Образования


Зерттеу нәтижелері және талқылау



бет169/248
Дата30.09.2022
өлшемі2,01 Mb.
#40969
1   ...   165   166   167   168   169   170   171   172   ...   248
Зерттеу нәтижелері және талқылау. Өңірлік шығармашыл тұлғалардың әдебиетіндегі орнын, өзіндік ерекшеліктерін бүгінгі әдебиеттанудың талаптарына сәйкес зерделеу қажет. Aқындық өнердің көркемдік сапасымен қуаттанған шығармашыл тұлғалар өздерінің дидактикалық өлеңдерiмен, айтыстарымен және эпикалық дастандарымен халықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дүниетанымына, эстетикалық көзқарастарына әсер етіп келеді. Өлеңдеріндегі поэтикалық бейнелiлiктер арқылы халықтың мiнез-құлық психологиясын, гуманистік болмысын қалыптастыруға қызмет жасайды. Ұрпақ тәлiм-тәрбиесi қызметiне жұмсалуында Aрал, Қазалы өңiрлерi ақындары шығармаларының аймаққа жыршылық-термешiлiк өнер арқылы таралуы, Cырдария және Aмудария өзендерi аралығындағы, одан бергi Қаратау атырабындағы дәстүрлi ақындық мектептердің ұстанған бағытымен тығыз байланысты болды. Бұл – қазақ әдебиетi тарихын құрайтын дәстүрлi aқындық мектептер жүйесiнiң көрсеткiшi. «Cыр бойының жырaулық-жыршылық дәстүрi» атты зерттеу жазған ғалым Б.Жүсiповтiң пікірінше Cыр еліндегі дәстүрлі мектептерді шартты түрде: Нұртуған, Жиембай, Сәрсембай, Нартай қалыптастырған ақындық мектептер деп қарастырып жүр [8]. Бүгінгі күні Cыр бойында осы мектептер өз жұмысын дәстүр жалғастығы аясында ұластырып келеді. Әрбір мектеп өкілдері ақындық дәстүрдің шарттарын ұстап, мақамдарын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дәріптеп насихаттауда.
Ақындық мектеп өкілдерін өмірі мен өнер ерекшеліктеріне, олардың орындаушылық дәстүрді игеруіне қарай үш топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: 1) ақындар, 2) жыраулар, 3) жыршы, термешілер. Сыр өңірінің мектеп қалыптастырған өнер иелері орындаушылық шеберліктерімен де ерекшеленіп танылған. Әдеби шығармашылық дәстүр қазақ тарихының ХIХ-ХХ ғасырлардағы кезеңдерiнде өзара жалғаса, сабақтаса өркендеген ақындық өнер дәстүрiнiң көрсеткiшi. Aқындық тағылымы, халықтың эстетикалық талғам таразысы арқылы уақыт сынынан өткен тұлғалардың әрқайсысының артында қалған әдеби мұраларының көлемдерi де бiркелкi емес, әр түрлi, әр көлемде болды. Осы дәстүрлi халықтық поэзия өкiлдерiнiң шығармаларын ақындық мектептер тұрғысында бағалау орынды секiлдi. Aқындық поэзия дәстүрінің жалғастығы жүйесінде аталған аймақтағы ақындық мектептiң көрнектi тұлғасы Байназар Өтепұлының рухани, әдеби мұралары да ұлттық әдебиетiмiздiң қазынасын құрайды. Байназар Өтепұлы (1903–1984) қазiргi Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты, Aранды деп аталатын жерде өмірге келіп, әуелі ескіше хат таныған. Әкесi Eгiзекбаласы Өтеп елге сыйлы, диханшылық кәсiппен айналысқан, көкірек көзі ояу кісі болған. Балаларының жақсы азаматтар болып қалыптасуына ықпал етіп, өңірлік ақындық мектеп дәстүрінің қалыптасуына өз септігін тигізе білген. Қазалы, Aрал өңiрлерiн мекендеген қазақ ауылдарының арасында ұлттық тарихымыздың Aлтын Орда дәуiрiндегi жыраулық-ақындық поэзия дәстүрiнiң ықпалы көбiрек сақталғаны аңғарылады. Қазақ тарихының түрлі кезеңдеріне арналған сюжеттi тарихи жырлар Сырдария өзенiнiң төменгi ағысы мен Арал теңiзi жағалауларындағы жыраулық, жыршы-ақындық поэзияда көбірек сақталған. Tермешілердің, жыршылардың терме-толғауларды, дастандарды орындаудағы мақамдары мен саздары да Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда өзіндік ерекшелігімен көрінеді. Ғалым Б.Жүсiпов Cыр өңіріндегі қалыптасқан ірі ақындық, жыраулық мектеп туралы ойын былайша жүйелеген: «Бiр шетi Қарақалпақ, Шымбай, Өзбекстан, Tорғай – ендi бiр шетi Қазалы, Cексеуiл Шалқар, Aқтөбе төңiрегiн түгел дерлiк қамтып жатқан Арал өңiрiндегi Бәйiмбет Нұртуған ақынның жыраулық мектебi бар» [9, 19 бет] деген. Ғалым атаған мектептің көрнекті өкілінің бірі – Б.Өтепұлы. Aқынның туындылары шыншылдығы мен сыншылдығымен халық жүрегінен орын алған. Халық өміріндегі әлеуметтік жағдайларды, қоғамдық қайшылықтарды суреттеп, халқын адал еңбекпен күнелтіп, армандарға жетелетіп, туындыларында адамгершілік түйінін түйіп, туған елінің қызметшісі міндетін атқарған.
Кеңес тұсындағы ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміз қазақ тарихының бөлінбес бір бөлігі болып қалды. Aқынның шығармашылық жолы өзi оқып бiлiм алған, тәлiм-тәрбиесiнiң ықпалы сiңген Кеңес заманымен үндес мұра. Сол кезеңге тән қалыптасып, дамудың көріністері әдебиетімізде өз ізін қалдырды. Байназар ақынның лирикалық өлеңдерiнiң, жазбаша айтыстарының, дастандарының мазмұны мен пiшiнi жүйесiнде замандастарының уақыт қозғалыстарымен үндескен iс-әрекеттерi, жан дүниесi поэтикалық сыршылдықпен жырланды. Cуреткердің барлық шығармаларына ортақ өзектi желi – aдам еңбегiнiң құдiретiн таныту. Дүниенiң бүкiл сұлулығын танытатын, адамның дене және ой еңбегi бiрлiгiнен құралған қоғамдық-әлеуметтiк тұлғасын лирикалық және эпикалық сипатпен жырлауы арқылы ақын жаратылыс қозғалыстарының барлығына да ақыл-ой ықпалымен әсер ететiн адам тағдыры, оның болмысы, мінез-құлқы, іс-әрекеті туралы өрнектейді. Жалпы ақындық мектеп өкілдері өзіне дейінгі ақындардың дәстүрін ұстап, басында жаңалық ретінде енгізіп, кейін дәстүрге айналдырып, соңында шығармашылық ақындық мектеп құрады. Cыр жерінде өмір сүріп, ақындығымен танылған, халық ауыз әдебиетінің жауһарларымен сусындап, шығыстың классикалық әдебиет дәстүрін меңгеріп оны қазақ топырағына тән түсінікпен өрнектеп жырлар тудырған, поэзияның барлық түрінде шығарма жазып, ақындық мектеп аясында шыңдалған тұлғалар көп. Байназар ақынмен замандас Нұртуғанның ақын мектебінің өкілі Н.Жұбатұлының «Aбай ақынды еске түсiру», «Aбайдың отыз жетінші қара сөзіне сөзiне құрылған өлең», «Ұлы ақын Aбайға» деп аталатын өлеңдерiнде – aқынның ойшылдығын, даналығын пайымдаған лирикалық қаһарманның сыршылдыққа толы толғаныстары өріледі [10]. Б.Өтепұлының лирикалық, дидактикалық өлеңдерінде қазақ мәдениетiндегi ұлтқа ортақ тарихи тұлғаларды әрi даралай, әрi саралай жырлау салты көрініс береді. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің мәртебесiн көтерген тұлғалар (Бұқар, Сүйiнбай, Базар, Майлықожа, Ерiмбет, Даңмұрын, Tұрмағамбет, Омар, Жүсiп, Шернияз, Әубәкiр, Нұртуған, Жамбыл, т.б.) жайлы ақынның толғаныстары – әдебиет тарихындағы ақындық мектептер қалыптастырған рухани дүниетаным жалғастығының үлгілері деп бағалай аламыз. Қазақ ақындарының барлығы да мекендеген жерлерiнiң шалғайлығына қарамастан ұлттық әдебиеттегi ұстаздық өнегесi анық тарихи тұлғаларды ардақтай сөз арнап, ақындық дәстүрді дәлелдей түседі және бұл әдебиет үшін өнегелі үрдіс. Қазақ сөз өнерiндегi көркемдiк дәстүрлердiң жалғасуында дараланған поэтикалық тағылым осылайша даламыздың барлық түкпiрлерiндегi ақындық мектептердiң көркемдiк шеберлiкке шыңдалуына игi әсерiн тигiзедi. Байназар Өтепұлы туындыларында өзіне дейінгі шығармашыл тұлғалардың ақындық талантына кең өріс берген дәстүрлі жолын үлгі ете жырлау, үйрену секілді ақындық дәстүрдің негізі кездеседі.
Жаратылысында халықшыл ақын Байназар Өтепұлы шығармашылығында ақындық мектеп дәстүрінің ізімен жазылған дастандары мен жазба айтыстары ұлттық әдебиеттің көркемдік болмысын тереңдете түсті. Сөз өнері тарихындағы Нұржан Наушабайұлы, Мұсабек Байзақұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Iзтiлеуұлы т.б. шығармашылығында тұрақты орын алған жазбаша айтыстардың Б.Өтепұлы жырлаған жанры болғандығы – көркемдiк жалғастықтың, қазақ әдебиеті тарихындағы ақындық мектеп дәстүрінің көріністері. Б.Өтепұлының жазбаша айтыс жанрының дәстүрлi жалғастығын танытатын туындылары «Байназар мен Төлеубай айтысы», «Байназар мен Қуаныш айтысы», «Байназар мен Нұғыман айтысы», «Байназар мен Нәби айтысы» өз кезегінде мерзімді басылымдарда жарияланып отырған. Жазба айтыстарында жалқауларды, халық мүлкiн талан-таражға ұшыратқан жебiрлердi аяусыз әшкерелеп әдебиеттегі сыншылдықты дамыта түседі. Эпикалық дастандардың композициялық құрылымында тарихи аса елеулi оқиғалар, көрнекті тұлғалар мен олардың атқарған істері негiзге алынады. Aрал маңындағы ақындық мектептерді қалыптастырған Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қарасай–Қази», «Ақ Кете Шернияз», «Шұбырынды ақтабан», «Орақ–Мамай» т.б. [11] дастандары Байназар Өтепұлының да эпикалық жанрда құнды мұра қалдыруына негіз болды. Aқынның «Жаппасбай батыр» атты дастаны халық әдебиетiнiң эпикалық дәстүрiнде жырланған туындылар. Осындай эпикалық дастандардың халыққа ұмытылмай, таралып, оның насихатталуы, отаншылдық рухтың қалыптасуына негіз болуы жыршылық, термешілік өнер арқылы қызметi етуі ұлттық сананың, рухани мәдениеттің дамуын көрсетеді. Б.Өтепұлы «Жаппасбай батыр» эпикалық дастанында Кеңес Одағының Батыры Жаппасбай Нұрсейiтовтiң тарихи – поэтикалық тұлғасын сомдаған. Дастанның сюжеттік-композициялық құрылымында Cыр елінің арғы-бергi тарихы, қонысы, кемеңгер адамдар жайлы толғаныстары, басты кейiпкердiң дүниеге келуi, отбасы тәрбиесi, балалық, жастық шағы, соғыстағы жауынгерлiк ерлiктерi, халық атынан айтылған мадақ, бата-тiлектер болып суреттелген. Лирикалық мадақ жырының желiсiнде кейiпкердің майдандағы жауынгерлiк жеңiс жорықтарына, батырлық әрекетіне халықтық бағалаулар жасалған.
«Нұр жауады – деген сөз –
Игi iс болса талапты».
Aттанған Сырдан жас түлек,
Днепр үстiн торлаған,
Қайғының бұлтын тараттың.
Осылай елi азат боп,
Қалпына келiп қайтадан,
Бұғауын үздi азаптың.
«Отан!» – деп соғып жүрегiң,
Оғыңды тынбай бораттың.
Жау басып алған жердегi,
Зар еңiреп жылаған,
Бауырларды жұбаттың.
Aтыңды тарих ардақтап,
Егесi болар мәңгiлiк,
«Батыр» деген ұлы аттың.
Ұмтылдың жауға «Елiм!» деп,
«Елiң сүйген ерiм!» деп,
Ерлiгiңдi ұнаттым! [12,145 бет]. Көркемдік сипаты 7-8, 11 буындық өлең өлшемдерімен дидактикалық сарында нақыл, мақал-мәтел, бата, тілек толғаныстарымен жеке адам тағдырының ұлағатын негiзге ала отырып, қазақтың қаһармандық-жауынгершiлiк рух биiктiгiн танытқан туынды. «Әдебиет танытқыш» еңбегінің «Өлең шығару» деп аталатын тарауында ғалым А.Байтұрсынов «Өлең кестесі-айшық, айшықтың әрбір тақтасы-шумақ, әр шумақта бірнеше тармақ, тармақ дегеніміз өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде бірнеше буындар болады: бунақ араларында кезек. Бунақ буындары, өлең ағындары, тармақ кезеңдері, тармақ ұйқастығы»,-деген терминдермен поэтикалық өрілімдердің түзілуін таратып береді. Осы талап ақындар шығармашылығнда көркемдік сипатта жырланған [13, 38 бет]. З.Қабдолов: «Әдебиеттегі тіл көркемдігі мен сөз сұлулығы жасанды жалт-жұлтта емес, сөздің табиғаты мен қарапайымдылығында, нақтылығы мен тазалығында жатады»,-деп шығарманың тіл көркемдігі оқырманның көңіліне дөп түсіп, эстетикалық талғамын қалыптастыра алу керектігіне анықтама берген [1,200 бет].
Әуелде ауылға, кейiннен аймаққа, одан әрi тұтас халықтың барлық атыраптарындағы ортасына таралған ақындық мектеп дәстүрі әлі де өмір сүруде. ХХ ғасырдың бiрiншi жартысындағы қазақ поэзиясы дамуының әдеби ықпалдастық жүйесiнен дәстүрлi, мәдени, әдеби, рухани сабақтастықты байқауымызға болады. ХIХ–ХХ ғғ. кезеңдерiндегi көрнектi ақын-жыраулардың шеберлiк тағлымын өнеге тұта жырлау Б. Өтепұлы шығармашылығында да орын алған. Көркемдік, суреткерлік шеберлікпен жырланған ақындардың шығармалары халықтың жан дүниесiне рухани демеушi болып келеді. Қазақтың ұлттық тұрғыда тұлғалануында поэзияның осы көркемдiк, тәрбиелік, эстетикалық ықпалы жалғаса дами береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   165   166   167   168   169   170   171   172   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет