Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы



жүктеу 1.99 Mb.
Pdf просмотр
бет1/29
Дата03.01.2017
өлшемі1.99 Mb.
түріЛекция
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

1
ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ
Лекциялар курсы
Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының 
докторы, профессор Қ. С. Қаражан
 
Алматы
2009

2
3
УДК 94(574)
ББК 63.3(5Қаз)я73
Қ 18
Баспаға əл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің
Ғылыми кеңесі жəне Редакциялық-баспа кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:
тарих ғылымдарының докторы, профессор  Қ. М. Атабаев
тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Ж. Əбдіров
Авторлар ұжымы:
Қ. С. Қаражан,  Ж. Əбсеметова, Ф. А. Қозыбақова,  Т. Мекебаев,
С. С. Саржанова, С. Смағұлов,  Ш. Б. Тілеубаев.
Қ 18    Қазақстан тарихы: Лекциялар курсы. 
            Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, 
            профессор Қ. С. Қаражан.— Алматы: Нұр-пресс,  2009.— 376 б.  
ISBN 9965-813-69-8
Тарих емес факультеттердің студенттеріне арналған Қазақстан 
тарихының ежелгі дəуірінен қазіргі заманға дейінгі аралықты қамтитын 
лекциялар курсын кредиттік оқыту жүйесінің талаптарына сай əл-Фараби 
атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің Қазақстанның 
жаңа жəне қазіргі заман тарихы кафедрасының ұжымы дайындаған. Ав-
торлар ұжымы қасіретті, күрделі жəне ұлы оқиғаларға толы көне дəуірден 
бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның тарихи тəжірибесін қарастырады. 
Оқу  құралы  жаңа  деректер  негізінде  құрастырылған.  Оқулық  мазмұны 
проблемалық тұрғыдан баяндалып, Қазақстанның өткені мен бүгінгі 
құбылыстарын объективті түрде көрсетуге бағытталған. Лекциялар курсы 
жоғары жəне орта арнайы оқу орындары, жалпы білім беретін мектептердің 
жоғары сынып оқушыларына арналған.
Қ 
                                                                              © Авторлық ұжым, 2009. 
ISBN 9965-813-69-8                                           © Нұр-пресс, 2009. 
          
КІРІСПЕ
Кейінгі жылдары Қазақстан тарихы бойынша біршама оқу-
лықтар жарық көрсе де, еліміздің тарихының əлі де болса, жете қа-
растыратын қалтарыстары баршылық. Бұл лекциялар курсы бұрын 
сыңаржақ  қарастырылып  келген  тарихи  оқиғаларға  жаңаша  баға 
берумен қатар, Қазақстан тарихының кезінде жазуға тыйым салған 
“ақтаңдақ” беттерін де тарих оқулығына қойылатын бүгінгі биік та-
лаптар тұрғысынан саралаған. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздың 
аса ауыр тұстары кеңестік əкімшіл-əміршіл кезеңмен сəйкес 
келеді. Ұсынылып отырған лекциялар курсы міне, осы кезеңнің 
қайшылықты тұстарының кейбір көлеңкелі, бірақ тарихымызда ұзақ 
жылдар бойы “жабық” болып келген мəселелерін жаңа, егемен елдің 
тарихы тұрғысынан баяндауға құрылған. Кеңестік тоталитарлық 
жүйенің жазықсыз жазалауына ұшыраған халқымыздың көрнекті 
мемлекет, ғылым мен мəдениет қайраткерлерінің еңбегіне лайықты 
баға берілген. 
Болашаққа тағылым болу үшін өткен жолымызды зерделегеніміз 
абзал. Ол үшін бүгінгі ұрпақ ата-тек сабақтастығын қаз-қалпында, 
кəусар күйінде білуге тиіс, тек қана шындық айтылуы керек. 
Міне, осы тұрғыдан алғанда бұл лекциялар курсы бүгінгі күннің 
талаптарына жауап береді. Себебі, онда өткен тарихтың өзекті 
мəселелері көтеріліп, олар бар мүмкіндігінше толық та жан-жақты 
қамтылған. Лекциялар курсында Қазақстанның ежелгі заманнан 
бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы жоғары оқу орындарының 
тарих емес мамандықтарының студенттеріне кредиттік оқу 
жүйесіне сай типтік бағдарлама көлемінде баяндалады. Əсіресе, 
тəуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның нарықтық қатынастарға 
көшу жағдайлары, оның негізгі кезеңдері, жаңа экономикалық 
саясатты қалыптастырудағы қиыншылықтар мен қайшылықтар, 
еліміздің əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени дамудағы кейінгі 
жылдардағы қол жеткен табыстары, тəуелсіз Қазақстанның 
əлемдік қауымдастықтағы алып отырған орны мен рөлі Қазақстан 
Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1997 жылдан 
 
 
бергі Қазақстан халқына Жолдаулары жəне т.б. еңбектері пайда-
ланылып, ең соңғы мəліметтер келтіріліп, студенттерге қажетті 
деңгейде жазылған.  
Қазақ халқы өзінің жерін, елін, тəуелсіздігін сақтап қалу жо-
лында талай қуғын-сүргіндерден өтіп, «ат ауыздығымен су кешкен
0503020905
00(05)09

4
5
ер толарсақтан саз кешкен» замандарды өткерген. Қазақтың кең-
байтақ, қазынаға бай жеріне, берекелі еліне сырттан кім көз аларт-
пады дейсіз. Жайылымдық жер, жазиралы алқаптар мен сан тарау 
сауда жолдары үшін болған қақтығыстар үздік-создық жалғаса келе 
ондаған жылдарға созылған соғыстарға айналғаны тарихтан мəлім. 
Солардың бəрінде қазақ халқының «мың өліп, мың тірілгенін», 
тарихи-тағдырдың тұщысынан гөрі ащысын көп татқанын жақсы 
білеміз.
Сан ғасырлық тарихымыздың асыл қазыналары түгел ашыл-
ды, жұмбақтары тұтас шешілді деу асылық болар. Түгенделмеген 
дүниеміз, қалпына келтірілмеген қатпарлы тарихи шындықтарымыз 
əлі  де  қаншама.  Егемен  ел  болып,  еңсе  көтергелі  бері  ғасырлар 
ауқымына жүк боларлық қыруар шаруа атқарылса да рухани 
кемелдікке қол жеткізу үшін алдағы уақытта да тынымсыз ізденіс, 
тыңғылықты зерттеулер бір сəтке толастамайды деп ойлай-
мыз. Қолдарыңызға тиіп отырған осы лекциялар курсында туған 
Отанымыздың  шежіре-баянын жан-жақты жүйелеп, ғылыми-
танымдық тұрғыда оқырман назарына ұсынуға алғашқы қадам 
жасалды. Егер осы оқулық тарихи болмысымызды тануға септігін 
тигізіп жатса, діттеген мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. 
Елімізге қатысты маңызды оқиғалар мен тарихы жөніндегі 
зерттелген, ғылыми-ақпараттық айналымға түскен деректерді 
мүмкіндігінше мол қамтуға тырыстық. Тарих тəжірибесі — 
ұрпақтардың кешегісі мен бүгінгісінің ең сүбелі, нағыз прогресшіл 
қасиеттерін біріне-бірін жалғастыратын өмір эстафетасы. Бүгінде 
Қазақстанның толыққанды тəуелсіз мемлекет болған жағдайында 
тарихымызды білу, қазақ халқы жинақтаған бай тəжірибені игеру, 
жаңа ұрпаққа білім беру мен тəрбиелеуде, олардың белсенді өмірлік 
айқындамасын қалыптастыруда мейлінше маңызды. Тарихқа, тари-
хи бастауларға, тəжірибеге біз қаншама терең үңілсек, қоғамдағы 
қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетін, білетін боламыз. 
Міне, осы тұрғыдан алғанда ұсынылып отырған оқулық 
кеңестік қоғамның тоталитарлық басқару жүйесінің езгісінде 
болған өткен тарихымыздан тағлым алғызып, тарихи шындықты 
бұрмалаудан сақтандырады. Оқу құралында берілген материалдар 
тарихтың  көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі көптеген мəселелерді 
қайта қарастырып, жаңа баға беруге, ақтаңдақ беттерді ақиқат 
шындықтармен толастырып, студенттер мен оқырмандардың 
ой-өрісін кеңейтіп, тарихты бүгінгі күн тұрғысынан зерделеуге 
мүмкіндік беретіндігіне күмəн жоқ. Бұл оқу құралы өткенімізді 
білуге, оны бүгінгі қалыптасқан ойлау жүйесі мен көзқарастар 
тұрғысынан түсінуге, студенттердің ынта-ықыласын бұрынғыдан 
да арттырары сөзсіз.
Ұсынылып отырған лекциялар курсы Қазақстан тарихы бойын-
ша студенттерге оқылып жүрген дəрістер мен семинар сабақтарын 
толықтырып, егеменді еліміздің тарихы бойынша жазылатын жаңа 
оқулықтарға қажетті тың деректер мен мағлұматтар береді деген 
сенімдеміз. Сондай-ақ халқымыздың тарихын жастардың зердесіне 
құйып, оларды осы тарихтың тағлымымен таныстырудың, əсіресе, 
жоғары, орта оқу орындарында оқып жүрген студенттердің тарихи 
санасын бүгінгі талаптар тұрғысынан қалыптастыруда белгілі бір 
үлес қосады деген ойдамыз. Бүгінгі күнде Қазақстан тарихының 
тереңдетіп оқытылуы, мұндай лекциялар курсына студенттердің 
аса зəру екенін көрсетіп отыр. 

6
7
1-тақырып
ЕЖЕЛГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан тас ғасыры дəуірінде
• 
Қазақстан аумағындағы қола дəуірі
• 
1. Қазақстан тас ғасыры дəуірінде
Белгілі бір əлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына 
байланысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Көне 
тарихтың ұзақ уақытты қамтитын маңызды бөлігі археологиялық 
дерек көздері бойынша зерттеледі. Археологияда кезеңдендірудің 
өзіндік əдісі жасалған, оған сəйкес адамзат тарихы тас, қола, темір 
жəне ортағасырлар дəуірлеріне бөлінеді. 
Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы 
ең алғашқы кезеңі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда алғашқы 
қауымдық құрылыстың дамуы барлық жерде бірдей болған. 
Елімізде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстар өткен 
өмірдің даму тарихының алғашқы кезеңдерін ашып, дүние жүзілік 
адам қоғамының зерттелуіне өз үлестерін қосуда. Қазақстан 
жерінде алғашқы адамдардың тастан жасалған құрал-саймандары, 
қоныс-жайлары табылып отыр. Бұл археологиялық ескерткіштер 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын 
дəлелдейді. 
Алғашқы адамдардың өндіргіш күші біріншіден, алғашқы адам-
нан, екінші — оның тас құралынан тұрды. Археология ғылымы 
зерттеуді осы тас құралдардан бастайды. 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыс ескерткіштерінің 
зерттелуінің азды-көпті өзіндік тарихнамасы бар. Қазақстан жерін-
дегі тас құралдар туралы алғашқы деректер ХІХ ғасырдың 50-жыл-
дарынан басталады. 1862 жылы Гурьев облысының Александров 
портынан  пышақ  тəріздес  тас  құралдар  табылса,  ал  1883  жылы 
Абайдың досы Е. П. Михаэлстің тілегі бойынша Семей қаласында 
өлкелік музей ашылып, оның сөрелеріне 80-нен астам тас жебелер, 
тас найзаның ұштары, қырғыштар, пышақ тəріздес тас құралдар, 
тас балталар қойылады.  Тастан жасалған құрал-саймандар, əсіресе, 
ХХ ғасырдың басында Қазақстанның əр жерінен табылып, ол туралы 
баспасөз беттерінде жазыла бастайды. 1895 жылы академик В. В. Бар-
тольдтың бастамасы бойынша Түркістан əуесқой археологтар   қо-
ғамы құрылып, Қазақстан бойынша көне дəуірдің ескерткіштері 
туралы қамқорлық жасап, олар туралы хабар беріп отырған. 
Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың тас құралдарының 
нағыз ғылыми тұрғыда зерттелуі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен 
кейін ғана қолға алына бастады. Кеңес дəуірінің алғашқы кезінде 
қазақ жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыстың ескерткіштерінің 
бетін ашуда С. И. Руденконың еңбегі атап айтарлықтай. Оның жа-
зуы бойынша алғаш рет Қостанай облысындағы Қайранкөл маңынан 
мысты-тас дəуірінің қонысы белгілі болған. Сол сияқты көрнекті 
археолог ғалым М. П. Грязнов, И. В. Синициндер 30-жылдары 
Қарағанды, Батыс Қазақстан жерінен жаңа жəне мысты-тас дəуірінің 
қоныстарын тапқан. 
Жерімізде алғашқы адамдардың құрал-жабдықтарын зерттеуде 
айтарлықтай еңбек сіңірген ғалым академик Ə. Х. Марғұлан бол-
ды. Ғалымның жетекшілігімен жүргізілген Орталық Қазақстан экс-
педициясы Бетпақдаланың орталық бөлігінен бірнеше жерден тас 
дəуірінің қонысын тапқан. Əсіресе, ғалымның басты бір көрнекті 
еңбегі Сарысу бойынан мысты-тас дəуірінің шақпақ тастан құрал жа-
сайтын шеберхананың орнын табуы. Сонымен қатар Ə. Х. Марғұлан 
алғашқы адамдар мекендеген көптеген қоныстар мен үңгірлер тау-
ып, оларға ғылыми сипаттама жазған. 
Елімізде тас дəуірінің нағыз ғылыми тұрғыдан зерттелуі 50-
жылдардың 2- жартысынан басталады. Қазақ Ұлттық акаде-
миясы Ш.Уəлиханов атындағы тарих, археология жəне этногра-
фия институтының ғылыми қызметкері тас дəуірінің маманы 
Х.Алпысбаевтың  жетекшілігімен  1957  жылы  құрылған  «Қаратау 
отрядының» жүргізген жұмысы орасан зор болды. 20 жылдан астам 
мерзімнің ішінде ғалым тас дəуірінің төменгі кезеңінен бастап, 
оның соңғы кезеңіне дейінгі мезгілдерді дəлелдейтін ескерткіш-
терді тапты. Бұл жұмыстың нəтижесі «Оңтүстік Қазақстанның 
төменгі тас дəуірі» атты монография болып жарыққа шықты. Сөй-
тіп, Қазақстандағы алғашқы адамдардың ескерткіштері біршама 
зерттеліп,  игілікті  жұмыс  жолға  қойылды.  ХХ  ғасырдың  80-
жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін палеолит дəуірін зерттеуді 
Ə.  Х.  Марғұлан  атындағы  археология  институты,  сонымен  қатар 
Ж.К.Таймағамбетовтың жетекшілігімен əл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың ғалымдары жүргізіп келеді. Ж. К. Таймағамбетовтың 
бастамасы  жəне  жетекшілігімен  2000  жылы  əл-Фараби  атындағы 
Қазақ ұлттық университетінде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет па-
леолит мұражайы ашылды.  

8
9
Қазақстанның солтүстік аудандарында алғаш рет неолит 
дəуірінің қоныстарын 1926 ж. М. П. Грязнов пен М. Н. Комарова 
зерттеген. Шығыс Қазақстанда неолит кезеңінің ескерткіштерін 
тауып жəне оларға ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде архео-
лог ғалым С. Черниковтың еңбегі зор. Ол «Кіші Красноярск» 
жəне «Усть-Нарым» қоныстарына қазба жұмыстарын жүргізді. 
Сырдарияның төменгі ағысында Арал жағалауында, Қызылорда 
облысының жерінде неолит кезеңінің қоныстарын зерттеуде Хо-
резм археологиялық экспедициясының меңгерушісі С. П. Толстов-
тың сіңірген еңбегі айтарлықтай. Неолит ескерткіштерін зерттеу-
де академик Ə. Х. Марғұланның, тас дəуірінің маманы Х. А. Ал-
пысбаевтың еңбегі зор. 
Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондық-
тан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең — тас дəуірі деп 
аталады. Тас дəуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:
Палеолит — ежелгі тас дəуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан — 12 
1. 
мыңжылдыққа дейін);
Мезолит — орта тас дəуірі (б.з.б. 12—5 мыңжылдықтар);
2. 
Неолит — жаңа тас дəуірі (б.з.б. 5—3 мыңжылдықтар);
3. 
Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді: 1) ерте па-
леолит (б.з.б. 2,5 млн.— 140 мыңжылдықтар); 2) орта палеолит 
(б.з.б. 140—40 мыңжылдықтар); 3) кейінгі палеолит (б.з.б. 40—12 
мыңжылдықтар).
Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар 
авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дəуірге — ерте 
жəне кейінгі дəуірге бөліп, мустье мен кейінгі палеолит арасына 
меже  қояды.  Бұл  кезеңдеу  бойынша  ерте  палеолит  үш  ірі  дəуірге 
бөлінеді: олдувэй дəуірі (б.з.д. 2,6 млн.— 700 мың жыл), ашель дəуірі 
(б.з.д. 700 — 150—120 мыңжылдықтар) жəне мустьер дəуірі (б.з.д. 
150—120 — 30—25 мыңжылдықтар). Кейінгі палеолит б.з.д. 30—25 
— 12—10 мыңжылдықтарды қамтиды. 
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дəуірі-
не жатады. Ежелгі адамның қалдықтары əзірше табылған жоқ, бірақ 
олардың мекен-жай, тұрақтары табылып, зерттелуде. Адамдардың 
қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстандағы 
Қаратау жотасы болды. Осы жерден тастан жасалған ең көне 
еңбек құралдары табылды. Көне тас дəуірінің алғашқы кезеңінің 
ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігінен, Арыстанды өзенінің 
бойынан Қызылтау, Тəңірқазған, Бөріқазған, Тоқалы жəне Ақкөл 
деген жерлерінен табылған. Шу өзенінің оң жағындағы Қазанғап 
шатқалынан осы дəуірге жататын ескерткіш табылды. Қарасу 
тұрағынан тастан жасалған 15 мыңға жуық заттар табылған. 
Орталық Қазақстанда ежелгі палеолит адамы оңтүстікке 
қарағанда кешірек пайда болған. Ол көбінесе Балқаштың солтүстік 
жағалауын мекендеді. Бұл жерден сол уақыттағы адамдар тұрағы 
көбірек табылды. 
Ерте  палеолит    кезінде  адам  тасты  жару  үшін  екінші  тасты 
пайдаланған — оларды бір-біріне соғатын болған. Мұндай тəсілді 
жарып түсіру техникасы, яғни малтатас мəдениеті деп атап кеткен, 
өйткені, шикізат ретінде көбінесе өзен малтатастары пайдаланылған. 
Ерте палеолитте адамдар тасты жару үшін жұмыр тас қолданды. 
Дайындалған құрал кейін шапқыш ретінде қолданылды. Бұл кезде 
қолшапқы қарудың аса оңтайлы, кең тараған түрі болды. 
Ашель кезеңінің ескерткіштері Орталық Қазақстаннан табыл-
ды. Осындай тұрақтардың бірі — Құдайкөл Сарыарқаның теріскей-
шығыс шетінде орналасқан. 
Орта палеолит (мустьер) кезеңінде тас өңдеу əдістері жетілдіріле 
бастады. Енді еңбек құралдарын дөңгелек өзек тастан (нуклеус) жа-
сау əдісі кең тарады. Сол кездегі қарулардың негізгі түрлері тілгіштер 
мен қырғыштар болды. Бұл кезеңде адам ағаш бұтағын бір-біріне 
үйкей отырып немесе шақпақ тастарды ұрып ұшқын шығарып, от 
алуды үйренді. Алғашқы діни сенім қалыптасты. Мустьерліктер 
өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. Өмір 
мен өлім туралы түсінік, өлгендерге құрметпен қарау белгілері пай-
да бола бастаған. Орта палеолит кезеңіндегі адамды неандертальдық 
деп атайды. Ежелгі адамдардың ұйымы — үлкен қауым орта палео-
литте қалыптасты. 
Орта палеолиттің белгілі тұрақтары мыналар: Қаратау 
аймағындағы Топалы шатқалынан табылған жəне Ақкөл көлінен 
оңтүстікке қарай 20 шақырым жерде орналасқан Қызылрысбек 
тұрақтары. Осы кезеңге жататын тұрақтар, сондай-ақ Арыстанды 
мекенінен де табылды. Солардың ішіндегі ең күрделісі Ш. Уəлиха-
нов атымен аталды. Үшбұлақ қойнауынан аңшылардың шағын 
топтарының уақытша тұрағы табылды. Орталық Қазақстаннан 
табылған ескерткіштердің ең көнесі — Жезқазған облысындағы 
Обалысай тұрағы, сондай-ақ Сарысу өзенінің орта ағысындағы 
Мұзбел  жəне  Есіл  өзенінің  жоғарғы  жағындағы,  яғни  Қарағанды-
ның солтүстігіндегі Батпақ шатқалы, жоғары Ертіс өңіріндегі 
Қанай ауылы маңындағы тұрақтар. Мустьер кезеңінің жаңа 
ескерткіштері 1984 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданы-
нан табылды. Олар — Өгізтау І жəне ІІ, Үлкен Ақмая тұрақтары. 
Батыс Қазақстанның, əсіресе оның Маңғыстау түбегінде тұрған 

10
11
палеолиттік ескерткіштері айрықша қызғылықты. Бұрынырақ 
кезде  А.  Г.  Медоев  жəне  кейінірек  Ж.  Қ.  Таймағамбетов  ашқан 
тұрақтардың бəрі Каспий теңізі жағалауының сөре алаңдарында 
орналасқан. 
Кейінгі палеолит біздің заманымызға дейінгі 40 мың жылдан 12 
мың жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл — адамзаттың жердің 
барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған жəне нəсілдер мен 
нəсілдік топтардың құрылған кезі. Осы дəуірде дене бітімі қазіргі 
адамдарға ұқсас адамдар («саналы адам») қалыптасты. Мұндай 
адамның сүйегі бірінші рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен 
табылғандықтан, оны кроманьондық деп атайды. Бұл кезеңде пышақ 
тіліктер, қырғыштар т.б. тас құралдары пайдаланылды. Қарулар 
жетілдірілді. Аң аулауда найза лақтырғыш қолданылды. 
Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының 
түрі — рулық қауым қалыптаса бастады. Оларда мықты  аналық 
рулық қауым қарым-қатынасы орнады. Əйелдің қоғамдық өмірде 
биік орынға ие болуы қауымдық үй шаруасының ерекшелігімен, 
əйелдің ұрпақты жалғастырушы ретіндегі отбасылық рөлімен де 
анықталып қойылған. 
