413-бап. Қылмыстық жауаптылықтан көрiнеу заңсыз босату
Прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыс жасады деп күдiк туғызған немесе айыпталған адамды қылмыстық жауаптылықтан көрiнеу заңсыз босатуы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
414-бап. Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау
1. Көрiнеу заңсыз ұстап алу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Көрiнеу заңсыз күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Күдіктіні ұстап алу фактісі және оның тұрған жері туралы оның туыстарына қасақана хабарламау, адамның күзетпен ұсталу орны туралы ақпаратты осындай ақпарат алуға құқығы бар азаматқа беруден заңсыз бас тарту, сол сияқты ұстап алу хаттамасының жасалу уақытын немесе нақты ұстап алынған уақытын бұрмалау –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не он тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 414-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.