1. Өнiм берушiнi таңдауға негiз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына өзгерiстер енгiзуге мынадай өзара байланысты талаптар сақталған кезде:
1) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тараптардың бірі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгерістер енгізуге бастамашы болса;
2) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі;
3) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізу туралы шешім тараптардың өзара келісуі бойынша қабылданса;
4) егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған болса, екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге жіберілетін мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін бес жұмыс күніне ұлғайту бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгеріс енгізуге жол беріледі.
Осы тармақта көзделген талаптарды сақтамай, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына өзгеріс енгізуге жол берілмейді.
2. Өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өзгеріс енгізуге:
1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны және тиiсiнше мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде тараптардың өзара келiсуі бойынша;
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын ұлғайту бөлігінде;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартта көрсетілген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен осы сатып алынатын тауарлардың, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда, жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің көлеміндегі қажеттіліктің азаюына не ұлғаюына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту не ұлғайту бөлігінде жол беріледі. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында көзделген сомалар шегінде жол беріледі;
4) өнім беруші өзімен жасалған тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау процесінде тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен мемлекеттік сатып алу туралы өзімен жасалған шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің неғұрлым үздік сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын не мерзімдерін және (немесе) талаптарын ұсынған жағдайда;
5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасының өзгеруiнен туындаған, аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындауға мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту немесе ұлғайту бөлiгiнде;
6) аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындау жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде;
7) мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт сомасының өзгермеуі талабымен мемлекеттік бюджет есебінен жылдар бойынша қаржыландыру өзгертілген немесе жұмыстардың сметалық құны азайтылған және кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерiстер енгiзілген жағдайда, жұмыстарды орындау жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімдерін өзгерту бөлiгiнде;
8) тапсырыс берушінің және (немесе) өнім берушінің лауазымды адамына қатысты мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуымен байланысты қылмыстық іс қозғалған жағдайда, жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде;
9) егер өнім беруші берілетін тауардың тауар өндірушісі болып табылса, тауарды беру жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде жол беріледі. Тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартты осындай өзгертуге ағымдағы қаржы жылы шегінде өнім берушінің хабарламасы бойынша он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге жол беріледі.
3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына не мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) мемлекеттік сатып алу талаптарының мазмұнын және (немесе) осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген өзге де негіздер бойынша, өнім берушіні таңдауға негіз болған ұсынысты өзгертетін өзгерістер енгізуге жол берілмейді.