Мазм ұ н ы кіріспе


Маңғыттардың Жайыққа көшуі. Едігенің тарих сахнасына шығуы



бет4/20
Дата02.12.2023
өлшемі314,5 Kb.
#132756
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Маңғыттардың Жайыққа көшуі. Едігенің тарих сахнасына шығуы. Бұл тарихи тұлғаның шығу тегі туралы деректер құпияларға толы. Тіпті оның есімінің этимологиясы да нақты мазмұн ала алмай келеді. Халық аңыздары (мысалы, “Едіге” дастаны) оның шығуын “етік” (ноғайларда – “идуг, итук”) сөзімен байланыстырады. Өйткені болашақ беклер бектің өкіл әкесі оны нәресте кезінде етікке салып әкеліпті. Ал академик Әлкей Марғұлан Едіге атауы оның қара халықтың арасынан шыққандығын айғақтайтын “Етек би” деген сөзден шыққан деп есептейді.
Ғылыми әдебиетте Едіге атауының мәнін түсіндіруге ұмтылған басқа да нұсқалар кездеседі. Фольклорлық нұсқалар да көптеп кездеседі. Біз солардың арасынан мәнді дегендерді ғана бөліп атадық. Бұл мәселе арнайы тақырыпта кеңірек талдау нысаны бола алар еді.
Ендігі мәселе Едігенің қандай тайпадан шыққандығы жөнінде. Дереккөздерде бұл мәселе әртүрлі нұсқада берілген. Оның өмірбаянын ыждаһаттаылықпен жазған авторлардың бірі Ибн Арабшах “оның тайпасы қоңырат деп аталды” [15, 54] деп жазса, Джаннаби “оның шыққан тегі өзбек” [33, 86] деп жазғанда ХҮ ғасырда Дешті-Қыпшақтың халқы өзбек деп аталғандығын негізге алса керек. Қазіргі кезде орныққан және көпшілік мойындаған нұсқа Едігенің маңғыттан шыққандығы туралы тұжырым. Ол туралы ноғай халқының шежірелері мен “Едіге” дастанында осы тұжырымды бекіте түсетін деректер мол. Әбілғазы “Түрік шежіресінде” бектің ақ-маңғыт тайпасынан шыққандығын айтады. Хиуалық тарихшының ақ-маңғыт дегені ноғай елінің маңғыттарының арасында кездеспейді. Демек, бұл деректі маңғыт – мағынасында бір жақты қабылдауымыз керек сияқты.
Едігенің шыққан тегі мәселесі аса күрделі. 1927 ж. В.В.Бартольд осы мәселеге қатысты деректерді талдауға арнайы мақала арнады. Онда бұрынғы деректерге ешқандай жаңалық қоспағанымен ол Едігенің әкесі Балтышақ деген тұжырымды нықтай түседі. Парсы дереккөздері Балтышақ (Балыншақ, Балылмек нұсқаларында да кездеседі) беклербектің (амир-ал умара) сол қанат ханы Орыс ұлы Темір-Мәліктің тұсында өмір сүргендігін жазады. Темір-мәлікті 1378 жылы Тоқтамыс талқандаған болатын. Тоқтамыс Балтышақты өзіне қызмет жасауға, бірақ ол қызметтен бас тартқан соң оны жазалауға бұйрық береді [27, 95]. Натензи өз еңбегінде Едігенің әкесі Балтышақ екендігін ашық жазады. Ал ХҮІІ ғасырдағы Османлы тарихшысы Мунаджжимбаши Едіге әкесінің атын Аланджақ немесе Алдыжақ [9, 31] нұсқасында қолданады, бұл атау, әрине, “Балтышақтың” түрленген нұсқасы екендігі көрініп тұр.