Оңтүстік Қазақстаннан бірқатар кейінгі палеолиттік ескерткіш-
тер табылды. Олардың ішіндегі ден қоярлығы Шолаққорған 
қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы. Орталық 
Қазақстандағы Батпақ тұрағынан ірі қырғыш тастар мен сүңгінің 
ұштары табылды. Үшінші Қарабас көмбесінен 172 порфириттен 
жасалған заттар табылды. Шығыс Қазақстанда Қанай, Свинчатка, 
Үңгір жəне Ново-Никольское  тұрақтары белгілі болды. 
Қазақстан жерінде кейінгі палеолиттің толық зерттеліп біткен 
ескерткіштері онша көп емес, бірақ қолдағы бар материалдар 
көне тас дəуірі адамдарының материалдық мəдениеті дамуының 
ешбір үзілмей, ұдайы жүріп отырғанына, сол сияқты Қазақстан 
аумағындағы қоныстану процесінің де үзілмегендігіне көз 
жеткізеді. 
Кейінгі палеолит кезеңін мезолит (Б.з.д. 12—5 мыңжылдықтар) 
алмастырды. Бұл кезең аз зерттелген. Сондықтан Қазақстан жерінен 
табылған ескерткіштер де сирек. Бұл кезеңде жебелі садақ пен буме-
ранг дүниеге келді. Қазба жұмыстары кезінде садақ жебесінің доғал 
жəне домалақ ұштары да табылды. Олар терісі бағалы аңдардың 
терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сондай-ақ уланған немесе 
өртегіш жебелер кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу əдісі де жетілді. 
Пышақ тəрізді тілгіштер басқа құралдардың бəрін ығыстырып 
шығарды. Адамдар тас тілгіштерге ағаштан қолға ұстайтын сап ор-
натуды үйренді. Балық аулау кең тарады.  
Неолит  кезеңі  б.з.б.  5—3  мыңжылдықтар  арасын  қамтиды. 
Бұл тас өңдеу техникасының əбден жетілген кезі. Тасты өңдеудің 
жаңа технологиялық тəсілдері: тегістеу, бұрғылау, аралау пайда 
болады. Тастан балта, кетпен, келі, келсаптар, дəн үккіштер жа-
салды. Микролиттер дайындау неолитте меңгерілді. Сүйек өңдеу 
жетілдіріле түсті. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының 
тууы, табиғаттың даяр өнімдерін пайдалану, аң аулау орнын 
өндіруші шаруашылықтың басуы — сол кезеңнің аса маңызды 
белгісі болып табылады. Ғылымда бұл құбылыс «Неолит төңкерісі» 
деп аталады. Адамдар жабайы жануарларды қолға үйретіп, жер 
өңдеудің қарапайым түрімен айналыса бастады. Шаруашылықтың 
жаңа түрлерінің пайда болуы адамзат қоғамының дамуына үлкен 
əсер етіп, адам еңбегінің ауқымы мен көлемін кеңейтті. Адам 
баласының бұдан былайғы экономикалық қам-қарекеті дамуының 
сан мыңжылдық тарихы — едəуір дəрежеде шаруашылықтың осы 
екі түрінің өркендеп жетілу тарихы. Алғашқы қауым халқының 
өндіргіш күштерді дамытудағы неолит кезеңі тұсындағы қол жет-
кен деңгейі басқа да мəдени-тұрмыстық жаңалықтардың ашы-
луына ықпалын тигізеді. Осы кезде тау-кен ісі мен тоқымашылық 
пайда болып, керамикалық ыдыстар жасала бастайды. Сөйтіп, кен 
өндіру кəсібі қалыптасты. Адамдар — саз балшықтан жасалып, отқа 
күйдірілген мықты қыш ыдыс — керамика жасауды үйренді. Ол 
ыдыстарға онша күрделі емес геометриялық өрнектер салынған. 
Қазіргі кезде Қазақстан жерінде ғылымға белгілі 500-ден 
аса неолиттік ескерткіш бар. Неолит тұрақтары орналасу си-
патына қарай төрт түрге бөлінеді: 1) бұлақ бойындағы; 2) өзен 
жағасындағы;  3)  көл  жиегіндегі;    4)  үңгірдегі.  Əдетте,  өзен  мен 
көл жиегіндегі тұрақтарда бұйымдар саны едəуір көп мөлшерде 
кездеседі, бұл жəйттен ол тұрақтарда адамдардың түпкілікті не-
месе ұзақ уақыт тұрып тірлік еткенін білеміз. Қазақстан жерінде 
бəрінен де көбірек тарағаны бұлақ бойындағы тұрақтар — олардың 
дені уақытша, маусымдық — кезбе аңшылардың орыны саналған. 
Қазақстанның шөл-дала аймақтарындағы неолит ескерткіштерінің 
бір ерекшелігі — олардың басым бөлігі — ашық (жер бетіндегі) 
тұрақтар. Бұл тұрақтардан оқтардың жебесі, сүңгінің ұшы, бал-
талар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылған. Қазақстанның 
неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топтардан тұрады. Арал 
өңірінде Сексеуіл тұрағы орналасқан. Бұл тұрақтың тұрғындары 

12
13
негізінен аңшылар мен малшылар болған. Солтүстік-Шығыс Бал-
қаш маңынан табылған құралдар яшма мен кварциттен жасалған. 
Қостанай облысындағы Ботай тұрағынан жабайы жылқының 
көптеген сүйектері табылды. Кейбір сүйектер жылқылардың біразы 
қолға үйретілгендігін көрсетеді. Сонымен, Қазақстанның далалық 
аймақтарында жылқыны қолға үйрету ісі басталған. Қараүңгір 
неолиттік тұрағы — Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданында 
орналасқан. Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылсу өзенінің оң 
жағалауынан Сатшақыз тұрағы табылды. 
Батыс Қазақстанда Келтеминар мəдениетінің бір түрі — батыс-
қазақстандық үлгісі оқшау көзге түседі, оны С. П. Толстов болжап 
айтқан. Келтеминар мəдениеті б.з. дейінгі 4 мыңыншы жылдардың 
аяғы мен 2 мыңыншы жылдың бас кезінде болған жəне Қазақстан 
мен Орта Азияның едəуір аумағын қамтыған. Батыс Қазақстанда 
Шаңдыауыл, Құлсары, Шатпакөл, Қайнар, Жыланқабақ, Сарықамыс, 
Шаянды жəне т.б. тұрақтар бар. 
Солтүстік Қазақстандағы Железинка ауылының маңынан 
қазылып, зерттелген неолит кезіндегі мəйіт қабірдің ішінде өртелген. 
Онда сонымен қатар, өлген адам денесімен бірге қабірге əртүрлі 
əшекей заттар, тас қарулар, қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл зат-
тар о дүниеге барғанда қажет болады деген ойды білдірсе, ал өртеп 
қою отқа табынуды көрсетеді. 
Қоныстардан, молалардан табылған бұйымдар адам баласының 
өмірінде неолит кезеңінде үлкен өзгерістердің болғандығын 
байқатады. Жер кəсібі, қолөнер, мал шаруашылығы сияқты 
шаруашылықтың жаңа түрлері дами бастады. Неолит кезеңінде 
қоғамда аналық рулық құрылыс болды. Адамдардың күн көрісі 
тіршілігінде ананың рөлі басым болған. 
Сөйтіп, қорыта келгенде, тас дəуірінде адамның пайда болуы, 
қалыптасуы жəне алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс 
аударуы мен игере бастауы үрдісі жүрді. 



Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет