1. Құрылыс ұйымдары басшыларының, жұмыс жүргiзушiлердiң және құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың сапасыз салынған, аяқталмаған немесе шарттың және жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес келмейтiн ғимараттар мен құрылыстарды, автомобиль жолдарын, тоннельдердi, электр станцияларын, тұрғын үйлердi немесе өзге де құрылыс объектiлерiн пайдалануға тапсыруы және (немесе) қабылдауы, сол сияқты оларды сапасыз жөндеуi, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 278-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
279-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзу –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.