13-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
324-бап. Шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу
1. Табиғи ресурстарды пайдалану, кәсiпорындарды, құрылыстарды немесе өзге де объектiлердi жобалау, орналастыру, салу немесе реконструкциялау, пайдалануға беру немесе пайдалану, өнеркәсiп, энергетика, көлiк немесе байланыс объектiлерiн, ауыл шаруашылық мақсатындағы және мелиорация объектiлерiн пайдалану, қалаларды не басқа да елдi мекендердi салу кезiнде әскери немесе қорғаныс объектiлерiне, әскери немесе ғарыш қызметiне қойылатын экологиялық талаптарды бұзу, егер бұл іс-әрекет қоршаған ортаға ірі залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса немесе адамның денсаулығына зиян келтірсе, –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адам өліміне не адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 324-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
325-бап. Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттармен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу
1. Экологиялық тұрғыдан әлеуетті қауіпті химиялық немесе биологиялық заттарды өндiру, тасымалдау, сақтау, көму, пайдалану немесе олармен өзге де жұмыс iстеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу, егер бұл іс-әрекет қоршаған ортаға айтарлықтай залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса немесе адамның денсаулығына зиян келтiрсе, –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қоршаған ортаға ірі залал келтірген не келтiру қатерін туғызған, сол сияқты төтенше экологиялық ахуал аумағында жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адам өліміне не адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 325-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.