49-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
50-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі
1. Осы Заңда көзделген, біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру рәсімдері мен мерзімдерін регламенттейтін нормаларды қоспағанда, ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу мыналарды:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын болса, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда жүзеге асырылады.
3. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.