Бұларға керісінше эпикалық дәстүрді негізге алған Әбілғазы, Йазди, Қадырәлі бек Едігенің тегін мүлдем басқаша баяндайды. Олардың айтуы бойынша оның әкесі Құтлы-Қия мұсылман дінін уағыздаушы Баба-Тукластың баласы Термеден тарайды. Баба-Туклас өз кезегінде Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы әділ халиф Әбу Бәкірден тарайды. Бұл аңызды дереккөзі ретінде талдаудан үш түрлі мәселеге көзіміз жетеді. Біріншіден – Алтын Орда ханы Өзбектің ислам дінін қабылдауындағы Баба-Тукластың ерекше роль атқарғандығы. Екіншіден, татар тарихнамалық дәстүріндегі Баба-Тукластың тарихи тұлғасына жартылай мифтік әсірелеудің орын алуы. Үшіншіден, Едігенің генеалогиясын Әбу Бәкірге дейін, одан әрі Адам Атаға дейін тарататын ауызша дәстүр. Осындай аңыздық құрылымдардан өзге Едігенің ақсүйектер сословиесіне жататындығы туралы деректер кездеспейді. Оның әулеттік титулы да айтылмайды. Оның есесіне башқұрт шежірелерінде Едігенің қара халықтың арасынан шыққандығына баса мән беріледі.
Тарихи дереккөздерде Едігенің аты алғаш рет 1376 жылдан бастап аталады, осы жылы Тоқтамыс Алтын Ордадағы билігі үшін күресіне көмекке Темірді шақырған еді. Осы кезге дейін Едіге сол қанат (Көк Орда) ханы Орыстың сарайында қызметте еді, одан ендігі жерде Тоқтамысқа өтеді. Оның осы кезге дейінгі шығыс даласындағы өмірі туралы ешқандай дерек жоқ. Едігенің Орыс ханнан ажырасуының себебі олардың арасындағы келіспеушіліктен болуы мүмкін деп болжам жасауға болады. Бұндай келіспеушілікте күш тең болмаған соң Едіге Орыс ханды тастап, Бұхарадағы Темірдің қолында тұрған Тоқтамысқа барған және Орыс ханның әскери жоспарын жайып салған [18, 335].
Жылнама деректерде Едігенің Тоқтамыс пен Темірдің Орыс хан ұрпағымен (ханның өзі 1376 ж. қайтыс болған) арадағы соғыстарда қатысқандығы туралы мәліметтер кездеспейді. Тоқтамыс қарамағына келген Едігеге ерекше сеніммен қараған. Содан да болуы керек, ол “сол қанаттағы әмірлердің біріне”, “сол қанат басшыларының бірі және басқару ісіне ықпал жасайтын кеңесшілердің біріне айналды” [33, 86]. Бұл деректер Едігенің жоғарғы әскербасшы – беклер бек қызметіне тағайындалғандығын аңғартады.
1380 жылдардың соңында Алтын Орда сарайының оң қанатында да маңғыттардың ықпалы арта түскендігі байқалады. Олар тақ төңірегіндегі Әли Бек бастаған бариндік және қоңыраттық бектерді ығыстырып, Тоқтамысты Темірге қарсы айдап сала бастады [18, 386]. Маңғыттардың Жошы ұлысының оң қанатында да белсенді әрекетіне көшуін Тоқтамыс ханның да маңғыттар сияқты шығыс далалықтардан шыққандығымен түсіндіруге болады.
Тоқтамыс тағының жанында Едігемен бірге оның бауыры Иса да болды. Оны кейбір дереккөздері Едігенің ағасы деп есептесе, “Едіге” дастанында Иса би Едігенің әкесінің бауыры, Едігенің аталығы (тәрбиешісі) болған. Бұл екі бауыр бариндік-қоңыраттық топтың ықпалын жою үшін күрескендер еді [39, 145]. Иса Тоқтамысты қандай қиын кезде де жалғыз тастамай, оның қасынан табылған. Тіпті 1387–1395 жылдары қаһарлы мауараннахрлық жаулаушының тұсында да оның қасынан кетпеген. Ал Едіге, керісінше, 1389 жылы өз патронын екінші рет ауыстырады. Бұл жолы ол Мауараннахрға Тоқтамыстың қарсыласы ретінде барады.
Едіге 1391 жылы Темірдің Алтын Ордаға жасаған жорығында оған еріп жүреді. Оның бұл жорыққа қатысуы әртүрлі айтылады, бір деректерде ол жай ғана қолбасшы болса, ендігі бір деректерде олАлтын Ордаға қарсы әскери әрекеттің белсенді қолдаушысы болған [18, 436].
Бұл жерде Әмір темір мен Едігенің арақатынасы күрделі саяси комбинацияға ұқсап кететіндігі бірден көзге шалынады. Ол Темір сарайында үлкен сенімге ие болғандықтан оның алдағы әскери қамалдары туралы біліп отарды. Темір Иракқа жорыққа дайындалуына байланысты Шығыс Дешті-Қыпшаққа жорық жасауды мүлдем ойламаған. Мауараннахр әскерінің қолы жетпейтіндей өз тайпаластарының арасына барған Едіге батыс Қазақстан даласында буынын бекітіп, бойын тіктеп, Маңғыт жұртының іргетасын қалауға мүмкіндік алды.
Осы жерде маңғыттардың Еділ өзенін екі рет кесіп өткені туралы деректерге кездесеміз. Бірінші рет Орта Азиядан Қазақстан арқылы Қырым уәлаятына, екінші рет – ол жақтан Солтүстік Кавказ арқылы Батыс Қазақстанға. Соңғы көші-қон туралы деректер Ноғай Ордасының құрамынан ХҮІ ғасырдың соңы ХҮІІ ғасырдың ортасында бөлінген қарақалпақтардың фольклорында сақталған. Т.А.Жданко 1945 жылы қарақалпақтардың бессары және бексиық тайпаларының шежіресін жазып алған. Онда қарақалпақтардың арғы атасы бір кездері Қырымды жайлап, Еділден, Жайықтан өтіп, Түркістанға қоныс тепкендігі айтылды [13, 128].
Батыс Қазақстан даласын жайлаған Едіге мен Темір Құтлығқа бағынған ел шағатайлықтардың 1395–1396 жылдардағы жойқын шабуылынан аман қалды. Ол Маңғыт елінен 1391 жылдан хабар үзіп алған Темір 1396 жылы Едігені ынтымақтасуға шақырып, хат жолдайды. Едіге саяси жағдайды салмақтай келе ол ұсыныстан бас тартады. Бұл оның іргетасын қалаған Маңғыт жұртының тәуелсіз мемлекеттік құрылымға айналғандығын танытатын еді.
ХІҮ ғасырдың соңында Жошы Ұлысының аумағында кем дегенде төрт тәуелсіз иелік құрылған еді. Сарайда Темір тағайындаған Құйыршық отырды; Еділдің құярлығы мен Хажы-тарханда Темір-Құтлығ билік жүргізді; талқандалған Тоқтамыс Қырымды паналады; Жайықтың сол жақ бетіне өз маңғыттарымен Едіге орнықты [39, 174–176].
Ноғай Ордасының негізгі аумағы Еділ мен Жайықтың арасындағы далада, оның орталығы Еділдің төменгі бойында немесе Сарайшық (Жайық бойында) аудандарында болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді. Олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік-шығысында Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазан қаласына дейін, оңтүстік-батысында Арал өңірі мен каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жүретін [23, 159].
ХҮ ғасырдың ортасында ноғайлар кей кезде Сырдарияның орта ағысына дейін жетіп, Сырдарияның бекініс-қамалдарын жаулап алды. 1446 жылы маңғыт Уақас би Өзгент қаласына билік етті.
