Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


 1917 ж. Қазан төңкерісі  жəне оның Қазақстандағы



Pdf көрінісі
бет18/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,99 Mb.
#1046
түріЛекция
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29

1. 1917 ж. Қазан төңкерісі  жəне оның Қазақстандағы 
қоғамдық-саяси өмірге əсері
Уақытша үкіметтің  халық күткен аграрлық мəселені шеше 
алмауы,  езілген  халықтарға  өзін-өзі  билеуі  немесе  автономия 
алу мəселесін күн тəртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 
8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мəселелерді 
шешпеуі халық наразылығын одан əрі күшейтті. 1917 ж. жазының 
соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның 
Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі 
большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корни-
лов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. 
Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде 
оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге 
берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы 
көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын 
орнатуға бағытталды. 
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс ба-
сталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін 
басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Əскери-революциялық 
комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. 
Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-   
ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тə-
різді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің  
Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес 
өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін 
созылды. Бұл процесс аймақтың əлеуметтік-экономикалық жəне 
мəдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, 
жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе 
түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған 
большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт 
пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен 
бостандық  беру жөніндегі уəдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін 
орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак əскерлері мен құлаған 
Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі 
жағдайды одан əрі шиеленістіре түсті. 
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық 
көрсете алмаған  Сырдария, Ақмола облыстары жəне Бөкей Орда-
сында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей 
жəне Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі 
күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес 
өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың жəне жергілікті горни-
зондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск 
(Қызылорда)  жұмысшылары мен солдаттары  өкімет билігін 1917 ж.  
30 қазанда  (12 қараша)  өз қолына алды. Ташкентте  Кеңес үкіметі 
1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нəтижесінде орнады.  Ал 
1917 жылдың  қараша айының орта кезінде  Кеңес өкіметі Черняев  
(Шымкент) қаласында  жеңді.  Қараша-желтоқсан айларында Кеңес 
өкіметі Əулиеатада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкесінде 
жəне облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт  жолмен ор-
нады.  Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен  уездерінде  казак-
орыс əскерлерінің басым болуынан  Кеңес өкіметі  үшін күрес  біраз 
қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында  Жаркент-
те, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сəуірдің бас кезінде 
Лепсіде орнады. 
1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі 
Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз 
орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге 
өлкенің шаруашылығы мен мəдениетін қайта құру шаралары 
қатар жүргізілді. Өнеркəсіп орындарында, мəселен Спасск зау-
ытында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай 
кəсіпорындарында бақылау қойылып,  сондай-ақ банктер мемле-
кет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2- Бүкілресейлік съезінде 
қабылданған Жер туралы декрет  бойынша алғашқы шаралар  
жүргізіле бастады. 
Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық жəне 
уездік орталықтарда  да жұмысшылар мен шаруалардың  өкіметін 
нығайту  ісі, ауылдық  жəне селолық  Кеңестерді құру  ісімен  бірге 
жүргізілді. Алайда ауылдың экономикалық жəне мəдени жағынан 

212
213
артта қалуынан туындаған  қиыншылықтар, əлі де күшті рулық 
байланыстар қазақ ауылдары мен болыстарында Кеңес өкіметінің 
органдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын қиындатты. 
1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, 
билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады. Сонда да 
болса, ауыл-селоларда  əлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес 
өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті бол-
ды. Халық азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне 
қарсы күштер бас көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын 
басу үшін, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. 
Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күресте облыстық жəне уездік 
кеңестер съездері көп рөл атқарды. Облыстық, уездік, болыстық  
кеңестерде    жер,  азық-түлік,    шаруашылық,  сот,  бақылау,  қаржы 
бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске 
асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау 
т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар 
жұмыс істей бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру 
барысында, асыра сілтеушілік, солақайлық, теріс əрекеттер орын 
алып, Кеңес өкіметіне деген сенімсіздік күшейді. 
Əсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алды-
мен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мəселелері өткір сипат алып, 
талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі 
принциптері маңызды екі құжатта — 1917 ж. 2 қарашада қабылдан-
ған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” жəне 1917 
ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей жəне 
Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 
ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің 
дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары 
Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның 
кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік 
федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декла-
рацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының 
негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде 
құрылады” делінген. 
РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық 
республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Бо-
льшевиктік ұйымдар, Қазақстан жəне Түркістанның Кеңестері 
кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайын-
дала бастады. 1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан 
автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Оның 
құрылуы 1918 ж. сəуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында 
өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде іске асты. Қазіргі 
Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария жəне Жетісу об-
лыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 
ж. қаңтарда кеңестердің 3 — Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған 
“Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларация-
сында” өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осы-
лайша, əуелі 1918 ж. 5 қаңтарында Бүкілресейлік құрылтай жиналы-
сы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі шешімімен Қоқанд қаласы 
шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен таратылды. 
Қазақстанның қалған жерінде — Торғай, Орал, Ақмола, Семей облы-
старында  жəне Маңғыстауда  қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға  
дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан əрі жалғастырылды. 
Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық 
қозғалысының жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ 
съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту 
процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мəнінде кеңестік 
мемлекеттікті құру жəне оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. 
Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен 
шешілуімен  келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мы-
нада еді: бірінші — қазақ зиялылары əуел бастан тəуелсіз ұлттық 
автономия құруды жоспарласа, екінші — олар Қазан төңкерісін 
қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз 
орнаған үкімет деп есептеді.  Сондықтан да „Алаш” зиялылары ұлттық 
мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, 
М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов 
құрастырған бағдарламаның жобасы “Қазақ” газетінің 1917 ж. 
21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он 
тармақтан тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда 
“Алаш” партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті жəне 1917 
ж. 5—12  желтоқсанда  Орынборда өткен  Екінші жалпықазақтық  
съезде  қазақ халқының  əртүрлі  топтарының  өкілдерін  біріктірді. 
Төралқа төрағасы  Бақтыгерей Құлманов жəне орынбасарлары 
Əлихан Бөкейханов, Əзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов жəне 
Омар Қарашев  басқарған съезд Қазан төңкерісіне  байланысты тез 
өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы “Алаш” партиясының міндеттерін, 
қазақ автономиясын құру жəне оның үкіметін қалыптастыру 
мəселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды. 
Съезде  қазақ автономиясы  құрамына Бөкей ордасы, Орал, 
Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары жəне Закаспий облысы 

