Қамтылатын мәселелер: - Қазақтың сыни пікірінің оянуы және әдебиет сынының пайда болуы.
- Халықтық эстетика. Қазақ әдебиетіндегі сыншылдық ойлардың негіздері.
- Фольклор халық әдебиетіндегі көркем сөздің ролі.
Б.э.д. 6 ғасырда ертедегі Римде сыншы сөзі белгілі бола бастады. Болашақ патша Птоломей 2-нің ұстазы Косадан шыққан Филипті халық «ақын, әрі сыншы» деп атады. Кейінрек Маллостық Кратет өзін александриялық «тілшілерден» артық етіп көрсету үшін сыншы деп атады. Бірақ, көпке дейін сын текстология ұғымында түсініліп келді. Қазіргі мағынасында Ю.скалигердің «Поэтикасында» қолданылды. Бұл трактаттардың рим әдебиетін шолып, бағалауға арналған алтыншы кітабы. «Сын» деп аталынды. Жеке адамдардың әдеби сын бойынша тұңғыш елеулі еңбек қалдырғандар деп Платон, Аристотель, Аристарх, әл-Фарабилердің есімдері аталынады. Кейіннен сыни бағыттар, мектептер шыға бастады. 16 ғасырда Италияда әдеби сын тұтас бір сала ретінде қалыптасты. Венецияның көркем сыны алғашқы сыни мектеп ретінде белгілі. Еуропа әдебиетінде Буало мен Дидроның есімі шын мәніндегі алғашы сыншы делініп жүр.
Орыс әдебиетінде «критик» сөзін бірінші рет 1789 жылы Қантемір «тура қазы» ұғымында қолданған. Ал «критика» сөзін өз мағынасында 1750 жылы Тредиаковский жазды. В.А.Жуковский «Сын дегеніміз – жетілген талғамға негізделген турКіріспе лекцияа және айқын айтылған пікірлер. Сіз поэма оқисыз, сурет көресіз, соната тыңдайсыз, сонда қанағаттанғандықтан, немесе қанағаттанбағандықтан сезімге бөленесіз- осы талғам, осылардың себебін талдасаңыз- осы сын» деген қарапайым анықтама берді. «Алтын ғасырының» алыптары Пушкин, Толстой, т.б. 19 ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында «Дала уалаятының газеті» , «Түркістан уалаятының газеті» сияқты ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығаштары шыға бастады. Осы газеттердің беттерінде әдебиет туралы пікірленр түңғыш рет көрінді. Кейіннен «Айқап», «Қазақ» сияқты басылымдар үлттық әдебиеттің мәселелерін әртүрлі деңгейде көтере бастады. Төңкеріске дейінгі дәуірде әдеби сынның пайда болып, қалыптаса бастауына 19 ғасырдың екінші жарымынан бастап советтік дәуірге дейін созылған қазақ әдебиетінің ренессанстық кезеңі де тікелей күшті әсер етті. Әсіресе, 20 ғасырдың басында абай өлеңдерінің, қазақтың тұңғыш романы М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалының», А. Байтұрсыновтың «Маса» жинағының басылып шығуы, қазақ поэзиясында Мағжанның көрінуі әдеби сынды да алға тартты. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі әлеуметтік-саяси , мәдени әдеби жағдай көркем сынға ауыр жүк артты. Қазақ әдеби сыны ұлттық әдебиетіміздің жай-күйі туралы барлық жанрларда дерлік барынша үн қатты. Сынмен арнайы айналысатын профессионал сыншылар шығып, өнімді еңбек ете бастады.
Сынның жазба әдебиетке тән жанр екені, онымен үзеңгі қағыса тарихи – эстетикалық сахнаға шығатыны, көркем әдебиеттің бүгінгісіне назар аударып, келешегіне барлау жасайтыны, алынбаған шеберлік қамалдарын нұсқайтыны, жаңалықтың жаршысы болып, қалың жұртшылыққы әдебиеттің әлеуметтік мәнін түсіндіретіні, насихаттайтыны теориялық тұрғыдан анық тұжырымдалған шындықтар.
Алайда әсемдікті танып-білу, оны ардақтау, сұлулықтың сырын ашып, ажарсыздық пен келіссіздікті мінеу сияқты эстетикалық түсініктер халық творчествосына, оның ауыз әдебиетіне жат па? Әрине, жоқ. Жазба әдебиетке дейінгі және жазба әдебиетпен қатар дамып, күні бүгінге дейін қркендеп келе жатқан ауыз әдебиетінде, оның озық үлгі – өрнектерінде эстетикалық талап-талғамның элементтері молынан кездеседі. Мұның барлығы оқушыларды және тыңдаушыларды ажарлықты ардақтап, сұлулықты танып-білуге, лаззат алуға үйретеді, халықтық эстетиканың негізін қалыптастырады.
Қазіргі таңда әдебиеттану ғылымы ауыз әдебиетінің өсу заңдылығын зерттеп, оның әлеуметтік-эстетикалық нәріне айрықша мән беруде. Сын жанрының туу, даму жолдарына назар аударсақ, халықтық эстетиканы сыни ойдың бастауы деп танып, халықтың көркемдік түсінік-танымы мен талап-талғамының өресін байқауға болады.
Қаншама ғасырдан бері халықтың рухани азығы болып келген ауыз әдебиеті эстетикалық мұратты қалыптастыру барысында ерлік пен елдікті әсемдік пен сұлулықты, әділдік пен имандылықты ардақтауды, қадірлеуді, жалғандық пен жамандықтан, зорлық пен зомбылықтан, ажарсыз бен көріксіздіктен жиренуді үйрету, ұғындыру арқылы жұрттың көркемдік талап-талғамын жетілдіруде озық үлгі-өнегесі бар ауыз әдебиеті көне дәуірде де, бүгінгі заманда да өзінің ықпалынан арылған жоқ.
Мысалыға ертегілерді алайық. Одан керекмет поэзияның желі еседі. Көркемдік шеберліктің тамаша үлгісі көрінеді. Халық ертегілері әрқашанда адамды тәрбиелеудің тамаша құралы болып, әділдік жолына бас байлатып, зұлымдықтан жирентеді. Пушкинді еске түсіріңіздерші, ол балалық шағында ғана емес, атақты ақын аталған соң да Арина Родинованың айтқан ертегілерін құмарта тыңдаған ғой. Осы ойды қазақтың халық батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының « Менің осы күнгі келіндерім бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына насының әлди үні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қала ма деп қорқамын» - деп қоюлата түскені тағы бар.
Халық даналығынан туып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіретін мақал-мәтелдердің өміршеңдігін, жиі қолданылатындығын, оның эстетикалық қуаты мен қауқары, әсері мен ықпалының молдығын кім жоққа шығара алмақ? Халықтың өнер сайысына, ақындар айтысына айрықша ілтипат білдіруі де тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл күнде тұрмыс-салт жырлары той-томалағымыздың сәніне айналуда.
Ата мұрасы, халық өнері әлі күнге дейін қазақ әдебиеттану ғылымында социологиялық және эстетикалық тұрғыдан терең зерттеле қойған жоқ. Халықтық эстетиканың көп мәселелері қаға берісте қалып келе жатыр. Біз соның бір ғана саласына, атап айтсақ халықтық эстетиканың ауыз әдебиеті үлгілерінен көрінуіне назар аударып, сыншылық ойдың бастауын аңғартпақпыз.
Кей көптеген елдер сияқты қазақ елі де сұлулық пен әсемдікті ерекше қадірлеген. Оны сөз өнерімен қастерлеген. Бұл сұлулық табиғи әсемдіктің тамаша үлгісі « Қыз Жібек» жырындағы көш суретінен байқалады. Қыз Жібекті іздеп келе жатқан Төлегеннің талай көшке жетіп, қыз дидары мен қылығына көз салған тұстарында қаншама көркемдік таным жатқанын әрдайым мән бере бермейміз. Бұдан да асқан сұлу бар ма екен деген ой қылаң бере бастағанда жаңа бір көшке жетеді. Жыр әуені өз тыңдаушысын әсемдік пен сұлулықтың буына әбден жығып алған соң, әсірелеудің биік шегіне жетеді де кілт бұрылады. Бұдан әрі суреттеу қиындап, сөз бояуы таусыла бастаған шақта көркемдік «қулыққа» көшеді. Тыңдаушысын тәнті еткен ақын енді өзінің поэтикалық мүмкіндігінің азайып қалғанын сезген соң, көш алдындағы келбетті бәйбішені, яғни Жібектің анасын суреттеуден басқа амалы қалмайды. Салдығы мен серілігі қыздардан асып түсетіндіктен жыр өрнегіне қосып өріп, әсемдікті ардақтау, одан лаззат алу сезімін эстетикалық танымға айналдырады.
