Платон адам жанын үш категорияға бөледі: парасат; ерік, құмарлық және сұқтану, ындын.
Парасатты жан иелері – «данышпандар», философтар. Олар жандарының табиғатына қарай игілікті мемлекетке талпынады, сондықтан олардың басты атқаратын қызметі – мемлекет басқару. Саясат дегеніміз – тек философтар ғана айналысатын жанды құтқарудың өнері. Олар парасатты жанның иесі, сондықтан әділеттіліктің, игіліктің жоғарғы құндылық болатынын біледі.
Ерік пен құмарлық басым жандар – күзетші, жауынгер, әскерилер. Өздерінің ерік, күш, жаужүрек қасиеттеріне байланысты, бұл адамдардың атқаратын табиғи қызметі – мемлекетті қорғау.
Жанның сұқтануы, ындын – материалдық және сезімдік ләззат алуға ұмтылу түрін иеленген адамдар – шаруалар, сатушылар, қолөнершілер. Қоғамның жүйелі дамуын қамтамасыз ету үшін бұлардың мақсатын қадағалап, іс-әрекеттерін шектеп, реттеп отыру керек.
Платон тұрғызған ең жоғарғы мемлекетте адам жан түрлеріне байланысты құрылымға бөлінеді және тек өздеріне ғана тиісті қызметтерді атқарады. Философтар мұндай мемлекетте қоғамды басқарып, ең жоғарғы сатыда тұрады.