Шақ категориясы
Қимыл іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады.
Сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың мезгілі, шақтық мағынасы:
1) үнемі қайталанып, дағдыға айналған іс-қимыл, сөйлеп тұрған кезде болып жатқан қимыл, іс-әрекет;
2) сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткен қимыл, іс-әрекет;
3) сөйлеп тұрған кезде әлі болмаған, бірақ кейін болуға тиісті қимыл-іс-әрекеттерді білдіреді.
Мысалы: Өнер, білім бар жұрттар
тастан сарай салғызды(Алтынсарин).
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі(Абай).
Енді бүгін қарасам,
Айналам бақыт кең жатыр.
Бір-бірімен туысқан,
Қол ұстасқан ел жатыр(Жамбыл).
Бұл сөйлемдердегі қалмайды, құлпырар, жатыр етістіктері мезгіл мағынасын білдіруі жағынан бірдей емес. Салғызды деген салғызу қимылының сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенін білдірсе, қалмайды, құлпырар етістіктері қалмау, құлпыру қимылдарының әлі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін болатынын, ал жатыр етістігі бұл қимылдың сөйлеп тұрған сәтте болып отырғанын білдіріп тұр.
Мерзімдік мәнді білдіретін сөздердің бәрі бірдей шақтық мәнін білдіре бермейді. Мысалы: Ертеңгі елдің қамын ойлайтын азаматтарымыз азып-тозғанын көрген қария қатты күрсініп, үлкен ойға кетті(«Ана тілі») деген сөйлемде ертеңгі сөзі мезгілдік мәнді білдірсе де, оларда шақтық қасиет жоқ.Бұл сөзде шақтық мағынаны білдіріп тұрған грамматикалық тұлға жоқ. Демек, шақтық мағына сөздің жалпы мағынасынан ғана көрінбейді, ол мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық тұлға болу керек.
Сонымен, сөйлеп тұрған сәтпен байланысты, қимылдың болу мезгілі үш түрлі. Соған сәйкес етістіктің шақ түрі де – үшеу. Сөйлеп тұрған сәтке байланысты, яғни сол сәтте болып жатқан қимылды осы шақ, әлі болмаған, бірақ кейін болатын қимылды келер шақ, сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып өткен қимылды өткен шақ білдіреді. Шақтық мағынаны білдіретін етістік көбінесе жіктеліп келеді де, сол арқылы жақтық мағына беріледі. Жіктік жалғау шақ көрсеткіштерінен (есімше, көсемше және арнайы шақ жұрнақтарынан)кейін жалғанады.
Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып үшке бөлінеді.
Өткен шақ
Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіретін етістіктің грамматикалық формасы.
Базаралы жағынан жамандық күткен кісінің бірі осы Әзімбай болған(Әуезов).
Қазіргі қазақ тіліндегі өткен шақ грамматикалық формасы мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып үшке бөлінеді.
А) Жедел өткен шақ.
Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне –ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады.Мысалы: Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман(Абай).
Жедел өткен шақ жұрнақтары етістіктің тұлғаларына тікелей жалғанады. Жедел өткен шақтың болымсыз түрі етістіктің –ма,-ме,-ба,бе, -па, -пе жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады.Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім(Абай).
Ә) Бұрынғы өткен шақ. Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда , әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді. Жортар осы ортаның қолбасы, батыры болған. Тыныштықты білмеген, барымта соғыс десе қолды –аяққа тұрмайтын қызулы жас болатын(Әуезов).
Бұрынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады:
а) Бұрынғы өткен шақ –қан,-кен,-ған,-ген тұлғалы есімшенің жіктеліп келуінен жасалады.
Ту ұстап, тұлпар мініп, ел қорғауға, Азамат азамат па аттанбаған(Тоқмағанбетов).
ә ) Бұрынғы өткен шақ етістікке көсемшенің –ып,-іп,-п жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Баяғыда Мысыр елінің әрі ақылды, әрі әділ кедей-кепшікке қамқоршы бір сұлтанды дәурен кешіпті(«Мың бір түн»).
Бұрынғы өткен шақтың күрделі түрі -ған,-ген тұлғалы есімшеге немесе –ып,-іп тұлғалы көсемшеге еді көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Жиреншенің қайда кеткенін Ұлжан білмеп еді(Әуезов).
Ескерту: Бұрынғы өткен шақтың есімшеден болған және еді көмекші етістігімен құралған күрделі түрі тұжырымды, айғақ мәнді білдіреді. Сондықтан шақ категориясын зерттеген ғалым Т.Қордабаев бұндай қолданысты айғақты өткен шақ деп атаған. Әңгіменің желісі осы оқиғаға байланысты құрылған.
Ал көсемшеден болған (біліпсің) және екен көмекші етістігінен құралған күрделі түрі айғақсыз мәнді білдіреді, сөйлеушінің көзі толық жетпейтіндігін байқатады.Т.Қордабаев бұндай қолданысты айғақсыз өткен шақ деп атаған. Сондықтан да бұрынғы өткен шақтың бұл түрі ертегілерде жиі кездеседі. Өткен заманда саудагер атаулының ішінде бір мықтысы болыпты(«Мың бір түн»).
Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі –ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе қосымшалары арқылы және жоқ, емес сөздері арқылы беріледі.
б) Ауыспалы өткен шақ. Ауыспалы өткен шақ есімшенің –атын,-етін,-йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақты, бірде келер білдіріп қолданады. Бұл өңірдің балықшылары бір тайпа ел болатын(Нұршайықов).
Ауыспалы өткен шақ жіктеліп те, еді көмекші етістігімен тіркесіп те жұмсалады. Ауыспалы өткен шақтың болымсыз түрі етістікке –ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе жұрнақтары арқылы жасалады. Ал ауыспалы келер шақ тікелей жіктелмейді, тек еді көмекші етістігімен тіркесіп қолданады. Құдалыққа бүгін кешке баратын едік(«Ана тілі»).
Осы шақ
Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді.
Қыр басынан етекке қарай болат арқан тартып, он шақты жұмысшы жүр(Мұстафин).
Осы шақ болатын етістіктердің мағыналық белгілері:
1. Сөйлеп тұрған кездегі іс-әрекетті білдіреді. Жұрт ойынмен болып жатыр (Майлин).
2. Әрдайым қайталанып тұратын дағдылы іс-әрекетті көрсетеді.
Арсыздық - ашыққаннан, ақсыздық - асыққаннан, пәмсіздік – масыққаннан шығады(«Аяз би»).
Басқа шақ түрлеріне қарағанда осы шақтың жасалуында кейбір ерекшелік бар. Ол қалып етістіктерінің отыр. Тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде немесе немесе негізгі етістіктің көсемше (-а,-е,-й,-ып,-іп,-п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуын да, бұл грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі. Осыдан анық көрінетіндей, осы шақтың бұл түрі қазіргі кезде арнайы грамматикалық тұлғалар арқылы жасалмай, қалып етістіктерінің негізінде немесе көмекші етістік мәнінде жіктеліп келуінен жасалады. Шақтық мән отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің өз семантикасында бар. Көне кезде отыр –олтұрұр, тұр – тұрұр, жүр-жүрүр,жат-жатыр. Сөз соңындағы –ұр,-үр қосымшасы процессуальдық мәнді, болып тұрған қимылды білдірген. Сөйтіп қосымша түсіп қалса да, қосымша білдіретін мағына түбірге ауысқан қалып етістіктері(отыр, тұр, жатыр, жүр) осы күйінде шақ көрсеткіші болып қалыптасқан. Сондықтан да қалып етістіктері тіліміздегі барлық етістіктерден өзгеше болып көрінеді.Әрі түбір етістіктер сияқты бұйрық райдың екінші жақ анайы жекеше түрімен сәйкес келеді: сен отыр, сен тұр және тікелей жіктеліп, сөйлемде жеке қолданыла береді.Сөйтіп, қазіргі тұрғыдан нақ осы шақ арнайы грамматикалық тұлғаларынсыз-ақ қалып етістіктерінен жасалады да, ал тарихи тұрғыдан грамматикалық тұлғалары болған деген тұжырым жасауға болады.
Осы шақтың түрлері. Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді.
1) Нақ осы шақ. Нақ осы шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтте істеліп, болып жатқанын білдіреді. Нақ осы шақ етістіктің құрамына қарай жалаң және күрделі болып бөлінеді.
а) нақ осы шақтың жалаң түрі отыр, тұр, жүр, жатыр етістіктерінің жіктелуі арқылы жасалады. Көрінгенді қарғап, ауылға бүйідей тиіп бәйбіше жүр(Майлин).
ә ) нақ осы шақтың күрделі түрі етістіктің –а,-е,-й,-ып,-іп,-п тұлғалы көсемше түрі мен отыр, тұр, жүр, жатыр деген қалып етістіктерінің тіркесуінен жасалады. Ол шыдай алмай, қатты қиналып жатыр(Майлин).
2. Ауыспалы осы шақ. Ауыспалы осы шақ қимыл, іс-әрекеттің дағдылы қалыпта болып тұруын білдіреді. Ауыспалы осы шақ –а,-е,-й тұлғалы көсемшенің жіктелуі арқылы жасалады. Құстар ұшады. Студенттер дәріс тыңдайды, сабақ айтады.
Сонымен бірге процессуалдық мәнді білдіретін, әсіресе баспасөз тілінде III жақта жиі қолданып жүрген –уда,-уде тұлғасы да осы шақтың грамматикалық көрсеткіші деп беріліп жүр.Бүгінде 50-ге таяу елшіліктер жұмыс істеуде.
Достарыңызбен бөлісу: |