Осындай ажарлы көрініс пен шынайы әсемдіктің әр алуан құбылысын түсіне білген оқушы енді өз қиялына ерік беріп, Қыз Жібектің сұлулығына көңіл көзінен өткізеді. Бір ғажабы – жырда Қыз Жібектің бейнесі жасалмайды. Ақынның осалдығынан емес, қиял жүзіндегі сұлулықтың әсері күшті екендігін ескергендіктен туған көркемдік тәсіл. Сондықтан тыңдаушы, оқушы өзінің көркемдік танымында әсемдік пен сұлулықтың келісті ажарын енді өзі кестелейді. Әркім өз сұлуын таңдайды, құшады. Міне, осындай жыр маржандары халықтың көркемдік таным-түсінігін, эстетикалық талап-тілегін қалыптастырмады дегенге кім сенеді.
Алайда халықтың керемет қиялы тек адамның ажар, көркенен ғана емес оның қимылы, іс-әрекет жарастығынан да келістіріп айта білген. Мысалы, Қобыланды жырында жан серігі Бурыл жылқыны суреттеуде көрінеді. Суреттеу барысында соншалықты әсірелеп, күштілігі мен нанымдылығы сонша келтіріліп халықтың эстетикалық талғамын оятады. Сөзбен жасалған осындай тамаша суреттер, көрікті келбеттер, ажарлы әсемдіктер талай ұрпақтың көркемдік тәлімін тәрбиелеп, сезімін жетілдірді, түсінік өрісін биіктетті.
Қазақ әдебиеті сынының негізгі мақсаттарының бірі – ажарсыз бен келіссізді мінеу емес, ең алдымен адамның жан дүниесін, талап-талғамын әсемдік пен сұлулыққа, ізгілікке тәрбиелеу.
Қазақ ауыз әдебиетінде ерлік пен ездік, адамшылық пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адалдық пен опасыздық, баяндылық пен тұрақсыздық, саналық пен санасыздық бір-бірімен қашаннан бері арпалысып келе жатқан құбылыс екенін саралайтын ғибратты шығармалар көп. Халық әшейін ермек үшін емес, оны өмірде пайдалану үшін шығарған кереғарлықтың ақ-қарасын айыра отырып, өзінің көзқарасын білдірген. Халықтық эстетиканың, әдеби сынның бастауы қайнар көзі болып табылады.
Ауыз әдебиетіміздің қай түрін алсақта өнеге, ғибрат айтарлық, жөн-жоба мен үлгі-өнеге көрсетерлік қасиеті мол. Мұның бәрі де халық пікірі, келешек ұрпақты тәрбиелеудің эстетикалық құралы деп тануды қажет етеді. Тіпті тұрмыс-салт жырының бір саласы – бет ашардың мәніне назар аударыңызшы. Қайын жұрттың бар адамын мінездей, сипаттй келіп, жас келінге олардың әрқайсысына қандай сый-құрмет көрсетуді айтқанда ибалы тәрбиенің қағидаларымен қатар тіршілікке қажетті іс-әрекеттерді түсіндіруі басым жатады. Демек, мұның өзі тек дидактикалық сипат алып қана қоймай, ғасырлар бойғы тәжірибеде шыңдалған шындықтарды іріктеп, сұрыптап айтуға негізделеді де, эстетикалық мәнге ие болады. Творчестволық саралаудан өткен осындай көзқарастан халықтың сыншылық ой-пікірі көрінеді.
Қазақ әдебиетінде адамның жасмөлшеріне байланысты шығармалар көп. Адамның тууы, өсуі – табиғат заңы. Бірақ халық санасы адам өмірінің әр кезеңіне әр қилы сипаттама беріп, сәбилікке мәз болады, жігіттікті айрықша қадірлеп, кәрілікті сықақтайды.
Сонымен ауыз әдебиетінің қай үлгісі болмасын халықтық эстетиканы, халықтық сыншылдық көзқарасы мен парасатын танытып отырады. Өйткені көркемдіктен ләззат алу, әсемдік пен сұлулықты ардақтау, озық үлгі-өнегеге бастап, жамандықтан жирендіріп отыру – халықтық талап-талғамның жемісі, сыншылдық көзқарастың нышандары.
