258-бап. Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік
1. Жеке тұлғаға не адамдар тобына не заңды тұлғаға олардың қызметінің террористiк немесе экстремистiк сипатын не берілген мүлік, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызмет түрлері террористік немесе экстремистік әрекетті жүзеге асыру не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу білген адам жасаған, ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi, мүлiкке құқықты немесе мүлiктiк сипаттағы пайданы беруі немесе жинауы, сондай-ақ сыйға тартуы, айырбастауы, қайырмалдығы, қайырымдылық көмегі, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерiн көрсетуі не қаржылық қызметтер көрсетуі –
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бiрнеше рет жасалған немесе адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функцияларын орындайтын адам не қоғамдық бірлестік лидері не алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған не ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыруды және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілікті күш қолдану қатерiн төндіріп жүзеге асыратын және бұл туралы өз еркімен мәлiмдеген, сондай-ақ қылмыстарды ашуға немесе оның жолын кесуге белсендi түрде ықпал еткен адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 258-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
259-бап. Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру
1. Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру –
мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 259-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).