Үстеудің қүрамдық түрлері
Үстеудің негізгі грамматикалық белгісі – оның арнайы түрлену жүйесінің және грамматикалық категорияларының жоқтығы. Сөйтіп, үстеу қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы болып саналады.Қазіргі қазақ тіліндегі үстеулер құрамы жағынан түбір үстеулер, туынды үстеулер және күрделі түбір үстеулер болып үшке бөлінеді.Негізгі үстеулер. Құрамы жағынан түбір және қосымшаға бөлшектеуге келмейтін сөздер негізгі үстеулер деп аталады. Біраз, кеше, енді үстеулері морфемаларға бөлшектеуге келмейтін түбірден құралған сөздер.Негізгі үстеулерге мына сөздер тобы жатады: жылдам, әрең, әдейі, жорта, әзір, әлі, бұрын, қасақана, ұдайы, ақырын, ерте, кеш, жоғары, төмен, қазір, дереу, жаңа, енді, шапшаң, бағана, ілгері, әрі, бері, мана, ылғи, әзір, бекер, дереу, кері, әрмен, бермен, нақ, нағыз, дәл, өте, тым, аса, ерекше, мүлде, оқыс, түгел т.б.
Ескерту: Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі үстеулер болып табылатын ары, бері, кері көне түркі тілінде морфемаларға бөлшектеніп, -ры, -рі, -ру бағыттық барыс септігінің функцияларында жұмсалатын тұлғалардың түбірге сіңісіп, кірігіп кетуі арқылы қалыптасқан. Ғалымдардың көпшілігі бұл тұлғаны көне барыс септіктің жалғауы деп таныса, кейбір зерттеушілер жалғау емес, бағыттық мағына тудыратын қосымша деп қарайды. Көне түркі ескерткіштер тіліндегі –ры, -рі, -ру, -рү түбір сөздердің құрамында өлі формант ретінде сақталған. Сонымен бірге негізгі түбір үстеу тобына жататын жоғары, ілгері сөздерінің түбірі жо, іл есім сөздер болған. Жо – жоқ, йок – биік мағынасын, іл – ілкіде, баста мағынасында қолданылған. Тарихи тұрғыдан жо, іл сөздеріне –ға, -ру, -геру, -қару, -керу формаларының жалғануы арқылы үстеулер жасалған.Негізгі үстеулердің көпшілігіне сын есімнің шырай жұрнақтары жалғанады. Атап айтқанда, мына мезгіл үстеулері: бұрынырақ, ертерек, кешірек т.б. Мысалы: Бұрынырақ кезде бұндайда асын тастап, кісіге қарап жалтақтап шығып кететін (М.Әуезов). Ертерек келмедің деп несіне ескертпейін, ештен кеш жақсы (Ғ.Мүсірепов). Мекен үстеулеріне жалғанады: төменірек, әрірек, жоғарырақ, төмендеу, берірек т.б. Сын қимыл үстеулеріне жалғанады: тезірек, жайырақ, жылдамдау, оңайырақ т.б.
Үстеудің кейбір мағыналық топтары шырай жұрнақтарын мүлдем қабылдай алмайды. Жоғарыда аталған кейбір үстеулерге сын есімнің шырай жұрнақтарының жалғануы таихи жағынан үстеудің сын есіммен жақын, төркіндес екендігін көрсетеді. Осымен байланысты шырай жұрнақтарын қабылдайтын да – негізгі түбір үстеулер мен қимылдың сапалық белгісін білдіретін үстеулер.
Туынды түбір үстеулер. Басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының жалғануы арқылы, кейбір септік жалғауларының көнеленуі, яғни түбірге сіңісіп кетуі арқылы жасалған сөздер туынды үстеулер деп аталады. Қатарлай тіккен киіз үйлер (М.Әуезов). Сейтенге қазақша ғана айтты, қазақ екен (Ғ.Мүсірепов). Түнде ақсақалдарды жинап, солардың қолына бірсыпыра мал сақтауға бермекші болыпты (Б.Майлин). Осы сөйлемдердегі қатарлай, қазақша үстеулері зат есімдерге –лай (-ла+й), -ша жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалса, түнде үстеуі жатыс септігінің де жалғауының көнеленуі негізінде үстеуге айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |