1. Осы Кодексте көзделген қоғамға қауiптi іс-әрекеттi жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн.
17-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаған не оларға ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жай ретiнде есепке алады және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады.
18-бап. Масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың қылмыстық жауаптылығы
Алкогольдi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
19-бап. Кiнә
1. Адам өзінің кiнәсi анықталған қоғамға қауіпті іс-әрекеттері (әрекеттері немесе әрекетсіздігі) және оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа жатады.
2. Объективтi айып тағуға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi.
3. Іс-әрекетті қасақана немесе абайсызда жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылық үшін кiнәлi деп танылады.
4. Абайсызда жасалған іс-әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.