Қазақ ауыз әдебиетінің ең көне түрлерінің бірі – айтыс жанры. М.Әуезовтың сөзімен айтқанда, « өлең жарысы, өнер жарысы » ретінде « ақынның сынға түсетін майданына » айналады. Демек өнердің қадір-қасиетін айқын тану үшін белгілі бір эстетикалық кретерийлер жасалады. « Ақындар айтысы тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Сонда мұндағы тыңдаушы жұрт тек тыңдаушы ғана емес сонымен қатар айтысушыларды сынаушы, қорытушы болып отырады. Ақындар арасында кімнің жеңіске жетіп кімнің жеңілгендігінде айтып отыратын осылар болып табылады. Қызу айтыс үстінде болып жатқан оқиға ол ақынның қиял-шабытының, импровизациялығының жемісі ғана емес, әлеуметтік құбылыста болып жатқан шындықтың сыртқа шыққан көрінісі. Міне, осы кезде творчестволық саралау принципі бой көрсетіп, көркемдік ажар табады. Сондықтан да ақындықтың сыр-сымбаты мен психологиясын арнайы зерттеген Е. С. Ысмайлов: « Ақын өмір шындығын қайшылық көркемдік бейнемен қабылдаптанитын болса да, оның түпкі реалдық негізі ақынның саналы ойынан мықтап орын алады. Сондықтан, шапшаң айтыс, суырып салып жырлау үстінде түйдек-түйдегімен айтылатын өлең, жыр санадан тыс, тек сезімнің, шабыттың ғана жемісі емес, ақынның саналы образды ойының түйінді, жинақты көрінісі » деп айтыс жанрының ішкі сырын ашып, соны эмоциялық тұрғыдан түсіне білген халықтың эстетикалық талап-талғамының жетілгендігін аңғартады. Халықтық эстетиканың мәнді принциптері ақындар айтысынан, айшықты сын-пікірлерінен анық байқалып отырады. Ақындар тек сұлулық пен асқақ сана-сезімді ғана қастерлемей, әлеуметтік қиястық пен ожарлықты, қоғамдық зорлық-зомбылықты, кем-кетіктерді айтып, өздерінің өнерін өрлендіріп отырады. Ажарлы сөз, тапқыр образ, өткір теңеулерге айрықша мән береді. Әуелінде тілек айту, ықылас білдіру сияқты эстетикалық сәттер ұшырасқанымен шабыт шалқары алысты шалар кезде сатыр-сұтыр сөз найзасы сұңғыласып жатады.
Қазақтың ақындар айтысындағы сыншыл ой-пікірлер мен көзқарастың жаңа бір соны сілімдері Сыр бойы ақындарының айтысынан көрінеді. Олар көбіне жазып айтысатындықтан және екеу ара емес, бірнеше адам сөз сайысына түскендіктен жазба поэзияның сілемдері, эстетикалық сынның элементтері байқалады. Шығыс дәстүрінің ықпалдары, көбіне сюжетті әңгіме-аңыздары, жұмбақтары араласып, оның шешуін іздеу де, сондай-ақ өздерінің өмірін сынауы да, айтысушыларға төрелік айту да айтыстың жаңа бір түрі ғана емес, халықтық эстетиканың бір парасы болып көрінеді. Ол айтыстар тарихта аты қалған Шораяқтың Омары, Таубай Жүсіп, Ізтілеудің Тұрмағанбеті, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптердің өзара сөз жарыстыруынан тұтанып, әлеуметтік-эстетикалық мәселелерді қозғап отырған.
Халықтық эстетиканы сөз еткенде оның ең мәнді де айшықты көрінісін ақындар айтысынан кездестіреміз дегенде, халық творчествосының басқа саласына назар аударудың қажеттігі жоқ деген пікір тумаса керек. Ауыз әдебиеті өмірдің алуан саласын қамтитындықтан халықтың ой-арманы мен тілегі, дүниеге көзқарасы, көркемдікті тану процесі, оған өз ойын білдіру әрқашан көрініс беріп отырады. Халықтық эстетиканың сілемдері юмор мен сықақтан, әзіл-оспақ өлеңдерден, әжуалағыш сатиралардан, сондай-ақ лирикалық толғаулардан да аңғарылады.
Халықтың эстетикалық танымы мен сыншылдық ой-пікірі ауыз әдебиетінің қай саласынан болса да кездесетіні туралы сөз болғанда, бірер жайға назар аударған жөн. « Қазақ ауыз әдебиетінде жерге, елге, малға айтылатын шешендік сынның алуан түрі бар. Түйенің қомы, аттың жалында өскен малшы, аңшы қазақ аса сыншы келеді. Жүйрік ат, қыран құсты шаппай, ұшпай танатын саяткер, құсбегілер болған, ізіне қарап түйенің түсін айтатын, қозыға қарап қоралы қойдан енесін тауып салатын, жоғалған биенің іште кеткен құлынын ат болғанда танып алатын сыншылар туралы аңыздар көп»
Ғалымның бір көңіл аударғаны – қазақ фольклорының эстетикасы. Зерттеуші эстетикалық талап-талғамның элементтері халық әдебиетінде молынан үшырасатынына назар аударады. Мұның өзі сұлулықтың сырын терең ұғынып, әдемілікті танып-білуге, одан ләззат алуға сұлулықты қастерлеуге үйретеді де, халықтық эстетиканың негізгін қалыптастырады деген ой түйеді. Халақ әдебиетінің әлеуметтік – эстетикалық нәріне айрықша мән береді. Сын жанрының туу, дамуы халықтық эстетиканың тікелей әсері болатынына яғни халықтық эстетика сыни ойдың бастауы деп таниды. Халықтық эстетиканың фольклор үлгілерінен көрінуін сөз етуі арқылы сыншылдық ойдың бастауын анғартады.
Қазақ фольклорының эстетикалақ табиғатын сөз еткенде “Қыз Жібек» жырындағы көш көріністерін сән-салтанатын тілге тиек ете отырып ойын сабақтайды. Көш тізбегіндегі ажарлы көрініс шынайы әсемдік пен сүлулықты келістіре суреттеуі арқылы халықтың көркемдік таным-түсінігін, эстетикалық талап – тілегін қалыптастырып та, қанағаттандырып та отырған. Халық қиялы адамның ажар-көркін танып-сезумен ғана шектелмей, қимыл-әрекет әсемдігін жеткізе айту арқылы да адамның эстетикалық талғамын айта білген. Жібектің сүлулығын аша түсу үшін ажар көркі бір-біріне үқсамайтын он бір қызды көз алдынан өткізе отырып, ерекше көркемдік тәсіл Жібектің кескін-келбетін шарықтау шегіне жеткізуін өзі-ақ халықтың көркемдік жөніндегі таным-түсінігін, эстетикалық әсемдік сезімінің байлығын танытады деп қарайды. Сыр-бояуы солғын тартпайтын мүндай эпикалық жырлардын қай-қайсысы болсы да халықтың даналық тұжырымын танытып ғибрат беріп қана қоймайды. Сонымен бірге эстетикалық ләззат та беруді мақсат етеді деген байлам жасайды.
Автор түрмыс – салт жырларының бір бүтағы болып табылатын беташар өлеңінде де ғасырлар бойы қалыптасқан үлгі-өнегелік шындықтарды іріктей айтуға негізделуі тек дидактикалық сипат алып коймай, эстетикалық мәнге ие болады, осы арқылы халықтың сыншылдык ой-пікірі көрініс табады. Мұның өзі де эстетикалық мұраттың тұрақтылығы деп біледі.
Сондай-ақ ақындар айтысында да халықтық эстетиканың мәнді бір принциптері анық байқалып отыратынын Жамбыл мен Құлмамбет, Әсет пен Ырысжан, Біржан мен Сара, Нұрилә мен Үмбетәлі айтыстарына талдау жасау арқылы ашады. Айтыстағы маржандай тізіліп, шоқтай жинаған сөз өрнектері өзінің образдылығымен ғана емес, эстетикалық нәрімен де құнды екенін пайымдайды.
Фольклор өмірдің алуан саласын қамтитындықтан, онда ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық зстетиканың мол сілемдері сақталған. Атап айтқанда қазақтық шешендік сөздері небір шырайлы ойлар мен терең эстетикалық логикаға құрылады деп санайды. Қысқасы, халық әдебиетінің қай жанрлық түрінен де халықтың этикалық-эстетикалық түсініктері мен қасиеттері бой көрсетіп отырады, деген қорытындыға келеді.