19.2.Мүліктік және жеке басты сақтандыру ерекшеліктері
Мүліктік және жеке басты сақтандыруға тән экономикалық қатынастар қоғамдық өндіріс үдерісінде, егер бұл үдеріс дүлей апаттар мен басқа төтенше немесе күтпеген оқиғалардың нәтижесінде бұзылса – зиянды өтеуге байланысты болады. Пайда болатын зиян ынтымақтастық негіздерде сақтық қатынастарына қатысушылардың төлейтін сақтық жарналары есебінен өтеледі, бұл жарналардың жиынтығы, жоғарыда айтылғандай, сақтық қорларын құрайды.
Мүліктік және жеке басты сақтандыру көбінесе дүлей апаттардан ысыраптарға, апаттардан (авариялардан), өрттерден, жазатайым уақиғалардан, іскерлік конъюнктураның өзгерістерінен, ұрлықтан болатын залалдарға таралады. Сақтандырудың жалпы категориясының бір бөлігі бола отырып, мүліктік және жеке басты сақтандыру қосалқы категория ретінде мынадай белгілермен ажыратылады:
сақтандыруға қатысушылар арасында залал сомаларын бөлу кезіндегі тұйық қайта бөлгіштік қатынастар сипатты;
сақтық қорының қаражаттары сақтанушылар (сақтандырылушылар) арасында пайдаланылады;
сақтандыру залалды бөлуді кеңістікте де, сондай-ақ уақытта да алдын ала қарастырады; тиімді кеңістікті бөлу үшін сақтандырылушылардың үлкен аумағы мен саны қажет болады; уақиғалардың жазатайым сипатына байланысты залал үлестірмесі (таратып салу) бір жыл шеңберінен шығып кетеді және көп жылдар бойы әрекет етеді;
сақтанушылар арасында қатынастардың баламалығы.
Сақтық қатынастарының бұл бөлігінің баяндалған ерекшеліктері мүліктік және жеке басты сақтандыру өзіндік ерекшеліктері болатын біршама дербес экономикалық қосалқы категория болып табылады деп түйін жасауға мүмкіндік береді. Бұл қатынастардың ұйымдық нысаны қаржы жүйесінде, «Коммерциялық негіздерде жұмыс істейтін шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысы» буынының құрамында одан ары баяндалған ерекшеліктерді ескере отырып осы буынға тән жұмыс істеуінің барлық аспектілерімен қарастырылуы мүмкін.
Сақтандырудың өзара сақтандыру сияқты нысаны бөліп көрсетіледі, мұндай нысан кезінде әрбір ,сақтанушы өзара сақтандыру қоғамының мүшесі болып табылады. Өзара сақтандыру қоғамы – өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін өзара сақтандыруды жүзеге асыру мақсаттарында тұтыну кооперативінің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңи тұлға. Өзара сақтандыру «өмірді сақтандыру» және «жалпы сақтандыру» салалары бойынша жүзеге асырылады; бұл ретте қоғам, жарғыға сәйкес, сақтандырудың бірнеше сыныптарының белгілері мен мазмұнын үйлестіретін сақтандырудың түрін әзірлеуге құқылы.
Қазақстанда міндетті экологиялық сақтандыру – өмірге, денсаулыққа, үшінші тұлғалардың мүлкіне залал келтіргендіктен және (немесе) авариялық ластанудың нәтижесінде пайда болған міндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілік болған кезде жеке және заңи тұлғалардың заңды мүдделерін мүліктік қорғау бойынша қатынастар кешені қолданылады.
Сонымен бірге міндетті нысанда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жүргізіледі.
Міндетті сақтандыруға әскери қызметшілердің, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, салық службалары органдарының жеке құрамы жатады.
Міндетті сақтандыру егіншілікке – қолайсыз табиғат құбылыстары болғанда төленетін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді – жеке және заңи тұлғаларды кіріктіретін ауыл шаруашылығының саласына таралған.
Қазақстанда сонымен бірге туроператор мен турагенттің – туристік өнімдерді қалыптастыру, жылжыту және іске асыру бойынша қызметті жүзеге асыратын заңи және жеке тұлғалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілген.
Сақтық органдарына сақтандырудың жаңа тәуекелдік түрлерін дербес әзірлеуге және енгізуге құқық берілген. Қазақстанда сақтық қорғаудың ассортименті ұзақ мерзімді жинақтаушы сақтандыру – өмірді өңірлік сақтандыру, жер сілкінгенде төленетін сақтандыру, әскер қатарына шақырылғандарды сақтандыру, әйелдер босанғанда төленетін сақтандыру, жануарлар ұрланғанда төленетін сақтандыру, азаматтардың жеке меншігіне сатып алынған пәтерлерді сақтандыру сияқты сақтандырудың түрлерін кіріктіреді. Коммерциялық банк секторының дамуы жеке тұлғалардың банктік депозиттерін сақтандыруды енгізуді талап етті.
Сақтық ассортиментін әзірлеу екі бағытта жүзеге асырылады:
сақтанушының тілегі бойынша белгілі бір тәуекелден немесе тәуекелдер тобынан азаматтардың мүлкін сақтандыруға мүмкіндіктер беру;
кез келген материалдық құндылықтарды, әрі тұтастай барлық мүлікті емес, оны жеке-жеке сақтандыруға мүмкіндіктер беру.
Сақтандырылған мүліктің түріне немесе тобына қарай сақтандырудың мынадай түрлерін ажыратады: ауыл шаруашылығы дақылдарын, малдарды, құрылыстарды, мемлекеттік, жекеменшіктік, кооперативтік кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың мүлкін, көлік құралдарын, қаржылық тәуекелді (соның ішінде банк салымдары мен банктік операцияларды, бағалы қағаздар рыногындағы операцияларды), жүктерді, мұнай операцияларын (мұнай шығару, оны өңдеу және тасымалдау жөніндегі) және т.б. сақтандыру. Мүліктік сақтандыруға міндетті нысанда көліктің барлық түрімен тасу жасалғанда тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі мен автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылады. 1996 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өндірісін: көп жылдық екпелерді, ауыл шаруашылығы малдарын, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тауарларын қолайсыз табиғат-климат жағдайларынан, эпизоотиялардан және басқа дүлей апаттардан міндетті сақтандыру қайта қалпына келтірілді.
2005 жылдан Қазақстанда «Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры» жұмыс істейді. Қордың мақсаты мәжбүри жойылатын сақтық ұйымының міндетті сақтандырудың келісімшарттары бойынша болған сақтық жағдайлар бойынша сақтанушылардың, сақтандырушылардың, пайда алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
Өзінің міндеттерін орындау үшін қор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
сақтық ұйымдарының-қатысушыларының міндетті және төтенше жарналарын (резервтік қаражаттардың жетіспеуі жағдайында) тартады;
кепілді және өтемдік төлемақыларды жүзеге асырады;
жарналардың сақталуы мен көбеюі мақсаттарында инвестициялық қызметті жүзеге асырады.
Қор «Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» заңға сәйкес жарғылық капиталында Ұлттық банктің 100%-дық қатысуы болатын акционерлік қоғам нысанында құрылған. Қордың қатысушылары сақтандырудың тек міндетті түрлерін жүзеге асыратын сақтық компаниялары болады. Бүгінде сақтандырудың оншақты түрі бар (қабылданған заңдарға сәйкес): әлеуметтік сақтандыру, көлік құралдары иелерінің және тасымалдаушының жолаушылар алдындағы, жекеше нотариустар мен аудиторлардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, турагенттер мен туроператорларды, еңбек міндеттіліктерін атқару кезінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына залал келтіргені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру, қызметі үшінші тұлғаға (зауыттар, скважиналар, заправкалар және т.с.с.) залал келтіру қауіпі бар объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру, экологиялық және медициналық сақтандыру.
Агенттік басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен «Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамның қызметін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді, атап айтқанда: аталмыш акционерлік қоғамның есептеме беру, қоғамды ерікті қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беру, қоғамның акцияларын сатып алу, сондай-ақ орналастыру туралы, басшы қызметкерлерін сайлауға (тағайындауға) келісімді беру мен қайтарып алу және оларға біліктілік талаптарын белгілеу, қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі қабылдайтын шешімдерді келісу ережелері бекітілді.
Сақтық операцияларын дұрыс ұйымдастыру және жүргізу үшін актуарлық есеп-қисаптардың – осы немесе басқа объектіні сақтандыру бойынша шығыстар мен шығындарды математикалық және статистикалық есептеулердің, сақтық қызметтеріне тарифтердің жүйесі пайдаланылады. Актуарлық есеп-қисаптар келтірілген залал салдарлары жиілігінің сақтық оқиғасы мен ауырлық дәрежесінің ықтималдығын анықтауға құрылады. Бұл сақтық операцияларының өзіндік құнын, сақтық резервтерін, кемітілген (редукцияланылған) сақтық сомаларын, сақтық ісінде пайдаланылатын басқа мөлшерлерді анықтаудың ғылыми негізделген әдістері.
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес сақтық рыногын реттеу және сақтық қызметін қадағалау жөніндегі функциялар мен өкілеттікті уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.