214
215
мен Алтай губерниясының  қазақтар мекендеген  аудандары ену-
ге  тиіс  деп  шешті.  Съезд  Уақытша    үкімет    құлатылғаннан  кейін 
қалалар  мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер 
туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын 
атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу 
мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған 
Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде 
шешім қабылдап жəне бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз 
осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің əмірін екі 
қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милиция-
сын құру жоспарын жасады. Оның əрбір облыс бойынша белгілі бір 
сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары 
белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық 
əкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге 
асыруға тиіс болды. 
Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс 
ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер 
жүргізіп, ұлттық автономия мəселесін шешуді қолға алды. Осы 
мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен 
Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мəскеуге барып,  
Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен жəне Ұлт 
істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 
1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын 
табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурыз-
да Семейдегі Ə.Бөкейханов жəне Х. Ғаббасовпен телефон арқылы 
сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мəртебесі туралы бол-
ды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” 
газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: 
“Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары 
шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мəселесі тақырыбын кеңес 
өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі 
осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып 
отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға 
сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы 
өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші 
советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Со-
веттер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қабылданды. Бұған 
қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, сал-
ты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, фе-
дерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін 
жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу ке-
рек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, 
ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, əлгідей 
комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды  
Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,— деген 
мазмұнда болды. 
Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нəрсе оның жалпы қазақ-
қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы дек-
ларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік 
Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын 
білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашор-
даның Кеңес өкіметін мойындайтындығын мəлімдеуі болатын. 
И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес 
өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа 
шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. 
Сонымен бірге автономия алу мəселесі орталықта шешілетіндігін 
ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырға-
нымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға 
қатысты өз шешімдерін мəлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 
жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын 
басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы 
айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы 
халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі  өз шарт-
тарын білдіріп: “Желтоқсанның  5-нен 13-іне дейін Орынборда болған 
жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш 
автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының 
құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, 
Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, 
Самарқанд облысының Жизақ уезі, Əмудария əнделі (бөлімі), Алтай 
губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі 
қазақтар мекендеген аудандар енуге тиіс-тін, Алаш автономиясын-
да заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, 
Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында 
болуға Алашорда мүшелері Халел һəм Жаһанша Досмұхамедовтар 
жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойын-
ша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз 
босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-
сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті.
Өкінішке орай, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары 
Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жау-

216
217
ап бермеді. Себебі, алашордалықтардың автономия құру жөніндегі 
талаптары Кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт 
мəселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде 
қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар 
болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да  1918 жылдың 28 
наурызында Мəскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин жəне 
мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жедел-
хат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру 
үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі Кеңес 
өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті. 
Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына 
Мəскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел жəне Жаһанша 
Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің 
тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы 
облыстық кеңестерге əмір бергендігі жəне Алашорда өкіметінің 
қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уəде еткендігі айтыл-
ды. Жеделхатта Ұлт істері  жөніндегі халық комиссариаты жанынан 
қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін 
сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырда-
рия” газетінде жарияланған осындай мəліметтер шындыққа жана-
сады. Оған дəлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері 
жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура теле-
граф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 
жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын 
келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет 
өкіметінің декларациясының идеяларына сəйкес қазақ халқының 
өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. 
Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын 
талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған 
қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы 
ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған 
қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашор-
да Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай 
съезін шақыруға əрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге 
телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мəлімдеп, 
сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет 
алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылай-
ша Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтердің Мəскеуге Кеңес 
үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы  Сталин-
мен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық 
негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік 
негіздегі  автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы 
Кеңес үкіметінің бұл мəселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу 
принципі социализм үшін күрес құралы болу керек жəне социализм 
мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,— дегенге сайды. Кеңес өкіметінің 
мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин 
мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. 
Мəселен, Ақмола Кеңесі Мəскеуден келіссөздер жүргізу нəтижесінде 
орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес 
билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сəйкес пат-
ша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. 
Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайында-
ла берсін”,— делінген. 
Əйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де, 
талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 
1918 жылдың 1 сəуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт 
істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап,  қазақ халқының 
ұлттық  тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада 
ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай 
талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың  Кеңес 
үкіметі  шеңберінде  біртұтас  ұлттық  мемлекет  құруға  талпынысы 
нəтижесіз аяқталды. Большевиктер  Алаш партиясына  ұлттық бур-
жуазия  мен    феодалдық    топтардың  таптық  мүддесін  қорғайтын, 
пролетарлық революция  жолындағы  кедергі есебінде қарады. 
Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөз-
дердің нəтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі 
Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік 
партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл 
негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның 
саяси көзқарасы мен практикалық іс-əрекеті 1917 жылдың күзінен 
1918  жылдың  басына  дейін  елеулі  түрде  өзгерді.  Əуелгі  кезде 
«үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу 
бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін 
жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып 
кетеді. 1918 жылдың  бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктер-
мен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті. 

218
219
2. Азамат соғысы жəне социалистік  құрылыстың басталуы
Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол 
себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дəл 
шекара болған емес. Кеңес үкіметінің белсенді əрекеттеріне 
 
қарамастан, Қазақстанда азамат соғысының ошақтары өте тез пай-
да болды: 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың  
басшылығымен ақ гвардия əскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін 
шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак əскерлері  
кеңесінің “əскери үкіметі” жəне революцияға қарсы ошақ Оралда да 
құрылды. Құрылған облыстық əскери үкімет көп ұзамай   жергілікті  
кеңесті таратып,  өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда жəне Орал 
қалаларында ақгвардия диктатурасы орнатылды. Бұл үш “əскери 
үкімет” Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші 
болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село ша-
руаларына сүйенді жəне меньшевиктер  мен “Алаш” партиясының 
жетекшілерінен қолдау тапты. 
Жоғарыда атап көрсеткендей 1918 жылдың көктемінде кеңестік 
билік тарапынан түсінушілік пен қолдау табудан күдер үзген Ала-
шорда,  енді  большевиктерге  қарсы  ымырасыз    күрес  жүргізуге 
ұйғарып, Сібір Уақытша үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік Құрыл-
тай жиналысы мүшелерінің (Комуч) Самар комитеті қолдауына 
сүйеніп,  Алаш  автономиясын  жүзеге  асыруға  кірісті.  Сөйтіп,  аза-
мат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар ақтармен 
одақтасып,  қызылдарға  қарсы  соғысты.  1918  ж.  шілде  мен  тамы-
зында Ə.Бөкейханов, Ə.Ермеков пен əскери бөлім меңгерушісі ка-
питан Қ.Тоқтамысов Самар мен Омбыда Комуч пен Сібір уақытша 
үкіметтері əскери ведомстволары өкілдерімен кездесіп, Алаш 
орданың қарулы күштерін құру жөнінде келіссөздер жүргізді. 
Алашорда Батыс бөлімінің басшылары Халел мен Жаһанша 
Досмұхамедовтар Комуч арқылы Самарадан 600 винтовка мен 
пулемет алды жəне таяу уақытта 2000 адамнан қазақ отрядтарын 
ұйымдастыруға уəде береді. Торғай тобына 300 берданка мылтығы, 
20000 патрон, əскери киім-кешек бөлінді. Дутовтың көмегімен екі 
атты полк: біріншісі — Қостанайда, екіншісі — Ырғызда құрыла ба-
стады. 1918 жылы тамызда Семей қаласында құрамында 38 офицері 
мен 750 жауынгері бар Бірінші Алаш атты əскер полкі ұйымдас-
тырылды. Ақ гвардияшылардың көмегімен асығыс үйретілген 
Алаш отрядтары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы шайқастарға 
қатысты.
1918  ж.  жазында  азамат  соғысы  өршіп,  кең  етек  алды.  Ақ 
гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің 
белсенділік көрсетуіне орай ең басты пəрменді күш — Сібір мен 
Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік 
шығаруына байланысты əскери қақтығыстар күшейе түсті.  Бұл кор-
пус революцияға дейін Австро-венгрияның тұтқын солдаттарынан 
— чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді.  Осы корпустың 
бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, 
Ақмола, Петропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды.
Мамыр айының аяғында В.В. Куйбышев В.И.Лениннен 
Орынбордағы Дутов авантюрасының тамырын жою туралы көмек 
сұрады, олай болмаған күнде Торғай мекенінің 12 мың тұрғыны 
аштан қырылатындығы туралы ескерткен еді. Осыған орай облысқа 
əскери көмек көрсетіліп, Қызыл Армияның  бөлімдері құрылды, 
кейін бұл бөлім Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Ақ 
гвардиялықтар негізінен Орынбор жəне Илецкі аудандарында 
Дутовтың  басшылығымен əрекет етіп, олар Ташкент пен Самара-
ны Орталықтан бөліп тастады. 1918 ж. 2 шілдеде Дутов басқарған 
əскер Орынборды екінші рет басып алды да, Түркістанды орталық 
Ресейден бөліп тастады. Қызыл Армия бөлімі (10 мың адамға жуық) 
Орынбор қаласын тастап 2 топқа бөлінді. В.Г. Блюхер жəне Н. Ка-
ширин отрядтары солтүстікке кетіп, Шығыс майданның негізін 
құрды. Басқа бөлімдер Ақтөбе жəне Орск қалаларына шегініп, 1918 
жылы шілде айында Г.В. Зиновьевтің басшылығындағы бір армияға 
бірікті. Қызыл Армия күштері қанды қақтығыстар жүргізіп Орскіні 
ұстап тұрды.
1918 ж. күзінде, яғни қазан айында Каспийге ағылшындардың 
келуіне байланысты  Ақтөбе майданында қиын жағдай қалыптасты. 
Жоспар бойынша, ағылшындарға Қазақстан мен Орта Азия-
ны ішкі контрреволюциялық күштер арқылы бір уақытта ба-
сып алу ұсынылды. “Орынбор тетігі” яғни стратегиялық  негізгі 
темір жол қиылысы большевиктер өкіметін кəдімгідей ойландыр-
ды, сондықтан В.И.Лениннің нұсқауымен 1918 ж. Ə.Жангелдин 
басқарған 600 адамнан тұратын Балтық матростарының отряды 
қосылған  əскери экспедиция орталықтан бөлініп қалып, көптеген 
қиыншылықтарды  көре  жүріп,    7  ай  көлемінде  Ақтөбе  майданы-
на қару-жарақ пен оқ-дəрі жеткізді. Мəскеуден Ақтөбе майданына 
ақша қаражаты мен оқ-дəрі, қару-жарақ тасымалдау үшін құрылған 
əскери экспедиция құрамына Австро-Венгрия мен Германияның 
бұрынғы тұтқындарынан құралған 150 шетел интернационалдары  

