«Қордай жерінен шыққан тарихи тұлғалар» атты авторлық бағдарлама тарих пәніне арнап жазылған. Қоғамда зор сілкініс әкелген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге айрықша мән берілген болса, оның ішінде туған жеріне еңбегі сіңген тұғыры биік тұлғалардың және сол азаматтарға арналған ескерткіштер мен кесенелер, жергілікті тарихи көне қорымдар мен киелі мекендердің халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін қалаудағы маңызы айрықша атап көрсетілген. Мұндай көне тарих іздері киелі Қордай жерінде де аз емес. Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін Қордай өңірі адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерген. Бұл бағдарламада тарихтың бір бөлшегі ғана емес, сонымен қатар өз өлкесінің тарихи әлемінде дүниетанымдық, мәдени және білікті тұлғаның қалыптасуына, жүйелі-құнды жеке тұлғалық тәрбие беруге бағытталған құндылықтар айтылған. Өз ауданының тарихи, мәдени, табиғи, рухани ақпараттарымен танысуына мүмкіндік алады. Тарихи дүниетанымдар мен оның заңдылықтары туралы ұғымды қалыптастыра отырып, қоршаған ортаны танып білудің ғылыми әдістерімен танысады.
Қай халық болмасын өз асылдарын ардақтаған, құрмет көрсеткен. Қордай ауданында халқына кеңінен танымал белгілі тұлғалар: Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би мен ақын-композитор Кенен Әзірбаевқа арналған «Тұлғалар тұғыры» атты мемориалды кешенінің тұрғызылуы, Қордай тарихының сарқылмас қазынасының, таусылмас мол мұрасы болып табылады.
Бағдарлама негізі оқушыны баспасөз беттерінен, ғылыми - көркем әдебиеттерден, сөздік анықтамалардан, тарихи энциклопедиялардан, ғаламтор көздерінен тарихи материалдарды зерделей отырып, олардың байланысын анықтап, талдау жүргізеді. Білімді, жан-жақты, тәрбиелі, қабілетті жастар – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп тәрбиелеуде, патриоттық сезімді қалыптастырудағы рөлі өте зор.