Шын мәнінде Ноғай (Маңғыт) ордасының негізін қалаған Едіге болып саналады. Ол туралы өмірбаяндық деректерді көптеген шығыс авторларынан кездестіреміз. Олар: Му‘ин ад-дин Натанзи, Әбдірраззақ Самарқанди, ибн Арабшах, Әбілғазы, Қадыр әлі Жалайри. Солардың деректерінде ХІҮ ғасырдың соңында саяси аренаға шығып, Алтын Орданың уақытша билеушісі болған Едіге би 15 жыл бойына (1396–1411) шын мәнінде Алтын Ордадағы бүкіл билікті өз уысында ұстады. Ол басқарған “маңғыт жұрты” Алтын Ордадан бөлектенген елеулі феодалдық иеліктердің бірі болды. “Едіге ордасында екі жүз мыңнан астам тұрақты атты әскер ұстады” деген деректер оның әскери қуатын айқындайды. Өз қолымен қойған хандар арқылы Алтын Орданың билігіне араласып, Едіге “беклер бек” дәрежесімен көрші ұлыстарға орасан зор ықпал жасай алды.
Ноғайлардың тарихи жады да маңғыт жұртының (Ноғай Ордасының) пайда болуын Едігеден бастайды. Ортағасырлық тарихи дереккөздері де ноғайлардың дербес саяси құрылым ретінде қалыптасуын Едігеден бастайды [22, 44]. Әбілғазы Маңғыт жұртының құрылуын биліктің Бату әулетінен маңғыт әулетіне ауысуы деп түсіндіреді.
Едігенің бүлікке келуінің хронологиялық шегі ретінде 1391 жылы оның сол қанаттағы тайпаларға қоныс аудару (Темір шабуылынан бой тасалау үшін) туралы бұйрық беруі алынады. Осы оқиға тіпті ресми сипат алып та кетті. 1991 жылдың күзінде Дағыстанның Ноғай ауданында “Ноғай Ордасының 600” жылдығы ретінде атап өтілді [15, 72].
Қазіргі заманғы бірқатар зерттеушілер Едігенің Темірден қол үзіп Маңғыт жұртын Алтын Орда ықпалынан бөліп әкетуін шын мәнінде осы оқиғамен байланыстырады [11, 693].
Ал шындығында, мәселенің түйіні неде? – деген сұраққа жауап іздер болсақ, онда Ноғай Ордасының дербес саяси құрылым болуының тамыры тереңде екендігіне көзіміз жете түседі. Шығыс қыпшақтарының солармен бірге маңғыттардың да Алтын Орда құрамында Жайық–Жем аралығында автономды құрылым ретінде көшіп-қонып жүрді. Едіге бұл құрылымды құрған жоқ, ол оған дейін де өмір сүрген. Едіге бұл жерде тек билеуші маңғыт әулетінің негізін қалаған. Мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ онда Жошы ұлысындағы бұл автономды бірлестіктің ертерек пайда болғандығына көзіміз жетеді. Қалай дегенмен де сапалық жаңа деңгейге көтерілген жаңа саяси құрылымда бидің беделінің үлкендігі және маңғыттардың көп санды болуы олардың Маңғыт жұрты деп аталған мемлекетке ұйытқы болуына негіз қалады.
Жаңадан құрылған Маңғыт жұртының қуаты мен ұйымдық мығымдығы Дешті-Қыпшақ бойынша шашырап кеткен маңғыттар үшін паналайтын сенімді отанға айналды. Оның жарқын мысалы ретінде жоғарыда аты аталған Иса биді айтуға болады. Тоқтамыстың беклербегі Еділдің оң жағалауына өтіп, інісі Едігенің бағынысында болды. Ол 1409–1411 жылдары Едіге тағайындаған Полат ханның тұсында өзінің жоғары дәрежесін сақтап қалды. Әбдіразақ Самарқандидің баяндауында Едіге мен Иса “Дешті-Қыпшақ пен өзбектер елінің билеушілері” ретінде аталады [37, 139]. Маңғыттар басшысы 1398 және 1400 жылдары Әмір Темірге ынтымақтастық туралы ұсыныс жасаған болса, кейін 1409 жылдары Шахрух б. Темірге арнайы елшілік жібереді, бір жылдан соң өзі Мауараннахрға келіп, Шахрухтың дәргейіне бас ұрады [37; 152, 157]. Едігенің Мауараннахрмен қарым-қатынасты жақсартуы Жошы ұлысы ғана емес, Темір ұрпақтарының шекарасына жақындай түскен Маңғыт жұртының иелігін де оңтүстіктен болатын шабуылдың қаупінен арылту мақсатынан туындаған деп айтуға болады. Бұл кездегі Маңғыт жұртының көшіп-қонған негізгі территориясы Жайықтың шығыс беті болып есептеледі.
Едіге қуыршақ хандарды көтеруге және өзі олардың жанында беклербек лауазымында болуға құмартқан және ол ойын үнемі іске асырып отырған. Оның осы қызметтегі еңбегі тарихи әдебиеттерде жан-жақты қарастырылған, содан да оған көп тоқталудың қажеті болмас. Бізді қызықтыратын мәселе, оның ноғайлардың болашағына жасаған ықпалы қандай болды дегенге тіреледі. Қарақалпақтың “Едіге” дастанында Әмір Темір Алтын Орданы талқандап, өз еліне қайтқан соң Тоқтамыстың әлсірегенін пайдаланған Едіге оған ықпал аймағын бөлісу туралы өзінің шартын қояды. Оның мазмұны мынаған саяды; Еділдің бір жағындағы (бұл жерде сол жағалауын айтып отыр) қоныстанбаған жерлерден бас тартып, оларды менің билігіме бер; одан бөлек, маған келіп қосылғандандан жетім-жесір және кедейлермен бірдей алым-салық талап етпе. Хан бұған келісіп, шартқа қол қояды. Оны Едіге өзімен ала кетеді. Еділдің сол жағалауында салық төлемеуге болатындығын естіген соғыстан шаршаған халық беклербектің қоластына қарай ағылады, қысқа мерзімде Тоқтамыстың қол астындағы бодандары алты есеге қысқарып кетеді [4, 137]. Осылайша Едігенің билігіндегі Маңғыт жұрты Алтын Орда құрамында теперіш көрген, өкпелеген немесе билеушілермен жауыққан тайпалардың ағылып келуінің нәтижесінде көпсанды, қуатты мемлекеттік бірлестігіне айналды.
Сірә, Тоқтамыс Едігеге тархандық билік (салық төлемеу жөніндегі мағынасында) сыйлауы арқылы оны өз ықпалынан шығарып алған болса керек. Бұл оқиға шамасы 1396 немесе 1397 жылдары болуы мүмкін. Дәл осы кезде Едіге өзіне төтенше жеңілдіктер алуға қол жеткізген, оның билігі Жошы ұлысының шығыс аймағына түгел тараған. Содан да ол Мауараннахрмен достық қатынастар орнатуға ұмтылады. Осындай билігін пайдаланып ол өзіне тиесілі аймақтағы халықтың санын арттыруға тырысады. Оның бұл әрекетін жас балаларды шетке құлдыққа сатуға тиым салуынан аңғарамыз. Бұл әрекеттің салдары Сирия мен Египеттегі құл базарларында бірден байқалған. Едігенің бұл жарлығы орда құрамындағы тайпалардың оған шынымен берілуіне және сол арқылы әскери қуатын арттыруға мүмкіндік берді.
Дегенмен осындай азды-көпті нәтижелермен бірге Едігенің балаларды құлдыққа сатуға тиым салуы оның саяси қарсыластары болған Алтын Орда хандары мен олардың тірегі – қала халқын экономикалық жағынан әлсіретуге де бағытталған еді. Өйткені құл саудасы бұл кезде экономикалық емес табыстың ең негізгі кірістерінің бірі болды да, билеушілер мен қала тұрғындарының негізгі кәсіптерінің біріне айналған болатын.
Едіге билігінің бастапқы кезінде-ақ Маңғыт жұртының шекарасы батысқа қарай жылжып, Еділ жағалауына дейін жеткен. Исмаил 1580 жылы “Менің бабамның жұрты үш өзеннің бойында еді, олар: Еділ бойы, Жайық бойы және Жем бойы” [29, д 95, л. 167] деп жазды., Сірә, сол кездің өзінде Маңғыт ордасының оң, сол болып географиялық тұрғыда бөлінуі басталған болуы керек. Өйткені осы кезде Едіге ұлы Нұраддин оң және батыс қанатқа билік жүргізсе, шығыс аймаққа орналасқан сол қанатқа беклербектің өзі билік жасаған.
Маңғыт жұртына қарайтын аймақтың кеңдігі және бодандардың молдығы Жошы ұлысы ақсүйектерінің арасындағы Едігенің биік мәртебесін қамтамасыз етті. Мемлекетте және сарай төңірегінде маңғыттар ықпалының күшеюі билік басындағы әулеттің өз қатарынан маңғыт елі басшыларына да орын беруге мәжбүр етті. Бұл жерде некелік дипломатия орныққандығын аңғарамыз. Едіге Тоқтамыстың қызын (немесе қарындасын) әйелдікке алды, одан Нұраддин туылды [6, 269]. Кейінгі кезде өз қызын болашақ хан Темір б. Темір Құтлығқа ұзатты.
Ендігі мәселенің бірі Едігенің ресми дәрежесіне байланысты туындайды. Едіге кім? Әмір ме, бек пе? Оны 1391 жылы Темір-Құтлығ берген дәрежесімен беклербек дәрежесінде (бек, би, ұлығ бек, ұлы би нұсқаларында) атау орныққан. Қадыр Әли бек Хажы-Тарханды Темір Құтлығ пен Едіге бірлесіп,” бірі хан, бірі бек” болып басқарды дейді [20, 159]. Ал Натанзидің айтуы бойынша, Тоқтамысты талқандаған соң Темір “сұлтандықты Темір-Құтлығқа, әмірлікті Едігеге” берді [27, 98].
“Едіге” жырында оның беклер бек лауазымын Тоқтамыстан немесе Темірден алғандығы айтылады. Сірә, алғашқы нұсқа дұрыс болар, өйткені Еділсырты жеріне тархандық билік берген Тоқтамыстың Едігеге беклербектік лауазымды қоса беруі әбден мүмкін. Ал екінші нұсқадағы Әмір Темірдің Алтын Орда ішінде билікті үлестіруге өкілеттігі болмаған, оның үстіне Темір заманының тарихшылары да бұл жөнінде ешқандай дерек келтірмейді.
Ал шығыс авторлары Едіге өкілеттігінің көлемі туралы баға бергенде бірауыздылық танытады. Ол “Дешті, Сарай және Қырымның шынайы билеушісі болды” [37, 139]. Сол сияқты “князьдардың арасында тек Едіге ғана әдетте хандарды тағайындайды және босатып тастай алады” деген де деректер айтылады. Тіпті ол туралы әңгімелерге құлақ құрышы қанған неміс тарихшысы Иоан Шильтбергер оның қызметін “Корольдерді жасаушы” деп бағалаған [45, 79]. Ал М.Г.Сафаргалиев араб тарихшылары оны “патша” (малик) деп атаған дейді [39, 227].
Орыс жылнамашылары Едігенің жоғарғы әмір титулын “ұлы князь” деп атайды. Бұл жолма-жол аударғанда ұлығ бек, ұлы би деген ұғымды береді.
Осы тұрғыдан қарастырғанда Едіге сол кездегі москвалық және литвалық мемлекет билеушілермен бір дәрежеде болған. Бұл дәреже ол мемлекеттердің басшыларымен теңдікті қамтамасыз етті.
Шындығында бұл қарым-қатынастар барынша күрделі еді. Беклербек лауазымындағы Едігенің беделі мен күш-қуатының артқаны соншалықты ол Алтын Орда көшпелі ақсүйектерінің патриархы санала бастады. Христиандық алым-салық төлеушілердің басшыларын өзімен тең санау ендігі жерде оған лайықсыз көрінді. Орыс князьдарымен қарым-қатынаста өзін асқақ ұстаған тәкаппар Едіге 1399 жылы Ворскле шайқасы кезіндегі келіссөзде литва билеушісі Витовтке өзін әке ретінде мойындатады және жыл сайын алым төлеп тұруға мәжбүр етеді. Бұл жерде Едігенің жасының үлкендігі де алға тартылады. Осындай жағдайлардан болар, мүмкін оның даналығын бөліп көрсеткісі келуі, орыс жылнамаларында “Қарт Едіге” деген теңеу орын алады.
Ал Едігенің Темір және оның ұрпақтары Әбу Бәкір б. Мираншах пен Шахрух арасындағы қатынастары мүлдем бөлек. Ол өзін Шахрухтың алдында “құл және қызметші” деп атаса, кейін оның баласы Мұхаммед-Жөкеге қызын ұзатады [37, 157].
Сол сияқты Едіге шет ел билеушілерімен дербес қарым-қатынас жасаған. Бұл оның Маңғыт жұрты тәуелсіздігінің пайдасына емес, Алтын Орданың билеушісі ретіндегі ерекшелігін танытатын. Тархандық жеңілдікке және әлсіз хандардың билігінен тәуелсіз болғандығына қарамастан маңғыттар жайлаған аймақ формальды түрде Жошы Ұлысына кіріп, оның сол қанаты (Көк Орданың) құрамында болды.
Осындай билікті уысына ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін болмады. Өзі қойған хандардың бірімен ұрсысып қалған Едіге Хорезм жерінде, шығыс далаларында (Арал маңы) қаңғып жүргенде 1419 ж. Тоқтамыстың баласы Қадыр-Берді ханның шабуылына ұшырап, Сарайшық төңірегінде қайтыс болды [45, 81]. Едігенің қайтыс болуы жөніндегі деректер де ала-құлалығымен ерекшеленеді. Мысалы, Ибн Арабшах оның қаза тапқан жері Сырдария өзені бойындағы қала десе, И.Б.Грекова ол жерді Қырымда деп есептейді. Ал Қадыр Әли бектің дерегінде беклербекке шабуыл жасаған әскерді Қадыр Берді Қырымнан алдырып еді, дейді [20, 158]. Осы деректің негізі бар сияқты. Өйткені оны өлтіруге Үлкен Ноғай Ордасы төңірегінде ешкімнің жүрегі дауаламас еді. Едіге өлгенімен оның құдіретті болмысы ХҮ–ХҮІ ғасырларда татар хандықтарының құрылуында маңғыттардың ерекше статусының қалыптасуына негіз болды.
Дешті Қыпшақ көшпелілерінің жадында Едігенің аты жақсы сақталып қалды. Аңыз бойынша оның денесі Орталық Қазақстанның Ұлытау жотасындағы Едіге тауында жерленген. Оның басына тастан биік оба тұрғызылып, құрметіне құрбандық шалынған . Бастапқы кезде оның тұлғасы даналық пен мәрттіктің белгісі ретінде әспеттеліп, оның айтты деген сөздері өлең-жырлармен қатар айтылды. Кейін бұл бейне қасиетті тұлғаға айналдырылды, қазақ халқының арасында оның бейнесі ұлттық мақтанышқа айналды, өйткені олар өздерінің мемлекеттілігінің бастауын Едігемен байланыстырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет