Балдағы алтын құрыш болат, Ашылып шапсам деп тартар Сусыным қанға қанар деп, – мұны Шалкиіз жырау айтқан. Махамбет Қазтуғаннан да, Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамбердіден де сөз үлгісін мейлінше көп алды.
Құлмат Өмірәлиев “ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі” монографиясында (1976) Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі поэзия үлгілерімен байланысын арнайы қарастырды.
Академик Зәки Ахметов, профессор Рәбиға Сыздықовалар Махамбет толғауларындағы байырғы сипаттарға назар аудартты.
Жыраулар поэзиясының негізгі бір қыры – афоризм, нақыл сөз. Бұл жөнінен де Махамбет поэзиясы – жырау үні.
Сәбит Мұқановтың Махамбет ақындығы, шығармашылық қырлары жайлы айтқан пікірлері нақтылығымен, мәселенің айқын қойылымымен махамбеттанудың өрісін кеңітті.
С. Мұқанов Махамбет өмірін таратып баяндап берді.
С. Мұқанов Махамбет өлеңдерін жазып шығарды ма деген мәселеге көңіл бөлді. “Тарихи деректерге қарағанда Махамбет мұсылманша хат білген. Бірақ, ақын Махамбет, өзінің жырларын жазды ма, жоқ па? – одан сақталған тарихи дерек жоқ. Оның өлеңдері ауыздан-ауызға көшіп, халық аузында ғана сақталған” [9, 64 б.].
Х. Досмұхамедұлы Махамбеттің Баймағамбетке айтқанындай ешбір ханға айтылған жоқ десе, С. Мұқанов: “Үшінші – әрине, Махамбет жырларында, Махамбеттен бұрын жасаған ақындық, Махамбеттен бұрын жасаған батырлар туралы, олардың қайраттары туралы айтылған жырладың кездестіретіндері бар, мәселен, Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан қайраты, Едіге батырдың Тоқтамыс ханға айтқан қайратымен бір сарындас, кәтте жолына жолы, сөзіне сөзі дәл келеді. Бұдан Махамбеттің ақындығы төмендемейді, әрі Махамбет бұрынғылардың алды деген қорытынды жасауға болмайды. Махамбет емес, ауыз әдебиет ақындарында, өзінен бұрынғы жырынан өз жырларына, ретіне қарай кесектеп пайдалану аз кездеспейді. Бұл әдет Бұхарда да, Дулатта да, Шортанбайда да, басқалаларда да бар” [9, 76 б.].
С. Мұқановтың Махамбет поэзиясына назар аударуында сол тұстағы зерттеушілер әдебиетіміздің теориялық тарихын толықтырып, орнықтырар көп қорек алғанын көреміз. Бұл жерде С.Мұқанов Махамбет поэзиясындағы ғана емес, Қазақтың дәстүрлі жыраулар поэзиясындағы өлең жасаудағы айқын бір әдісті де атап көрсетіп отыр.
С. Мұқанов Махамбеттің ақындық қуатын ақындық табиғат төркінінен таратып ашуда көреген, білгір. Махамбет ел мұңы ғана емес, жеке бас мұңы, адамдық үлкен жүрек, әлеумет бақытын көксеумен қатар өз бақытын да көксейді деп, Махамбет поэзиясындағы сыршыл лирикадағы ақынның адамшылық шыны, сыры түскен сәттерге үңіледі.
“Сүйген жарының, сүйікті балаларының қасында рахатты өмір сүре алмауына ол қатты қайғырып, былай дейді:
Қосылған жаста арудың, Көре алмай кеттім құшағын. Арпа жемес арғымақ Ақселеу отқа зар болар. Миуа, шекер жемеген Алғаным менен балаларым Қоңырсыған дүние-ай, Қой етіне зар болар… Жапаннан қарсақ ін қазар, Хан салдырған жәрмеңке, Жырақ болсын бізден бұл базар. Қатын қалса бай табар. Қарындас қалса жай табар. Артымда қалған ақсақал Алқайлай кеңес құрған күн, Ақылменен ой табар, Кейін қалған жас бала. Күдер үзіп біздерден, Көңілі қашан жай табар?.. …Бұл заманның шағында, – Махамбеттей зарығып. Мұңды болған қайда бар?..” [9, 75 б.].
Махамбет көпті күңіренте, жерді солқылдата күрсінеді дейді. Сонда да қайғының толқынына тұңшықпайды дейді.
С. Мұқанов Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі, оның тарихи тұлғасын өлеңге түсірудегі ақын шеберлігін, поэзия құдіретін жырдың шуағына шомылып отырып әсерлене төккенін көреміз. Исатайды айтуында Махамбет аруағы қозып, алапат жыр жауынын нөсерлетіп төгеді. “Исатайдың өліміне қайғырып, оны жоқтағанда Махамбеттің аузындағы сөзі жүрегінің қанындай саулайды…”
Махамбет шығармаларын жинап, бастырудағы “қара шаруасы” өз алдына, Қажым Жұмалиевтің махамбеттанудағы ғылыми өрісі тым кең. Алымы ауқымды. Қ.Жұмалиевтің махамбеттанудағы өзгеше орнын айтуды ғалымның мына бір пікірінен өрбіту де қисынды көрінеді.
“Соңғы кездерде Махамбетті кейбір сыншы әдебиетшілер ауыз әдебиетіне қарай итеріп, оны тарихи әдебиет өкілінің қатарына жатқызбаудың әрекетінен туған пікірлерді айтып жүр” [16, 130 б.].
Қажым Жұмалиевтің Махамбет жайлы зерттеуіндегі өзгеше бір теориялық тұжырым – Махамбеттің реализмі мәселесін қарастыруында. Ең әуелі Махамбет реализмі көтеріліс, тарих шындығын, оқиға шындығын бұрмай айтуында дейді Қ. Жұмалиев. Онан әрі ақынның өмір шындығын көркемдікке көшірудегі шеберлік шындығына тартады. Өмірдегі жай мен өлеңдегі әдіс, тәсілдердің сабақтастығын, теориялық негіздемелерін жасайды.
Қ. Жұмалиев Махамбет өлеңдерінің шығарылу мерзімі жайлы ғылыми сұңғылалық танытады. Ол Махамбет өлеңдерін тақырып, мазмұн, жер аттары, ел аттарына қарап хронологиялық жағынан екі кезеңге бөлуге болады дейді. Көтерілістің алғашқы кезеңі, 1829 жыл мен 1838 жылдар. 1838 жыл мен
1846 жылдар арасы.
Қажым Жұмалиев Махамбет поэзиясындағы элегияны талдауында үлкен теоретик. Өлең білгірі. Саяси мәннен гөрі енді ғалым өлеңнен адам жан күйін тұтас көру мүмкіндігін барынша кең қамтып ашады.
Оның элегияны түр-сипат жағынан танытуы Махамбет поэзиясының жанры, стильдік ерекшелігі мәселесін айқындауда ғана емес, қазақ өлеңінің жаратылысын ашу, ХІХ ғасыр әдебиетінің даралық, беласқан сипаттарын саралаудың қазақ әдебиеттануындағы анық бір үлгісі болып орнықты.
“Махамбеттің 1838 жылдан кейінгі өлеңдерінің көпшілігі лирика-элегиялық өлеңдер. Элегия – ақынның өмір жолындағы өз басынан кешірген қиын-қыстауларының сәулесі, ішкі көңіл күйінің көлеңкесі десек, 38 жылғы үлкен апаттан кейін ақын өлеңдерінің көпшілігі элегия болып келуі заңды” [16, 323б.].
Қажым Жұмалиев Махамбет поэзиясын жанрлық жақтан зерттеудің профессоры, кәнігі майталманы. Кей тұста замана ағымы өлең сөздің, сөз өнерінің білгірі Қажым Жұмалиевті де ”тура жолдан тайдырып“ отырады. “Көңілдің көлеңке жағының көрінісі”, “ішкі жан күйініші”, “жүрек тербеткендей жылы, ой қозағандай терең”, “оқушыларының ет-өзегін үзгендей ақынның өткір жырлары” сияқты тіркестерден зерттеушінің Махамбет өлеңіне үздіге үңілгенін, жыр шәрбатын армансыз сіміргенін бүкпесіз жеткізіп жатқанын өзінде Қажым Жұмалиев Махамбет жырын сонда да тұтастай ақындыққа жығып бергісі келмейді. Өлеңнің ішіне кіріп кетіп, өлеңше талдауға қаншалықты үздігіп тұрғанымен, “саяси қараңғылық” тізгінді тарта ұстауға мәжбүр еткендей. Махамбет ақынның ақындығынан гөрі бұқарашыл, халықшыл көтеріліс күрескеріне “демократиялық бағыт өкіліне” іш тарта сөйлейді. Бұған қарап Махамбет ақындығын ашпады деу емес, ашқанда қандай етіп ашты десеңізші!
Соның үшін де таза ақындық қуат, ішкі әсер жөнінен келгенде элегияның үздік үлгісі болып табылатын қайсыбір өлеңдерге Қ. Жұмалиев құнын біле тұра, кемнің баға беруге де мәжбүр болғанын ұғындырып, дәлелдеу қажет бола қоймас. Бұл кепті қазақ әдебиеттану ғылымының іргесін қалап, көсегесін көгерткен көреген, алымды, ақиқат сөзді ғалымдарымыздың барлығы да бастан кешкен. “Кешегі бір кезде атын естігенде қалтырап үйінде отыра алмайтын жаулары Бармақ, Тәукелерден, енді өзі қашып, жасырыну әрі батыр, әр ақын Махамбетке аз кішірею емес. Міне, осындай жағдайлар еске түскенде ақынның күйінуі де, ызалануы да заңды. Сондай минутта ақыннан әлсіз өлеңдер (астын сызған біз – Қ.М.) де, зарығу, торығудың нәтижесі көңілдің көлеңке жағының көрінісі лирикалар да болды. Бірақ, мұндай өлеңдер Махамбетте бірен-саран ғана. Бұлар оқушыларын ерлікке үндейтін, келешекке сендіре, халыққа деген сүйіспеншілік пен махаббатты тереңдете түсетін Махамбет өлеңдерінің көпшілігіне тат келтіре алмайды. Оның өлеңдерінің барлығы дерлік, оптимистік сарында десек, асыра бағалаушылық емес” [16, 328 б.].
Махамбет “келешекке нық сенімін” көрсетуді мақсат етіп, тақырып таңдап, соны ашу үшін айтпайды. Көңіл күйі, жан дүние, сезім арпалысы жүректен сығып шығарған жыр. Көбіне ақын еркінен тыс; үгітшілдік, идеологиялық мақсатта емес, жан күйі. Іштен шыққан жалын. Азамат адамның арманға толы жан сыры, жан мұңы. Поэзия. Күйреу. Күйзелу. Рухы жығылмағанымен ұлы жаратылыс өктемдігі алдындағы адам дәрменсіздігінің күйі түскен ауыр үн – өлең. Бірақ Махамбет енді бір сәт сілкініп, тіршіліктің ұлы заңымен қайта түлеп, өзінің “Менін” қайта табады.