Сөж тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы және дәстүрлі жыраулық поэзия Орындаған: Сундетова А. Д. Қабылдаған



Дата02.03.2023
өлшемі145,26 Kb.
#71172

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті


СӨЖ

Тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы және дәстүрлі жыраулық поэзия

Орындаған:Сундетова А.Д.
Қабылдаған: Бисенбаев П.К.

Жоспары:
1.Кіріспе


2.Махамбет сарыны
2.1.XIX ғасырдағы өршіл поэзия
2.2. Махамбет жырлары – тарихи оқиға шежіресі.
3.Қорытынды
4.Пайдаланылған әдебиеттер

1.Кіріспе


ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті — өзінің мазмұны мен идеясы жағынан біраз ілгерілеген, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет. Бұл кез әдебиетінде дәуір көрінісі айқын бейнеленді. Заман сыры жан-жақты ашылды. Әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамдық қайшылықтар жырланды. Жаңа дәуір поэзиясының алдыңғы қатарлы өкілдері заманы ұсынған жаңа талаптарға сай, әділетсіздікке қарсы батыл күрес идеяларын қолдады. Қазақ поэзиясында жаңа бір өршіл сарын пайда болды. Жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл поэзия бой көрсетті. Бұл — сайып келгенде өзіне дейінгі батырлар жыры дәстүрінің жаңарған тың түрі. ХІХ ғасыр ақындары өзінің жаңа идеяларын поэзияның бұрынғы дәстүрлі үлгі формаларында жырлады. Осылардың ішінде, ХІХ ғасыр поэзиясын кең өріске көтерген жанрлары деп арнау, толғау, айтыс формаларын ерекше атап көрсеткен орынды. Бұрынғы дәстүрлі формалардың өзі жаңа идеяны жырлау үстінде біраз жаңғырады, жетіледі. Мысалы, Махамбет толғаулары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленіп, толғау формасын идея жағынан да, түр жағынан да жаңартты деп айтуға болады. Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-күй лирикасының озық үлгілерін туғызды. Ақын жырларынан оның қасіретке бөленген мұңды жаны танылады. Махамбет қазақ лирикасын сапалық және көркемдік жаңа бір белеске көшірді.
Қазақстанның батыс аймағында, әсіресе, Еділ, Жайық, Нарын, Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өңірінде ол кезде ел арасына белгілі ақын, жыраулар аз емес-ті. Олардың көбі өздеріне дейінгі жыраулар мұрасы мен батырлық жырларды ел арасына таратып, елдік, ерлік дәстүрді насихаттаушылар еді. Олар әділетсіздікке отаршылдық саясатқа қарсы еді. Исатай, Махамбет көтерілісінің жеңіске жетуіне жан-тәнімен тілектес болатын. Бірақ олардың бәрі де белсене шығып, көтеріліске араласып кете алмады. Тіпті, көтеріліс сапында болған Шернияздың өзі де дәл Махамбеттей көтеріліс жаршысы бола алған жоқ.
Әр уақытта да әділетсіздікке қарсы шығу үшіні өлім мен бейнеттен сескенбейтін жалынды жүрек керек еді, жан-тәнімен, ой-санасымен берілген берік сенім керек еді. Тек Махамбет дәуірінде ғана емес, одан бұрынғы, одан кейінгі замандардың бәрінде де әділетті жақтап, жалғандық пен жауыздықты әшкерелеу тек ерлердің қолынан ғана келген. Махамбетке әсер еткен жағдайлардың бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы ақын, жыраулардың дәстүрлі әдеби ортасы, олар жырлап таратқан ерлік жырлар. Махамбет Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспанбет, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасын жақсы білген. Демек, туа біткен талант, әлеуметтік теңсіздікті сезіну, әдеби орта әсері сияқты жағдайлар Махамбеттің ақын болып қалыптасуына ықпал еткен. Махамбет поэзиясы – жауынгерлік поэзияның, жыраулық өнердің үздік үлгісі. Махамбет шығармаларында көтеріліс тарихы жатыр. Махамбетке әсер еткен жағдайлардың бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы ақын, жыраулардың дәстүрлі әдеби ортасы, олар жырлап таратқан ерлік жырлар. Махамбет Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспанбет, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасын жақсы білген. Демек, туа біткен талант, әлеуметтік теңсіздікті сезіну, әдеби орта әсері сияқты жағдайлар Махамбеттің ақын болып қалыптасуына ықпал еткен.
Махамбет поэзиясының бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Ақын толғауларында жыраулар поэзиясынан жеткен дәстүрлі қолданыстар мол. Махамбет Қазтуғаннан да, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамбердіден де сөз үлгісін мейлінше көп алды.
Балдағы алтын құрыш болат,
Ашылып шапсам, дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп(Шалкиіз жырау).

Қарқыны күшті көк семсер


Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.(Махамбет).
Хан емессің, қасқырсың,
қас албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да
ажалы жеткен пақырсың(Марғасқа жырау).

Хан емессің, қасқырсың, …(Махамбет).


Арғымаққа оқ тиді


қыл майқанның түбінен,
аймадетке оқ тиді
отыз екі омыртқаның буынынан,
… жағдайсыз кетіп барамын
жанымда бір туғанның жоғынан!…(Доспамбет).

Арғымаққа оқ тиді


қыл мықынның түбінен…(Махамбет).
Махамбеттің кейбір өлеңдері ХХ ғасыр басында қазақ ақындарының жинақтарына енді. 1908 жылы «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деген жинаққа(Қазан) Махамбеттің жүз жолдан астам өлеңі енген. Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылы «Шайыр»(1910) жинағында да басылған. 1925 жылы «Исатай-Махамбет кітабында(Ташкент), 1926 жылы «Аламан» жинағында, «Жаңа мектеп», «Сәуле» журналдарында Махамбет өлеңдері түгелге жақын жарияланды және Исатай көтерілісі туралы мәліметтер басылды. Кейбір газеттерде осы қозғалыстың тарихи мәні баяндалып, мақалалар жарияланды. Халел Досмұхамедұлы Махамбет өмірбаянын тұңғыш рет берді. Махамбеттің шығармашылығы, көтеріліс себептері мен сабақтары туралы жазды.
Көтеріліс басшыларының бірі, жалынды ақын Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы Еділ, Жайық арасындағы Нарын құмында, Бекетай деген жерде дүниеге келген. Бір өлеңінде «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік» дейді(Тоқтамыс, Бекмұханбет, Махамбет, Исмайыл, Досмайыл, Қожахмет(Ахмет), Әйіп, Хасен, Сүлеймен, Ибрайым). Махамбет жасынан батыр, балуан, мерген, домбырашы, ақын атанады.
Халықтың айтуына қарағанда, Махамбет арқалы күйші, композитор болған. Қазіргі домбырашылар Махамбет күйлері деп орындап жүрген күйлер(«Өкініш», «Қайран, Нарын», «Жұмыр, Қылыш», «Жорық», «Ақтабан», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.) бар. Махамбеттің жаза білгені, орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар да бар екені мәлім. Қалың еңбекші қауымның ортасында өскен ол бұқара халықтың зары мен мұңын жақсы білді. Жігіт шағында хан ордасы маңында болып өктем орта сырын терең түсінді.
Хан ордасын қамау кезінде Исатайдың алдауға көнуі, Тастөбе, Ақбұлақ шайқастарындағы сәтсіздіктер, көтерілісшілер ішінде жеке басының қамын ойлаған Қайыпқали Ешімов сияқты опасыздардың болуы, хан жасағы мен патша әскерінің күшінің басымдығы көтерілістің жеңіліспен аяқталуына себеп болды. Аңдыған жау Махамбетті Жайық бойында Қараой мекенінде жалғыз үй отырғанда қайғылы қазаға ұшыратты. Махамбет ақын 42 жасында 1846 жылы қапыда қаза болды.
Махамбет өлеңдерінен көтеріліс күндерінің әрбір елеулі оқиғасы айқын аңғарылады. Жәңгір мен Баймағанбетке деген ыза-кек, Орданы қамау, Тастөбе шайқасы, халық батыры Исатайдың асқақ бейнесі, батыр өлімінен кейінгі көңіл-күйлері, хан, сұлтандарға деген бітіспес күрес – бәрі-бәрі көз алдыңыздан өткендей әсер береді. М.Әуезов Махамбет поэзиясын «қимыл мен күрестің өзгеше жыры» дейді. Махамбет өлеңдерін үш кезеңге бөліп қарастыруды, яғни көтеріліс алдында, барысында, жеңілгеннен кейінгі деп қарастыруды ұсынады.