220
221
да өз еркімен кірді. Сөйтіп, негізгі күш Орынборға жұмылдырылды, 
себебі қаланы қалайда басып алу Түркістанды Дутовтан қорғау 
мүмкіндігін туғызды.
Орынборды алу операциясына Ақтөбе майданының əскерлері мен  
Шығыс майданының əскерлері қатысты. 1918 ж. 29 желтоқсанда ауа 
райының қиындығына қарамастан шабуыл басталды, Дутов ақ гвар-
дияшылары екі майданның  əскерлерінің қысымынан жеңіліп, толық  
талқандалды.  1919 ж. 22- қаңтарында Орынбор қаласы  алынып,  
Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты 
қалпына келтірді. Осымен Ақтөбе майданының тарихтағы 1- кезеңі 
аяқталды (1918 шілде — 1919 қаңтар).
1918 ж. күзінде ақ гвардияшылар Жетісудағы Саратов, Покров-
ское, Покатимовское жерлеріне белсенді шабуылдап, Қызыл Армия 
қарулы күштерінің қарсылығына қарамастан Сергиополь, Үржар, 
Сарқант  жəне  т.б.  жерлерге  бекінді.  Сөйтіп,  Солтүстік    Жетісу  
майданы  құрылды. 1918 ж. аяғында Жетісу майданында  10 мың 
қызылармияшылармен біріктірілген Черкасск  партизан күштері ор-
наласты. 
1918 ж. наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласында Кеңес 
билігіне шабуылдап, облыстық атқару комитетінің мүшелерін 
қамап, соңынан оларды өлтірді. Алашорданың  Батыс бөлімімен 
бірлесіп əрекет еткен Дутов бөлімдері Орал-Гурьев ауданында гене-
рал Толстов басқарған ақтардың негізгі күштерімен бірікті. 1918 ж. 
күзінде Орал ақтарымен күресу үшін ”Ерекше армия (кейінгі шығыс 
майданының төртінші армиясы) құрылды. Жыл бойы Шығыс 
майданындағы Колчак əскерлерінің шешуші жеңісіне дейін Орал 
аймағы  қолдан-қолға өтті. Орал облысында “Бірінші ерекше атты 
əскер” бригадасы құрылып, кейін Қызыл армияның 4-армиясының 
құрамына  кірді.  4-  Армияның  қолбасшысы  болып  М.В.Фрунзе 
тағайындалды. Оралды босату операциясына В.И.Чапаев басқарған 
2- Николаев дивизиясы жəне 4- армияның бөлімдері қатысты. 1919 
ж. 24- қаңтарда қала босатылды. Сөйтіп большевиктер үшін азамат 
соғысының алғашқы кезеңі сəтті аяқталды.
1919 ж. көктемде Колчактың шабуылдауына байланысты Шығыс 
майданында  жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Колчак армия-
сы Орынбор мен Оралды алғаннан кейін Оңтүстік майдандағы Де-
никинге қосылу қажет болды. Сондықтан бұл аудандағы əскери 
қимылдар М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майданының Оңтүстік 
əскери бөліміне тапсырылды. Шығыс майдандағы туған шиеленіс 
Батыс Қазақстандағы жағдайды да қиындатып жіберді. Осылай-
ша Орынбор шығыстан, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 100-120 
шақырымда Колчак армиясымен қоршауға алынып, қаладағы 
1- Дутовтың орынбор казак корпусы жəне 2-  корпусы шабуыл-
дап, əскери қимылдар қайта басталып, 1919 ж. сəуірдің бас кезінде 
Ақтөбеге шабуыл жасауға кірісті. Ақтөбедегі жұмысшы отрядтары 
əскер күшін жабдықтай алмауынан 1919 ж. сəуірде қала тасталынып, 
қызыл гвардияшылар Қандыағаш станциясына шегініп, жергілікті 
тұрғындардан жаңа əскери күш жинақталып, оңтүстік Ақтөбе  май-
даны  құрылды.  Ақтөбе  майданы  Түркістанның  болашағы  үшін 
стратегиялық негізгі нүкте болды.
Партиялық ұйымдар “Бəріміз Колчакқа қарсы күреске” деген 
ұранмен жұмысшылар, шаруалар, теміржолшыларды мобилизация-
лап, соғысқа аттандырды. Ақтөбе майданына Түркістан майданынан 
жүздеген ұлт өкілдері бар армия келіп қосылды. Майдан Түркістан 
АКСР-іне бағындырылды. Майдан құрамына  Колузаевтың отряды 
(1105 адам), Қостанай партизан отряды (750 адам) қосылды. Май-
данды басқарған Колузаевтың  Ембі ауданы жəне Темірде жүргізген  
əскери қимылдары сəтсіз өтті. Сондықтан да Түркістан АКСР-нің 
революциялық-əскери советі Колузаевты майдан қолбасшысы 
қызметінен алды. Ақтөбе майданы əскерлерінің қолбасшысы болып 
А.И.Астраханцевті, ал комиссары етіп И.Ф.Казаринды тағайындады. 
П.Кобозев басқарған ТүрЦИК комиссиясы мен Жиляев арасындағы 
əскери келіспеушілік нəтижесі майдандағы жағдайды қиындата 
түсті. 1919 ж. шілде аяғында шабуылға шыққан ақ гвардияшылар 
кеңес əскерлерін ескі Арал теңізіне шегіндірді. Бұл кезде Шығыс 
майданының əскери бөлімдері Түркістанға көмекке келді.
М.В.Фрунзенің ұсынысымен оңтүстік əскери топ Түркістан май-
даны болып бөлінді, олардың алдында: Орал мен Орынборды бо-
сату жəне Түркістанға экспедиция жіберу мақсаты тұрды. 1919 ж. 
30 тамызы мен 1 қыркүйекте қарсыластар Ақтөбе  майданына ша-
буыл  бастады. 1919 ж. қыркүйегінде Түркістан, Ақтөбе майданда-
ры Мұғалжар станциясында бірікті. Оңтүстік Колчак армиясының 
негізгі күші талқандалып, Түркістанға жол ашылды. 
Қазақстанның ақ гвардияшылар басып алған жерлерінде, олардың 
жіберген қателіктерінің салдарынан, партизан қозғалыстары мен 
халық көтерілістері де кеңінен өріс алды. Партизан қозғалысының 
ірі ошағы — Қостанай уезі болды. Партизан қозғалыстары  Ақмола, 
Семей, Жетісу облыстарында, Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен 
Зайсан уездерінде, əсіресе Зырян, Катон-Қарағай, Шыңғыстау, Ше-
монайха болыстарында кең қанат жайды. Партизан отрядтарының 

222
223
негізін құраған шаруалар Қазақстанның барлық уездеріндегі 
большевиктік ұйымдарды құруда да ерекше рөл атқарды. 1919 ж. 
көктемінде Шығыс жəне Ақтөбе майданының жақындауына байла-
нысты партизандар қозғалысының белсенділігі күшейді. Шаруалар 
жергілікті ақ гвардияшыларды қамауға алып, əскери революциялық 
комитеттер сайлап, көптеген жаңа отрядтар жинақтады. Мəселен,  
Бурабай поселкесінде 1270 адамдық отряд құрылды. Шаруалар 
көтерілісін əскери-революциялық штаб басқарып, сəуірде Қостанай 
қаласы алынды. Қостанайға ақ гвардияшылардың ірі əскери күштері 
мен 32- Донецк полкі аттандырылды. Кескілескен ұрыстардың 
нəтижесіне партизан отрядтарының əскери дайындығының нашар-
лығы  əсер  етсе,    оның  үстіне  қостанайлықтардың  Ақтөбе  майда-
нына қосылуына “Алаш Орда” кедергі жасады. Партизан отряды  
Торғайға қарай аттанып, Торғай атты əскер отрядымен бірігуге 
тырысты, себебі Ақтөбе қаласын Дутовшылардан қорғау үшін 
қосымша əскери күш қажет еді. 1919 ж. А.Иманов Торғайдағы гар-
низондар мен əскери  ұйымдарды көшіру туралы бұйрық берді. Осы 
уақытта Қостанайлық партизандар штабы бастығының көмекшісі 
Л.Таранның отряды қалаға жақындайды. А.Иманов жəне Л.Таранды 
жолдастарымен Алашордашылар тұтқындап, бір айдан кейін жа-
залады. Тірі қалған Қостанай партизандары Ақтөбе майданының 
құрамына енгізілді. Нəтижесінде Қостанайлық партизан отряды 
Ақтөбе майданының үлгілі 4-Долбушев жаяу əскер полкіне айнал-
ды. 
Сондай-ақ, Азамат соғысы тарихындағы партизан қозғалысының 
ірі ошақтарының  бірі — Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен 
Алтайдың “Тау қырандары” отрядтарының қозғалысы Қазақстан-
дағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. 1919 ж. жазында 
Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйреуі ба-
тыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге 
жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі аумағы Дутов 
пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып,  22 
наурызда кеңес əскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станция-
сын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты 
станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған 
Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман 
Анненков жəне Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын 
Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы май-
дан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан 
қалпына келтірілді. 
Сонымен, 1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар 
ақтарды талқандап, жеңіске жетті. Азамат соғысы жылдарындағы 
қызылдардың жеңісінің себептері: біріншіден, Кеңес өкіметіне 
қарсы күштер ұйымдасып, бірлесіп қимыл жасай алмады; екіншіден, 
ақ гвардияшылар өкіметі орнаған жерлерде бұқара халыққа қарсы 
бағытталған шаралар жүзеге асырылып, оған керісінше Кеңес 
өкіметі тарапынан ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының сөз жүзінде 
болса да мойындалуы; үшіншіден, Кеңес өкіметінің орта шаруалар-
мен одақ құруы жəне 1919 жылы шілдеде Казревком құрылғанда 
қазақтардың жерге мұқтаждығын өтеу жөнінде сөз болып, 
Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату мəселесі қойылды. Түбірлі 
революцияық сипатта болмағанмен бұл шаралар большевиктерге 
азамат соғысы кезінде ақтар мен қызылдар арасында ауытқыған 
қазақтардың көмегіне сүйенуге жағдай жасады; төртіншіден, 1919 
жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашорда-
шылар қызылдар жағына шықты. Себебі, олардың Колчактық орыс 
шовинистік көзқарастарынан үміттері үзілді. Ақтар билеушілері 
қазақ халқына  ұлттық автономия бергісі келмеді, тіпті, өздерінің 
қолдап жүрген Алашорда үкіметін де мойындамады. Сібірдегі 
уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан — 4 қарашадағы 
грамотасымен Алашорда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді.   
Сонымен қатар, Сібір үкіметі Алаш автономиясын қазақтың 
аумақтық мемлекеттігі деп танудан бас тартты. Оған қоса, 1919 
жылы жазға қарай ақтар Сібірде жеңіліске ұшырады. 
Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолда-
рын іздеуге мəжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес 
үкіметімен  ымыраға  келу  жолдарын  қарастырды.  1919  ж.  басын-
да Алашордалықтар Кеңес үкіметімен арадағы келіссөздерін 
қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда атынан емес, 
А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді. 
А.Байтұрсынов ең əуелі Ə. Жангелдинмен, одан кейін Мəскеуде Ста-
линмен келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік 
Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жа-
риялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның 
жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. 
Желтоқсан айында Ə.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс 
бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады. 
Азамат соғысы шет аймақтар  халықтарының ұлттық мемлекеттігі 
туралы идеясымен санаспауға болмайтынын большевиктерге тағы 
да көрсетті. Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын 

224
225
құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-
нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сəйкес, ҚазАКСР-н құруға 
дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі  халық ко-
миссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган — қырғыз (қазақ) 
бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл 
жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ 
республикасының автономиясы жарияланғанша  өлкені əскери-
əкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10- шілдеде РКСФР Халық Комис-
сарлар Кеңесінің  төрағасы  В.И. Лениннің қол қоюымен “Қырғыз 
(қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы 
уақытша ереже”  жарияланды.
Ереженің 3- бабына сəйкес, Қазақ автономиялы республикасының 
аумағы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі жəне Орталық 
Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына 
“…Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола жəне Семей 
облыстарының территориялары қарайды”  делінген.
Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға), 
А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ə.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Мең-
дешев, Б.Қаратаев кірді. Əртүрлі уақытта Қазақ ревкомының 
мүшесі болып: Ə.Əйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдиев, Ғ.Əлібеков, 
Б.Қаралдин еңбек етті. Əйтсе де Алашордалықтардың Кеңес үкі-
метінің жағына шығуы оңай болмады. Алашордаға жасалған 
кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік ұзақ 
уақытқа сақталды. Ал Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір 
өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау ретінде қарады. Мəселен, 
1920 ж. Қазақ партия бюросының есебінде былай деп жазылды: 
„Бұрынғы алашордалықтардан  тұратын  қырғыз  зиялыларының  
3/4-і буржуазиялық-шовинистер”. Сондай-ақ, кешірім жасалғанға 
қарамастан Алашорда жетекшілері саяси тұрғыда оқшаулануға тиіс 
болды. Қазревкомның 1920 жылғы 5 наурыздағы “Алашорданың 
батыс бөлімін тарату туралы” қаулысында “Ұлттық Алашорда 
үкіметінің батыс бөлімінің жауапты жетекшілері қырғыз өлкесінде 
Кеңес үкіметі толық негізде орныққанша халық бұқарасынан 
оқшауландырылсын…” — деп ашып айтылды. Одан əрі аталған 
қаулыда былай делінді: “Қырғыз халқының Кеңес үкіметіне іш тар-
татын бөлігі мен қоныс аударушылардың Алашорданың белсенді 
қызметкерлеріне өшпенділікпен қарайтындықтары ескеріле оты-
рып, олар ревком мүшелігіне жəне басқа да жауапты кеңес қызметіне 
ұсынылмайтын болсын”. Ақырында жоғарыда көрсеткеніміздей 
Қазревкомның 1920 ж. 5 наурыздағы қаулысына сəйкес Алашорда 
таратылды.
Осылайша біртұтас тəуелсіз ұлттық мемлекетті құруға талпын-
ған қазақ зиялыларының пəрменді əрекеті нəтижесіз аяқталды. 
Кеңес үкіметі мойындамаған Қазақ Ұлттық Автономиясы қазақ 
зиялыларының өркениетке, тəуелсіздікке қол созған əрекеттері 
ретінде тарихта ғана қалды.                                    
Қазревком Қазақстанда əскери-азаматтық билікті қолға алып, 
кеңестердің бүкілқазақстандық 1- съезін шақыруды ұйымдастыру, 
Қазақ автономиясы туралы ереже жобасын дайындап, съезд 
талқысына ұсыну, РКФСР, Түркістан Кеңестік Республикасы жəне 
Қазақ өлкесі арасындағы қарым-қатынастарды реттеу,  қазақтың 
байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес 
мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін өз 
қолына алды. 
Алғашқы күннен Қазревком əрекет-қимылда жүрген армияны  
азық-түлікпен жабдықтау, астықты жəне басқа тамақ өнімдерін 
Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу, яғни “соғыс коммунизм” 
саясатының басты мəселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың 
мəні — өнеркəсіпті жаппай национализациялау, басшылықты 
орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бəрін бөлу, 
азық-түлік салғыртын, карточкалық жабдықтау жүйесін, жалпыға 
бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы төлеуді 
енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды. 
Осының ішінде еңбекші халық əсіресе,  шаруалар үшін ең ауыры  
азық-түлік салғырты болды. 1919 жылы қаңтарда астықты дайындау 
мен бөлу монополиясына азық-түлік салғырты қосылды. Өлкенің 
адам жəне материал ресурстарын жұмылдыру экономикалық əдіске 
жатпайтын күштеу əдістерімен жүргізілді. Кеңес үкіметі қала халқын 
жəне соғысып жатқан қызыл əскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету 
үшін астық өнімдерін, мал-мүліктерін қаруланған азық-түлік отряд-
тарын жіберіп,  халықтан күшпен тартып алып отырды. Сонымен 
қатар, “əскери коммунизм” саясаты өлкеде жергілікті бюджеттерді 
жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосудан, біртұтас 
қазына құрудан, ұсақ жəне майда өнеркəсіпті мемлекет меншігіне 
алудан көрінді. 
1920 ж. тамызында Мəскеу қаласында қазақ əскери төңкеріс ко-
митеті жəне Түркістан майданының əскери-төңкеріс кеңесі, РКП(б) 
Түркістан өлкелік комитетінің партия жəне кеңестік ұйымдардың 
өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мəжілістер 
өткізді. Соңғы мəжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нəти-
жесінде  1920  ж.  17  тамызында  РКФСР  Халық  Комиссарлары  Ке-         

226
227
ңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап 
қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин қол қойған БОАК 
жəне РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында 
болатын “Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын 
құру туралы” тарихи Декреті жарияланды. 1920 ж. 4—12 қазанында 
Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, 
Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы 
еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Дек-
ларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-
нің  құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, ша-
руалар, қызыл əскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы 
ретінде бекітті. С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін 
(ОАК) жəне В.Радус-Зеньковичті бас етіп Халық комиссарлары 
Кеңесін (ХКК) сайлады.
1920 жылдың көктемінен Қазақстан жерінде азамат соғысы 
жылдарында  өлкенің жаудан азат етілген  аудандарында  ақ 
гвардиялық  аппараттар    жойылып,  кеңестік  мемлекеттік  орган-
дар ұйымдастырылып жатты.  Революциялық комитеттер азат 
етілген аумақтарда халық шаруашылығын қалпына келтіру, эко-
номиканы көтеру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстарын 
жүргізді. 1920 жылдың көктемінде партияның ІХ съезі болды, 
съезд бейбіт тыныс алудың мүмкіндіктеріне сүйене отырып, 
халық шаруашылығын қалпына келтірудің бірыңғай  жоспарын 
жасап бекітті. 1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің  губернияла-
ры мен уездерінде партия конференциялары өтіп, оларда халық 
шаруашылығын қалпына  келтіру мəселелері талқыланды. Өлкенің 
соғыстан  зардап  шекпеген  жері  кемде-кем  еді.  Қиыншылықтар 
мен ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстан еңбекшілері күйзелу-
шілікке қарсы күресті. Басты шарттардың бірі — отын өндіруді 
арттыру жəне кəсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, 
өнеркəсіп пен транспортты қалпына келтіру болды. Өнеркəсіпке 
отын беру үшін Орал-Ембі мұнай кəсіпшіліктері қалпына келтіріліп, 
Ембі-Атырау мұнай құбыры бірнеше шақырымға тартылды. 1920 
жылғы наурыз-маусым айларында Ембі мұнай кəсіпшіліктерінен 
көліктің барлық мүмкіндіктерімен жəне су жолы арқылы 17452 пұт 
мұнай тасылды. Қарағанды  мен Екібастұздың шахталары қалпына 
келтіріліп, 1920 жылы Қарағанды мен Екібастұздың  шахтерлары 
3 млн. пұттан астам көмір өндірді. Екібастұз зауытында, Риддер 
кенішінде қорғасын концентраттарының қорынан қорғасын қорыту 
жұмысы жолға қойылды. Семей жəне Ақмола губернияларының 
кəсіпшіліктерінде  жыл ішінде 8,5 млн. пұт тұз өндірілді. Оралда, 
Қостанайда, Семейде, Ақмолада электр станциялары жұмыс істей 
бастады. 
Жылдың аяғына қарай республикадағы 59 электр станциясының 
45-і қалпына келтіріліп, пайдаланылуға берілді. Шаруалар ша-
руашылығын  шойын жəне мыс құймамен, арбаға арналған металл 
бұйымдары мен ауылшаруашылық құрал-саймандармен қамта-
масыз ететін металл өңдейтін 6 зауыт іске қосылды.  
Тамақ, жеңіл жəне қолөнер кəсіпорындары қалпына келтіріліп 
жатты. Губерния орталықтарының бəрінде диірмендер, былғары, 
тері, сабын қайнату, кірпіш зауыттары, аяқ-киім, ер-тұрман 
шығаратын шеберханалардың жұмысы қайта басталды. Жергілікті 
өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол транспортын 
қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлді. 1920 жылдың жазына 
қарай негізгі магистральдарда көпірлер, жол шаруашылығы, бай-
ланыс желілері қалпына келтірілді. 1920 жылдың аяғына таман ре-
спублика өнеркəсібінде 162 кəсіпорын жұмыс істеді. Қазақстанды 
қалпына келтіру дəуірінің басында 1500-ге тарта ұсақ мемлекеттік 
өнеркəсіп кəсіпорындары болса, бұлардан тек қана ондаған зауыт-
фабрика, кеніш, шахта, мұнай кəсіпшілігі, көміркен орындары ғана 
жұмыс істеді. Өнеркəсіп халық қажеттерін  қанағаттандыра алма-
ды.    Еңбек  өнімділігі    өте-мөте  төмен  болды,    шикізат  пен  отын 
жетіспеді. Азық-түлік өнеркəсіп тапшылығы  қатты байқалды. 
Қазақстанның кеңес органдары совхоздар, артельдер,  жерді 
бірлесіп өңдеу серіктестіктерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыс-
тарды қиыншылықтарға қарамастан жалғастыра берді. 1920 
 
 
жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу облысын қосқанда 
1039 коллективтік  шаруашылық болды. Сол жылдары алғашқы 
ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда бол-
ды. 1920 жылдың аяғында (Жетісу мен Оңтүстік облыстарды 
 
қоспағанда) 939 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, 28 
жерді бірлесіп өңдейтін серіктестік (ТОЗ), 348 тұтыну қоғамы жұмыс 
істеді.  Бірақ бұлардың  бəрі əлсіз болып, оларда құрал-сайман, күш-
көлік, тұқымдық астық, айналым қаржы жетіспеді. 
Азамат соғысының қиын-қыстау жылдарында кеңес органдары 
жергілікті жерлерде мəдени  құрылысты да жүргізіп,  саяси үгіт 
қатаң  нысаналы  сипатта  болды.  1919  жылы  сəуірде  уездік  жəне 
губерниялық  Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мəдени-ағарту 
ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар, сауатсыздықты 
жою мектептері жұмыс істеді.  Сол жылдары республикада  199 

228
229
көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, 
үгіт  қызыл керуендерін, ал темір жол бойында — үгіт вагондарын 
ұйымдастырды. 
Қорыта келгенде, Қазақстанда Кеңес үкіметі негізінен жəне 
көпшілігінде күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің  
мəнін, Ленин бастаған  большевиктер партиясының бағдарламасын 
түсінген    де  жоқ,    қабылдаған  да  жоқ.    Əлеуметтік  революцияға  
Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын. Орта Азия мен 
Қазақстанның жергілікті  халықтары үшін Қазан революциясының 
мəн-мағынасы орыс үстемдігі жойылып,  тартылып алынған  жер-
суымыз  өзімізге  қайтарылады деген үмітке ғана сайды. 
12-тақырып
ҚАЗАҚСТАН  КЕҢЕСТІК  ТОТАЛИТАРЛЫҚ 
ЖҮЙЕНІҢ  ҚАЛЫПТАСЫП  НЫҒАЮ  
КЕЗЕҢІНДЕ (1921—1939 жж.)
Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында
• 
Қазақстандағы индустрияландыру саясаты жəне оның 
• 
қайшылықтары
Қазақстанда ауыл шаруашылығын   ұжымдастыру
• 
Қоғамдық-саяси өмір
• 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет