М. Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңі мен А. Байтұрсыновтың «Маса» өлеңіндегі идея үндестігін дәлелдеп жазыңыз.
Қазақ поэзиясының қиыншылықтары мол жылдары – Қазан төңкерсінен кейінгі жиырмасыншы жылдар болды. Бұл жылдарда ақындарымыз әрқилы шығармашылық тағдырды бастан кешірді. Қоғамға, уақытқа деген көзқарас дараланып, қазақ әдебиетінде сан алуан поэзиялар дүниеге келді. Осы тақырыпта өлең жазғандардың қатарында Алаш рухты әдебиеттің іргетасын қалаған ақындарымыз А.Байтұрсынов пен М.Дулатов та болды. Бірі «Маса» боп шақса, екіншісі «Оян, қазақ!» деп жар салды. Ақындарымыздың өлеңдерінде қандай идея үндестігі жатыр?
«Маса» мысалының басты сарыны – бостандық арманы, ел тағдыры, халық қамы екені белгілі. Негізінен масаның бар күші – шағу, ал ісі – адамды ұйқыдан ояту екенін барлығымыз білеміз. Біздіңше, бұл арада А.Байтұрсынов оқырманына масаның түсі мен күшіне назар аударта отырып, осы өлеңдер жинағына сипаттама жасаған тәрізді. Олай дейтініміз, кейінгі өлең жолдарында осы масаның түстеріне арнайы тоқталып, мұны да тұспалдап жеткізеді.
Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара, яки қызыл маса.
Сонымен, бұл арада «аяқтары ұзын маса» түсінің сап-сары болуы ақынның ұлт мүддесін ойлаған сары уайымы десек те болады. Ал «біздің» дегені өз үнінің «Оян, қазақ!» деп жар салған алаш азаматтарымен ортақтасып жатқанын білдіртсе керек. Осындай талма тұста ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстандарымыз қатарында болған М.Дулатовтың кітабының алғашқы жолдарын оқып көрсеңіз:
Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.
Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
Осындағы «оян» сөзі – автордың биік идеялық мақсаты, басты рухани нысаны.
Жекебастың, әлеуметтік топтың, белгілі топтың мүддесі емес, ақынды толғандырар мәселе – халықтың тағдыры, елдің қайғысы мен мұңы.
Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,
Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай.
Әр халық алға кетіп жатса дағы,
Біздің жұрт шегінеді қадам баспай...
Халқының басындағы ауыр қасіретті айқын көріп, дәл басып айта білген ақын енді содан айықтыру жолдарын іздейді. Сол дәуірде бел алған қыру-жою, қантөгісті мадақтаған төңкеріс идеясы емес, адами игіліктерді, дін, иман жолын әспеттеп, білімге, адамгершілікке, оқуға, мәдениетке үндеу – жас ойшыл таңдаған арна.
Қорытындылай келе, қиын қыстау кезеңде өз халқы үшін барын салған екі ақынымыздың мақсаты бір, яғни өз ұлтын оятып, оқу-білімге, адамгершілікке үндеу болды. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн.