Бақылау сұрақтары: - Ежелгі сын өнері жайлы қандай тың мағлұматтар білесің?
- Көне дәуірдегі сүбелі ойлар мен бүгінгі сын өнерінің арақатынастары қандай?
- Әлемдік әдеби-эстетикалық ой-пікірлер айтқын қандай ғалымдарды білесің?
- Бүгінгі сын өнерінің даму бағыты қандай?
Пайдаланылған әдебиеттер: Д.Ысқақұлы Сын өнері. А., 2001
Т.Кәкішев Қазақ әдебиет сынының тарихы. А., 1996
Т.Кәкішев Сын сапары. А., 1974
Т.Кәкішев Оңаша отау. А., 1974
Ә.Нарымбетов Қазақ әдебиет. әдебиеттану, сын және өнердің библиографиялық көрсеткіші ІІІ том, 1956-1960, А., 1997
М.Қаратаев Әдебиет және эстетика. А., 1970
3 –-лекция: Қазақтың ұлы ағартушы-демократтарының сыни ойлары. Уалихановтың, Алтынсариннің көркемдік танымы, Абайдың эстетикалық көзқарасы. Қамтылатын мәселелер: Ш.Уәлихановтың қазақ ауыз әдебиетін зерттеуі. «Манас» жыры
Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» — әдеби педагогикалық сыни ойдың жемісі.
Абайдың сөз өнері туралы ой-пікірлері. Абай эстетикасы – қазақтың сыншыл ой-пікірінің биік шыңы.
1. Өз заманының саяси-әлеуметтік мәселелер жайында талай толғанған Шоқан, Ыбырай, Абай көркем әдебиет туралы тың пікірлер айтқан.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлихановтың «Жоңғария очеркі», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Шығыс Түркістан», «ХVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Қырғыздың ата-тегі» және т.б. еңбектері ғылыми тереңдігімен қатар, оқырманды баурап алатын көркемдік қасиеттерімен құнды.
Ш.Ш. Уәлиханов қазақ және қырғыз халықтарының бай әдебиет қорын тұңғыш зерттеуші екендігі де ерекше. Қазақ көркем сөз өнерінің кейбір үлгілерін ол жас кезінде-ақ білген, оған деген ықылас-қызығуы кадет корпусында оқыған жылдары мен қызметтері кезінде арта түскен де, 1850 жылдардың орта шенінен өмірінің соңғы сәттеріне дейін зерттеумен шұғылданған. Ш.Ш.Уәлихановтың, халықтардың әдеби мұраларының үлгілері туралы ой-тұжырымдары бүкіл ғылыми зерттеулерінде, еңбектерінде қазақ және қырғыз әдебиеттері туралы арнайы шолғандары мыналар: «Қазақтың халық поэзиясының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-ертегілері», «18-ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», «Едіге мен Тоқтамыс туралы аңыз», «Едіге», «Шона батыр», «Манас» жырын тұңғыш зерттеуі және оның «Көкетай ханның асы» деген үлкен бір бөлімін орысшаға аударуы т.б.
Фольклор туындыларының танымдық сипатына келгенде, Шоқан оларды зерттеудің зор ғылыми - этнографиялық мәні бар екенін баса көрсетеді. Осы ойларын қырғыз эпосы жөніндегі пікірлерімен тереңдете түсіп: «Алатау қырғыздарының поэзиялық ең басты және жалғыз десе де болғандай данышпандық халық шығармасы «Манас туралы» дастан екені күмәнсіз. «Манас» - бір кезеңге және бір адамның - Манас батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы», дейді. Автор «Манастың» негізгі кейіпкерлерін де халық батырлары ретінде бағалайды. "Манас” - қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегінде топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол "Илиада” тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, діні дәрігерлік ұғымдары шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған. Екінші эпос - "Семетей” - "Манастың” жалғасы. Бұл қырғыздың "Одиссеясы”, — деп көрсетеді Шоқан.
Ш.Уәлихановтың көршілес халықтардың рухани мұрасын зерттеудегі баға жетпес еңбегі оның бауырлас қырғыз халқының ауыз әдебиетін, тарихы мен этнографиясын жете зерттеуінен айқын көрінеді.
Ә.Х.Марғұлан өзінің «Шоқан және Манас» атты монографиясында ол жайлы былай де жазды: «Манас» - тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы.
«Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасын табуға себепкер болған Шоқанның замандас досы, белгілі татар ғалымы Хұсаин Фаизхановтың Шоқанға жазған хаттары болды. Шоқан мен В.В.Радловтан бұрын «Манас» жыры Европа әдебиетінде мүлде белгісіз болатын. Оның қысқаша сюжетін ең алғаш қағаз бетіне түсіріп кеткен ХVІ ғасырдың бас кезінде Ферғанада жасаған Сейфуддин Ахсикенти еді.
Сейфуддин «Манас» жырын бірінші рет қағаз бетіне түсіріп, оның қандай мазмұнда айтылғанын болжап кеткен кісі. Бұл жырды бірінші рет жарыққа шығарып, оны ғалымның игілігі еткен Шоқан, одан кейін бар өмірін түркі тілдес елдердің әдебиеті мен тілдерін зерттеуге жұмсап, көптеген еңбек қалдырған ғалым академик В.В.Радлов болды.
«Манас» жырын Шоқан кадет корпусында оқып жүрген кезінен ести бастайды. Кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкий 1840 жылдардан қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиетінен лекция оқуы Шоқанның қызығушылығын оятуға себеп болған еді.
«Манас» атымен байланысты шежіре сөзді Шоқан ең алғаш рет К.Л. Врангельдің жазбаларынан оқып көрді. Шоқан өзінің көп жере айтқан ойларында қазақ пен қырғыз халықтарының әдебиет мұраларына ерекше мән беріп, оларды жиып зерттеуді зор игілікті іс деп таныған. «Әрбір халықтың, -дейді Шоқан, әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектісін ғалымдар алдақашан ескерткен. Өйткені халықтың тұрмысы, оның қылығы, оның дүние тануы мұнда ашығырақ сипатталған. Өздерінің мәдениет мұраларын ерекше сүю, ертегі жыр байлығын мақтаныш ету әсіресе Орта Азиядағы көшпелі елдердің айрықша қасиеті. Олардың аңыз жырларын, қария сөздерін әрбір тайпаның басынан кешірген тарихы, соларды еске түсіру деуге болады: Ондай аңыз-әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей еске сақтап, оны бірден-бірге жеткізіп отырушылар-әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң жосыны ретінде, белгілі ақын-жыраулар тобының ұрпақты-ұрпаққа жеткізіп отырған, ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданбайтын, жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді». Шоқан халық аңыздарының үш түрлі саласына ерекше көңіл бөлген: Бірінші қазақ пен қырғыз халқының ерте заманнан келе жатқан мифі, аңызы, оның ішіндегі ескі дәуірдегі көшпелі /түрік-монғол/ тайпаларының түбі «көк бөріден», «көк бұқадан», «ақ маралдан» дейтін мифтер, «бөрте-шене», «көк бөрі», «көк бұқа», «Төбе көз» не «жалғыз көзді дәу» туралы айтылатын аңыздар. Шоқанның анықтауынша, тарихи аңыздардың, не қария сөзің ғылыми бағалы түрінің енді бірі әрбір тайпаның қайдан таралғанын көрсететін тарихи шежірелер. Шоқан бірінші рет қырғыз халқының тарихи шежіресін толығынан жазып алуға ерекше көңіл бөлген, және сол шежіре бойынша халық жырында айтылатын ескі заманның алып ері Манастың қай ұлыстан шыққанын анықтау, оның қай кезде болғанын айыруға көп күш жұмсаған. Халық аңызының үшінші тобын Шоқан «ноғайлы жырлары» деп анықтайды. Оның айтуынша «ноғайлы» жыры қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай халықтарының бәріне ортақ.
«Ноғайлы» деп бұрынғы Дешті Қыпшақ ұлысына кірген тайпалардың тобын айтқан. Бұл ат қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарының аңыз әңгімелерінде аса қадірлі орын алады, - дейді Шоқан.
Шоқан қырғыз халқының ертегі-жырын 1856 жылғы Ыстықкөл саяхатына барғанда Қарқара, Текес, Түп, Жырғалаң өзендерінің бойын жайлап отырған қырғыз ауданынан жазып алады. Шоқан кез келген ертегі жырды жаза бермеген. Ол тек жоғарыда айтылған үш салаға кіретін, сирек жолығатын нәрселерге айрықша көңіл аударып, тарих, әдебиет тұрғысынан бағалы, тұнық жатқан аңыз түрлерін іздейді. Шоқан өзінің жан-жақты мол білімінің арқасында зерттеулерді комплексті түрде жүргізіп, тарихшы, географ, этнограф, публицист, әдебиетші, жазушы болып қатарластыра алып отырғанын анық байқауға болады.
XIX ғ. орта шенінде ірі ғалымдардың бірі П.И.Небельсон Шоқан туралы: "Петербургте қырғыздар сирек кездеседі, бес-алты адам жинала қояр ма екен? Солардың ішінде өмірде мен бармын деп ерекшеленбейтін бір ғана адам бар. Ол өте жас, кавалерия офицері, сұлтан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов”, - деп жазса, Платников: "Мен Уәлихановпен Петербургте өте жақын таныстым және бірнеше кеш бірге болып көңілді өткіздім, оның қабілеттілігіне Мұхамед-Ғани Бабажанов, біз Небельсон екеуіміз де тең келмеспіз”, - деген пікірлері Шоқан білімінің жан-жақтылығын, тереңдігін дәлелдей түсері хақ.
Ш.Уәлихановтың көп салалы әр қырлы бай мұрасы оның дүниетанымы, қоғамдық философиялық, ағартушылық, демократтық көзқарастары өз заманының биік деңгейінде болғанын айқындайды.
2. Қазақ мәдениетінің ұлы өкілдерінің бірі-Ыбырай Алтынсарин ілгерішіл ой сананы ғана емес, эстетикалық талап-талағамды да қалыптастыруға зор үлесін қосқан дарын. 1879 жылы «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясын» жасауының тарихи мәні айырықша зор. Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады. Өлеңнің әр шумағында оқудың әр жақты пайдасын айта отырып, ақын соңғы жолдарды ылғи қайталап отырады.
Мал, дәулеттің байлығы –
Бір жұтасаң, жоқ болар.
Оқымыстың байлығы–
Күннен күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Сөйтіп, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.
Ыбырай жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жеткізу деп білді. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты. Бұл өлеңдердегі: жақсы мен жаманды, білімділік пен надандықты салыстыра суреттеу әдісі де жас балаларға оларды айқынырақ таныту мақсатын көздейді. Сондықтан Ыбырай өз дәуірі оқырмандарының ұғымына жеңіл етіп, салыстырулар жасайды. Бұл өлеңдердің көп тіркестері бүгінде мақал-мәтелге айналып кетті. Ыбырайдың "Өзен", "Жаз" деген өлеңдері табиғат көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай тұтас лирикалық, пейзаждық өлеңдер Ыбырайға дейінгі қазақ поэзиясында кездеспейді. Оқырмандардың көңілін табиғаттың сұлу көріністеріне аудару арқылы ел сүю, жер сүю, Отан сүюге тәрбиелейтін патриоттық өлеңдер орыстың демократтық, гуманистік әдебиетінің үлгісі болатын. Ыбырай өлеңдері – туған ел табиғатын жырлап, сол арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойында табиғатты, Отанды сүю сезімдерін тәрбиелеуге жасаған елеулі қадамы. Екі өлеңінде де Ыбырай табиғат көрінісін жалаң алмай, адамдардың тіршілігімен байланыстыра көрсетеді. Сол арқылы табиғат пен адамның байланысын, табиғаттың адам ісіне, еңбекке, ой-сезіміне тигізер жанды әсерін бейнелейді.
3. Қазақ ағартушылығында, қазақ халқының бүкіл прогрессивті мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл—демократ, сазгер Абай Құнанбайұлы (1845- 1904ж.ж.) болды. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай—қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол “ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылдың билігіне жүгіндіруде” деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай, Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай—өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай дінбасылары мен діни надандықты, фатализм мен екіжүзділікті атеизм тұрғысынан емес, Қазақстан ағартушы-демократтарының көбісінде кездесетіндей, “нағыз” дін немесе рационалдандырылған дін позициясынан сынады. Дінбасыларының насихаттап жүрген соқыр сеніміне Абай ақыл мен танымды қарсы қойды. Немесе, оның өз сөзімен айтқанда “алла табарака уатагаланың шәріксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына, ...хақтығына бірден дәлел жүргізелік болып, ақылы дәлел испат қыларға керек” (Қара сөздер, 13-сөз).
Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын деуге болады. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам " ...көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады" (А.Құнанбаев Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет) - дейді.
Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде , отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. “Мен”және “менікі” деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша “мен”—ақын, жан, “менікі”—адам денесі. “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, “менікі” өлсе өлсін, оған бекі” деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты - ақыл дейді.
Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдардың бейнесін көруге болады. „Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”деген өлеңінде:
- Жас қартаймақ, жол тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек,-
деп, отыз екінші қара сөзінде:
- Дүние — үлкен көл,
Заман - соққан жел.
Алдыңғы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер, -
деп, дүниенің өзгерісте, дамуда екенін болжайды. Мұнымен бірге әр нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс деген пікір айтады. Өлеңдер мен қара сөздеріне зер салып қарасақ, көптеген философиялық мәселелерді қарастырып, өзіндік ой-пікір, тұжырым жасағанын байқаймыз. Шығармаларының басым көпшілігінде өмір, өмірдегі адамның орны, оның мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертіледі. Ендеше, философияның негізгі мәселесі Абай шығармаларында кеңінен талқыланады деуге болады.
Ақынның эстетикалық және этикалық мәселелер жөніндегі ой-пікірлері сол кездегі қоғамдық ойдың үлкен белгісі болып табылады. Оның “Құлақтан кіріп бойды алар”, “Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен” деген өлендерінде әннің, күйдің адам сезіміне эсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. Әсіресе, жақсы ән мен тәтті күйдің ассоциативтік ой туғызып, адмның өткен өміріндегі ең бір тамаша кездерін еске түсіретіндігін шебер көрсетеді. "Жазғытұрым", "Жаз" деген өлеңдерінде табиғаттың көркем бейнесін ардақтап, оның адам ойы мен сезіміне шипалы эсер ететіндігі баяндалады. Абай көркем сөздің эстетикалық маңызына ерекше көңіл бөлді.
“Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жүмыр келсін айналасы”,-
деп өлеңнің “іші алтын, сырты күміс” болуын, бөтен сөзбен сөз арасы былғанбауын, әркімді мақтап қайыр тілеуге арналмай, адамгершілікті, инабаттылықты дәріптеу керектігін баса айтады.
Абай шығармашылығындағы негізгі тақырып моральдық проблемалар десек қателеспейміз. Еңбекке, ғылымға мойын бұрмай, ауыл арасында бос қыдырумен күнін өткізген пысықсымақтар жөнінде:
"Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері - қу борбай сымпыс шолақ", -
деп, өмірін бос өткізіп жүрген жастарды қатты сынайды. Әсіресе, пайдасы үшін арын сатқан, екіжүзді адамдарға жиіркенішпен қарайды. Жастарды азғырып, ру тартысы, болыс сайлауының партия таласына баурап жүрген ауыл атқамінерлеріне:
“Ары кеткен алдамыш Мені-ақ алда сөкпейін.
Балы тамған жас қамыш,
Ормасайшы көктейін”,-
деп ренішін білдіреді. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді.
“Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де - бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!”-
деп, эр адам қоғамда өзінің орнын алуы керектігін, ол үшін өнер мен білімге ұмтылуы қажет екендігін айтады.
Қоғам өмірін түсінуде Абайдың көзқарасы, әрине, идеалистік тұрғыда болды. Ол кездегі қазақ халқының әлеуметтік даму даму деңгейі төмен болуының себебінен қоғамның объективтік заңдылықтарын дәл анықтау өте қиын еді. Дегенмен, ақын алғашқы кезде әлеуметтік істерге біраз араласып, орта жүз руларының басы қосылған Қарамола съезінде 76 баптан тұратын жаңа заң ережелерін ұсынады. Қазақ даласында реформалар енгізуге талпынады. Алайда, ескі, феодалдық тәртіпті берік сақтағысы келген бай-манаптар және отаршыл саясатты қолданған патша өкіметі бұл реформаларды аяқсыз қалдырды. Орыстың алдыңғы қатарлы демократтарымен таныс болып, пікірлескен Абай реформалық талпыныстарының жүзеге аспайтынына бірте-бірте көзі жетеді. Қазақ елінде бай, кедей болып бөлінген таптардың арасындағы тартысты Абай айқын көрді. Кедейлердің жоқшылық тұрмысын "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай", тағы басқа өлеңдерінде өмірді реалистік тұрғыдан суреттейді, қалың бұқараның ауыр тағдырына жаны ашиды, құтылар жол іздейді.
Ұлы ақын да Шоқан, Ыбырай сияқты қазақ халқының шырғалаңнан құтылар жолы - білім игеру, кәсіпті дамыту, аянбай еңбек ету деп біледі. Әсіресе, еңбекті дәріптейді.
"Еңбек етсең ерінбей
Тояды қарның, тіленбей",
немесе,
"Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалан сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық",-
деген сөздерде қанша философиялық тұжырым, ой жатыр. Аянбай еңбек етудің арқасында ғана адам дұрыс тұрмыс құра алады, ағайын-туысқа шапағаты тиіп, құрметке бөленеді деп тұжырымдайды.
Абайша, сену үшін алдымен түсіну қажет. Бұл ойлары Пьер Абеляр, Фарабиге жақын. Абай адам мәселесін оның қайшылыққа толы қоғамдық болмысының аясында қарастырады. Осыдан келіп адамның әлеуметтік белсенділігі, шығармашылық мүмкінділігінің шексіздігі туралы идея туады. Ал Адам — өз тағдырының қожасы және құрушысы. Адам тіршілігінің бірегейлігі, жердегі тіршілігінің құндылығы эр адам жанының қайталанбас сонылығы идеялары - Абай тұжырымдамасындағы негізгі идеялар. Өз шығармаларында ол адамға мейірбандық көрсету, сұлулыққа ұмтылу - жоғары имандылық қасиетінің белгісі, көрінісі деп айтудан жалықпайды.
Адамдардың әр түрлілігі жайлы айта келіп, Абай әр адамның өмірде өз орнын табуының маңыздылығын атап көрсетеді. Адамның өз орнын, өзін табуына жол сілтеу, бағыт беру - ағартушының, бұқараны тәрбиелеушінің бірінші міндеті осы деп біледі. Осыдан келіп “Адам бол!” деген Абай этикасының негізгі принципінің мағынасы мен мәні ашыла түседі: эр адам өзінің шығармашылық мүмкінділігін іске асырып, өзін жетілдіре алады және жетілдіруі тиіс.
Абай - ұлы гуманист. Абстрактылы, утопиялық сарынды гуманист. Ол құдай идеясын адамнан жоғары сырт күш деп қабылдайды. Өлмес жан туралы, мәңгілік, шексіздік жайлы ой қозғағанмен, бұл ұғымдар діни мағынада емес, Фараби секілді игі істер мен ойдың әлеумет жадындағы мәнгіліктілігі деген түсінікте кетіріледі.
Абай әредік “мен” және “менікі” деп метафизикалық түрде адамның рухани дүниесіне тән тіршілігін, биологиялық болмысын қарама-қарсы қояды. Әйтсе де бұл қарама-қарсылықты жан мен тән дуализміне дейін өрбіте қоймайды. Осылайша Абай адам мәселесін этикалық, қоғамдық-саяси, т.б. аспектілерде ғана қарастырып қоймай, толық философиялық дәрежеде ұғынуға ұмтылғанын атап өтуіміз қажет. өз халқын шын пейілімен сүйген Абайға ұлтшылдық, шовинизм, діни төзімсіздік жат. Ол өз халқын бір орында тұрып қалмауға, тұйықталмауға, рухани байлықтарын әр халықтың, соның ішінде орыс халқының жетістіктерімен байытуға шақырды. Абайдың өмірі, шығармалары терең адамгершілік мағынаға ие және ағартушылық-тәрбиелік мәні жағынан баға жетпес құнды дүние.