Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


 Дамыған орта ғасырлар мемлекеттері  (Х—ХІІ ғғ.)



Pdf көрінісі
бет18/78
Дата31.12.2021
өлшемі1,99 Mb.
#21082
түріЛекция
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   78
2. Дамыған орта ғасырлар мемлекеттері  (Х—ХІІ ғғ.)
Қарахан мемлекеті. Х ғасырдың орта кезінде Оңтүстік Шығыс 
Қазақстан мен Шығыс Түркістан жерінде Қарахан мемлекеті пай-
да болды. Орталығы — Баласағұн қаласы. Кейіннен мемлекеттің 
батыстағы шекарасы Орта Азияның көптеген жерін қамтиды. 
Жазба деректерге қарағанда Қарахан мемлекетінің құрылуы мен 
даму тарихында басты рөлді Қарлұқ конфедерациясының тайпа-
лары атқарды, бұл конфедерацияға қарлұқтармен бірге шігіл жəне 
ягма, оғыз, қаңлы сияқты т.б. түрік тілдес тайпалар кірген. Қарахан 
мемлекетінде шігіл мен ягма тайпалары негізгі рөл атқарған. Өкімет 
басындағы билеушілер осы тайпалардан алма-кезек ауысып тұрған. 
Х ғ. ягманың бір бөлігі қарлұқтармен бірге Жетісуды, Нарынның 
түскейін мекендейтін. Кейінірек, ХІ ғ. ягмалар қиян теріскейде, Іле 
алқабында да тұрады. Ыстық көлдің Солтүстік жағынан көшіп кел-
ген шігілдер де осы алқапқа тарап кеткен еді. Қарахан мемлекетінің 
негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915—955 жж.), қарлұқ қағаны     
Білге Қадыр ханның немересі. Сатұқ Бограхан саманилердің 
қолдауына сүйеніп, өз ағасы Оғылшаққа қарсы шығады да, Қашғар 
мен Таразды өзіне қаратады. 942 ж. Сатұқ Баласағұн билеушісін 
құлатып, өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды. Осы кезден ба-
стап, Қарахандар мемлекетінің  тарихы басталады. 
Қарахан сөзі Х ғ. аяғынан бастап, олардың Орта Азияны жау-
лап ала бастаған кезінен мұсылман деректерінде пайда болған. 
Ал, Қарахан мемлекеті деген атау Х—ХІ ғасырда тарихшылардың 
зерттеулерінде шартты түрде қабылданған.
Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 
жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Қарахан 
мемлекетінің астанасы — Қашғар қаласы болды. Сатұқтың екінші 
баласы Сүлеймен — ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді 
оның баласы Хасан Боғра  хан мұра етіп алды. Мұса өлгеннен соң 
жоғары қаған атағы оның баласы Əли Арсылан  ханға көшті. Оның 
енші жерінің орталығы Қашғар болды, сонымен қатар, ол Тараз бен 
Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.
Қарахан  мемлекетінің  саяси  тарихы  ол  өмір  сүрген  алғашқы 
ондаған жылдың өзінде-ақ ықпалды əрі күшті екі əулеттің — Əли 
Арсылан хан мен Хасан Боғра ханның ұрпақтары арасындағы өзара 
қырқысқан күреске толы болды. Алғашқы кезде Əли (Əлилер) 
ұрпағының ықпалы күштірек болды, ал кейін бұл ықпал Хасан 
ұрпақтарына (Хасанилерге) көшті.
Х ғ. 80- жылдарында Орта Азиядағы күшті мемлекет Самани-
лер өз ішіндегі əлеуметтік қайшылықтармен, феодалдық талас-
тартыстар мен қырқыстардан əлсіреп құлдырады. Осыны Қарахан 
мемлекетінің билеушілері пайдаланып, Хасан Бограхан 990 жылы 
Исфиджабты, 992 жылы Бұхараны жаулап алады. Осы жылы оның 
баласы Жүсіп Қадыр хан Қотан қаласын басып алған. Ал Хасанның 
немере інісі Қарахан билеушісі Əли Арсыланның баласы  Насыр 
Орта Азиядағы Саманилерге қарсы жорыққа шығып, ойсырата 
соққы берген. Қарахан хандығы қиян-кескі ұзақ соғыстардан кейін 
1004—1005 жылдары Мəуераннахр жерін түгелдей өзіне қаратты. 


