1.3 Күрделі етістіктің аналитикалық формалы етістіктен айырмасы.
Аналитикалық формалы етістік тіл білімінде ұзақ уақыт бойы күрделі етістік деп саналып келді, олардың бұл сыртқы ұқсастығы зерттеушілердің назарын өзіне аударып ішкі ерекшелігінің назардан тыс қалуына және тіл білімінде сөздің аналитикалық формасы тек аналитикалық тілдерге ғана қатысты деген пікірдің үстемдік алуына байланысты болған.
Қазіргі тюркологияда күрделі етістік пен аналитикалық формалы етістік дамуы жағынан тілде екі түрлі сатыда тұрғаны қолданылу мақсаты да, тілде атқаратын қызметі де басқа-басқа құбылыстар екені дәлелденген. Аналитикалық формалы етістіктер мен күрделі етістіктіктердің мынадай ұқсастықтары бар: 1) екеуі де ең кемі екі сыңардан тұрады: келіп кет/ті/, күйіп ке/ті, 2) екеуінің де құрамындағы сыңарларының дыбыстық құрамы дербес сөз қалпында: кіріп шық, оқып шық, 3) екеуінің де сыңарлары бір-бірімен көсемше арқылы байланысады: келе кет, жығыла кет, алып келеді, өсіп келеді, 4) екеуінің де сыңары бөлек жазылады: барып қайт, жылап жіберді, 5) екеуі де сөйлемнің бір мүшесі болады, 6) екеуінің де сөйлемдегі басқа сөздермен сөз тіркесін жасауда айырмасы жоқ.
Салыстырып отырған бұл екі объектінің екеуі де екі сыңардан құралғанымен, айырма осы екі сыңарлардың сапасында. Күрделі сөздің компоненттері толық мағыналы сөздер болса, аналитикалық формалы сөздің құрамындағы сыңарлары толық мағыналы сөзбен көмекші сөзден тұрады.
Күрделі етістіктің жасалуына оның жеке сыңарларының бірдей қатысады. Бұлардың да құрамындағы сыңарлары – толық мағыналы етістіктер. Күрделі етістіктер оның құрамындағы жеке сыңарларының мағынасының жиынтығынан жасалған бір Күрделі қимылды білдіреді.
Күрделі етістіктің құрамындағы жеке сыңарлары күрделі қимылдың белгілі бөлімін білдіреді деуге болады. Әдетте күрделі етістіктің бірінші сыңары күрделі қимылдың алғашқы бөлімін, екінші сыңары оның соңғы бөлімін білдіреді. Мысалы, барып кел күрделі бір қимылды білдірсе, ол қимыл екі бөлімнен тұрады, яғни алдымен бару қимылы жасалады., іле-шала келу қимылы жасалады, бұл-бір кеңістік ке бағытта жасалатын бір қимылдың кесінділері. Оны былайша көрсетуге болады.
А………………………………………………
……………………………………………….Б
Күрделі етістіктің сыңарлары бірінен соң бірі жасалатын екі қимылды білдірсе, ондай сыңарларды құрмалас сөйлемнің дара баяндауышы ретінде алып, сол ойды сақтауға болады. Үйге кітапты алып қайт, кітапты алып, үйге қайт. Ыдысты үйге алып бар, гүлді алып бер, гүлді алып, маған бер. Келгенінді жазып кет, келгегіңді жазып, үйіне кет.
Бұл келтірілген мысалдардан француз ғалымы А. Мейенің күрделі сөздер бағыныңқы сөйлемді қолданбауға мүмкіндік береді деп санауы дұрыс екенін көреміз.
Ал аналитикалық формалы етістіктің құрамындағы сыңарларын бөліп, оның әрқайсысын құрмалас сөйлемнің жай сөйлемдерінің баяндауышы етіп, сол мағынаны сақтау мүмкін емес, өйткені оның соңғы сыңарының лексикалық мағынасы жоқ, сондықтан ол жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды.
Күрделі етістіктің сыңарлары бір мезгілде болатын қимылды да білдіреді: қуып жібер, лақтырып таста, сөйлей отыр, біле жүр, айтып бар т.б.
Ал аналитикалық формалы етістік болса, тең емес сыңарлардан құралады да, оның екінші сыңары лексикалық мағынасынан айырылған сөз болғандықтан , онда күрделі етістіктегідей бірінен кейін бірі немесе қатар, бір мезгілде болатын екі қимыл туралы сөз болмайды, онда дербес етістік білдіретін бір қимыл туралы айтылады, бір ғана лексикалық мағына болады. Мысалы, айта сәл, дегенде тек айту қимылы ғана бар, яғни онда айту етістігінің ғана лексикалық мағынасы бар. Бұрын зерттеушілер мұндай аналитикалық формалы етістіктерді күрделі етістікке жатқызғандықтан , күрделі етістікті екіге бөлуге мәжбүр болған:
1) Тең сыңардан, 2) тең емес сыңарлардан жасалған күрделі етістіктер.
Зерттеушілер бұл тіл фактілерінің айырмасы барын көрген, бірақ олардың сол айырмасына қарай әрқайсысын өз орнына қойып тілдегі екі түрлі құбылыс деген дәрежеде танымаған.
Күрделі етістіктің ортақ сыңарларының абстракциялануынан ол лексикалық мағынасынан айрылған, бұл оның сыңарларының мағына теңдігін жойып, оеы күрделі етістік қатарынан шығарып, аналитикалық формалы етістікке айналдырған.
Ал келс игі еді, келсе екен, келгіп келеді сияқты аналитикалық формалы етістіктер қала рай мен модальдылық категориялардың аналитикалық формасында тұр. Сол сияқты оқып жүр, оқып тұр, оқып жатыр дегендегі аналитикалық формада тұрған оқы етістігі етістіктің шақ категориясының аналитикалық формасында тұр. Осыны оқи алады, оқи алмайды сияқты аналитикалық формаға ауыстырсақ, ол етістік модальдылық категорияның аналитикалық формасына көшеді. Бұл етістіктен оқи бер, оқи сәл, оқып жібер сияқты аналитикалық форма жасаса, ол қимылдың өтуін, барысын білдіретін, қимылдың өту сипаты категориясына ауысты. Қорыта келгенде, күрделі етістіктер тілдегі лексикалық единицалар болса, аналитикалық формалы етістіктер- етістік категорияларының формасында қолданылған сөздер.
Күрделі етістік, барлық басқа түбірлер сияқты, граматикалық мағына беретін көрсеткіштерді өзінің соңғы сыңарынан соң қабылдайды: алып келгіз, алып келсе, алып келме, алып келгісі келеді, алып келіп еді, алып келе береді, алып келе сал т.б.
Аналитикалық етістіктің жағдайы басқаша. Мұнда етістіктің аналитикалық формасын жасайтын аналитикалық формант сөз түрлендіруші басқа қосымша сөзден қандай орын алса, ол да сондай орын алады.
Күрделі етістіктің соңғы сыңарынан соң жалғанатын етіс жұрнақтары аналитикалық форманттың алдынан, түбірден соң тіркеседі: айтқыза салу, оқыта беру, оқыта бер, жуына қой т.б
Сол сияқты барлық сөз тудырушы жұрнақтар аналитикалық форманттан бұрын орналасады: кездей бер, жасара бер, өзгере сәл, жылына қой т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |