Азық ашытқысы үлгісін алу. Азық ашытқысы ұнтақталған болса, қатталған орны 100-ге дейінгі партиясынан әр тұста орналаскан 3 қаттамадан алады. Егер партияда 10-нан астам қатталған орын болса, онда жалпы қаттама санының 1%-інен ыдыс ішіне тұтастай бойлайтын ағаш не металл сүнгімен кемінде 350 г-нан алады. Бір жолғы үлгілерді бастапқы үлгіге біріктіреді. Оны мұқият араластырып жоғарыда айтылған әдіспен 2 кг-ға дейін жеткізеді. Қалғанын теңдей етіп бөліп, аузы тығыз жабылатын құрғақ әрі таза екі ыдысқа құяды да, бір ыдыстағы үлесін зерттеуге қалдырады. Екінші ыдыстағысын қайта зерттеуге қажет болса 2 ай сақтайды.
Түйіршікті ашытқы партиясынан 2 кг бастапқы үлгіні әp қаптама бірлігінен, әр транспорт құралынан не әр үйіндіден алады. Бір жолғы сынаманы үйіндінің тұтас тереңдігі жиегінен 0,5 м қашықтықта конверт жүйесі бойынша бес жерінен алады. Зерттеу үшін ашытқы түйіршіктерін келіде ұсақтап, зертханалық диірменде ұнтақтап, көзінің диаметрі 0,25 мм електен өткізеді.
Жануар тектес азық үлгісін алу.Бұл азықтардың дайындалып жатқанда бастапқы үлгісін транспортерден (нория, шнектен) бірдей уақыт аралығында 1 т өнімге шаққанда әр партиядан 250-г-нан кемінде 1,5 кг етіп алады. Балық ұны қапталған қаптардың 10, қан, ет пен ет-сүйек ұны қапталған қаптардың 20, сүйек ұны қапталған қаптардың 25 пайызынан диагональ бойында орналасқан үш жердегі қаптардың жоғарғы және асты жағынан сүңгімен жалпы массасы кемінде 1,5 кг бастапқы үлгі алады. Зерттеу үшін одан қабылданған шаршылау әдісімен іріктеп 100-150 г орташа үлгі алынады да ұнтақталып, тесік диаметрі 0,5 мм електен өткізіліп, аузы тығыз жабылатын ыдысқа салынады.
Балық майы үлгісін алу.Май үлгісін сифон не шыны түтікпен араластырғаннан кейін 1 кг мөлшерінде алады. Цистерналардан үлгіні диаметрі 12,5мм шүмекпен майдың бір бөлігін құрғақ ыдысқа құйып алып, жалпы сынаманы жинайды да, аузы тығыз жабылатын ыдысқа 250 г майды құйып, орташа үлгі алады.
Сүт үлгісін алу.Үлгіні сүтті мұқият араластырып, ыдыстың түбіне тік батырылған диаметрі 9 мм металл түтікпен алады. Түтіктің жоғарғы аузын саусақпен басып тұрып, ыдыстан суырып алады да, ішіндегі сүтті аузы тығызжабылатын таза құрғақ ыдысқа ағызады. Зерттеуге сүттің 250-500 мл орташа үлгісі керек. Сүт құрамындағы құрғақ затты, ақзатты, майды, күлді, калцийді, фосфорды, А витамині мен каротинді екі тәуліктік сынамасынан, қышқылдығы, сыр жасауға жарамдылығы мен С витаминін таңертеңгілік үлгіден анықтайды. Сүттің екі тәуліктік үлгісін сақтау үшін, 100 мл-не 40 %-тік формалин ерітіндісінің 1-2 тамшысымен консервілейді. Егер сүттің минералдық құрамы зерттелмесе, 100 мл 10%-тік қос қышқылды калиймен консервілеуге болады. Сүт қанттын, альбуминін, казеинін, глобулинін, май түйіршіктерінің тығыздығы мен мөлшерін салқында сақталған консервіленбеген сүт үлгісінен зерттейді. Сүттің майлылығын екі тәуліктік үлгісінен 10 күнде бір рет анықтайды.