Махамбет өлеңдерінде саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Осы қасиеті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне әсер етті. 1837 жылғы ноябрь(ақырап) айында болған жеңілістен кейін, Исатай, Махамбет бастаған аз адам Жайық өзені қатқанға шейінНарын құмында қашып жүреді де, декабрь айының 12 күні кешке жақын Жайықтан келіп өтпекші болады. Көк мұзға ат салып, Жайықтан көктей өтеміз дегенде, линия бойындағы отряд біліп қалып, оқ атады. Исатай, Махамбет аз шығынмен өтіп кетеді. Жайықтан өткеннен кейін боран үдетіп кетеді де, ел таба алмай, батырлар далаға түнейді. Талай айлар қуғында жүргенн адамдар түн бойы қар жамылып, мұз төсеніп, ұйқысыз шығады. Іштерінен кейбіреулер әлсіздік білдіреді. Оларға күрестерінің болашағы бұлдыр, келешегі үмітсіз көрінеді. Осындай сарыуайымға салынушылардың бетін қайтару үшін Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін сол жерде шығарыпты деседі: Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға аламай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терілігі майдай ерімей … … . Өлеңнен қасындағы жолдастарын да, елін де, күреске шақырушылық, ерлікке үндеушілік аңғарылады.
Халық ерлерінің айбынды күшін суреттеуде ақын шеберлігі барынша айқын. Махамбет Исатайдың ерлік тұлғасы арқылы бұқара халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді. Халықтың көтерілістен күткен мақсаты мен арманын жырлайды. Бұны оның өзі жайындағы және Исатай туралы өлеңдерінен, әсіресе, Баймағамбетке айтқан сөздерінен байқаймыз. «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңінде Махамбет Исатай қозғалысының екі түрлі мақсаты болғанын айтады: бірі – хан билігін жою, екіншісі – бұқара бостандығын жақтау. «Еңсесі биік ақ орда, еріксіз кірсем деп едім, керегесін кескілеп, отын етсем деп едім» дейді ақын. «Хан керегесін отын етемін» деу – батырлар жырындағы сарын. Махамбет көтерілістің екінші мақсатын былайша суреттейді: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім». Хан ордасын бұзу – саяси талап, ал қоныс, жер-су, мал үшін күресуі – экономикалық талап.
Өз кезеңі үшін бұл талаптың мәні аса зор болды. «Тарланым», «Мінкен ер», «Қызғыш құс», «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар, «Исатай сөзі», «Арғымақтың баласы», «Біз неткен ер», «Ұл туса», «Туған ұлдан не пайда», «Еңселігі екі елі» т.б. өлеңдерінде ақын халықтың ерлік тұлғасын толық таныта алады. Махамбет бұл өлеңдерінде Исатайдың образын – батыр образын жасады. «Мұнар күн», «Исатай мен Жақия», «Соғыс», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» т.б. өлеңдерінде де Исатайдың ерлік істері мен адамгершілік, азаматтығы жырланады. Исатайдың өлімі ақын жанына қатты батты. Өзімен жолы бір, арман-тілегі бір халық батырының өлімі әрі ел қайғысы, әрі Махамбеттің өз қайғысы болды. Исатай өліміне арнаған өлеңдерінде ақын өзінің ой кернеген мұңын, кеуде кернеген шерін терең суреттейді. Махамбет Исатайды әрі көтеріліс көсемі, әрі батыр, әрі ақылды, халық тілегін жеке басының мақсатынан жоғары санайтын, басқалардан жөні бөлек, шоқтығы биік жан етіп көрсетеді.
Исатайдың тарихи рөлі де, кейінгі ұрпақтар үшін оның істерінің әлеуметтік мәні де «қара қазақ баласын хан ұлына теңгеру» болды. «Мінкен ер» атты өлең Исатайдың Жайықтан бері өтіп, Кіші жүз ішіне келуін суреттейді. «Исатай өлген соң ел еркесінен айырылып, сергелдең болды» дейді ақын. «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңін Исатай өлген соң, Махамбет оның атынан өзі жырлаған. Мұнда Исатай өзінің не үшін және қалай күрескенін, мақсатына жете алмағанын, көтеріліс күндері жіберген қателіктеріне тоқтала келіп, елдің ендігі тағдырын Махамбетке және келер ұрпаққа тапсырады. Өз баласы Жақияны да атаған. Сөзінің аяғында батыр бостандық жолындағы өз арманын бүкіл ұрпаққа мирас етіп қалдырады: «Арманымды айтып кетейін, найза ұстаған ерлерге, Арыстан туған Исатай дегеніне жете алмай, арманда өтіп кетті деп…»
Исатай сөзі ретінде айтылған «Әй, Махамбет, жолдасым» деген өлеңінде батырдың ешкімнің сөзін тындамайтын қыңырлық және аңқаулық ісі батыл ашылады.
Махамбет өлендері өзіне тән сипатымен көркемдік жағынан ерекше жанр жағынан тарихи шындықты, уақиғаны лирикалық сезімге бөленіп баяндалған, оған өз көзқарасын, қатысын және қалай сезінуін қоса айтады. Осындай үлгі лиро-эпикалық жанрға жатады. Махамбет өлеңдерінің тарихи салмағы басым баяндалады. Ақынның өлеңдерінде эпостық баяндау сарыны да бар, ол жалынды лирикамен араласып келеді («Баймағанбетке айтқаны»).
Махамбет өлеңдерінің көбі дерлік жоқтау сарынында айтылады. Ол әсіресе Исатай мерт болғаннан кейін туындайды. Оның жоқтауы халық ауыз әдебиеті жоқтаулары үлгісінде құрылады. Теңеу, эпитет, метафора қолданыстары сол мұрадан сусындайды. Мысалы, «Тарланым», «Тайманның ұлы Исатай».
Махамбетте өмірді философиялық бағытқа негіздеп өзінің түйіндеген ұғымын баяндайтын сәттер де бар. Олар риторикалық сұрақтармен де айтылады. («Қоғалы көлдер, қом сулар», т.б.).
Махамбеттің Исатайдан айырылып, әбден сәтсіздікке үшырап, көңілі құлазыған кездерінде шығарған өлеңдерінде өз көңіл-күйін көрсететін элегиялық лирика біраз орын алады.
Махамбеттің тақырыбы да ерлік және халықты күрес қимылдарына шақыру болып саналады.
Махамбеттің тіл көркемдігі тартымды. Исатайды ел қамын ойлап, «қызғыштай болған есіл ер» деп теңеу жасап, батырды аң патшасы арыстанға балап, «Арыстан еді-ау Исатай» деп «Таудан мұнартып ұшқан тарланым» деп қыранға балап, әсерлі метафора қолданады. «Қой мойынды көк жұлын» деп ер серігі тұлпарды метонимиялық бейнеде суреттейді.
Махамбет — өзіне дейінгі және кейінгі ақындардан өмірді басқаша танып, шындық болмысты дұрыс көре білген халық әдебиетінің өкілі. Махамбет — қазақ әдебиетінде ең алғаш болып хан-сұлтандарға қарсы қарғыс оғын жаудырып, халық тілегін батыл да ашық айтқан адам. Махамбет ең алдымен халқын, Отанын сүйген патриот ақын. Оның өлеңі — елін тереңнен сүюдің айқын үлгісі. Махамбет өзінің қысқа ғұмырында төңкерістің жеңісі мен жеңілісін поэзия тілімен кестелеп, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, күш-қуатын елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолына жұмсады. Махамбет — кейінгі ақындар үлгі алған, өзіндік өлең құрылысы, тіл өзгешелігі, өз стилі бар ақын. Бүгінгі ақындар Махамбеттің образ қолданысынан үлгі алады. Махамбеттің әр образды, сөзді әр жағдайдың өзіне тән етіп қолданатын шеберлігін үйренеді. Ақын шығармалары жас жеткіншектерді табандылыққа, қиыншылықты жеңетін қайсарлыққа тәрбиелейді. Ол – асыл сөздің кені, көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітші.
4.Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. – 5 том. – Алматы, 2015. – 431 б.
2.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы, 2016. – 904 б
3. «Бес ғасыр жырлайды» кітабы. 2 томдық. Алматы-1989ж. І-том

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет