Салық салу міндеттілігі салық төлеуші салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемені, салық агенті салықтарды есептеу, ұстау және аудару бойынша міндетті толық көлемінде және белгіленген мерзімдерде орындау міндеттілігін айқындайды. Еліміздегі салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады. Жеке сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тыйым салынады.
Салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындығы салық төлеушінің салықтық міндеттемесі туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібін, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару бойынша міндетін салық заңнамасында белгілеуді білдіреді.
Қазақстанның салық жүйесі оның бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай болып табылады.
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.
Мемлекетке түсетін салықтық түсімдердің сипатты ерекшелігі олардың сан алуан қоғамдық қажеттерге кейін иесіз пайдаланылуы болып табылады. Осысымен салықтардың мемлекет, сондай-ақ басқа жергілікті органдар белгілейтін түрлі міндетті мақсатты жарналардан, төлем аударымдарынан айырмашылығы болады; бұған әлеуметтік сақтандыруға аударылатын қатаң мақсатты аударымдар, арнаулы қорларға төленетін жарналар мен аударымдар, соның ішінде өнімнің, жұмыстардың және қызметтердің өзіндік құнынан, пайдадан (табыстан), еңбекке ақы төлеу қорынан, амортизациядан және басқа көздерден есептелетін бюджеттен тыс қорлар жатады.
Салықтардың мәні олардың функцияларында көрінеді. Жалпы қаржылар категориясы тұрғысынан салық қосалқы категория болып табылады, сондықтан қаржыларға қатысты салықтардың функцияларын қаржылардың бөлгіштік функциясының құрамдас қосалқы функциялары ретінде қарастыруды ескерген жөн.
Осыларға сәйкес қазіргі кезде салықтар фискалдық, реттеуші және қайта бөлу сияқты негізгі үш функция орындайды. Бұлардың әрқайсысы осы қаржылық категорияның ішкі белгілері мен өзіндік ерекшеліктерін білдіреді.
Фискалдық функция – барлық мемлекеттерге тән тарихи және негізгі функция. Оның көмегімен бюджеттік қор қалыптасады, мұның өзі салықтардың қоғамдық міндеттерін арттыра түседі. Өйткені салықтар мемлекеттік бюджеттің кірістерін толыстыра отырып, экономиканы, әлеуметтік-мәдени шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Тауар-ақшалай қатынастардың, өндірістің дамуына қарай бұл функция мемлекетке ақшалай табыстардың әрдайым көбейіп отырған түсімдерін айқындайды.
Салықтардың реттеушілік функциясы мемлекеттің экономикалық қызметінің ұлғаюымен байланысты пайда болады. Ол ұлттық шаруашылықтың дамуына қабылданатын бағдарламаларға сәйкес ықпал етеді. Бұл ретте салықтардың нысандарын таңдау, олардың мөлшерлемелерінің, алу әдістерінің өзгеруі, жеңілдік-тер мен шегерімдер пайдаланылады. Бұл реттеуіштер коғамдық ұдайы өндірістің құрылымы мен үйлесіміне, қорлану мен тұтыну көлеміне ықпал етеді. Сөйтіп, соңғы жылдары Қазақстан үшін салықтық және оларға теңестірілген төлемдердің төмен үлес салмағы сипатты болып отыр, бұл олардың жеткіліксіз жиналымды-ғымен – салық салудан жалтарынумен түсіндіріледі.
Қайта бөлгіштік функция арқылы түрлі субъектілер табысының бір бөлігі мемлекеттің қарамағына өтеді. Бұл функцияның іс-әрекетінің ауқымы жалпы ұлттық өнімде салықтардың алатын үлесі арқылы анықталады; ол ұлттық табыстың мемлекеттендірілу дәрежесін көрсетеді: бұл үлес 1998 жылғы 16,6%-дан 2008 жылы 22,0%-ға және 2010 жылы 20%-ға дейін болды (ал Ұлттық қорды есепке алғанда – 24,1%).
Жалпы қаржыларға сияқты салықтарға да бақылау функциясы тән, ол қаржылық көрсеткіштерді сандық бейнелеу арқылы бюджетке салық төлеушінің салықтық төлемдерді төлеудің дұрыстығы мен уақыттылығын тексеруді қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Салықтардың аталған функциялары олардың әлеуметтік-экономикалық мәні мен мазмұнын толық аша түседі. Жалпы қаржылық категория тұрғысынан салықтар қосалқы категория болып табылатындығын есте ұстаған жөн, сондықтан қаржыға қатысты салықтардың функцияларын каржының бөлгіштік функциясының құрамдас қосалқы функциясы ретінде қарастырған жөн.
Мемлекет салықтық саясатты – салық саласындағы шаралар жүйесін қоғамның оның нақтылы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық және басқа мақсаттар мен міндеттеріне қарай әзірленген экономикалық саясатка сәйкес жүргізеді.
2007 жылдан бастап салықтық саясат экономиканың жекелеген секторларының әлуетін іске асыруға және жекеше кәсіпкерліктің еркін дамуына кедергі келтіретін әкімшілік рәсімдеуді оңайлатуға бағытталған. Сонымен бірге қосылған құн салығының мөлшерлемесі 14%-ға, 2008 жылы 13%-ға, 2009 жылы 12%-ға дейін төмендетілді; ең аз жалақыны шегерімге жатқыза отырып барлық жеке тұлғалар үшін 10% деңгейінде жеке табыс салығының тіркелген мөлшерлемесі енгізілді; шағын бизнес субъектілері үшін патент негізінде 2%-ға дейін арнаулы салық режімінде салық мөлшерлемесі төмендетілді, оңайлатылған мағлұмдама негізінде 3%-дық бірыңғай мөлшерлеме енгізілді.
Бұдан басқа дивидендтерге, жинақтаушы сақтандыру саласында қызметін жүзеге асыратын сақтық ұйымдарының инвестициялық кірістеріне қос салық салу жойылды, корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді есептеу механизмі жетілдірілді.
Рыноктық қатынастардың қалыптасуы жағдайларында салықтық саясаттың негізгі бағыты тұтынудың орталықтандырылған қоғамдық қорлары арқылы халықтың нақты табыстарының едәуір белігін қалыптастырудың өзін ақтамаған қағидатынан шегіну болып табылады. Бұл еңбек белсенділігін күшейтуде экономикалық мүдделіліктің уәждемелік механизмі арқылы халықтың еңбекке жарамды бөлігінің табыстарын айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік жасайды. Салық жүйесі арқылы қоғамның еңбекке жарамсыз мүшелерін неғұрлым тиімді әрі сенімді қорғау қамтамасыз етіледі.