құрлықтардың
Табанында тағдырлар шыңғырады.
Анау менің ақ шашақ күнім еді,
Күн астында көлеңкем жүгіреді.
Күміс кірпік найзағай бұлтты жарып
Менің аппақ еліме үңіледі.
Көктемі гүл, қыс қырау, өлесі дем.
Ағып кетпек ажалдың кемесімен.
Жанға қуат жарық күн тəнге суат
Есім кетіп сүйдім мен елесінен.
Жарық сүйген ел едік, ырыстымын!
Шырақ қылған шындыққа жыр ұшқынын.
Менің сəби көңілім айға матау
Ақ түнімнің бұзбашы тыныштығын.
Құлындарым құлдырап ер жетеді,
Ерен-байтақ, кең құшақ жер жетеді.
Көк серкеге байлаған жез қоңырау
Ақ ниетін ауылдың тербетеді.
Ақ ниеттен жаралған халық едік,
Хақтан халал уыз-нəр алып едік.
Өткен күннің өксігі өзекте тұр
Өрт ішінде бейкүнə жанып едік.
Халық едім маңдайын күн қақтаған,
Күн сəулелі жүрекпен гүл баптаған.
Шешілмеген шідер мен кісендердің
Кілтін бермей келеді жұмбақ ғалам.
Мендік тарих өлмепті құдай бағып,
Күміс моншақ күн менен тұр айналып.
Маған біткен шындықтың кер төбелі,
Кісенімен шауып жүр шырайналып.
Бекер ғана, жыр жазып əн арнаппын,
Бақыт қайда, кетпейді табандап мұң?!
Бір-біріне оқ атқан көздерімен
Жүрегінде ашу бар адамзаттың.
Қансыраған қаралы түн жамылғы,
Түндей қара ниетті кім жамылды?!
Іңір ауып барады ізім-қайым,
Бір құмалақ шірітіп бір қарынды.
Қара қарын көк еті жалбыраған,
Қан-қан болып қаншама қалды заман.
Азу тісі ақсиып күштілер тұр,
Кіндігінен аспанның салбыраған.
Қыл үстінде дүние қылпылдайды,
Өткен өтті, өтпеген бір күн қайғы.
Кемпір ауыз ошақтың көмейінен
Көп соғыстың ұшқыны жылтылдайды.
Кеңірдегі сорайып қалтылдаған,
Кем дүние белгілі нарқың маған.
Ит жағалас бармысың өзімшілдер
Өлім кешіп, табытын алтындаған?!
Өртеніп тұр, дүние мазданып тұр,
Жел өтінде жалаңаш аз халық тұр.
Жұмыртқасын шайқаған жүрегімен
Сыңар қанат айдында қаз қалып тұр.
Қаз қалып тұр айдында қара мойын,
Қанды тырнақ қырғи кеп салар ойын.
Ізгіліктің жаулары іздеп жатыр
Қан шығармай ұратын жаңа ойын.

692
693
Сыңар қанат айдында қазым қалды
Қаз қауырсын, халал жыр сазым қалды.
Балапан ем, сары уыз сағаныш ем,
Саған айтар дүние назым бар-ды.
Төбе көрсең тентекке төбелеттің,
Отқа орай ойнайды көбелек күн.
Досты күтсең, мерейлен, Менше қуан,
Мазасыз Сен бірақ та бөгелексің.
(Соғысқың кеп тұрады, өле кеткің)
Ай мазданар, күн қоздап келбетінде,
Ақтың Құдай тілегін бермесін бе!?
Атасы – махаббат пен мейірімнің,
Халық бар, Қазақ – деген, жер бетінде!
* * *
Шекер де қандай бал қандай,
Шертіп таңдап алғандай.
Жайықтан балық ауларға
Жылымдап торды салғандай.
Оздырып бойды мыңнан біз,
Шырқадық биік шыңнан біз.
Сөзге де келген арудың,
Жүрегін бесік қылғанбыз.
Əлдилеп күтіп сағынған,
Елжіреп естен жаңылған.
Көгенге түскен лақтай
Көзін бір сүзіп таңылған.
Күн көрмесе асығып,
Жанарын сүртіп жасырып.
Алтын да сандық кеудемнің
Қақпасын сүйген бас ұрып.
Өрден де сөйлер баталым,
Өнермен шықты атағым.
Осы бір өлең періштем –
Ат тон да айып шапаным.
ЖЫЛАҒАН ҚАЗАҚ КӨРГЕН ҚАНДАЙ ЖАМАН
(Мешітбайқызы Сəуле апаймен сырласу )
Өмірдің əділетсіз майданында тұрмыстың ауыртпалығынан 
жылап-еңіреген бір топ қазақтың қаракөз əйелдері мен қыздары-
ның шағымын теледидардан естідім. Ақтабан шұбырынды, Алқа-
көл сұламадан бастап біз білетін бергі дəуірлерде: қазақты біресе 
құрсағына салып, енді бірде жүрегімен қаусырып, тілегімен нəр 
беріп,  қайсар  ерлігімен,  ақ  уыз  намысымен  осы  күнге  жеткізген 
Арулар емес пе еді!?... Неге олар жылайды. Осы даланың барлық 
байлығы мен құрметі соларға тиіс емес пе!? Ендігі жерде қазақ-
тың əйелдерін жылатқан қоғам: – Періштелерді табаға қуырып, 
табан асты еткен қоғам. Сұлулар қашан сəн мен салтанат кө-
реді!?
АВТОР
І
Сəуле апа-ау!..Сарсаң кесек сана қайғы.
Сансыз сұрақ санамда балалайды.
Жабағысы ұйысқан көңілімнің,
Көзін шұқып қара түн табалайды.
Емешегі үзілген баба-күлік,
Жан ботасын боздайды жаңа біліп.
Ет желіні суалған Есениннің –
Қаншығындай қара бұлт алар ұлып.
Қара талақ қара бұлт жағал-сары,
Жылап алу егіліп бар аңсары.
Жарқылдаған найзағай жан тəсілім,
Ақындардың секілді қаламсабы.
ІІ
Дөнежін дөң, қаймалша қылаң қырым,
Айта-айта алжасты шыдам жырын.

694
695
Шөккен нарға қоғасы қорған болған
Сай қолатта бар еді бір əн бұрын.
Қолат қурап қолаң шаш бұлақ өлді,
Қорған болар қазаққа сұрап ерді.
Өлген өлді тірінің тілі қысқа –
Кімге керек өлгендер бірақ енді.
Бабам берген анау қыр, мына белді,
Саудагер сарт салт жүріп сұрар енді.
Сұқты көздің ішінде қара жылан,
Қарайғанға зəр шашып тұрар енді.
ІІІ
Сексеуілдер үзіліп тамырынан,
Сыршыл тарих сығалар қабығынан.
Телмеңдейді туған ай үмітім боп,
Жаным қалмай сімірдім жарығынан.
Берен сайлап, бел буып бекін күнім.
Батар күні байлаусыз екіндінің.
Дүниені орап ап жыр-жөргекке,
Мен тербетіп отырған секілдімін.
Атамекен іңгалап тығылады,
Бір сұрауы болады мұның əлі.
Топ-тобымен тозаққа барар сосын,
Адамзаттың арамза ұрылары.
 
Адалдық па?!..Адалдық зарлы құлын!
Отан менің құлыным, жалғыз ұлым!
Қанағатсыз ындынның жемсауында –
Жылап жатыр Жер-Ана қанды бұрым.
ІV
Сəуле апа-ау,
Сен шалғайда, мен Түбекте.
Не болмақ ен даланың еркі кетсе.
Мысалы: Ойда жоқ та теріс толғап,
Ханнан ант, қалаулының серті кетсе.
Жан апа!... Жанның сыры сендік өлең.
Көзіңнен кемел ой мен шерді көрем.
Бауыр боп бар тілекпен сүйші мені,
Самал боп Сарыарқаның ерніменен.
Құлар ма, құл-тірліктен нардай балаң!?..
Түңіліп түс көргендей таңдай қағам.
Осынша ұлан-байтақ байлығы бар,
Жылаған қазақ көрген қандай жаман.
Билік жүр, сан қайталап мың бір əнін,
Келмеске кетіп жатыр кіл бұла күн.      
Жылап жүр қанша қазақ өз елінде,
Көргенде көз ұялып шыңғырамын.
Кешкен соң күн өткізіп ғұмыр хаттап,
Жоқтықтың жолым үйден жырын жаттап.
Еңсесін бір көтеріп көрмеген ел,
Ер туып жарытпайды ұлын баптап.
Кеудемді кер құландай үн керіп жүр,
Түрімнен күн күмілжіп, түн жеріп жүр.
Атасы айыр бура бал қоспақтың,
Баласы көкаттыдан күн көріп жүр.
V
Арда емген асау көңіл басылмайды,
Бұл күнде құным-мұңым, бəсім қайғы.

696
697
Керіліп кеңістікті дүбірлетпей,
Көңілі көшкен елдің ашылмайды.
От қарып, мендік жанда жара жатыр.
Бостандық!..Онсыз бағам – қара бақыр.
Қомында қобыз тартып нар-маяның,
Қош айтып Қорқыт-дəурен бара жатыр.
Би-төре билігіңді кім көрген жоқ.
Қызғышты кім атпады сұр мерген боп.
Қазақтың жүрегімен байқап ойна,
Ол əлі аттан түсіп үлгерген жоқ.
Уақыттың кім түспейді сөресінен,
Ер өлмес елін сүйген өресі кең.
Еркесі ен даланың киікпіз-Біз,
Құлдырап құс өткізбес төбесінен.
БІЗДЕЙ-АҚ БОЛСЫН БІР ҚАЗАҚ
(Қашаған ақынның ескерткішіне келіп айтылған сыр, 
оқылған жыр.)
 
Төс табаны тілінген
Дүбірі көпке білінген
Біздің дүлдүл шалдарды
Көресің осал кіміңнен?
Қарлы шыңдай Қашаған
Халалдан Тəңір жасаған
Қайыртпай кеткен жүйрігім
Қуынған жауға тасадан.
Адай деген елден-ді
Маңғыстау деген жерден-ді
Уыздан жарып, марқа емген
Сары жебе,
Ақ сауыт
Сөзі оқтай мерген-ді
Сол секілді асылдар ойласаң қара жерге енді.
Қырықкез деген қауымда
Қылтанақ өспес бауырда
Кестелі күмбез қарап тұр
Отпаннан соққан дауылға.
Отпанға шықтым шырғалдым
Шырғалап жүріп жыр жаздым
Дегелек құстың
Дауысын,
Дертіме шипа қылғанмын.
Ердің ісі шын болса
Елдің іші мұң болса
Есепсіз айтпас сыр болса
Жұмақтан келген жыр болса
Абыл, Ақтан, Нұрыммен, Қашағаннан тыңдармын.
Адайдан қалған ұран бар
Талайдан қалған Тұран бар
«Қаққа жерік құлан бар
Баққа жерік ұлан бар»
Қаратаудың желіне жүзімді кептеп шыңдармын.
Боз жусанға қол жетпей
Бетегеге бой жетпей
Бармағын шайнап
Ер кетер,
Еңкейген ерге жер жетер
Баянсыз мынау дəуренің балдағынан сынған күн.
Қардың тауып қалауын
Жанымның жағып жалауын
Тағдырдың көріп талауын
Қашаған сенің жырыңнан қаталап ішіп нұрландым.
Ескерткішке айналып
Тас көшеге байланып
Оймақтай мынау тұғырда отырсың ба жайланып.
Адайдың арын арлаған
Аруанадай зарлаған
Алтын-ды күйме парлаған
Нардай көлбеп шаңдаған

698
699
Сертті де күнгі семсерім шыға да келген сайланып.
Елібіңе нұр сіңген
Ет-жүрекке жыр сіңген
Жаным бір пида бір Сізден
Қанатыммен қаусырып ұшсам бір екен қайда алып!?
Адырнасы аңыраған
Ақтылы қойы маңыраған
Самұрықтай самғаған
Жері бар ма шалдардың
Желік айдап, бел асып бес қарумен бармаған.
Мың дұшпанды қандаған
Мың жылдығын қамдаған
Жер жəннаты – Маңғыстау
Атамекен ақ бесік Атамыз Адай таңдаған.
Аяқты создым нарынға
Қарсы жүздім ағынға
Үш жүз алпыс əулие
Салтанат, сəнім барында.
Тіл қайрадым, сөз саптап, өзіңнен қалған арынға.
Антқа тұрып айқастым
Атажаумен шайқастым
Мырзағұлдың баласы Піріміз Бекет бабында.
Қауырсынын қандайды
Қашсамда іздеп қалмайды
Шайнаулы бармақ, бір өксік Қалнияздың зарында.
Көкмойнақтың үйірі көбік қанға жығылмақ,
Татып көріп дұшпан тұр тар қапасты ырымдап.
Халықтан олжа
Хақтан əн,
Жеті қайқы, бес жүйрік,
Аранға түскен ақ киік, ажалдан қайда тығылмақ.
Солай да –
Солай күн өткен,
Бөз жасаған жібектен
Түрме жасап Түбектен
Түрініп дұшпан күзеткен
Ер адасқан дұғадан
Ел адасқан мұрадан
Еңкейіп жүріп шыдаған
Шалқайып жүріп жылаған
Қабыртқадан қан үгіп
Шеміршектен шер үгіп
Желкеден ұрып желігіп
Он екі мүше
Кез бойын
Кез келген қарсақ кеміріп,
Торай шатыс томар бас бір басуға ерініп,
Топтан озып көп қарға сөз сөйлеген демігіп.
Халалдан болған мекенді
Əңгіден болған əлділер ойранда қылған еліріп.
Əй, Қашаған, Қашаған!..
Қашаған сені қайтейін, Құдай бір сүйіп жасаған.
Жаныңа келіп жылайма атасы басқа жат адам.
Шіріген көлде шіркей бар
Заман өзге,
Заң қатқыл
Адайдың арын сұрар ма кіл үргедек жатаған.
...Əй-да-а-ай...Əй-да-а-ай, Əй-дай-ай
Адайдың қайда əй-дайы, əрайна көңіл, жалған-ай.
– Маңғыстау саған аманат!
Аманатқа адал бол,
Атадан туған жан бала-ай!
Асыра сілтеп тағыда əдіра бəрі қалмағай.
– Ей, қара жер, аспаным
Көркіңді сүйіп көзіммен, көңілге зерлеп сақтадым.
Қашаған сені қайтейін
Көк пен жердің арасы
Тəңірден тəлім ақпарым!
Жырыңнан іштім жылғалап
Жыр баптадым сырғалап.
Арманы асқақ ұл болса аңқасы кеуіп тыңдамақ.
Ақ қағазға шер төгіп
Өлең жазған өртеніп
Біздей-ақ болсын бір қазақ!..

700
701

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет