66
67
(1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір
мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала
алмайды. ХV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы,
Ноғай Ордасы,
Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына
бөлініп кетеді.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының
негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси
құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары
неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген əдеттегі көшпелі
мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде
қызмет
адамдарынан, əскери ақсүйектерден құралған əкімшіл-чиновниктік
аппараты маңызды орын алды. Армияны жəне мемлекеттің ішкі
істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың
билеушісі — хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы
саналды. Ханның атынан бүкіл əскери істі беклербек басқарды, ал
азаматтық биліктің басында уəзір тұрды. Беклербек уəзірден дəреже
жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық
қатынастарды басқарды жəне азаматтық істерді шешкен кезде
жоғары сот билігін атқарды.
Алтын Ордада атқарушы орган — диуанның басында уəзір тұрды.
Атқарушы өкіметтің орталық органы — диуанның қарауында
қаржы, салық жəне басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы
бітікші деп аталды. Уəзір мемлекетті азаматтық
тұрғыдан басқару
ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде
даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен
салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара
отырып, жергілікті халыққа əскери бақылауды жүзеге асырды. Олар
сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та
жинады.
Монғол əскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін
өзінің зардабы жағынан ауыр апат əкелді. Ол көптеген халықтардың
экономикалық жəне мəдени прогресін, олардың саяси, əлеуметтік
жəне этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы
салдарынан өндіргіш күштер əлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып,
ортағасырлық қала мəдениетіне үлкен зиян келтірілді. Əсіресе,
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен
егіншілік мəдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған
халықтан алынатын алым-салық та ауыр жəне көп болды.
Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен
бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-
саттық пен халықаралық байланыстың
дамуына жағдай жасады,
жер-жердің бəрінде пошта жəне көлік қатынасы қызметін енгізді.
Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын əкеледі, бұрын
ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тəртібін
Шыңғысханның заңдар жинағы — «Ясасына» сəйкес келтіре
бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында
белгілі дəрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің əлеуметтік
ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дəуірінен кейін
Қазақстанда пайда болған мемлекеттік құрылымдарда пайда-
ланылды. Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық
процестер барысына да үлкен əсер етті.
Достарыңызбен бөлісу: