Асқыну зардаптары. Инфекция қосарланса,
іріңді холангит пен
холангиолит дамиды. Описторхоз кейде ұзаққа созылып,
бауыр циррозына ұшыратады. Өт
жолдарының эпителийі ұзақ уақыт дұрыс көбеймегендіктен,
бауырда холангиоцеллюлалы карцинома дамуы да мүмкін .
ШИСТОСОМОЗ Шистосомоз – несеп-жыныстық жүйе мен ішекті басымырақ зақымдайтын
созылмалы ағымды гельминтоз; оны
Schistosoma тобына жататын трематодалар
қоздырады.
Этиологиясы . Адамда осы гельминтозды мына трематодалар қоздырады:
Schistosoma haematobium (несеп-жыныстық шистосомоз),
Schistosoma mansoni (ішектік шистосомоз),
Schistosoma japonicum (аллергия байқалып, колит,
гепатит, бауыр циррозы дамитын – жапондық шистосомоз). Несеп-жыныстық
жүйенің шистосомозын алғаш рет Бильгарц сипаттаған-ды, сондықтан ол
бильгарциоз деп те аталады.
Эпидемиологиясы мен патогенезі . Паразиттің жұмыртқасы тұщы судағы
моллюскалардың организмінде церкарияға айналып, адамның организміне тері
арқылы өтеді. Церкарий тез жетіліп, шистосомулаға айналып, шеткі веналарға
өтіп, жыныстық тұрғыдан толысады. Ұрықтанған ұрғашы шистосома өзінің
тіршілігіне қолайлы веналарға, яғни жамбастағы, шажырқайдағы және көтеулік
(геморройлық) вена мен тоқ ішектің қабырғасына жетіп, қоныстайды. Ұрғашы
шистосома жұмыртқалап, тінді зақымдайды. Жұмыртқаның біразы зәрмен және
нәжіспен сыртқа шығып, гельминтоздың жұғу көзіне айналып, оның әрі
тарауына бастау болады. Уриналық шистосомоздың негізгі ошақтары Африкада
болса, ішектік нысаны – Оңтүстік және Орталық Америка мен Африкада, ал
жапондық нысаны Жапония мен Оңтүстік Шығыс Азияда байқалады.