Рациональдықтың диалектикалық ұғымы
Іс-әрекет, практика ұғымы дүниені зерттеудің диалектикалық әдісінің түбірлі ұғымдарының бірі. Философияның тууымен бірге қалыптаса бастаған диалектикалық ойлау әдісі. XVII—XVIII ғасырларда жаратылыстануда үстем болған метафизикалық ойлау әдісіне орын бергенімен, ғылымдар дамуының ішкі қажеттіктері мен мүмкіндіктері диалектиканы қайтадан жандандырып, бұрынғыдан да гөрі қуатты ойлау әдісі ретінде XIX ғ. бас кезінде жаңадан қалыптастырды. Алғашында неміс классикалық философиясында (әсіресе, Гегель философиясыңда) идеалистік диалектика түрінде пайда болса, XIX ғ. 40-жылдарынынан бастап, бір жағынан, идеалистік диалектиканың табыстары мен кемшіліктерін ескере отырып, ал екінші жағынан, қоғам мен ғылым дамуының жаңа мүмкіндіктеріне арқа сүйей отырып, диалектиканың материалистік бағыттағы формасы (К.Маркс) дүниеге келді.
Материалистік диалектикада рациональдық проблемасы арнайы түрде қарастырылмайды, алайда материалистік таным теориясынының мазмұнын түсінудің арқасында материалистік диалектиканың рациональдыққа көз қарасын да түсінуге болады.
Материалистік диалектика таным процесін адамның қоршаған ортамен белсенді іс-әрекет түріндегі (өндіріс) байланысқа түсіп, табиғатты белгілі бір мақсатқа сәйкес түрде өзгерте, өңдей отырып, танып-білу процесі түрінде қарастырады. Білім ойлау қызметіне байланысты, бірақ білімнің мазмұны, қамтитын аумағы ойлаудың өзіндік ерекше қасиеттері емес, адамның объективтік дүниемен жасаған іс-әрекетінің сипатына тәуелді. Білім объектінің өзінің жалаң түрде алынған бейнесін көрсетпейді, адамның сол объектімен істеген әрекетінің нәтижесін бейнелейді. Білімнің дүниені бейнелендіру терендігі, көлемі, жалпы ақиқаттылығының мөлшері, сайып келгенде, адам практикасының мүмкіндіктеріне, күшіне тәуелді. Сананың, ойдың мазмұны объективтік дүниені түгелінен қамтымайды, адам практикасы арқылы меңгерілген бөлігін ғана қамтиды, соның бейнесі болып табылады. Осы тұрғыдан ғана болмыс пен сананың біртұтастығын мойындауға болады, соның арқасында ғана ақыл-ой ұғымдары мен зандылықтары адам танымына тірек бола алады. Дүниені ақыл-ойға арқа сүйей отырып, ақыл-ой зандылықтарына сәйкес танып-білу рациональды танымды, дүниеге рациональды көзқарасты құрады.
Рациональдық ұғымына диалектикалық көзқарас тұрғысынан талдау жасау рациональдық проблемасына байланысты ғылым мен философия тарихында көтерілген бірқатар күрделі сұрақтардың белгілі бір мөлшерде қанағаттаңдырарлық жауабын табуға көмектеседі. Біріншіден, рациональдық ең алдымен жалпы адам іс-әрекетінің, адамның жалпы материалдық және рухани тіршілігінің түбірлі қасиеттерінің бірі деп есептелінеді, оны тек ғылым саласымен шектеуге болмайды, жалпы адам мәдениетінің ішкі үйлесімділігінің көрінісі деп қарастырған жөн болады. Екіншіден, рациональдық адам практикасының өзгеріп, жетіліп отыруына сәйкес мазмұнын, нормаларын, талаптарын жетілдіріп отыратын тарихи құбылыс болып табылады. Классикалық емес ғылымға тән зерттеудің жаңа әдістері
(статистикалық, ықтималдылық, кездейсоқтық, т.б.), материя, кеңістік, уақыт, бүтін, бөлшек, т.с.с. түбірлі физикалық ұғымдарды мүлдем басқаша ұғыну диалектикалық көзқарас үшін рациональдылықты жоққа шығаратын дәлелдер емес, тек қана рациональдылықтың бұрынғы түсініктерінің тар шеңберлі, сыңаржақ сипатта болғандығының көрінісі. Жалпы алғанда, диалектика үшін классикалық емес ғылымның көптеген ұғымдары, тұжырымдары, зерттеуге қоятын талаптары әлдеқашан-ақ таныс нәрселер. Ньютонның әлемдік тартылыс заңы қаншама беделді болғанмен, кеңістік пен уақыттың сипаттарын материя қозғалысының сипатынан бөліп тастап, абсолютті нәрсе түрінде қарастыруға болмайтыны диалектика үшін о бастан-ақ айқын болған. Қазіргі заманғы ғылымдағы ғылыми концепцияларға тән зерттеу принциптері, әдістері, негізгі ұғымдары (мысалы, жүйелілік әдістері, синергетикалық идеялары, т.с.с.): диалектикада (Гегель мен Маркс) әлдеқашан қалыптасып, табысты түрде қолданылған заңдар мен әдістердің қайтадан жаңғыруы сияқты көрінісі. Қазіргі заманғы көптеген ғалымдар диалектикалық-материалистік методологияның рөлінің барған сайын артып отырғанын мойыңдауға мәжбүр.
Үшіншіден, рациональдылықтың диалектикалық түсінігі ғылым жетістіктерінің қазіргі заманғы адамзатқа тигізетін зиянды салдарын тек рациональдылықпен ғана байланыстыруды теріске шығарады. Ғылымның, рациональдылықтың пайда болуы адамның өзін қоршаған ортаны ақыл-ойға сүйене отырып, өз бетімен түсінуге ұмтылуының көрінісі, сыртқы дүниеге тәуелділіктен құтыла бастағанының көрінісі. Дүниені ақылды жетілдіре отырып пайымдай бастау адам еркіндігінің жетілу қадамдары болып шығады. Демек, рациональдылықта басынан бастап-ақ гуманистік сипат бар, адамға, адам ақылының қуатына, пайдалылығына сенім бар, ізгілілік талаптары бар. Соңдықтан ғылым жетістіктерін адамға зиянды бағытта пайдалану, ақыл-ой, білімді тек техниканы, технологияны дамыту құралы түрінде қарастыру, адаммен адамның арасындағы, адаммен табиғат арасыңдағы қатынастардың бұлінуі, ақырында, адамзат өзін-өзі құртуға жақындап қалғаны рациональдылылықтың өз айыбы емес, рациональдылықтың сипатын, нақты адамгершілік мазмұнын бұрмалап, басқа бағытқа қызмет етуге мәжбүр ететін нақтылық қоғамдық қатынастардың, атап айтқанда, жеке меншікке және соған сәйкес қалыптасқан, мүдделері бір-біріне қарама-қарсы әлеуметтік топтардың бір-бірімен үздіксіз күресіне негізделген қоғамдық қатынастардың айыбы деп есептеу керек.
Рациональдық адам тіршілігінің тұтастығын көрсететін түбірлі қасиеттің бірі болып табылады. Рациональдық адам мен табиғаттың, адам мен адамның ара қатынастарын адам үшін барынша пайдалы жолмен ұйымдастыру әдісі. Рациональдық адам ақыл-ойына арқа сүйейді, ал ақыл-ой өз ұғымдары, өз заңдылықтары түрінде қоршаған ортаны мүмкіндігінше дәл бейнелеуге шамасы келсе ғана адам тіршілігіне арқау бола алады. Бейнелеудің дұрыстығы, яғни адам білімінің ақиқаттылығы, адамның іс-әрекетінің (өндіріс, әлеуметтік қатынастар) қоршаған орта қасиеттерін, заңдылықтарын меңгеріп, пайдалану мөлшеріне тәуелді.
Адамның іс-әрекетінің үнемі өзгеріп, дамып отыруына сәйкес рациональдық та тарихи сипатта болады, әр заманда әртүрлі қызмет атқарады, әртүрлі бағаланады. Оның үстіне рациональдықтың жалпыға ортақ критерийін анықтаудың да өзіндік қиындықтары бар. Бірақ осыған байланысты рациональдық үғымынан мүлдем бас тартуды немесе рациональдық мазмұнын ғылымнан тыс көзқарастар (дін, мифология) арқылы толықтыруды көздейтін концепцияларды диалектика қабылдай алмайды.
Қорыта айтқанда, ғылыми рациональдықтың мазмұнының салыстырмалылығы мен көп мәнділік сипатын кейде ғылымның объективтік шындық жайлы ақиқат білімге қол жеткізу мүмкіндігіне сенбеу сияқты керітартпа пікірлерді дәлелдеу үшін пайдаланады. Мұндай дәлелдеулер, алайда, адамның рациональдық білімі оның практикалық іс-әрекетімен тығыз байланыста дамитынын және, сонымен қатар, практика ол білімнің әрі туу негізі, әрі ақиқаттығының басты критерийі екендігін ескермейді. Сондықтан адам білімінің рациональдығының мүмкіндігі мен анықтаушы шекарасы да, сайып келгенде, сол практикамен негізделеді, білімнің нақты практикалық мәселелерді шешу үшін қолданылуымен дәлелденеді.
Ғылымның туғаннан бергі және қазіргі кездегі басты міндеті жаңа ғылыми заңдар мен теорияларды ашудың әдіс-тәсілдерін тұжырымдап, табиғат пен қоғамның объективтік заңдарының жалпылық және қажеттілік сипатын негіздеген үстіне негіздей түсу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |