Қытай философиясының дүниетанымдық сипаттарын атаңыз.
Біздің жыл санауымыздан бұрын VIII—VI ғасырлар аралығында қазіргі Қытай мемлекетінің жерінде құлдық қоғам толық қалыптасқан-ды. Мифологиялық дүниетанымның орнын философиялық ілімдер ала бастайды. Олардың барынша гүлдену кезеңі Хань династиясына сәйкес келеді (б.ж.с.д. 207ж.-б.д.220 ж.). Зерттеушілер бұл кезенді «гүлденген жүз философиялық мектептің өзара тартысы» деп атаған. Мысалы, Хань дәуіріндегі тарихшы Сьма Тань (б.ж.с.д. 110 ж. қайтыс болған) солардың ішінен алты философиялық бағыттарды атап көрсеткен:
Инь және Ян мектебі
Осылардың алғашқысы, яғни Инь және Ян мектебі өз бастауын «Өзгерістер кітабынан» (б.ж.с.д. VII-VII ғасырда) алады. Бұл кезең мифологиялық дүниетанымның тарих сахнасынан көшіп, философиялық көзқарастарға орын босата бастаған кезі болатын.Инь және Ян – әлемнің бастауында тұрған мәндер. Бірақ олар туралы ілім дуалистік сипатта емес, себебі барлық болмыс ол екеуінің біртұтастығы арқылы ғана бар бола алады. Демек, олар диалектикалық бірлікте болатын қарама-қарсылықтар.
Екінші мектеп Конфуцийдің атымен тығыз байланысты. Конфуций (қытайша Кун Цю, Кун Чжунни, ал әдебиетте көбінесе Кун-цзы, ұстаз Кун деген атпен белгілі) б.ж.с.д. 551 79 жылдары Лу патшалығында өмір сүрген. Ол кедейленіп қалған ақсүйек әскербасының семьясында дүниеге келді. 22 жасынан бастап ұстаздық жұмыспен айналысты, атағы бүкіл Лу патшалығына жайылды. Конфуций мектебінде, негізінен, төрт пәннен дәріс оқытылатын. Олар – тіл, ахлақ, саясат және әдебиет.
Моизм мектебінің негізін салушы Мо Дидің (б.ж.с.д. 479-391 ж.) баса көңіл аударған негізгі мәселесі әлеуметтік ахлақ болып табылады. Бұл мектептің ілімі Конфуцийге мүлдем қайшы келетін. Өйткені, оның негізінде дерексізденген жалпы сүйіспеншілік жататын. Теориялық іспен айналысу – бос уақыт өткізумен бірдей. Адамдарға керегі нақтылы дене еңбегі, оның пайдалы нәтижесін, өмір үйлесімділігін көкке тән жігер реттеп тұрады-мыс. Кейіннен Мо Дидің ізбасарлары таным мәселелеріне көңіл бөліп, ұстаздарының қош көрмеген онтологиялық сұрақтарға жауап іздеген көрінеді.
Атаулар мектебі
Атаулар мектебі заттар мен құбылыстардың тілде бейнелену сәйкестілігіне баса назар аударды.
Ал, заңгерлер мектебіне келетін болсақ, онда оның назары саяси-әлеуметтік мәселелерге ауып, мемлекет пен құқықтың шығу төркінін, олардың мәнін, мақсаттылық қызметін зерттеуді қолға алған.
Конфуцнй іліміне қарсы шыққан тағы да бір атаулы философиялық мектептің ілімі даосизм деп аталады. Даоның қазақшасы «жол» деген сөз. Бұл ілімнің негізін қалаушы б.ж.с.д. VI ғасырда өмір сүрген Лао-цзы. Бұл «кәрі ұстаз» деген ұғымды білдіретін лақап ат. Ал шын аты-Ли Эр. Көне Қытай ескерткіштерінде аты аңызға айналған Лао-цзы б.ж.с.д. 604 жылы туған деген мағлұмат бар. Бірақ көптеген Қытай зерттеушілерінің өздері бұл мағлұматтың шындығына күмән келтіреді. Лао-цзы 160-200 жыл ғұмыр кешкен деген де мәлімет бар. Ол патша сарайында тарихшы, мұрағат меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қартайып қалған кезінде Конфуциймен кездесіп сұхбаттасқан да екен. Лао-цзы өзінің ілімінде, негізінен алғанда, үш қағидаға сүйенеді, олар – дао, дэ, у-вэй. Дао – әлемдегі заттар мен құбылыстардың сапасы мен қасиеттері. Дао тек дэ арқылы белгілі болуы мүмкін. У-вэй қағидасы әрекетсіздікті білдіреді
Дереккөздер
Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998