284-бап. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу
1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу –
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекет –
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған;
2) қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
285-бап. Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс iстеу қағидаларын бұзу
1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау қағидаларын және олармен жұмыс iстеудiң басқа да қағидаларын бұзу, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкiн болса, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.