42
43
Осыдан кейін Қарахан мемлекеті ХІ ғасырдың 30 жылдары Шығыс 
жəне Батыс Қағанат болып бөлініп, екі иеліктен тұрды: 
1. Шығыс хандық: оның жері Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен  
Шығыс Түркістан, астанасы — Баласағұн, кейде Қашқар қаласы бо-
лып тұрған.
2. Батыс хандық: Мəуераннахр жерлері. Оның орталығы Самар-
қан қаласы болды.
Шығыс хандық Қарахандықтардың негізгі бөлігі болып 
саналған. Сондықтан оның ханы дəстүр бойынша жоғарғы Ұлы 
қаған болып есептелген. Бірақ екі хандықтың арасында онша бірлік 
болмай,  олар  жиі      жеке-жеке  бөлініп  кетіп  отырған.  1056  жылы 
Қадырханның ұлы Йинал-тегін өкімет мұралығы жолындағы 
күресте інісі Сүлейменнің иелігін басып алады, бірақ ол көп ұзамай 
у беріліп өлтіріледі. Тəж-таққа Йинал-тегінің баласы Ибраһим ие 
болады, алайда ол да біраздан кейін Барысхан əміршімен болған 
соғыста қаза табады. Осыдан кейін Шығыс қағанатты 15 жыл бойы 
(1059—1074 жж.) Қадырханның балалары Юсуф Тоғрұл мен Богра-
хан Харун басқарады. Олардың тұсында Ферғана Шығыс қағанатқа 
күшпен қосылады, ал екі қағанат арасындағы шекара Сырдарияны 
бойлай өтеді. Тоғрұл қайтыс болғаннан кейін оның еншілігі Богра-
хан Харунның (1075—1102 жж.) — Қашғар, Баласағұн мен Хотан 
қожалығының қол астына көшеді. Қарахан мемлекетінің əлсіреуін 
пайдаланып 1089 жылы селжұқ сұлтаны Мəлік шах Самарқанды 
басып алады, сөйтіп Бограхан Мəлік шахтың кіріптар вассалына 
айналады. 1102 ж. Бограхан өлген соң көп ұзамай Мəуеренахрға 
Баласағұн мен Таластың иесі Қадырхан Жабырайыл шабуыл жа-
сап, Əмударияға дейінгі жерлердің бəрін басып алды, бірақ  Термез 
қаласының түбінде жеңіліс тауып, өзі тұтқынға түсіп жазаланады. 
Құдіретті сұлтан Санжардың басқаруы кезінде (1118—1157 жж.) 
селжұқтар Мəуераннахрға шексіз билігін жүргізеді, бірақ бұл кез-
де Қарахан əулетінің саяси құлдырауының белгісі біліне бастаған 
еді. ХІІ ғасырдың ортасында қаптаған Қарақытай (Қидандар) 
Жетісу мен Баласағұнды, сосын Шығыс Қарахандықтардың қалған 
иеліктерін түгел басып алады. Сөйтіп, құдіретті Қарахан мемлекеті 
ХІІ ғасырдың ортасында өзінің өмір сүруін тоқтатады.
Қарахан мемлекетінің жоғарғы өкімет билігі — хақанның 
қолында болды, оған ең жақын кеңесші, көмекші — уəзірі болды. 
Бұдан басқа күзет бастығы, есік қорғаушылары, қазынашылар жəне 
елшілер қызмет істеді.
Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды əлеуметтік саяси инсти-
тут əскери мұралық жүйе болды.  Хандар елді өзіне жақын адам-
дармен жəне уəзірлермен бірігіп басқарды. Мемлекет бірнеше 
ұлыстарға бөлінді. Хан мемлекеттік немесе əскери қызметі үшін 
феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат 
еткен. Мұндай жерлер икта деп аталады, ал оны берушілерді немесе 
иесін иктадар деп атаған. Тұтас алғанда Қарахандар дəуірі сапалық 
жағынан жаңа, яғни Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың 
нығаюының тарихындағы маңызды кезең болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   78




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет