Байланысты: Жоғары мектепте оқыту технологиялары-emirsaba.org
ЖОО дәрісінің мәні, оның функциялары, түрлері мен әдістемелік әдістері Жоғары оқу орнындағы дәріс – оқытудың дидактикалық циклінің басты негізі. Оның мақсаты – студенттердің оқу материалын қабылдауларын қалыптастыру болып табылады. Заманауи жоғары мектептер үшін дәріс өте өзекті. «Дәріс» латынның «lection» - оқу сөзінен шыққан. Дәріс ежелгі Грецияда пайда болып, көне Римде және орта ғасырларда өз жалғасын тапты Дәрістің құрылымы Дәріс өзінің құрылымы бойынша бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін. Барлығы баяндалған материалдың мазмұны мен сипатына байланысты, дегенмен кез келген дәріске құрылымдық сипат тән. Ең алдымен, бұл дәріс жоспарын хабарлау. Жоспарға емтихан билеттерін құрастыруға септігін тигізетін дәрістердің негізгі мәселелерінің атаулары кіреді. Өткен дәрістердің мазмұнын еске түсіру, оны жаңа материалмен байланыстыру, пәндегі, басқа ғылым жүйесіндегі орны мен маңызын анықтау пайдалы. Тақырыпты ашу барысында индуктивті әдісті, сондай-ақ дедукция әдісін қолдануға болады. Дәріс соңында тыңдалған мәселелер бойынша қорытынды шығарып отырған дұрыс. Дәстүрлі ЖОО-ғы дәріс әдетте ақпараттық деп аталады. Жалпы, дәрістің бірнеше түрі бар соларға жеке-жеке тоқталып өтейік: Кіріспе дәріс Аталмыш дәріс студенттерге курстың мақсаты мен міндетін, оқу пәндері жүйесіндегі орны мен рөлін түсіндіреді. Әрмен қарай курстың қысқаша мазмұны (аталмыш ғылым дамуының кезеңдері, танымал ғалымдардың аттары) беріледі. Мұндай дәрістерде ғылыми мәселелер қойылады, болжамдар алдыға тартылады, ғылым дамуының болашағы мен оның тәжірибеге қосқан үлес салмағы белгіленеді. Шолу-қайталау дәрісі бөлімнің немесе курстың соңында оқылады. Дәрісте аталмыш бөлімнің немесе курстың ғылыми-ұғымдық негізін құрайтын барлық теориялық мәселелер көрініс табуы қажет. Шолу дәрісі Бұл қысқаша конспект емес, барынша жоғары деңгейде білімдерді жүйелеу болып табылады. Оқыту психологиясы көрсеткендей, жүйелі түрде баяндалған материал есте жақсы сақталады. Шолу дәрісінде сондай-ақ, емтихан билеттерінің күрделі сұрақтарын қарастыруға болады. Дәріс материалын баяндай отырып, оқытушы студенттердің конспект жазуына назар аударуы керек. Конспект мұқият тыңдауға, жазу үдерісінде жақсы есте сақтауға, семинарға, емтиханға дайындық кезінде тірек материалдардың болуын қамтамасыз етеді. Дәріс оқушының міндеті – студенттерге саналы түрде конспектілеуге мүмкіндік беру. Тыңдау, ойлану, өңдеу, қысқаша жазу. Бұл үшін оқытушы студенттерге көмектесуі керек және барлығының түсініп, үлгеріп отыруын қадағалауы қажет. Студенттерді конспектілеу әдісіне, яғни графикалық тұрғыдан дұрыс орналастыруға және жазбаны рәсімдеуге (абзацтарды бөлу, негізгі ойлар мен тірек сөздерді бөлу, т.б.) үйрету маңызды. Дәріс сапасын бағалау Дәріске қатысу және талқылау барысында оқытушы мен оның әріптестерінің арасында дәрістің сапасын бағалау қажеттілігі туындайды. Бұл сапаларға: мазмұн, әдіс, студенттердің жұмысына жетекшілік, дәрістің нәтижелігі кіреді. Аталмыш сапалардың әрқайсысына тоқталып өтейік: Дәрістің мазмұны дегеніміз дәрістің ғылымилығы, ғылымның қазіргі даму деңгейіне сәйкестігі, дүниетанушылық жағы, әдістемелік мәселелердің болуы, олардың дұрыс баяндалуы. Дәріс оқу әдістемесі бұл дәрістің нақты құрылымы және мазмұндау логикасы. Жоспардың болуы, оған сүйеніп отыру. Дәріске қатысты әдебиеттерді беру. Жаңа терминдер мен ұғымдарды түсіндіру. Дәлелдік пен дәйектілік. Студенттердің жұмысына жетекшілік студенттерден конспектілеуді талап ету және оның орындалуын бақылау. Оларды жазу әдісіне үйрету. Дәрістің нәтижелігі дегеніміз дәрістің ақпараттық құндылығы, тәрбиелік аспектісі, ең бастысы дидактикалық мақсаттарға қол жеткізу. Білім беру жүйесінің дамуы, оны ізгілендіру (гуманизация), жеке адамға бағыттау үрдісі, студенттердің шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру мәселелік дәріс, екеу аралық дәріс, визуалды дәріс, пресс-конференция дәрісі сияқты жаңа дәріс формаларының пайда болуына түрткі болды. Мәселелік дәріс жөнінде оқытудың белсенді әдістерімен байланысты айтатын боламыз. Ал қазір оның мазмұндық және процессуалдық сипаттамасына тоқталамыз. Дайын ақпарат айтылып, түсіндірілетін ақпараттық дәріске қарағанда мәселелік дәрісте жаңа білім «ашуға» тиісті беймәлім ақпарат ретінде алға тартылады. Оқытушының міндеті – мәселелік жағдаят тудыра отырып, студенттерді мәселенің шешімін табуға жетелеу болып табылады. Бұл үшін жаңа теориялық материал мәселелік міндет түрінде беріледі. Мәселені оқытушымен бірлесе отырып шешу барысында студенттер жаңа қажетті білім алады. Визуалды дәріс көрнекілік қағидатының жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыру нәтижесінде пайда болды. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер көрсеткендей, көрнекілік оқу материалын барынша жақсы қабылдау мен есте сақтауға ғана емес, сондайақ құбылыстардың табиғатын терең түсінуге ықпалын тигізеді. Екеу ара дәріс бұл дәрістің түрі екі оқытушының диалогіндегі материалды мазмұндаудың жалғасы мен дамуы болып табылады. Бұл жерде теориялық және практикалық мәселелерді екі маман талқылайды. Мұндай дәрістің төмендегідей артықшылықтары бар: студенттердің бойындағы білімді өзектендіреді; мәселелік жағдаяттар туындатады, дәлелдемелік жүйелер ашады; екі дереккөз қорының болуы әртүрлі көзқарастарды салыстыруға, таңдау жасауға, қандай да біреуіне қосылуға, өз көзқарасын айтуға мәжбүрлейді; педагогтің кәсібилігі көрінеді, оның тұлғасы тереңірек ашыла түседі. Пресс-конференция дәрісі. Бұл дәрістеоқытушы тақырыпты айтқаннан кейін студенттерден аталмыш тақырып жөнінде сұрақтарын қағазға түсіріп берулерін сұрайды. Екі-үш минуттың ішінде студенттер өздерін барынша қызықтырған сұрақтарын құрастырып, оқытушыға береді. Үш-бес минуттың ішінде сұрақтар іріктеліп, олардың мазмұны бойынша дәріс басталады. Дәріс сұрақтарға жауап ретінде емес, керісінше біртұтас мәтін ретінде баяндалады, мазмұндау кезінде сұрақтардың жауаптары да ашылып жатады. Мұндай дәрісті тақырыптың басында, ортасында, соңында тиімді пайдалануға болады. Жалпы, дәріс жоғары оқу орындарында оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасының бірі болып қала береді. Ал, дәріс сабақтарын түрлендіріп өткізу жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушылардың құзіретіндегі мәселе.
Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру Студент тек толығынан беріліп еңбектеніп қоймай, оқу әрекетін іске асыруда өзінің даралық мәнін түсінеді. Оқытушы мен студенттің бірлесе жұмыс істеуі студенттің білім деңгейінің жоғарылап, дара тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берері сөзсіз. Студент пен оқытушының ынтымақтастықта жұмыс істеуі негізінде кері байланыс орнап, белгілі бір оқу әрекеті белсенді түрде орындалып, орындалған әрекеттер бақылау мен өзіндік бақылау арқылы бекітіледі.
Кредиттік оқыту технологиясы жағдайында субъект-субъект қатынасы жүзеге асып, оқытушы мен студент арасындағы кері байланыс күшейе түседі. Оқытудың репродуктивті сипаты қарқынды, шығармашыл сипатқа ие болады
Оқытушы мен студенттің іс-әрекеті оқу жұмысының әр түрін іске асыруға бағытталады. Жоғары оқу орындарында оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына дәріс, сарамандық сабақ, зертханалық жұмыс, семинар, студенттің оқытушы қатысында өтетін өзіндік жұмысы жатады. Оларды дәрісханалық, дәрісханадан тыс деп жіктейміз. Сонымен бірге кез келген оқыту формасында өзіндік жұмыс түрін ұйымдастыру кредиттік оқыту жүйесінің негізгі құрам бөліктерінің бірі болып есептеледі.
Дұрыс құрылған дәріс сабағы басынан аяғына дейін студенттің белсенді ширыққан еңбегін қажет етеді. Дәріс сабақтарының деңгейі оқыту жүйесінің барлық дерлік ұйымдастыру әдістері мен формаларының тиімділігін анықтайды. Оқытушы студентті дәріс үстінде жұмыс істеу ерекшелігімен таныстыруға міндетті, студент негізгі ойды түйіндеп, қысқаша, рет-ретімен жазуға, материалды өңдеп, толықтыруға үйренеді.
Сарамандық сабақтар. Өзіндік жұмыстың сарамандық сабақта ұйымдастырылуы дәріспен байланысты және сарамандық икемділіктерді толықтыруы керек. Олар оқытушы мен студенттердің бірлескен әрекеті арқылы іске асырылады. Мұнда студенттің дербестік деңгейі жоғары болғандықтан, оның үлесіне тиетін жұмыс көлемі айтарлықтай деңгейде болады.
Студенттердің сарамандық сабақ үстінде өзіндік жұмыс орындауын келесідей нақты мысалмен көрсетуге болады. Бірінші курста студенттер «Атом құрылысы. Атом ядросы протонды-нейтронды жүйе. Радиоактивтілік» тақырыбын өтеді. Осы тақырып көлемінде студенттер келесідей өзіндік тапсырмаларды орындайды:
атом деген түсініктің анықтамасы, мәні, мектеп бағдарламасы бойынша атом құрылымы студенттерге өзіндік жұмыс ретінде беріледі;
изотоптар, изобарлар, изохорлар туралы түсінікті өз беттерімен талдау;
мектеп бағдарламасы бойынша физика курсында өткен сутек атомының спектрін естеріне түсіріп, түсіндіре білу;
атомның Томсон, Резерфорд моделі бойынша тақырыпты өз беттерімен оқып, алгоритмдеу.
Оқытушы қалған сұрақтарды, яғни Мозли заңын, Бор теориясын, Шредингер теңдеуін, радиоактивтілік құбылысты дәрісте оқытудың белсенді формалары арқылы береді.
Бірінші курста студенттердің жинақтаған білім қоры екінші курста «Бейорганикалық педагогикадан қиындатылған есептер шығару әдістемесі» пәнінде бастапқы білім көзі болып саналады. Яғни де Бройль теңдеуі, Гейзенбергтің анықталғыштық теориясы, Шредингер теңдеуі, Бор постулаттары, Бор-Зоммерфельд теориясы, радиоактивтілік тақырыптары аталған арнайы курста өзіндік жұмыс ретінде алынады. Студенттердің осы аталған тақырыптар бойынша білім негізін жетілдіріп, бекіту үшін әр деңгейлі тапсырмалар ұсынамыз.
Өзіндік жұмыстың меңгерілу дәрежесі бақылау тапсырмалары арқылы анықталады. Студенттің өзіндік жұмысын тексеруге берілген тапсырмалар қиындығы бойынша сараланып беріледі. Тапсырмалардың деңгей бойынша сараланып берілуі де гуманистік сипатта оқытудың негізгі құрам бөліктерінің бірі болып табылады. Осы жағдайды ескере келіп оқытушы тапсырмаларды екі деңгейге жіктеп береді. Деңгей бойынша сараланған тапсырмалар қосымшада берілген. Арнайы курста деңгеймен берілген тапсырмаларды орындау нәтижесін талдау да жоғарыда айтылғандарға сәйкес келді. Аталған жұмыстарды орындау барысында студенттердің жоғары рейтингтік көрсеткішке ұмтылатынын байқадық.